"Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 8-бабының 20) тармақшасына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Елорданың көлік инфрақұрылымын басқару және пайдалану қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 5 қазандағы "Көлік инфрақұрылымын басқару және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" № 108-1755 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 966 болып тіркелді) күші жойылды деп танылсын.
3. "Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Астана қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 14 қыркүйектегі № 503-3171 қаулысына қосымша |
Елорданың көлік инфрақұрылымын басқару және пайдалану қағидасы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Елорданың көлік инфрақұрылымын басқару және пайдалану қағидалары Астана қаласының коммуналдық меншігіндегі көлік инфрақұрылымы объектілерін басқару және пайдалану тәртібін (бұдан әрі – қағидалар) айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) елорданың көлік органы - елорда аумағында көлік саласында реттеуді жүзеге асыруға уәкілетті атқарушы орган;
2) көлік инфрақұрылымының объектісі/объект – Астана қаласының коммуналдық меншігіндегі теміржол, трамвай, жеңілрельс, монорельс және ішкі су жолдарын, автомобиль жолдарын, тоннельдерді, эстакадаларды, көпірлерді, вокзалдар мен станцияларды, жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін, метрополитен желілерін, порттарды, порттағы құралдарды, кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды, әуеайлақтарды, әуежайларды, көлік-логистика орталықтарын, байланыс, навигация және көлік құралдарының жүрісін басқару жүйелерінің объектілерін, магистральдық құбыржолдарды, сондай-ақ көлік кешенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін өзге де ғимараттарды, құрылыстарды, құрылғылар мен жабдықтарды қамтитын технологиялық кешен (бұдан әрі – объект);
3) басқарушы компания – жергілікті атқарушы органның шешімімен айқындалған, елорданың көліктік инфрақұрылым объектілерін басқару функцияларын жүзеге асыратын және көлік органымен шарт жасасқан заңды тұлға.
2-тарау. Объектіні басқаруға және пайдалануға құқықтың туындау негіздері
3. Объектіні басқаруға беру туралы шешімді Астана қаласының мүддесінде көлік органы қабылдайды.
4. Объект 5 (бес) жылдан аспайтын мерзімге елорданың көліктік инфрақұрылым объектілерін басқару функцияларын жүзеге асыратын компанияның басқаруына беріледі.
5. Басқарушы компания жергілікті атқарушы органның шешімімен айқындалады.
6. Объектіні басқару сәйкесінше шарт (бұдан әрі – Шарт) негізінде туындайды (құрылады).
3-тарау. Көлік органының міндеттері
7. Көлік органы:
1) жазбаша сұрау салу бойынша объектіні басқару жөніндегі басқарушы компанияның қызметі туралы ақпаратты (есепті) алады;
2) басқарушы компанияның қызметіне араласпайды, Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын, оның ішінде объектіні басқарудың тиімділігіне мониторинг жүргізу, басқарушы компанияның Шарт бойынша міндеттемелерді орындауы туралы есебін тыңдау арқылы бақылайды;
3) объектіні Шартта белгіленген мерзімдерде басқарушы компанияға береді;
4) басқарушы компанияға Шарт бойынша өз міндеттерін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды береді;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.
