ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1."Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және оларды жөндеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 551 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11573 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және оларды жөндеу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушы |
Н. Сауранбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі
Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және оларды жөндеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және оларды жөндеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-24) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және оларды жөндеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) авиациялық бұйым – әуе кемесі, әуе кемесінің қозғалтқышы, әуе кемесінің әуе винті немесе оларға орнатуға арналған компонент;
2) авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйым (бұдан әрі – АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым) – авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсетуді және (немесе) оны жөндеуді жүзеге асыратын әрі авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымның қолданыстағы сертификаты бар заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
3) адами фактор аспектілері – адамның мүмкіндіктерін тиісінше ескеру арқылы адам мен жүйенің басқа компоненттері арасындағы қауіпсіз өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған және авиациядағы жобалау, сертификаттау, кадрларды даярлау, техникалық қызмет көрсету және пайдалану қызметі процестеріне қолданылатын қағидаттар;
4) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын тұрақты дамытуды, ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;
5) әзірлеуші мемлекет – әуе кемесі үлгісінің, ұшуды қашықтан басқару пунктінің, қозғалтқыштың немесе әуе винтінің конструкциясына жауапты ұйымға қатысты юрисдикциясы бар мемлекет;
6) әуе кемесіне жедел техникалық қызмет көрсету – әуе кемесін пайдалану процесінде жүзеге асырылатын техникалық қызмет көрсету. Жедел техникалық қызмет көрсету істен шығулар мен ақауларды анықтауды және жоюды, ақауларды жоюды, ал қажет болған кезде сыртқы тексеру жабдығын пайдалана отырып компоненттерді ауыстыруды, оның ішінде қозғалтқыштар мен әуе винттері сияқты компоненттерді ауыстыруды, сондай-ақ тереңдетілген тексерулер жүргізуді талап етпейтін айқын қанағаттанарлықсыз жай-күйлерді, сәйкессіздіктер мен ақауларды анықтауға бағытталған техникалық қызмет көрсетуді қамтиды. Жедел техникалық қызмет көрсету тез ашылатын панельдер, есіктер немесе иллюминаторлар арқылы қолжетімді ішкі конструкцияны, жүйелерді және күш қондырғысының элементтерін қамтиды, сондай-ақ елеулі бөлшектеуді талап етпейтін және қарапайым әдістермен орындалатын жөндеуді, модификацияны және техникалық қызмет көрсетудің басқа да түрлерін қамтиды;
7) әуе кемесі (бұдан әрі – ӘК) – жер (су) бетінен шағылысқан ауамен өзара әрекеттесуді қоспағанда, ауамен өзара әрекеттесуі есебінен атмосферада қалықтайтын аппарат;
8) ӘК-ге техникалық қызмет көрсету бағдарламасы (бұдан әрі – ӘК ТҚК бағдарламасы) – тиісті ӘК қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін қажетті техникалық қызмет көрсету бойынша нақты жоспарлы жұмыстардың сипаттамасын және оларды орындау кезеңділігін, сондай-ақ олармен байланысты рәсімдерді, оның ішінде сенімділік бағдарламаларын қамтитын құжат;
