"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 5-тармағы 3) тармақшасына сәйкес, Жамбыл облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1.Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Анаға тағзым" Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары айқындалсын.
2."Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1)осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
2)осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оның Жамбыл облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3.Осы қаулының орындалуын бақылау Жамбыл облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4.Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Жамбыл облысының әкімі | Е. Қарашөкеев |
| Жамбыл облысы әкімдігінің | |
| 2026 жылғы " 8 "_09______ | |
| № 175 қаулысына қосымша |
"Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Анаға тағзым" Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
1."Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Анаға тағзым" Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - "Анаға тағзым" орталығы) жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 5-тармағы 3) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2.Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 37) тармақшасына сәйкес жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, сапасына және жағдайларына қарай еңбек үшін төленетін сыйақы, сондай-ақ өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдер жалақы болып табылады.
"Анаға тағзым" орталығы жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын төлеу жұмыскерлерді еңбекке ынталандырудың басқа түрлерін (сыйлықақы, қосымша төлемдер, лауазымды біріктіру, үстеме жұмыс) төлемеуге негіз болып табылмайды.
3. "Анаға тағзым" орталығы жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын төлеуге арналған бюджет қаражаты әрбір қаржы жылында "Анаға тағзым" орталығының қаржыландыру жоспарында (даму жоспарында) көзделуге тиіс.
Ынталандыру үстемеақыларын төлеуді қаржыландыру көзі жергілікті бюджет болып табылады.
4. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі ынталандыру үстемеақыларының белгіленген мөлшері негізінде қосымша бюджет қаражатына қажеттілікті қалыптастырып, өтінімді бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
5. Ынталандыру үстемеақылары және олардың мөлшері Жамбыл облыстық мәслихатының шешімімен белгіленеді.
2-тарау. Ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі
6. Ынталандыру үстемеақылары "Анаға тағзым" орталығы жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешіміне сәйкес Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) басшысының бұйрығымен белгіленеді немесе тоқтатылады. Комиссияның қарауына жұмыскерлерге ынталандыру үстемеақыларын белгілеу немесе тоқтату жөніндегі ұсынысты "Анаға тағзым" орталығының басшысы енгізеді.
7. "Анаға тағзым" орталығының басшысына ынталандыру үстемеақысын белгілеу жөніндегі ұсынысты Комиссияның қарауына Басқарма басшысы енгізеді.
8. Комиссияны құру және Комиссия хатшысын айқындау туралы шешімді Басқарма басшысы не оның міндетін атқарушы тұлға қабылдайды.
9. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды, бірақ кемінде үш адамды құрайды.
10. Комиссия хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды және шешімдер қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ.
11. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады, оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
12. Комиссия шешімі ұсынымдық сипатта болады және хаттамамен рәсімделеді, оған Комиссия төрағасы мен мүшелері қол қояды.
13. "Анаға тағзым" орталығы жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу Комиссияның отырысында тоқсанына бір реттен артық қаралмайды.
14. Жұмыскерге тәртіптік жаза қолданылған жағдайда, ынталандыру үстемеақысын төлеу тәртіптік жазаның қолданылу кезеңінде уақытша тоқтатылады және бұл мәселе Комиссияның қайта қарауына енгізілмейді.
3-тарау. Ынталандыру үстемеақыларын белгілеу шарттары
15. "Анаға тағзым" орталығы жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақылары:
1)"Анаға тағзым" орталығы жұмысының тиімділігін арттырып, негізгі көрсеткіштерін сапалы әрі жоғары деңгейде орындағаны;
2)өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) қажетті әлеуметтік қолдауды уақтылы ұйымдастырып, оң нәтижелерге қол жеткізгені;
3)қызметтік міндеттерін орындау кезінде бастамашылдық, жаңашыл көзқарас және кәсібилік танытқаны;
4)жұмыс процестерін жетілдіруге және оңтайландыруға бағытталған ұсыныстар енгізіп, оларды іске асырғаны;
5)жұмыс көлемінің артқаны (құжат айналымы, жолданымдар, кездесулер, қабылдаулар, кеңес берулер және өзге де шаралар);
6)Комиссияның шешімімен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де жағдайлар үшін белгіленуі мүмкін.
16. Ынталандыру үстемеақылары келесі жағдайларда белгіленбейді:
1) алынбаған тәртіптік жаза болғанда;
2) бір айдан кем жұмыс істегенде;
3) сынақ мерзімінен өту кезеңінде.