Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы";
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 2) тармақшасына және 58-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
1-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидалары осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
көрсетілген қаулымен бекітілген Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидалары осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 10 қазандағы № 890 қаулысына 1-қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысымен бекітілген |
Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының "Халықтың көші-қоны туралы", "Шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы" заңдарына сәйкес әзірленді және көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалардың нормаларын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.
3. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімдерін қысқарту және оларды Қазақстан Республикасынан шығару Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңдарында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.
4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Қағидаларда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-тарау. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібі
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше тәртіп белгіленбесе, Қазақстан Республикасының визалары болған кезде көшіп келушілер Қазақстан Республикасына келуді және Қазақстан Республикасынан кетуді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы халықаралық және жолаушы қатынастары үшін ашық өткізу пункттері арқылы паспорттары немесе оларды алмастыратын құжаттары (бұдан әрі – паспорттар) бойынша жүзеге асырады.
Визаның қолданылу мерзімі көшіп келуші паспортының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде үш ай бұрын аяқталады.
1-параграф. Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсат
6. Осы Қағидалардың 24-тармағында санамаланған елдердің, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің және Қазақстан Республикасы визасыз сапарлар туралы халықаралық шарттар жасасқан елдердің азаматтарында Қазақстан Республикасына кіруге осы Қағидаға сәйкес берілген электрондық рұқсат болса, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүріп өтуді мына тәртіппен жүзеге асырады:
2026 жылғы 1 қарашадан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы мынадай өткізу пункттерінде: Ақтау халықаралық әуежайында, "Үрлітөбе" автомобиль өткізу пунктінде (Павлодар облысы), "Ауқатты" автомобиль өткізу пунктінде (Жамбыл облысы), "Атамекен" автомобиль өткізу пунктінде (Түркістан облысы) және "Нұрлы Жол" автомобиль өткізу пунктінде (Жетісу облысы), көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, рұқсат ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында: Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында, көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, рұқсат ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі;
2027 жылғы 1 наурыздан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы қалған барлық өткізу пункттері арқылы кіру кезінде электрондық рұқсаттың болуын талап ету, бұл ретте көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, оған электрондық рұқсатты ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі;
2027 жылғы 1 шілдеден бастап – кіруге электрондық рұқсаттың міндеттілігін ендіру, оның болмауы көшіп келушіні Қазақстан Республикасына кіргізуден бас тартуға негіз болады.
7. Растайтын құжаттары болса, Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсат алудан:
1) шет мемлекеттердің, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың басшылары және олардың отбасы мүшелері;
2) шет мемлекеттер парламенттерінің, үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың мүшелері және олардың отбасы мүшелері;
3) Қазақстан Республикасының құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері;
4) Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінде, халықаралық ұйымдарда және (немесе) олардың өкілдіктерінде жұмыс істеу үшін Қазақстан Республикасына жіберілетін, дипломатиялық агенттерге теңестірілген мәртебесі бар дипломатиялық паспорттардың, қызметтік паспорттардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар паспорттарының иелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің қызметкерлері;
5) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу куәлігінің иелері;
6) курьерлік парағы болса, дипломатиялық поштаны алып жүретін дипломатиялық курьерлер;
7) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шетел азаматтары;
8) он алты жасқа толмаған адамдар;
9) алпыс бес жасқа толған және одан асқан адамдар;
10) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтпей халықаралық әуежайлардың транзиттік аймағында болатын транзиттік жолаушылар;
11) Қазақстан Республикасының қолданыстағы визасы бар шетел азаматтары;
12) Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсаты бар шетел азаматтары;
13) Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтары;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын деп танылған адамдар;
15) баспана іздеуші адамдар;
16) бас декларацияда (ұшу тапсырмасында) тиісті жазбасы болса, әуе кемелері экипаждарының мүшелері;
17) кеме рөлінде немесе одан үзінді көшірмеде тиісті жазбасы болса, теңіз және өзен кемелері экипаждарының мүшелері;
18) әрбір рейске бекітілетін құрамдау тізімдері бойынша пойыз, рефрижератор және локомотив бригадаларының мүшелері;
19) Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары берген қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, үкіметаралық фельдъегерлік байланыс қызметінің қызметкерлері;
20) егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды айдауылмен алып жүруді жүзеге асыратын құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
21) мемлекеттердің ресми мемлекеттік және үкіметтік делегацияларының мүшелері және оларды ертіп жүретін адамдар;
22) қызметтік куәліктері (ұйымдар басшылығы мен (жергілікті атқарушы орган) куәландырған атаулы тізімдері) болса, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін қызметкерлер;
23) Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларына мәжбүрлі (төтенше) қонған әуе кемелерінің жолаушылары;
24) Қазақстан Республикасының халықаралық теңіз порттарына мәжбүрлі (төтенше) кірген теңіз кемелерінің жолаушылары;
25) егер бұл Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделсе, іздестіру-құтқару операцияларына байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін адамдар;
26) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шақыруы бойынша гуманитарлық миссияларға қатысу немесе төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін келген адамдар;
27) шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасына келетін медициналық көмек бригадасының құрамындағы медицина ұйымдарының қызметкерлері;
28) халықаралық қатынаста жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүк көлік құралдарының (тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген жалпы салмағы 6 тоннадан асатын немесе тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген пайдалы жүктеме 3,5 тоннадан асатын) жүргізушілері, жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүріп өтетін автобус жүргізушілері (жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орындары 12-ден асатын);
29) жерлеу үшін қайтыс болған адамдардың мәйіттерін алып жүретін, оның ішінде транзитпен өтетін адамдар босатылады.