9) ӘК ұшу кезінде пайдалану жөніндегі нұсқаулық – пайдаланушы мемлекет үшін қолайлы, қалыпты, ерекше және авариялық жағдайлардағы іс-қимыл тәртібін, бақылау карталарын, шектеулерді, ұшу-техникалық сипаттамалары туралы ақпаратты және әуе кемелерінің жүйелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ әуе кемесін пайдалануға байланысты басқа да материалдарды қамтитын нұсқаулық;
10) жабдықтың ең аз тізбесі (бұдан әрі – MEL) – ӘК-нің осы үлгісіне арналған жабдықтың үлгілік ең аз тізбесіне сәйкес пайдаланушы жасайтын, ал ол болмаған жағдайда ӘК үлгісінің үлгілік конструкциясына жауапты ұйым әзірлеген және ӘК әзірлеуші мемлекеті бекіткен ұшу кезінде пайдалану жөніндегі нұсқаулық негізінде жасалатын, жабдықтың нақты компоненті істен шыққан кезде ӘК белгілі бір жағдайларда пайдалануды көздейтін тізбе;
11) жөндеу – әуе кемесінің, қозғалтқыштың, әуе винтінің немесе тиісті компоненттің зақымданудан немесе тозудан кейін ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкес ұшуға жарамдылыын қалпына келтіру;
12) кезеңдік техникалық қызмет көрсету – жедел техникалық қызмет көрсетуден басқа, ӘК техникалық қызмет көрсету;
13) кең таралған шаршау зақымдары (WFD) – ӘК конструкциясының бірнеше жерінде жарықшақтардың бір мезгілде болуы, олардың мөлшері мен тығыздығы конструкцияның қалдық беріктігінің белгіленген талаптардан төмендеуіне алып келеді;
14) коммерциялық әуе тасымалы – заңды тұлғалардың жолаушыларды, багажды, жүктер мен пошта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдау шартына сәйкес азаматтық ӘК-мен ақысын төлеу немесе жалдау бойынша тасымалдау жөніндегі қызметі;
15) конфигурацияның ауытқулар тізбесі (бұдан әрі – CDL) – үлгілік конструкцияға жауапты ұйым жасайтын және әзірлеуші мемлекет бекітетін, ұшу басталған кезде болмауы мүмкін үлгілік ӘК-нің барлық сыртқы бөліктерін айқындайтын және қажет болған кезде тиісті пайдалану шектеулері мен ұшу-техникалық сипаттамаларындағы өзгерістер туралы мәліметтерді қамтитын тізбе;
16) модификация – ӘК, қозғалтқыш немесе әуе винті үлгісінің конструкциясын өзгерту;
17) пайдаланушы құжаттамасы – ӘК-нің ұшу және техникалық пайдаланылуын, оның ішінде оларға техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді регламенттейтін, сондай-ақ пайдалану шарттары мен пайдалану шектеулерін қамтитын құжаттама;
18) пайдалану мерзімі шектеулі компонент – үлгілік конструкцияда, ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі міндетті ақпаратта немесе ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі нұсқауларда міндетті ауыстыру мерзімі сағаттармен, циклдермен немесе күнтізбелік уақытпен белгіленген, оған жеткен кезде не оған жеткенге дейін пайдаланудан шығарылуға жататын компонент;
19) пайдаланушы – азаматтық ӘК-ні пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өз қызметтерін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
20) пайдаланушы мемлекеті – эксплуатанттың негізгі қызмет орны орналасқан мемлекет немесе, егер эксплуатанттың мұндай қызмет орны болмаса, эксплуатанттың тұрақты болатын орны орналасқан мемлекет;
21) ресурсы шектеулі компонент – үлгілік конструкцияда, ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі міндетті ақпаратта немесе ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі нұсқауларда міндетті ауыстыру мерзімі сағаттармен, циклдермен немесе күнтізбелік қызмет ету мерзімімен белгіленген, оған жеткен кезде не оған жеткенге дейін пайдаланудан алынуға жататын компонент;
