"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-6-бабы 6-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық бекітілген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде электрондық нысанда ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушы |
М. Қалиақпаров |
| Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2026 жылғы 25 қыркүйектегі № 269 бұйрығымен бекітілген |
Авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-6-бабы 6-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі анықтамалар пайдаланылады:
1) авиация инспекторы – азаматтық және эксперименттік авиация саласында сертификаттауды, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшісі;
2) авиациялық инспектордың базалық даярлығы (бұдан әрі – базалық даярлық) – қызмет бағытына қарамастан барлық инспекторларға тән функцияларды орындау үшін қажетті базалық білім мен дағдыларды қалыптастыруға бағытталған даярлық;
3) авиациялық инспектордың бастапқы даярлығы (бұдан әрі – бастапқы даярлық) – азаматтық және эксперименттік авиация саласында сертификаттау, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру мақсатында жүргізілетін кәсіби даярлау процесі;
4) авиациялық инспектордың біліктілігін ұстап тұру (бұдан әрі – біліктілікті ұстап тұру) – біліктілікті және кәсіби құзыреттілікті ұстап тұру мақсатында жүргізілетін мерзімдік даярлық.
5) авиация инспекторының кәсіби даярлығы – азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым белгілейтін, авиация инспекторының азаматтық және эксперименттік авиация саласында сертификаттауға, бақылауға және қадағалауға байланысты функцияларды жүзеге асыруы үшін қажетті құзыреттерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған бастапқы, біліктілікті арттыру және қолдау жүйесі;
6) авиациялық инспектордың мамандандырылған даярлығы (бұдан әрі – мамандандырылған даярлық) – қызметтің белгілі бір бағыты бойынша функциялар мен міндеттерді орындау үшін қажетті білімді, дағдыларды және ұстанымдарды алу мақсатында жүргізілетін даярлық;
7) авиациялық инспектордың тағылымдамасы (бұдан әрі – тағылымдама) – азаматтық және эксперименттік авиация қызметіне бақылау мен қадағалау әдістерін практикалық меңгеру мақсатында, оқытуды қамтамасыз ететін тұлғаның басшылығымен жұмыс орнында авиациялық инспекторды даярлау;
8) авиация инспекторының таныстыру даярлығы (бұдан әрі – таныстыру даярлығы) – уәкілетті ұйымның құрылымы, өкілеттіктері мен рәсімдері туралы түсінікті қалыптастыруға бағытталған, сондай-ақ базалық және мамандандырылған даярлық шеңберінде кәсіби құзыреттерді одан әрі меңгеру үшін қажетті білімнің бірыңғай базалық деңгейін қамтамасыз ететін даярлық кезеңі;
9) авиациялық инспектордың ілгерілетілген даярлығы (бұдан әрі – ілгерілетілген даярлық) – күрделі қадағалау міндеттерін тиімді шешуге, жүйелік проблемаларды талдауға, кешенді инспекциялық іс-шараларды басқаруға және тәуекел мен тиімділікке негізделген реттеу ортасын қоса алғанда, қадағалау бағдарламаларының нәтижелілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін кеңейтілген және мамандандырылған құзыреттерді дамытуға бағытталған даярлық;
10) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын орнықты дамытуды, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;
11) біліктілік – белгіленген деңгейде міндеттер мен функцияларды тиімді орындау үшін қажетті білімдер, дағдылар және ұстанымдардың жиынтығы.
3. Авиация инспекторларын даярлау уәкілетті ұйымның авиация инспекторларын кәсіби даярлау және олардың біліктілігін қолдау жөніндегі нұсқаулығына сәйкес, уәкілетті ұйымда, авиациялық оқу орталықтарында немесе қызметі азаматтық авиация саласы үшін мамандар даярлауға бағытталған ұйымдарда жүзеге асырылады.
4. Авиациялық инспекторлар сертификаттау, бақылау және қадағалау функцияларының тиімділігін арттыру мақсатында уәкілетті ұйым айқындайтын тәртіппен және жағдайларда ілгерлетілген даярлықтан өтеді.
2-тарау. Авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстап тұру тәртібі
5. Авиация инспекторларын біліктілігін қолдау кезеңділігін уәкілетті ұйым белгілейді.
6. Авиация инспекторы даярлықтан өту расталған бағдарлама бойынша оқудың аяқталғанын куәландыратын қағаз немесе электрондық құжатпен расталады.
7. Азаматтық және эксперименттік авиация саласында сертификаттау, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға рұқсат алу үшін бастапқы даярлық мынадай даярлық кезеңдерінен тұрады:
1) таныстыру даярлығы;
2) базалық даярлық;
3) мамандандырылған даярлық;
4) тағылымдама.
8. Тағылымдама тиісті бағыт бойынша рұқсаты бар білікті авиация инспекторының жетекшілігімен уәкілетті ұйымның авиация инспекторларын кәсіби даярлау және олардың біліктілігін қолдау жөніндегі нұсқаулығына сәйкес жүзеге асырылады.
9. Азаматтық және эксперименттік авиация саласында сертификаттау, бақылау және қадағалауды орындауға бір жыл ішінде іс жүзінде қатыспаған авиация инспектор осы қызметке қайта тағылымдамадан өткеннен кейін ғана жіберіледі.
Авиация инспекторлары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның бірінші басшысы бекіткен ішкі рәсімдерге сәйкес өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға кіріседі.
3-тарау. Авиация инспекторларын даярлықтан өтуін жоспарлау және ақпаратты есепке алу
10. Уәкілетті ұйым кәсіби даярлық пен біліктілікті ұстап тұру саясатын белгілейді және жүзеге асырады, даярлық бойынша жазбаларды жүргізеді, инспекторлардың өздеріне жүктелген міндеттер шеңберіндегі ең төменгі талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.
11. Авиациялық инспекторларды даярлауға деген қажеттілік уәкілетті ұйым тарапынан функционалдық міндеттерді орындау талаптары мен қойылған тапсырмаларға, сондайақ штаттық кестеге сәйкес кадрлар қозғалысына негізделе отырып айқындалады.
12. Авиациялық инспекторларды даярлауды жоспарлау олардың даярлығының үздіксіз процесін қамтамасыз ету, сондайақ оқу процесін бақылау және реттеу мақсатында жүзеге асырылады.
Авиациялық инспекторлардың кәсіби даярлығының жоспары мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) даярлық бағдарламасының атауы;
2) даярлық түрі;
3) оқыту нысаны;
4) оқытылатын адамдардың саны;
5) оқыту ұзақтығы.
13. Уәкілетті ұйым кәсіби даярлықтан өту және біліктілікті ұстап тұру туралы ақпаратты электрондық түрде есеп жүргізеді және ақпаратты электронды түрде сақтайды.