Қызметтік, ресми, гуманитарлық немесе өзге де арнайы мәртебесіне байланысты Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсат алудан босатылған адамдар туралы мәліметтерді тиісті мемлекеттік органдар осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен цифрлық платформа арқылы қалыптастырады және өзектілендіреді.
Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсат алудан босататын тиісті негіздің бар-жоғын тексеруді жүзеге асырады.
Мемлекеттік органдар көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын, толықтығын және уақтылы енгізілуі мен өзектілендірілуін қамтамасыз етеді.
8. Электрондық рұқсатты ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға арналған цифрлық платформа (бұдан әрі – цифрлық платформа) арқылы береді.
Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсат алу туралы өтінішті шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағына кіру жоспарланған күнге дейін кемінде жетпіс екі сағат бұрын цифрлық платформа арқылы береді.
Өтінішті шетел азаматы цифрлық нысанда шетел азаматтарын сәйкестендіруден және (немесе) аутентификациядан өту арқылы береді.
9. Қазақстан Республикасына келуге арналған электрондық рұқсат жүз сексен күнтізбелік күн мерзімге беріледі және осы Қағидалардың 14 және 24-тармақтарында көрсетілген көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімдеріне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында болуға мүмкіндік береді.
10. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде өткізу пунктіндегі паспорттық бақылау желісінде шетел азаматы келуге электрондық рұқсат ресімдеуге өтініш бергенде негізге алынған жарамды паспортын немесе жеке басын куәландыратын құжатын ұсынады.
Келуге электрондық рұқсаттың бар-жоғын тексеруді Қазақстан Республикасының Шекара қызметінің қызметкерлері "Бүркіт" бірыңғай цифрлық жүйесі (бұдан әрі – "Бүркіт" БЦЖ) арқылы жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Шекара қызметі "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында көзделген негіздер бойынша елге кіргізуден бас тартуы мүмкін.
11. Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсатты уәкілетті орган мынадай жағдайларда жоққа шығарады:
1) "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында көзделген негіздер бойынша;
2) Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсат алушының Қазақстан Республикасына уақытша келуінің мерзімін қысқарту туралы шешім қабылданса;
3) Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсат алушыны Қазақстан Республикасынан әкімшілік жолмен шығару туралы шешім қабылданса;
4) Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсат осы Қағидаларда белгіленген тәртіпті бұзу жолымен ресімделген болса.
12. Келуге электрондық рұқсат беруден "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында көзделген негіздер бойынша бас тартылады.
Келуге электрондық рұқсаттың жоққа шығарылғаны немесе келуге электрондық рұқсат беруден бас тартылғаны туралы хабарлама шетел азаматына цифрлық платформа арқылы жіберіледі.
13. Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсат ресімдегені үшін алынатын алым мөлшері – нөл теңге.
