Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда – ҚР Туризм және спорт министрінің м.а. 31.07.2026 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі
"Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 20-14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялаудың қағидалары мен мөлшерін, субсидиялауға қойылатын талаптарды бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Туризм және спорт министрінің м.а. 31.07.2026 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі |
А. Раимкулова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
| Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 15 желтоқсандағы № 387 бұйрығымен бекітілген |
Әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялаудың қағидалары мен мөлшерін, субсидиялауға қойылатын талаптар
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Туризм және спорт министрінің м.а. 31.07.2026 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялаудың қағидалары мен мөлшерін, субсидиялауға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 20-14) тармақшасына сәйкес әзірленген және әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялаудың тәртібі мен мөлшерін, субсидиялауға қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) туристерді орналастыру орындары – туризм объектілері, қонақ үйлер, мотельдер, кемпингтер, туристік базалар, қонақ үйлер, демалыс үйлері, пансионаттар және туристерді уақытша орналастыру мен оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын өзге де ғимараттар мен құрылыстар;
2) туристік оператор (бұдан әрі – туроператор) – туристік операторлық қызметті, ішкі туризм, келу немесе шығу туризмі саласындағы туристік операторлық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
3) туристік операторлық қызмет (бұдан әрі – туроператорлық қызмет) – лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлғалардың туристік өнімді қалыптастыру, ілгерілету және өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызметі, оның ішінде ішкі және келу туризмі саласында туристік агенттер арқылы және тікелей туристерге туристік өнімді өткізу қызметі;
4) туристік өнім – туристің саяхат кезінде қажеттіліктерін қанағаттандыруға жеткілікті барлық қажетті туристік қызметтердің жиынтығы;
5) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) (бұдан әрі – ЖАО) – астана, облыс, республикалық маңызы бар қала, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган.
2-тарау. Әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялаудың тәртібі мен мөлшері
3. Субсидияны алу үшін келу туризмі саласындағы туроператор ағымдағы жыл ішінде шетелдік турист тұратын туристерді орналастыру орнының орналасқан жері бойынша ЖАО-ға өтінім берілген кезге дейін ағымдағы жылында өткізілген туристік өнімнің көрсетілген қызметтері үшін осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қағаз немесе электрондық нысанда пошта арқылы немесе қолма-қол тиісті күнтізбелік жылдың бірінші жұмыс күнінен бастап 1 желтоқсанына дейін әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындары бойынша субсидия алуға арналған өтінімді (бұдан әрі - өтінім) жібереді.
Өтінімге келесі көрсетілетін құжаттар қоса беріледі:
1) заңды тұлға өтінім берген жағдайда - заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының көшірмелері, жеке тұлға өтініш берген жағдайда - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғанын растайтын құжаттың көшірмесі, ал туроператордың өкілі өтінім берген кезде кәсіпкерлік субъектісінің мүдделерін білдіруге нотариалды куәландырылған сенімхатты қосымша ұсынады;
2) өтінім беру жоспарланып отырған айдың алдындағы айдың бірінші күніне алынған есебі мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;
3) жөнелтуші тарап туроператорының мөрімен расталған шетелдік туристер тізімін қоса бере отырып, резидент емес туроператормен туристік қызмет көрсетуге арналған әріптестік шарттың (бұдан әрі - Шарт) көшірмесі;
4) келу және ішкі туризм саласындағы туроператорлық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның көшірмесі;
5) Шарт бойынша банктік құжат немесе туристік өнімге ақы төлеу туралы фискалдық чек;
6) шетелдік турист тұратын туристерді орналастыру орнының мөрімен расталған руминг-парақ.
4. Туроператордан келіп түскен өтінімдерді қарау үшін ЖАО-да өтінімдерді қарау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылады (бұдан әрі – комиссия).
Комиссия тақ саннан тұратын құрамда құрылады, мүшелерінің саны кемінде жеті адам болады, олардың ішінен комиссия төрағасы, төраға орынбасары тағайындалады. Комиссия хатшысы ретінде ЖАО қызметкері тағайындалады.
Комиссия құрамына ЖАО қызметкерлері, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де қоғамдық, үкіметтік емес салалық ұйымдардың өкілдері кіреді.
5. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, комиссия отырыстарын өткізеді, өтінімдерді қарауды ұйымдастырады және осы Қағидалардың талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді. Төраға болмаған жағдайда оның функцияларын комиссия төрағасының орынбасары орындайды.
6. Комиссия хатшысы комиссия отырыстарына материалдар дайындайды, комиссия мүшелеріне хабарлауды, отырыстардың хаттамаларын ұйымдастыруды және тіркеуді, сондай-ақ материалдарды сақтауды қамтамасыз етеді және дауыс беруге қатыспайды.
7. Комиссия туралы ережені және оның дербес құрамын ЖАО бекітеді.
8. Келіп түскен өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттар (бұдан әрі – құжаттар пакеті), осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген, ЖАО-да тіркеледі және түскен күнінен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде олардың толықтығы бойынша қаралады.
Құжаттар пакеті толық болмаған жағдайда, ЖАО оларды осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде келу туризмі саласындағы туроператорға жетіспейтін құжаттардың тізбесін көрсете отырып қайтарады.
Құжаттар пакетінің толық еместігі жойылған жағдайда, келу туризмі саласындағы туроператор құжаттар пакетін қайта ұсынады.
9. Ұсынылған құжаттар пакеті осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген мерзімдер сақталмаған жағдайда, ЖАО-мен қайтарылады.
10. Қағидалардың 3-тармағында белгіленген құжаттар пакеті толық болған жағдайда, комиссия олар келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде құжаттар пакетін қарайды және мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) құжаттардың қолданылу мерзімі өтіп кетпеген, олардың осы Қағидалардың 3-тармағы мен 3-тарауының сәйкестігі, шетелдік туристтің туристерді орналастыру орындарында кемінде 7 (жеті) күн және 6 (алты) түн тұруы расталған, сондай-ақ туристерді орналастыру орындарында шетелдік туристтің "е-Hotel" ("е-Qonaq") цифрлық жүйесі арқылы тіркелуі расталған жағдайда, келу туризмі саласындағы туроператорға субсидия төлеу туралы;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында және осы Қағидалардың 3-тарауында көзделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, келу туризмі саласындағы туроператорға субсидия төлеуден бас тарту туралы.
11. Ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің дұрыстығына және (немесе) түпнұсқалығына қатысты күмән туындаған жағдайда, ЖАО туындаған күмәндерді жоюға және қосымша мәліметтер алуға бағытталған шараларды дербес қабылдайды.
Бұл ретте, осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген мерзім 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.
12. Мерзімді ұзарту туралы уәжді шешімді ЖАО осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген шешім қабылданған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде кәсіпкерлік субъектісіне жолдайды.
13. Туроператорға субсидия төлеуден бас тарту үшін негіздер анықталған жағдайда, осы Қағидалардың 3-тармағы мен 3-тарауында көзделген құжаттар мен мәліметтерді тексеру нәтижелері бойынша, ЖАО туроператорды субсидия төлеуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша туроператордың өз ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдау өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабардар етеді.
Тыңдау туралы хабарлама Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабына сәйкес комиссия шешім қабылдағанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау туроператор хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей өткізіледі.
Тыңдау нәтижелері бойынша комиссия шешімінің негізінде ЖАО туроператорға субсидия төлеу туралы шешім шығарады немесе субсидия төлеуден бас тарту туралы уәжді жауап жолдайды.
14. Комиссия өтінімдер түсуіне қарай осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген мерзімдерде материалдарды қарайды және отырыстар өткізеді.
Комиссия отырысы оның мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысқан жағдайда құқықтық заңды болып есептеледі.
15. Комиссия отырыстары көзбе-көз нысанда және (немесе) бейнеконференцбайланыс арқылы өткізіледі және аудио- және (немесе) бейнетіркеуге жатады.
16. Комиссия туроператорға субсидия төлеу немесе субсидия төлеуден бас тарту туралы шешімді ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысқан мүшелердің көпшілік даусымен қабылдайды.
Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады, ал ол болмаған жағдайда – төраға орынбасарының дауысы шешуші болады.
17. Дауыс беру нәтижелері мен комиссияның қабылдаған шешімі хаттамамен ресімделеді және оған қол қойылған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде, осы Қағидалардың 10-тармағында белгіленген мерзімдер шеңберінде, ЖАО интернет-ресурсында орналастырылады, сондай-ақ оның көшірмесі туроператорға жазбаша хабарлама түрінде жолданады.
