Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 18.08.2026 № 93 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 7-бабының 89) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 26.11.2025 № 152 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған цифрлық ресурстарға қойылатын талаптар бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 18.08.2026 № 93 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Цой |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, иновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
| Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 12 мамырдағы № ҚР ДСМ – 39 бұйрығымен бекітілген |
Қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған цифрлық ресурстарға қойылатын талаптар
Ескерту. Талаптар жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 18.08.2026 № 93 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған цифрлық ресурстарға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабының 89) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) емдеуші дәрігер – пациент медициналық ұйымда байқауда болған және емделген кезеңде оған медициналық көмек көрсететін дәрігер;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық телемедицина желісі (бұдан әрі – ҰТМЖ) – қорғалған телекоммуникациялық инфрақұрылыммен біріктірілген және аппараттық-бағдарламалық кешендермен жарақтандырылған, уәкілетті органның қарамағындағы денсаулық сақтау ұйымдарының стационарлық және мобильдік телемедициналық орталықтарының желісі;
4) қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер – аурулар мен жарақаттардың диагностикасы, оларды емдеу, медициналық оңалту және олардың профилактикасы, медицина қызметкерлерінің өзара, жеке тұлғалармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен қашықтықтан өзара іс-қимыл жасауын, көрсетілген адамдарды сәйкестендіруді, сондай-ақ олар жасайтын әрекеттерді құжаттауды қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар арқылы зерттеулер мен бағалауды жүргізу мақсатында медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
5) медицина қызметкері – кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;
6) медициналық ұйым – негізгі қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымы;
7) пациент – медициналық көмек көрсетуді қажет ететін ауруының немесе жай-күйінің болуына немесе болмауына қарамастан, медициналық көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы болып табылған жеке тұлға;
8) тасымалданатын медициналық құрылғылар - жеке тұлғаның денсаулық жағдайының көрсеткіштерін жинауға және беруге арналған мобильдік (тасымалданатын) құрылғылар;
9) телемедицина желісі – қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді ұсыну, оқыту және цифрлық форматта медициналық ақпарат алмасу үшін медициналық жабдықпен жарақтандырылған және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы біртұтас ақпараттық кеңістікке біріктірілген стационарлық және мобильдік телемедицина орталықтарының желісі;
10) хабардар етілген келісім – адамның медициналық көмек алуға және (немесе) оның шешім қабылдауы үшін маңызы бар медициналық көмектің және (немесе) зерттеудің барлық аспектісі туралы ақпаратты алғаннан кейін нақты зерттеуге қатысуға өз келісімін жазбаша ерікті түрде растау рәсімі;
11) электрондық денсаулық паспорты – жеке тұлғаның денсаулық жағдайы мен оған көрсетілетін медициналық көмек туралы құрылымдалған дербес медициналық деректердің цифрлық денсаулық сақтау субъектілері бүкіл өмір бойы электрондық көздерден қалыптастыратын және уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жеке тұлғаға да, денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлеріне де қолжетімді жинағы.
2-тарау. Қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған цифрлық ресурстарға қойылатын талаптар
3. Денсаулық сақтау субъектілері қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтер кезінде мынадай денсаулық сақтаудың цифрлық объектілерін қолданады:
телемедициналық жүйелер мен платформалар;
ҰТМЖ;
тасымалданатын медициналық құрылғылар.