2-параграф. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болуы, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуі
14. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болуының рұқсат етілген мерзімі:
Қазақстан Республикасына виза алуды талап етпейтін тәртіппен келген көшіп келушілер үшін – егер Қазақстан Республикасының тиісті тараппен жасалған келісімінде өзгеше тәртіп белгіленбесе немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртіп белгілемесе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн, күнтізбелік жүз сексен күннен тұратын әр кезең ішінде жиынтығында күнтізбелік тоқсан күн өткен соң;
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерінің азаматтары үшін – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн, күнтізбелік жүз сексен күннен тұратын әр кезең ішінде жиынтығында күнтізбелік тоқсан күн өткен соң;
Қазақстан Республикасына келуге арналған визаның негізінде келген көшіп келушілер үшін – визаның мерзімі өткен соң;
болудың өзге мерзімдері айқындалатын, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар бар мемлекеттердің азаматтары үшін – осы шарттарда көрсетілген мерзімдер өткен соң;
уақытша тұруға рұқсат ресімдеген көшіп келушілер үшін – осы рұқсаттың қолданылу мерзімі өткен соң;
бұған дейін Қазақстан Республикасында болу мерзімін бұзуға жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған көшіп келушілер үшін – әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім шығарылғаннан кейін күнтізбелік он бес күн өткен соң;
қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталған көшіп келушілер үшін – сот шешімінің негізінде олар елден шығарып жіберілген жағдайларды қоспағанда, жазасын өтегеннен немесе жазадан босатылғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң;
Қазақстан Республикасында тұрақты тұрған және шет елге тұрақты тұруға Қазақстан Республикасынан шығуға құжат ресімдеген көшіп келушілер үшін – құжаттар ресімделгеннен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң;
қылмыстық-процестік заңнамада белгіленген тәртіппен өздеріне қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс деп танылатын іс-әрекет жасалғаны туралы хабарлаған көшіп келушілер үшін – өтініш Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес қаралғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң;
Қазақстан Республикасы соттарының үкімдері бойынша қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға шартты түрде сотталған, сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған көшіп келушілер үшін – тағайындалған жазаның мерзімі не жазаның өтелмеген бөлігі аяқталғаннан кейін күнтізбелік он бес күн өткен соң аяқталады;
қылмыстық-процестік заңнамада белгіленген тәртіппен осындай қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер немесе куәгерлер деп танылған көшіп келушілер үшін – болу мерзімі қылмыстық істі тергеу үшін қажетті, бірақ күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын кезеңге ұзартылады;
айрықша жағдайларда (әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және дүлей апаттың немесе ірі ауқымды аварияның (апаттың) нақты қауіп төндіруіне байланысты төтенше жағдай енгізілген, сондай-ақ көліктің жұмыс кестесі бұзылған кезде) – болу мерзімі шығуды ұйымдастыру үшін қажетті, бірақ күнтізбелік отыз күннен аспайтын кезеңге ұзартылады.
Осы тармақтың жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші абзацтарында көрсетілген көшіп келушілерге ішкі істер органдары осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес хабарлама береді, көшіп келуші оның мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасынан шығады.
Осы тармақтың екінші, үшінші, бесінші абзацтарында көрсетілген көшіп келушілер Қазақстан Республикасына келген кезде оларға рұқсат етілген болу мерзімін есептеу нақты кірген күннен бастап күнтізбелік жүз сексен күнді есептеп шығару арқылы жүзеге асырылады.
Егер көшіп келуші келген кезде өзіне рұқсат етілген болу мерзімінен артық болғаны анықталса, "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы 1) тармақшасының негізінде кіргізуден бас тарту туралы шешім қабылданады.
Осы тармақтың екінші, үшінші, бесінші абзацтарында көрсетілген көшіп келушілер Қазақстан Республикасының аумағында болған кезде рұқсат етілген болу мерзімін есептеу бақылау күнінен (көшіп келушінің Қазақстан Республикасының аумағында болуының заңдылығын айқындау қажет болатын күн) бастап күнтізбелік жүз сексен күнді кері шегеру арқылы жүзеге асырылады.
Осы тармақтың екінші, үшінші, бесінші абзацтарында көрсетілген көшіп келушілер Қазақстан Республикасынан шыққан кезде оларға рұқсат етілген болу мерзімін есептеу нақты кететін күнінен бастап күнтізбелік жүз сексен күнді кері шегеру арқылы жүзеге асырылады.
Болу мерзімін есептеудің осындай тәртібі осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетілген көшіп келушілер үшін қолданылады.