18. Комиссия шешімі негізінде ЖАО туроператорға субсидия төлеу туралы шешім қабылданған күннен бастап 40 (қырық) жұмыс күні ішінде әрбір шетелдік турист үшін 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде субсидия сомасын екінші деңгейдегі банкте ашылған, өтінімде көрсетілген есеп айырысу шотына аударады.
19. Субсидияны бақылау, мониторингтеу және іске асыру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3-тарау. Келу туризмі саласындағы туроператорлардың әрбір шетелдік турист үшін шығындарын субсидиялау жүзеге асырылатын талаптар
20. Келу туризм саласындағы туроператорлардың әрбір шетелдік турист үшін шығындарын субсидиялау мынадай талаптар сақталған кезде:
1) туроператорда кірме және ішкі туризм саласында туроператорлық қызметті жүзеге асыруға қолданыстағы лицензияның болуы;
2) Келу туризм саласында қызметін жүзеге асыратын туроператордың шетелдік туристке туристік өнімді өткізуі және шетелдік туристің сатып алынған туристік өнім бойынша Қазақстан Республикасына кейіннен келуі;
3) шетелдік туристке туристік өнімнің құрамына кіретін қызметтердің, оның ішінде орналастыру қызметтерінің және (немесе) өзге де туристік қызметтердің іс жүзінде көрсетілуі;
4) шетелдік туристің туристерді орналастыру орындарында тұрған фактісін руминг-лист және (немесе) осы Қағидаларда көзделген өзге де құжаттар арқылы растау;
5) туристік өнім үшін төлем жасалғанын растайтын құжаттың (банктік құжаттың және (немесе) фискалдық чектің) болуы;
6) шетелдік туристің Қазақстан Республикасының аумағында болған фактісін осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен растау.
Келу туризмі саласындағы әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялауға өтінім
Келу туризмі саласындағы әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялауға өтінімді (бұдан әрі – субсидия) қарауды сұраймын.
1. Туроператор туралы мәліметтер
Заңды тұлға үшін:
Атауы ________________________________
Бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) _____________________________
Басшының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) __________________
Заңды тұлғаның нақты орналасқан жері _____________________
ұялы байланыс абоненттік құрылғысының телефон нөмірі________________
Жеке тұлға үшін:
Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) ______________________________
Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) ____________________
Жеке басын куәландыратын құжат:
Нөмірі _________________________________________
Кім берген ____________________________________
Берілген күні ____________________________________
Тұрғылықты мекенжайы __________________________
ұялы байланыс абоненттік құрылғысының телефон нөмірі
_____________________________
2. Туроператордың туроператорлық қызметі туралы мәліметтер:
Лицензия № ____________________________________
Ішкі түрі (подвид) ________________________________________
Лицензия алған күні _________________________
3. Екінші деңгейдегі банктің атауы, екінші деңгейдегі банкте ашылған есеп айырысу шоты:
4. Шетелдік турист(тер) туралы жалпы мәліметтер:
Шетелдік туристтің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) | Шетелдік туристтің Қазақстан Республикасында болу кезеңі | |
5. Құжаттық субсидияның алдын ала есебі ___________ (_________________) теңге.
6. Қағидалардың 3-тармағына және 3-тарауына сәйкес өтінімге қоса берілетін құжаттар мен мәліметтердің, сондай-ақ субсидиялау мөлшерінің, келу туризмі саласындағы туроператорлардың әрбір шетелдік турист үшін шығындарын субсидиялауға қойылатын талаптардың тізбесі (бұдан әрі – Қағидалар):
1)__________________________
2)___________________________
Ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын растаймын, соның ішінде "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банкрот болып табылмайтынымды, банкроттық немесе тарату рәсіміне жатпайтынымды растаймын және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға, сондай-ақ дербес деректерді жинауға, өңдеуге, сақтауға, жүктеуге және пайдалануға келісім беремін.
Мәлімделген құжаттар мен мәліметтердің Қағидалардың 3-тарауында көзделген талаптарға сәйкес келетінін растаймын.
___________________________________
(жеке тұлғаның қолы немесе заңды тұлғаның атауы)
Мөр орны (бар болған жағдайда)
Өтінім берілген күні 20 жылғы "____" __________