22) сертификаттаушы персонал – техникалық қызмет көрсету орындалғаннан кейін ӘК немесе компонентті пайдалануға жіберуге жауапты персонал;
23) техникалық қызмет көрсету (бұдан әрі – ТҚК) – ӘК-нің, қашықтан пилоттау пунктінің, қозғалтқыштың, әуе винтінің немесе компоненттің ұшуға жарамдылығын ұстау үшін қажетті ӘК-де, қашықтықтан пилоттау пунктінде, қозғалтқышта, әуе винтінде немесе компонентте жұмыстар жүргізу, оның ішінде бақылау-қалпына келтіру жұмыстары, тексерулер, ауыстырулар, ақауларды жою, олар жеке-жеке де, үйлестіріліп те орындалады, сондай-ақ модификацияны немесе жөндеуді іс жүзінде жүзеге асыру;
24) тіркеу мемлекеті – тізіліміне ӘК енгізілген мемлекет;
25) ұшуға жарамдылық жөніндегі директива – жай-күйі қауіпсіз емес болып табылатын немесе осындай жай-күй орын алуы не сол үлгілік конструкциядағы басқа бұйымдарда туындауы мүмкін авиациялық бұйымды айқындайтын және орындауға міндетті түзету іс-қимылдарын не авиациялық бұйымды одан әрі пайдалануға рұқсат етілетін шарттарды немесе шектеулерді белгілейтін құжат;
26) ұшуға жарамдылық талаптары – Қазақстан Республикасының азаматтық ӘК-нің ұшуға жарамдылық талаптары (бұдан әрі – ұшуға жарамдылық талаптары) – қаралатын ӘК-нің, қозғалтқыштың немесе әуе винтінің класы үшін белгіленген жан-жақты және егжей-тегжейлі ұшуға жарамдылық талаптары;
27) ұшуға жарамдылықта ұстау – ӘК-нің, қашықтықтан пилоттау пунктінің, қозғалтқыштың, әуе винтінің немесе компоненттің қолданыстағы ұшуға жарамдылық талаптарына сәйкестігін және олардың қызмет ету мерзімі ішінде қауіпсіз пайдалану шарттарына сәйкес келетін жай-күйде ұсталуын қамтамасыз ететін процестер жиынтығы;
28) ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректері – авиациялық техниканың ұшуға жарамдылығы мәртебесіне қатысты есепке алу деректері;
29) ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі міндетті ақпарат – ӘК қауіпсіз пайдалану үшін модификацияны орындау, компоненттерді ауыстыру немесе ӘК инспекциялау және пайдалану шектеулері мен рәсімдеріне өзгерістер енгізу жөніндегі міндетті талаптар, оның ішінде уәкілетті ұйым, әзірлеуші мемлекет, тіркеу мемлекеті немесе модификацияны әзірлеуші мемлекет шығаратын ұшуға жарамдылық жөніндегі директивалар;
30) ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі нұсқаулар – авиациялық техника конструкциясын бекітуді ұстаушы өзінің сертификаттау базисіне сәйкес әзірлеген және ӘК пайдаланушысына ӘК ТҚК бағдарламасын әзірлеу үшін, ал бекітілген ТҚК жөніндегі ұйымға жұмыстарды орындау технологиясын әзірлеу үшін қажетті ақпаратты қамтитын ТҚК жоспарлау және орындау жөніндегі техникалық деректер мен нұсқаулар жиынтығы;
31) ұшуларды орындауға жарамдылық – ӘК-нің, қашықтықтан пилоттау пунктінің, қозғалтқыштың, әуе винтінің немесе компоненттің өздерінің бекітілген конструкциясына және қауіпсіз пайдалану шарттарына сәйкес келетін жай-күйі;
32) үлгілік конструкция – ұшуға жарамдылықты белгілеу мақсатында ӘК, қозғалтқыш немесе әуе винтінің үлгісін айқындау үшін қажетті деректер мен ақпарат жиынтығы;
33) үлгілік конструкцияға жауапты ұйым – әзірлеуші мемлекет берген ӘК, қашықтықтан пилоттау пункті, қозғалтқыш немесе әуе винті үлгісіне қатысты үлгі сертификатына немесе оған тең құжатқа ие ұйым.
3. ӘК пайдаланушы ӘК және оның компоненттерін ұшуға жарамдылықта ұстауды, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді осы Қағидалардың талаптарына сәйкес орындауды қамтамасыз етеді және белгіленген талаптар сақталмаған кезде ӘК ұшуын орындауға жол бермейді.