Осы тармақтың екінші және үшінші абзацтарында көзделген күнтізбелік жүз сексен күннен тұратын әр кезең ішінде жиынтығында күнтізбелік тоқсан күн болуға қатысты талаптар мына көшіп келушілерге қолданылмайды:
белгіленген тәртіппен уақытша тұруға рұқсат алғандар;
бас декларацияда (ұшу тапсырмасында) жазба болса, әуе кемелері экипаждарының мүшелері;
кеме рөлінде немесе одан үзінді көшірмеде жазба болса, теңіз және өзен кемелері экипаждарының мүшелері;
әрбір рейске бекітілетін қалыптастыру парақтары бойынша пойыздардағы, рефрижераторлық және локомативтік бригадалардың мүшелері;
халықаралық қатынаста жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүк көлік құралдарының (тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген жалпы салмағы 6 тоннадан асатын немесе тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген пайдалы жүктеме 3,5 тоннадан асатын) жүргізушілері, жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүріп өтетін автобус жүргізушілері (жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орындары 12-ден асатын);
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін қызметтік, іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, үкіметаралық фельдъегерлік байланыс қызметкерлері;
егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, қызметтік, іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды айдауылмен алып жүруді жүзеге асыратын құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
мемлекеттердің ресми мемлекеттік және үкіметтік делегацияларының мүшелері және олармен бірге жүретін адамдар;
қызметтік куәліктері (ұйымдардың басшылығы (жергілікті атқарушы орган) куәландырған атаулы тізімдер) болса, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін қызметкерлер;
Қазақстан Республикасынан жалға алынған аумақтардағы персоналға және тұрғындарға қатысы бар адамдар (уақытша немесе тұрақты тіркелгенін растайтын құжаты болса).
15. Егер Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілер жергілікті атқарушы орган берген тиісті рұқсаттарсыз еңбек қызметін жүзеге асыруға жіберілмейді.
16. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуіне және Қазақстан Республикасынан кетуіне Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңдарында белгіленген негіздер бойынша тыйым салынады.
17. Көшіп келушілерді есепке алуды ішкі істер органдары қабылдаушы тұлғалардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінен түсетін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараты негізінде жүзеге асырады.
Қабылдаушы тұлғалар өздеріне келетін көшіп келушілер туралы ішкі істер органдарына олар келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.
Көшіп келушілерді есепке алу жеке басты куәландыратын құжаттар бойынша жүзеге асырылады.
18. Уақытша тұруға рұқсат:
1) отбасын біріктіру мақсатында өздеріне көшіп келушілер келген жеке тұлғалардың;
2) көшіп келушімен заңнамада белгіленген тәртіппен еңбек шартын жасасқан жеке және заңды тұлғалардың;
3) көшіп келушілерді күндізгі оқу нысанына қабылдаған, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын, оның ішінде білім алушылармен алмасудың және дайындық курстарынан өтудің ұйымдастырылған бағдарламалары бойынша іске асыратын білім беру ұйымдарының;
4) көшіп келушілер стационарлық емдеуде жатқан денсаулық сақтау ұйымдарының;
5) көшіп келушілер заңнамада белгіленген тәртіппен миссионерлік қызметті жүзеге асыратын діни ұйымдардың;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер (бизнес-көшіп келушілер) бойынша – жергілікті атқарушы органдардың өтініштері негізінде ресімделеді.
Уақытша тұруға рұқсат көшіп келушінің ұлттық паспортының қолданылу мерзімінен аспайтын кезеңге ресімделеді.
Уақытша тұруға рұқсат көші-қон қызметі цифрлық жүйесінде ресімделіп, көшіп келушінің уақытша тұруына рұқсат беріледі, кейіннен ақпарат "Бүркіт" БЦЖ-ге беріледі.
Көшіп келушілерге қатысты Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат ресімделген болса, көшіп келушілерге еңбекші көшіп келушіге рұқсат, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат осы рұқсат қолданылатын мерзімге ресімделеді.
Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген рұқсаттарды алу талап етілмейтін көшіп келушілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен бір жылға ресімделеді, бірақ ол еңбек шартының немесе жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) жөніндегі азаматтық-құқықтық шарттың қолданылу мерзімінен аспауға тиіс.
Қазақстан Республикасына қызметін "Астана" халықаралық қаржы орталығында (бұдан әрі – АХҚО) жүзеге асыру мақсатында келудің және болудың визасыз тәртібі туралы ратификацияланған халықаралық шарттар бар елдерден келген көшіп келушілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен бір жылға ресімделеді, бірақ ол еңбек шартының немесе жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) жөніндегі азаматтық-құқықтық шарттың қолданылу мерзімінен аспауға тиіс.
Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы ратификацияланған халықаралық шарттар бар мемлекеттерден келген АХҚО инвестициялық резиденттеріне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат АХҚО әкімшілігінің өтінішхаты бойынша жыл сайын, бірақ бес жылдан асырмай ұзарту мүмкіндігімен бір жылға ресімделеді. Бұл ретте АХҚО инвестициялық резидентінің отбасы мүшелерінің уақытша тұруға рұқсатының қолданылу мерзімі АХҚО инвестициялық резидентінің уақытша тұруға рұқсатының қолданылу мерзімінен аспауға тиіс.
Білім алу, кәсіптік даярлық және (немесе) тағылымдамадан өту мақсатында келген көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат бір жылға ресімделеді, бірақ оқу, оқу практикасының немесе тағылымдаманың мерзімінен аспауға тиіс.
Қазақстан Республикасына отбасымен қосылу мақсатында келген көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат шақырушы тұлғалардың өтінішхаты бойынша "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімге ресімделеді.
Медициналық мекемелерде стационарлық емделуде жатқан көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат денсаулық сақтау ұйымының өтінішхаты (медициналық анықтамасы) бойынша емделуге қажетті кезеңге ресімделеді.
Пана іздеген адамдарды және босқындарды есепке алу Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделеді.
Қазақстан Республикасымен келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар жасасқан мемлекеттерден келген бизнес-көшіп келушілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат жергілікті атқарушы органның өтінішхаты бойынша жыл сайын, бірақ үш жылдан асырмай ұзарту мүмкіндігімен бір жылға ресімделеді.
Заңнамада белгіленген тәртіппен миссионерлік қызметті жүзеге асыратын көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат Қазақстан Республикасында тіркелген діни ұйымдардың өтінішхаттары бойынша өтінішхатта көрсетілген, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ресімделеді.
Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат жергілікті атқарушы органның өтінішхаты бойынша үш айдан аспайтын мерзімге ұзарту мүмкіндігімен алты айға ресімделеді.
Мыналар:
Қазақстан Республикасына Қазақстан Республикасының визасымен келген;
дипломатиялық немесе қызметтік паспорты бар;
16 жасқа толмаған көшіп келушілер уақытша тұруға рұқсат алудан босатылады.
Көшіп келуші Қазақстан Республикасында уақытша тұратын жерін ауыстырған кезде қабылдаушы тұлға үш жұмыс күні ішінде бұл туралы ішкі істер органдарын хабардар етеді.
19. Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат үшін ішкі істер органдарына жүгінген көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат өтінішхатты қарау үшін қажетті, бірақ күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын кезеңге ресімделеді.
20. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін көшіп келушілер мынадай санаттарға бөлінеді:
1) мыналар:
экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келген;
Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілер тартатын, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде келген шетелдік жұмыскерлер – көшіп келушілер;
2) бизнес-көшіп келушілер – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер;
3) маусымдық шетелдік жұмыскерлер – халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша бекітетін кәсіптер тізбесіне сәйкес климат немесе өзге де табиғат жағдайларына байланысты белгілі бір кезең (маусым) ішінде атқарылатын маусымдық жұмыстарды орындау үшін жұмыс берушілер бір жылдан аспайтын мерзімге жұмысқа тартатын көшіп келушілер;
4) еңбекші көшіп келушілер – еңбекші көшіп келушіге берілетін рұқсат негізінде жұмыс беруші – жеке тұлғаларда үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) мақсатында Қазақстан Республикасына үй жұмыскерлері ретінде келген көшіп келушілер.
21. Егер Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік жұмыс күшін тарту, сондай-ақ Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілердің еңбек қызметін жүзеге асыруы жергілікті атқарушы органның рұқсаты негізінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін квота шегінде жүзеге асырылады.
22. Бизнес-көшіп келушілер "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген міндеттерді орындамаған жағдайда ішкі істер органдары жергілікті атқарушы органдардың өтінішхаты негізінде бизнес-көшіп келушілердің болу мерзімін олардың ерікті түрде кетуі үшін қажетті мерзімге қысқарту туралы шешім қабылдайды.