4. Талаптардың 3-тармағында көрсетілген денсаулық сақтаудың цифрлық объектілеріне мынадай талаптар қойылады:
1) Денсаулық сақтаудың цифрлық объектілеріне қойылатын жалпы талаптар:
Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінде және "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысында (бұдан әрі – № 832 қаулы) белгіленген талаптарға сәйкестік;
қашықтықтан медициналық қызметтер көрсетуге қатысатын пациенттер мен медицина қызметкерлерінің цифрлық аутентификациясын № 832 қаулы талаптарына сәйкес қамтамасыз ету;
пациенттің және (немесе) оның заңды өкілінің медициналық көмек алуға хабардар етілген келісім беру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
пациенттердің және (немесе) олардың заңды өкілдерінің электрондық денсаулық паспорты арқылы жеке денсаулығы және көрсетілген медициналық көмек туралы ақпаратқа қол жеткізуін, сондай-ақ деректерге қол жеткізу журналын қадағалау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
денсаулық сақтау субъектісінің медициналық цифрлық жүйелерімен интеграцияны қамтамасыз ету;
қашықтықтан форматта медициналық көмек көрсету үшін жеткілікті, секундына кемінде 20 (жиырма) мегабит интернет қосылымының жылдамдығы кезінде жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
2) Телемедицина жүйелері мен платформаларға қойылатын талаптар:
медициналық қызметкерлер және (немесе) пациент және (немесе) оның заңды өкілі арасында аудио-визуалды байланыс және мәтіндік хабарламалармен, құжаттармен және бейнелермен алмасу форматында өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;
қашықтықтан форматта дәрігерлер мен бейінді мамандардың қабылдау графиктерін қалыптастыруды қамтамасыз ету;
пациенттердің және (немесе) оның заңды өкілдерінің консультацияға жазылуын және (немесе) профилактикалық, диагностикалық, емдік, оңалту және паллиативтік көмек көрсетуді ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
медицина қызметкерлеріне, пациенттерге және (немесе) олардың заңды өкілдеріне консультацияларды жүргізу немесе олардың күшін жою (ауыстыру) және (немесе) емдеу-диагностикалық, медициналық оңалту және (немесе) консилиум көрсету күні мен уақыты туралы хабарламаларды жолдауды қамтамасыз ету;
денсаулық сақтау субъектісінің медициналық цифрлық жүйелерінен алынатын клиникалық және әкімшілік деректерді бастапқы медициналық деректерді сақтау функцияларын қайталамай беру және көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ету;
пациенттің денсаулық жағдайына динамикалық байқау жүргізу мүмкіндігін, оның ішінде тасымалданатын медициналық құрылғыларды пайдалана отырып қамтамасыз ету.
3) ҰТМЖ-ға қойылатын талаптар:
денсаулық сақтау субъектілері мен денсаулық сақтау субъектісінің медициналық цифрлық жүйелері арасында қашықтықтан медициналық қызметтерді (көмекті) көрсетуге байланысты клиникалық және әкімшілік деректерді беруді қамтамасыз ету;
телекоммуникациялық инфрақұрылымды пайдалана отырып, медициналық ақпараттың қорғалған алмасуын қамтамасыз ету.
4) Тасымалданатын медициналық құрылғыларға қойылатын талаптар:
пайдаланушының денсаулық жағдайының көрсеткіштерін жинауды және оларды телемедициналық жүйелермен және (немесе) мобильді қосымшалармен интеграциялау арқылы денсаулық сақтау субъектісінің медициналық цифрлық жүйелеріне беруді қамтамасыз ету;
тасымалданатын медициналық құрылғыны пайдаланушының есептік жазбасына мобильді қосымша немесе телемедициналық платформа деңгейінде іске асырылған сәйкестендіру және аутентификациялау тетіктерін пайдалана отырып байланыстыруды қамтамасыз ету.
5. Денсаулық сақтау субъектілерінің цифрлық ресурстары қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету процесін құжаттау жөніндегі деректердің толықтығы үшін медициналық цифрлық жүйелерге мынадай ең аз деректер жиынтығын енгізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді:
1) қашықтықтан көрсетілетін қызметке жазылу кезінде:
пациенттің жеке сәйкестендіру нөмірі және тегі, аты, әкесінің аты (бар болған болса);
көрсетілетін қызметтің коды және атауы;
қызмет көрсететін дәрігердің учаскесі және (немесе) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);
көрсетілетін қызметке жазылу күні мен уақыты;
2) көрсетілетін қызметті қашықтықтан орындау кезінде:
қашықтықтан медициналық қызмет көрсету нысаны;
пайдаланылған телекоммуникация құралдары;
пациенттің жеке сәйкестендіру нөмірі және тегі, аты, әкесінің аты (бар болған болса);
көрсетілетін қызметтің коды және атауы;
қызмет көрсеткен дәрігердің жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған жағдайда) және тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);
диагноз бойынша деректер жиынтығы (диагноз, түрі, типі, сипаты);
пациенттің объективті жағдайын сипаттай отырып, пациенттің денсаулық жағдайының көрсеткіштерін, диагностикалық зерттеулер нәтижелерін түсіндіре отырып, дәрігердің жазбасы;
қорытынды (орындалған қызмет нәтижесінің сипаттамасы);
келесі қарап-тексеру күнін қоса отырып, пациентті жүргізу жоспары;
медициналық ұйымдардың құрамындағы зертханалардың медициналық есепке алу құжаттамасының нысанына сәйкес "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 тіркелді) 5-қосымшасына сәйкес, зертханалық зерттеуге / консультациялық қызметтерге / емдеуге жатқызуға жіберу, басқа стационарға ауыстыру (қажет болған жағдайда деректер жиынтығына сәйкес);
"Рецепттерді жазып беру, есепке алу және сақтау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 2 қазандағы № ҚР ДСМ-112/2020 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21493 тіркелді) дәрілік заттарға рецепт (қажет болған жағдайда жіберу үшін қажетті деректер жиынтығына сәйкес);
"Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы № ҚР ДСМ-198/2020 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21660 тіркелді) еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасы (қажет болған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын ашу, ұзарту, жабу үшін қажетті деректер жиынтығына сәйкес);
"Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32922 тіркелді) медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу (қажет болған жағдайда медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу қажетті деректер жиынтығына сәйкес).