4. ӘК жалға алынған кезде осы Қағидаларда көзделген пайдаланушының міндеттері мынадай шарттардың бірі болған кезде жалға алушыға жүктеледі:
1) жалға алушы ӘК мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінде көрсетілген; немесе
2) мұндай міндеттер жалдау шартында айқындалған.
5. ӘК немесе оның компоненттеріне техникалық қызмет көрсетуді орындайтын жеке тұлға немесе ұйым техникалық қызмет көрсету жөніндегі тиісті жұмыстардың тиісінше орындалуын қамтамасыз етеді және ТҚК туралы куәлікті ресімдеуді қамтамасыз етеді.
6. ӘК командирі ұшу алдындағы қарап-тексерудің орындалуын қамтамасыз етеді, оны пилот немесе өзге де білікті тұлға жүргізеді. Бұл ретте ұшу алдындағы қарап-тексеруді ТҚК жөніндегі сертификатталған ұйымның немесе сертификаттаушы персоналдың орындауы міндетті болып табылмайды.
7. Меншік иесі немесе пайдаланушы әуе кемесінің қолданыстағы талаптарға сәйкестігін айқындау үшін уәкілетті ұйымға ӘК және оның құжаттамасына кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
2-тарау. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және оларды жөндеу тәртібі
1-параграф. Ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі міндеттер
8. Азаматтық ӘК ұшуға жарамдылықта ұстауды азаматтық ӘК пайдаланушы қамтамасыз етеді.
9. ӘК ұшуға жарамдылықта ұстау мыналар арқылы қамтамасыз етіледі:
1) ӘК-ні ұшуларды орындауға жарамды күйде ұстау;
2) пайдаланылатын ӘК-нің, қозғалтқыштардың, қосалқы күш қондырғыларының, әуе винттері мен компоненттердің үлгі сертификатын ұстаушыларымен және (немесе) дайындаушыларымен өзекті пайдалану құжаттамасына қол жеткізуді ұсынуды көздейтін шарттың немесе келісімнің болуын қамтамасыз ету, оған өзгерістер мен толықтыруларды уақтылы енгізу, сондай-ақ мұндай құжаттаманы өзекті күйде ұстау мақсатында;
егер ӘК-нің, қозғалтқыштың, қосалқы күш қондырғысының, әуе винтінің немесе компоненттің өзекті пайдалану құжаттамасы пайдаланушыға үлгі сертификатын ұстаушының және (немесе) дайындаушының ресми ақпараттық ресурсы арқылы еркін қолжетімді болса және барлық қолданыстағы өзгерістер мен толықтыруларды алуды қамтамасыз етсе, осы тармақшада көзделген шарттың немесе келісімнің болуы талап етілмейді;
3) жоспарланатын ұшуды орындау үшін қажетті пайдалану және авариялық-құтқару жабдығын жарамды күйде ұстау;
4) ӘК-нің ұшуға жарамдылық сертификатының қолданыста болуын қамтамасыз ету;
5) орындалған ТҚК нәтижелері бойынша ӘК және (немесе) оның компоненттерін белгіленген тәртіппен пайдалануға рұқсат беруді ресімдеуді қамтамасыз ету;
6) бекітілген ӘК ТҚК бағдарламасына сәйкес ӘК ТҚК орындау;
7) ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін барлық ақаулар мен зақымдануларды бекітілген пайдалану және техникалық құжаттамаға сәйкес, MEL және CDL, олар болған кезде, ескере отырып жою;
8) қолданылатын жағдайда, бекітілген ӘК ТҚК бағдарламасының тиімділігін талдау;
9) барлық қолданылатын талаптарды орындау, оның ішінде:
ұшуға жарамдылықта ұстау туралы міндетті ақпаратты;
ұшуға жарамдылық жөніндегі директиваларды;
ұшуға жарамдылықта ұстауға әсер ететін пайдалану директиваларын;
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 367 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылық нормаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12038 болып тіркелген) (бұдан әрі – Нормалар) сәйкес ұшуға жарамдылық талаптарын;
қауіпсіздік проблемаларына дереу ден қою үшін уәкілетті ұйым талап ететін шараларды;
10) ӘК модификациялары мен жөндеулерін бекітілген деректерге сәйкес орындау;
11) қолданылатын жағдайда, ӘК массасы мен орталықтауы туралы есепті өзектендіру;
12) қажет болған кезде бақылау ұшып өтулерін орындау;
13) ұшу алдындағы қарап-тексеруді орындау.