23. Егер Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, маусымдық шетелдік жұмыскерлер, гуманитарлық себептер бойынша келетін көшіп келушілер жалпы негізде уақытша тұруға рұқсат ресімдейді.
24. Егер Қазақстан Республикасында болу кезеңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік отыз күннен аспаса, Аустралия Одағының, Америка Құрама Штаттарының, Аустрия Республикасының, Бахрейн Корольдігінің, Бельгия Корольдігінің, Болгария Республикасының, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Ватикан Қасиетті Тағының, Вьетнам Социалистік Республикасының, Германия Федеративтік Республикасының, Грек Республикасының, Дания Корольдігінің, Жаңа Зеландияның, Жапонияның, Израиль Мемлекетінің, Ирландия Республикасының, Исландия Республикасының, Испания Корольдігінің, Индонезия Республикасының, Италия Республикасының, Канаданың, Қатар Мемлекетінің, Кипр Республикасының, Колумбия Республикасының, Корея Республикасының, Кувейт Мемлекетінің, Латвия Республикасының, Литва Республикасының, Лихтенштейн Князьдігінің, Люксембург Ұлы Герцогтігінің, Мажарстанның, Малайзияның, Мальта Республикасының, Мексика Құрама Штаттарының, Монако Князьдігінің, Нидерланд Корольдігінің, Норвегия Корольдігінің, Оман Сұлтандығының, Польша Республикасының, Португалия Республикасының, Румынияның, Сауд Арабиясы Корольдігінің, Сингапур Республикасының, Словак Республикасының, Словения Республикасының, Таиланд Корольдігінің, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің, Филиппиндер Республикасының, Финляндия Республикасының, Француз Республикасының, Хорватия Республикасының, Чех Республикасының, Чили Республикасының, Швейцария Конфедерациясының, Швеция Корольдігінің және Эстония Республикасының азаматтары күнтізбелік жүз сексен күннен тұратын әр кезең ішінде жиынтығында күнтізбелік тоқсан күн визасыз Қазақстан Республикасына келеді және Қазақстан Республикасынан кетеді.
Егер Қазақстан Республикасында болу кезеңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік он төрт күннен аспаса, Иран Ислам Республикасының және Үндістан Республикасының азаматтары, күнтізбелік жүз сексен күннен тұратын әр кезең ішінде жиынтығында күнтізбелік қырық екі күн визасыз Қазақстан Республикасына келеді және Қазақстан Республикасынан кетеді.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген, сапарларының ұзақтығы осы тармақтың екінші бөлігінде көзделгенге сәйкес келмейтін көшіп келушілер Қазақстан Республикасының аумағына кірер алдында тиісті виза алуға өтініш беруге тиіс.
Егер Қазақстан Республикасында болу кезеңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспаса, Түркия Республикасының азаматтары күнтізбелік жүз сексен күннен тұратын әр кезең ішінде визасыз Қазақстан Республикасына келеді және Қазақстан Республикасынан кетеді.
25. Осы Қағидалардың 24-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттердің азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында іскерлік мақсатпен болуын күнтізбелік отыз күннен артық ұзарту туралы өтініш берген кезде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзіммен "іскерлік" санатындағы бірмәртелік виза беруді жүзеге асырады.
26. Инвестиция жөніндегі уәкілетті органның осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетілген мемлекеттер азаматтарының инвестор мәртебесін дәлелдейтін өтінішхаты болса, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары күнтізбелік тоқсан күнге дейінгі мерзімге "инвесторлық" санатындағы бірмәртелік виза беруді жүзеге асырады.
27. Осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетілген мемлекеттер азаматтарының АХҚО инвестициялық резиденті мәртебесін растайтын АХҚО әкімшілігінің өтінішхаты болса, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары бес жылға дейінгі мерзіммен "инвестор" санатындағы виза беруді, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімін ұзартуды жүзеге асырады.
28. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекші көшіп келушілері және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасына визасыз келеді, сондай-ақ осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген рұқсат берілген болу мерзімі ішінде Қазақстан Республикасында визасыз болады және кетеді.
29. Қазақстан Республикасы соттарының үкімдері бойынша бас бостандығынан айыруға сотталған шетел азаматтары Қазақстан Республикасында визасыз және уақытша тұруға рұқсат алмай бола береді.