4-тарау. Басқарушы компанияның міндеттері
8. Басқарушы компания:
1) басқаруға берілген объектіге қатысты көлік органының мүддесі үшін заңдық және нақты іс-әрекеттерді жүзеге асырады;
2) объектіні басқару кезінде жұмсалған қажетті шығындарды Қазақстан Республикасының заңнамасында және Шартта белгіленген тәртіппен өтейді;
3) басқаруға берілген объектіге қатысты мәмілелерді өз атынан жасайды, бұл ретте өзінің басқарушы компания ретінде әрекет ететінін көрсетеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті болып табылатын барлық рұқсат беру құжаттарын уәкілетті мемлекеттік органдардан сұратады;
5) объектіні тиімді басқаруды жүзеге асырады;
6) объектінің сақталуын қамтамасыз етеді;
7) Шартқа сәйкес басқарушы компанияның құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырады;
8) Шартты тиісінше орындау мақсатында объектіні басқару жөніндегі іс-әрекеттер нәтижесінде туындайтын міндеттемелерді орындайды;
9) көлік органына өз қызметі туралы сұрау салу бойынша есеп береді және арнайы рұқсатты/өткізу рұқсатын талап ететін объектілерді қоспағанда, объектіге кедергісіз қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
5-тарау. Объектіні пайдалануға қойылатын талаптар
9. Объектіні басқаруға қабылдағанға дейін басқарушы компания:
1) техникалық паспортты және объект құрамын (құрылысты және технологиялық жабдықты, теңгерімдік құнын), технологиялық операциялардың тәртібі мен құрамын;
2) объект элементтерінің функционалдық ерекшеліктерін (құрылыстың, жабдықтың мақсатын, технологиялық және техникалық сипаттамаларын, жұмыс және пайдалану тәртібін);
3) қауіпсіздікті қамтамасыз етудің инженерлік-техникалық жүйелерінің құрамын және техникалық сипаттамаларын (сигнал беру құралдарын, рұқсат беруді бақылауды, тексеріп қарауды, бейнебақылауды, аудио және бейнежазбаларды, байланысты, жарықты, ақпарат жинауды, өңдеуді, қабылдау мен беруді);
4) объект орналасқан ауданның географиялық, топологиялық, климаттық сипаттамаларын;
5) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тиісті аумақтық бөлімшелерімен, объект қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы басқа мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасау регламенттерін;
6) объектінің тіршілігін қамтамасыз ету тұрақтылығын қамтамасыз ету тәртібін;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қажетті құжаттарды зерделеуге міндетті.
10. Зерделеу қорытындылары бойынша басқарушы компания:
1) жобалау, техникалық, технологиялық құжаттаманы және ақпараттық сипаттағы құжаттарды зерделеудің жұмыс нәтижелерін ұсынуға;
2) зерделенген құжаттаманың және объектіні және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін шолып зерттеу, жұмысқа қабілеттілігін және оның нақты жай-күйін тексеру нәтижелерін ұсынуға;
3) нақты объектіге қатысты заңсыз араласу актісінің ықтимал қауіп-қатерін талдау кезінде экономикалық, әлеуметтік, техногендік сипаттағы ықтимал салдардың (келтірілген нұқсанның) мүмкіндігін бағалауды айқындауға;
4) объектінің осал аймақтары мен сыни элементтерін сипаттау, объектінің терроризмге қарсы қорғалу паспортын кейіннен әзірлеу, келісу және тиісті мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бекіту арқылы объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қолданыстағы жүйесінің тиімділігін бағалауды;
5) ұсынылған құжаттаманың және объектіні тексерудің нақты нәтижелерінің басқарушы нормативтік құжаттардың талаптарына және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сәйкестігін айқындайтын қорытындылар мен нәтижелерді талдау;
6) анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдарды әзірлеу мен ресімдеуге және объектінің сақталу дәрежесін қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарына сәйкестендіру.
11. Объектіні басқаруға қабылдаған кезде басқарушы компания:
1) қолданыстағы нормативтік құжаттардың (мемлекеттік нормалар мен стандарттардың) талаптарына сәйкес объектіні пайдалануды;
2) объектінің тұрақты функционалдық жарамдылығын, тұтастай құрылыстың, сол сияқты оның жекелеген элементтері қасиеттерінің сақталуын;
3) шығарушы зауыттардың нұсқаулықтарына және нормативтік құжаттарға сәйкес инженерлік-техникалық жабдықты күтіп - ұстауды, пайдалануды, ағымдағы және жоспарлы жөндеуді қамтамасыз етуге міндетті.
_________________________