2-параграф. Пайдалану кезіндегі ақаулар туралы есеп
10. Пайдаланушы және (немесе) АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін не қатер төндіруі мүмкін ӘК-нің немесе оның компонентінің кез келген анықталған жай-күйі туралы анықталған кезден бастап 72 сағаттан кешіктірмей уәкілетті ұйымға хабарлайды:
1) уәкілетті ұйымға, ал ӘК Қазақстан Республикасынан тыс жерде тіркелген не пайдаланылған кезде – тіркеу мемлекеті тағайындаған органға және (немесе) пайдаланушы мемлекеті тағайындаған органға;
2) ӘК-нің немесе оның компонентінің үлгілік конструкциясына не үлгілік конструкциясын өзгертуге жауапты ұйымға хабарлайды.
11. Пайдаланушы ӘК-нің, оның жүйелерінің немесе компоненттерінің кемінде мынадай себептермен және мән-жайлармен байланысты болған кез келген істен шығуы, жарамсыздығы немесе ақауы туралы хабарлайды:
1) өрт туралы сигнал беру жүйесінің орнатылғаны және оның тиісінше жұмыс істегені көрсетілген ұшу кезіндегі өрттер;
2) ұшу кезінде өрт туралы жалған сигнал берулер;
3) қозғалтқыштың ұшу кезінде қозғалтқыштың, оған іргелес конструкцияның, жабдықтың немесе компоненттердің зақымдануына әкеп соғатын газдарды бұру жүйесімен;
4) ӘК-нің ұшуы кезінде компоненттерден туындаған түтіннің, будың, уытты немесе уытты емес буланулардың экипаж кабинасында немесе жолаушылар салонында жиналуы немесе айналымда болуы;
5) жалынның үзілуі нәтижесінде ұшу кезінде қозғалтқыштың ажыратылуы;
6) қозғалтқыштың немесе ӘК конструкциясының сыртқы зақымдануы кезінде ұшу кезінде қозғалтқыштың ажыратылуы;
7) бөгде заттардың сорылуы немесе мұздану салдарынан ұшу кезінде қозғалтқыштың ажыратылуы;
8) ұшу кезінде біреуден көп қозғалтқыштың ажыратылуы;
9) әуе винтін флюгерлеу жүйесінің немесе осы жүйенің ұшу кезінде айналымдар санының артуын бақылау қабілетінің істен шығуы;
10) отын беруге әсер еткен немесе ұшу кезінде отынның қауіпті ағуына себеп болған отын жүйесі немесе отынды авариялық ағызу жүйесі;
11) ұшу кезінде шассидің шығарылуы немесе жиналуы не шасси жармаларының ашылуы немесе жабылуы;
12) тежеу жүйесі компоненттерден туындаған, ӘК-нің жердегі қозғалысы кезінде тежеу күшінің жоғалуы;
13) ӘК планері конструкциясына ірі жөндеу орындау қажеттілігі;
14) ӘК планері конструкциясындағы жарықтар, тұрақты деформация немесе коррозия, олардың дайындаушы үшін барынша жол берілетін деңгейден асуы;
15) қозғалтқышты ажыратуды қоспағанда, ӘК компоненттері немесе жүйелері туындатқан ұшу кезіндегі авариялық іс-қимылдар;
16) белгілі немесе болжамды механикалық зақымданулардан немесе істен шығулардан туындаған ұшуды тоқтатудың, маршрутта ӘК жоспардан тыс ауыстырудың, маршрутта жоспардан тыс қонудың немесе ұшу жоспарын өзгертудің кез келген жағдайы;
17) істен шығу, жарамсыздық немесе ақау себебінен мерзімінен бұрын алынған және олар орнатылған ӘК үлгісі көрсетіле отырып, қозғалтқыштардың саны, олардың үлгісі, моделі;
18) әуе винтінің, қозғалтқыштың және ол орнатылған ӘК үлгілері көрсетіле отырып, ұшу кезіндегі әуе винтін флюгерлеу саны.