3-параграф. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп-тұруы және транзитпен жол жүруі және олардың Қазақстан Республикасында тұрғылықты тұратын жер таңдауы
30. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шетел азаматтарының баруы үшін ашық аумағы бойынша еркін жүріп-тұра алады және Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес тұрғылықты жер таңдай алады. Жүріп-тұру мен тұрғылықты тұратын жер таңдаудағы шектеулерді Қазақстан Республикасының Үкіметі "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-тармағының 7) тармақшасына сәйкес белгілейді.
31. Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасы арқылы жүріп-тұруы, сондай-ақ олардың шетел азаматтары үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) бару тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі айқындайды.
32. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі және Қазақстан Республикасынан кетуі үшін Қазақстан Республикасының транзиттік визалары ресімделеді.
33. Шетел азаматтарының үшінші елге кіру үшін жарамды құжаттары (визалары) болса, олардың бес тәуліктен аспайтын мерзімге Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жол жүруіне рұқсат етіледі.
34. Өздері азаматы болып табылатын мемлекет визасыз келу туралы келісім жасасқан елге Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін шетел азаматтары Қазақстан Республикасының транзиттік визасын ресімдейді.
35. Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзған не көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында одан әрі болуына негіз болмаған жағдайларда олардың Қазақстан Республикасында болу мерзімі қысқартылады.
Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзған көшіп келушілер, яғни тұру құқығына құжат ресімдемей тұрып жатқан немесе жарамсыз құжат бойынша тұрып жатқан, өздеріне белгіленген болу мерзімі өткеннен кейін кетуден жалтарған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жол жүру қағидаларын сақтамайтын көшіп келушілер Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңдарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының бұзылғаны анықталып, ескерту, айыппұл түріндегі жазаға әкеп соққан болса және шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адам құқық бұзушылық фактісін мойындайтын болса, шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адам ішкі істер органдары не Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шығарған процестік шешім негізінде елден шығады.
36. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімін қысқарту туралы шешімдерді ішкі істер органдары қабылдайды.
37. Сот шетел азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жіберу туралы шешім шығарған кезде оларды ұстауға және шығарып жіберуді ұйымдастыру үшін қажетті, бірақ отыз тәуліктен аспайтын мерзімге ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұстауға жол беріледі.
38. Көшіп келуші өзін Қазақстан Республикасынан шығару туралы шешімге азаматтық процестік тәртіппен шағымдана алады.
39. Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын көшіп келушілердің болу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімін қысқарту туралы мәселе дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.
40. Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген көшіп келушілер Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсыну процесі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасының шегінен тыс өздерінің шыққан мемлекетіне (шетел азаматы болып табылатын елге) шығарып жіберілмейді, бұл процесс барысында олар құқық қорғау органдарына жүгіну және олармен ынтымақтастық жасау туралы шешім қабылдайды.
| Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларына қосымша |
№_________ хабарлама
Т. А.Ә: __________________________________________________________
(паспорт бойынша латынша немесе кириллицамен тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)
Паспорт №: _______________________________________________________
(шетел азаматының паспортының сериясы және нөмірі)
Азаматтығы: _______________________________________________________
(шетел азаматының азаматтығы)
Болу мерзімі: 20__ жылғы "__" ______ бастап 20__ жылғы "__" _____ аралығы
Қазақстан Республикасында тұратын мекенжайы: ________________________
(мекенжайы толығымен)
Рұқсат берген орган: _________________________________________________
(полиция бөлінісінің атауы)
Жауапты қызметкер: _________________________________________________
Берілген күні: 20___ жылғы "___" ________
|
|
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 10 қазандағы № 890 қаулысына 2-қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысымен бекітілген |
Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидалары
1. Осы Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Халықтың көші-қоны туралы", "Шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы" заңдарына сәйкес әзірленді және:
1) көші-қон бақылауын жүзеге асыру;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу тәртібін айқындайды.
2. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары мен азаматтарының осы Қағидалардың талаптарын сақтауын бақылауды Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары (бұдан әрі – ішкі істер органдары) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен (бұдан әрі – ұлттық қауіпсіздік органдары) өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
3. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу тәртібіне қатысты көші-қон бақылауын ішкі істер органдары жүзеге асырады.
4. Ішкі істер органдары көшіп келушілерді есепке алуды көшіп келушілер уақытша тұратын жерде, оның ішінде "Бүркіт" бірыңғай цифрлық жүйесінен (бұдан әрі – "Бүркіт" БЦЖ), "Бүркіт" БЦЖ визалық-көші-қон порталынан (www.vmp.gov.kz), "e-Qonaq" цифрлық жүйесінен (www.eqonaq.kz) және ҚР ІІМ цифрлық жүйесінен мәліметтер алу арқылы жүргізеді.