Медицина қызметкерлерінің өзара, медицина қызметкерлері мен пациенттердің және (немесе) олардың заңды өкілдерінің қашықтықтан өзара іс-қимылы нәтижесінде алынған барлық деректер, оның ішінде мәтіндік, аудио- және визуалды материалдар, диагностикалық зерттеулердің нәтижелері, сондай-ақ тасымалданатын медициналық құрылғыларды пайдалану арқылы алынған деректер медициналық цифрлық жүйеге енгізілуге тиіс.
6. Дербес медициналық деректерді жинау және өңдеу пациенттің және (немесе) оның заңды өкілінің келісімімен "Дербес деректерді жинау, өңдеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы № 395/НҚ бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21498 тіркелді) айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету кезінде телемедициналық технологияларды қолдану:
1) Телемедициналық технологиялардың функционалын кеңейту кезеңдері:
бірінші кезең - консультациялық көмекті жүзеге асыру үшін функционалды қамтамасыз ету;
екінші кезең – деректерді цифрлық берумен диагностикалық көмекті жүзеге асыру үшін функционалды қамтамасыз ету;
үшінші кезең – деректерді цифрлық берумен зертханалық көмекті жүзеге асыру үшін функционалды қамтамасыз ету болып табылады.
2) Телемедициналық технологиялар медицина қызметкерлерінің пациенттермен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен қашықтықтан өзара іс-қимылы кезінде медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету барысында мынадай мақсаттарда қолданылады:
диагностикалау, пациенттің шағымдарын талдау мен анамнез деректерін жинау, емдеу-диагностикалық іс-шаралардың тиімділігін бағалау, пациенттің денсаулық жағдайын медициналық байқау;
дәрігердің бетпе-бет қабылдауын жүргізу қажеттілігі туралы шешім қабылдау.
3) Профилактика және бақылау бойынша қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер кешені мынадай түрде ұсынылады:
артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қантты диабетті және глаукоманы ерте анықтауға арналған халықтың нысаналы топтарына скринингтік зерттеулер жүргізу;
мектеп жасындағы балаларды қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарын профилактикалық медициналық қарап-тексеру;
нозология бойынша ауруларды басқару бағдарламасына қатысатын созылмалы аурулары бар адамдарды динамикалық байқау: артериялық гипертензия, 2 типті қантты диабет, созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі.
4) Қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер, медициналық көмекті мынадай форматтарда көрсетуді қамтиды:
нақты уақыт режимі – телемедициналық технологияларды пайдалана отырып, консилиумды қашықтықтан форматта консультациялық қабылдау және өткізу;
кейінге қалдырылған консультациялар режимі – пациенттің медициналық құжаттамасын қашықтықтан зерделеу, содан кейін медициналық қорытындыны қалыптастыру және оны медициналық цифрлық жүйеге енгізу.
8. Цифрлық технология арқылы қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету "Қашықтықтан медициналық қызметтерді ұйымдастыру, ұсыну және ақы төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 1 ақпандағы № ҚР ДСМ-12 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22151 тіркелді) бекітілген Қашықтықтан медициналық қызметтерді ұйымдастыру, ұсыну және төлеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
9. Телемедициналық цифрлық жүйелердің бағдарламалық қамтылымға мыналар кіреді:
1) веб-қосымшалар серверлерінің бағдарламалық қамтылым;
2) мобильді құрылғыларға арналған бағдарламалық қамтылым (бұдан әрі – мобильді қосымша).
10. Мобильді қосымша мыналарды қамтамасыз етеді:
1) деректерді мобильді қосымшаның қорғалған контейнерінде немесе жүйелік есептік деректер қоймасында сақтау;
2) құпия деректерді кэшке салуды болдырмау;
3) мобильді қосымшаның резервтік көшірмелерінен құпия деректерді ашық түрде алып тастау;
4) пайдаланушыны мобильді қосымшаны пайдалану кезінде сақтау ұсынылатын кибергигиена әдістері туралы хабардар ету;
5) клиентке оның есептік жазбасындағы авторландыру оқиғалары, парольді өзгерту және (немесе) қалпына келтіру, жүйеде, ұйымда тіркелген ұялы телефон нөмірін өзгерту туралы хабарлау.