12. Уәкілетті ұйымға және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға телефон арқылы не жазбаша нысанда дереу, бірақ 24 сағаттан кешіктірмей хабарлауға жататын шұғыл есептерге ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін мынадай оқиғалар, істен шығулар немесе жай-күйлер жатады:
1) негізгі күштік конструкцияның бұзылуы;
2) басқару жүйесінің істен шығуы;
3) ӘК бортындағы өрт;
4) қозғалтқыш конструкциясының бұзылуы;
5) ұшу қауіпсіздігіне қауіп ретінде қаралатын жағдайлар.
13. Шұғыл есеп мынадай ақпаратты қамтиды:
1) ӘК пайдаланушысының (меншік иесінің) атауы және мекенжайды;
2) оқиғаның авиациялық оқиға немесе инцидент болып табылатыны туралы мәліметтерді;
3) тиісті пайдалану бюллетеньдерінің, циркулярлық хаттардың және ұшуға жарамдылық жөніндегі директивалардың тізбесін;
4) ақаулы бөліктердің орналасқан жерін.
3-параграф. ӘК-ге техникалық қызмет көрсету бағдарламасы
14. Әрбір ӘК ТҚК ӘК ТҚК бекітілген бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылады және орындалады.
15. ӘК пайдаланушысы ӘК ТҚК бағдарламасын әзірлеу және қолдану кезінде адам факторы аспектілерін ескереді. ӘК ТҚК бағдарламасына енгізілген барлық өзгерістерді аталған бағдарламаны ұстаушы болып табылатын барлық ұйымдар мен тұлғаларға уақтылы жеткізу қамтамасыз етіледі.
16. ӘК ТҚК бағдарламасы, сондай-ақ оған енгізілетін кейінгі өзгерістер уәкілетті ұйымның немесе тіркеу мемлекетінің уәкілетті органының бекітуіне және тіркеу мемлекеті пайдаланушы мемлекеті болып табылмаған жағдайда, Заңның 48-бабының 2-тармағына сәйкес пайдаланушы мемлекетімен келісуге тиіс. ӘК ТҚК бағдарламасын және оған енгізілетін өзгерістерді бекіту жөніндегі өкілеттіктерді беру тіркеу мемлекеті мен пайдаланушы мемлекеті арасындағы келісіммен рәсімделеді.
17. Заңның 48-бабының 2-тармағына сәйкес коммерциялық әуе тасымалдарына қатыспайтын жеңіл және аса жеңіл авиация ӘК ТҚК бағдарламасын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен келісу бойынша ӘК пайдаланушыларын біріктіретін коммерциялық емес ұйым әзірлейді және бекітеді.