Қазақстан Республикасының визасымен кіретін шетел азаматтары Мемлекеттік шекараны кесіп өткенде шақыруды ресімдеген кезде шақырушы тарап көрсеткен мекенжай бойынша "Бүркіт" БЦЖ арқылы автоматты түрде есепке алынады.
Көшіп келушіні қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар "Бүркіт" БЦЖ визалық-көші-қон порталына ақпаратты www.vmp.gov.kz немесе egov.kz веб-сайттары арқылы дербес цифрлық электрондық қолтаңба арқылы енгізеді не хабарламаларды көші-қон қызметі бөлімшелеріне тікелей ұсынады немесе пошта арқылы жолдайды. Шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың болуы туралы хабарламаларды "e-Qonaq" цифрлық жүйесінің қолданушылары www.eqonaq.kz веб-сайты арқылы осы жүйемен де жолдай алады.
5. Көші-қон бақылауын жүзеге асыру барысында ішкі істер органдарының қызметкерлері:
1) шетел азаматында ұлттық паспортының, визасының не уақытша тұруға рұқсатының бар-жоғын, ал Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтарында және азаматтығы жоқ адамдарда – тұруға ықтиярхаттарының, азаматтығы жоқ адамның куәлігінің бар-жоғын;
2) шетел азаматтарының шетелге уақтылы кетуін немесе Қазақстан Республикасында болу мерзімін ұзартуын;
3) шетел азаматтарының еркін жүруіне жабық жерлерде болуға рұқсатының бар-жоғын тексереді.
6. Ішкі істер органдарының қызметкерлері:
1) шетел азаматтарының тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша;
2) шетел азаматтарының жұмыс немесе оқу орны бойынша;
3) әуе, темір жол және көліктің басқа түрлерінде;
4) көшелер мен қоғамдық жерлерде бақылауды жүзеге асырады.
7. Бақылау:
1) азаматтардың тұрғын үй-жайларын қарап шығу;
2) жатақханалар мен қонақүйлерді және шетел азаматтарының болуы ықтимал жерлерді тексеру;
3) пойыздарда жүру;
4) автокөлік құралдарын тексеру;
5) жедел-профилактикалық және арнайы іс-шаралар жүргізу;
6) қолданыстағы заңнамада көзделген басқа нысандар мен әдістерді пайдалану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
8. Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу туралы сот шешімін орындау Қазақстан Республикасынан шығарылатын адамның "Бүркіт" БЦЖ пайдаланып бақылаумен өз бетінше шығуы арқылы жүргізіледі.
Шетел азаматтарын немесе азаматтығы жоқ адамдарды мәжбүрлі түрде шығарып жіберу сот шешімі бойынша біржақты тәртіппен не көрсетілген адам аумағына шығарылатын шет мемлекеттің билік өкіліне беру арқылы жүзеге асырылып, шығарып жіберу туралы акт жасалады.
Шетел азаматтарын немесе азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жіберу соттың шығарып жіберу туралы қаулысының (үкімінің) негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасынан шығарылатын адамдар үшін соттың шығарып жіберу туралы қаулысы визаны алмастыратын құжат және уақытша тұруға рұқсат болып табылады.
9. Заңнаманы бұзуға жол берген шетелдік азаматтарды немесе азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдары цифрлық форматта, сондай-ақ тиісті ақпараттық есепке алу құжаттарын толтыру арқылы жүргізеді.
10. Ішкі істер органдарының және ұлттық қауіпсіздік органдарының аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз өтуіне, Қазақстан Республикасында заңсыз болуына байланысты заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды өздері жүргізеді.
11. Ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдары заңнаманы бұзған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты ақпаратты "Бүркіт" БЦЖ-ға дереу толтырады.
12. Ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелері ай сайын ҚР ІІМ-ге әкімшілік жауапкершілікке тартылған шетел азаматтарының саны және дербес деректері туралы мәлімет беріп тұрады.
13. "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына сәйкес бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген шетел азаматтарының шығарып жіберу туралы сот шешімі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салынады.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны орындау негізінде бастамашы орган "Бүркіт" БЦЖ-ға бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынған адамдар туралы ақпаратты енгізеді.___