18. Пайдаланылатын ӘК ТҚК бағдарламасы мынадай ақпаратты қамтиды:
1) ӘК-ні болжамды пайдалануды және оны пайдаланудың күтілетін жағдайларын ескере отырып, техникалық қызмет көрсету міндеттері, техникалық қызмет көрсетудің стандартты әдістері және оларды орындау кезеңділігін:
қарап-тексерулерді;
жоспарлы (кезеңдік) ТҚК;
бақылау-қалпына келтіру жұмыстарын және жөндеулерді;
планер конструкциясын тексеруді және қарап-тексеруді;
үлгілік конструкцияны бекіту кезінде міндетті ретінде белгіленген ТҚК жөніндегі жұмыстар және олардың кезеңділігін;
2) қолданылатын жағдайда, конструкция тұтастығын сақтау бағдарламасын, ал ол мыналарды:
қосымша тексерулер мен қарап-тексерулерді;
коррозияның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі шараларды;
планердің модификациялары (конструкцияны пысықтау) және олармен байланысты тексерулер мен қарап-тексерулерді;
жөндеуді жобалық бағалау әдістемесін;
кең көлемді шаршау зақымдануларын (WFD) бағалауды;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген ережелерге өзгерістер енгізу немесе олардан ауытқу рәсімдерін, ӘК әзірлеуші мемлекеті міндетті ретінде көрсетпеген жұмыстарға қатысты;
4) қолданылатын жағдайда, осы Қағидалардың 4-параграфына сәйкес авиациялық техника үшін жай-күй мониторингі және сенімділік деңгейін бақылау бағдарламасының сипаттамасын қамтиды.
19. ӘК ТҚК бағдарламасы:
1) ӘК ұшуға жарамдылықта ұстауға бағытталған және уәкілетті ұйым, әзірлеуші мемлекет, модификацияны әзірлеуші мемлекет, үлгілік конструкцияға жауапты ұйым, сондай-ақ пайдаланылатын әуе кемесі Қазақстан Республикасы азаматтық ӘК мемлекеттік тізіліміне енгізілмеген жағдайларда тіркеу мемлекеті нұсқама еткен ақпаратқа;
2) қолданыстағы ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі нұсқауларға, оның ішінде ӘК пайдаланушысы ӘК-ге орнатқан жабдық үшін көзделген немесе қосымша үлгі сертификатына сәйкес модификациялар үшін талап етілетін нұсқауларға, авариялық-құтқару жабдығын қоса алғанда;
3) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 28 шілдедегі № 509 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды жүргізу қағидаларында белгіленген пайдалану (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15852 болып тіркелген) талаптарына, оның ішінде елсіз аумақтар үстінен ұшуларға, су үстінен ұшуларға, қосалқы әуеайлаққа кетудің ұлғайтылған уақыты бар ұшуларға (EDTO), қысқартылған тік эшелондау минимумдарымен ұшуларға (RVSM), барлық ауа райы жағдайларындағы ұшуларға (AWOPS) байланысты ТҚК талаптарына, сондай-ақ полярлық ұшуларға және ең төменгі навигациялық сипаттамаларға (MNPS) байланысты навигация жүйесіне қойылатын талаптарға, ұшу аудандарындағы экстремалды климаттық жағдайларға (температура, ылғалдылық, тұзды шашырау, мұз немесе шаң) байланысты ТҚК қойылатын қосымша талаптарға және ұшу параметрлерін тіркеудің борттық жүйелерімен (FDR) және дыбыстық ақпаратты тіркеу жүйелерімен (CVR), авариялық-құтқару жабдығымен және басқа да жүйелермен байланысты ТҚК қойылатын арнайы талаптарға;
4) дайындаушы белгілеген пайдалану мерзімі шектеулі қозғалтқыш компоненттері (агрегаттары) үшін пайдалану мерзімі бойынша міндетті шектеулерге;
5) ӘК алынған қозғалтқыштарға және қосалқы күш қондырғыларына техникалық қызмет көрсету көлемін жоспарлау жөніндегі нұсқаулықтарда көзделген ТҚК жұмыстарына негізделеді.
ӘК ТҚК бағдарламасының барлық элементтері оларды енгізу негізі көрсетіле отырып сәйкестендірілуге жатады. Техникалық қызмет көрсетуге қойылатын сертификаттау талаптары, ұшуға жарамдылық шектеулері және ұшуға жарамдылық жөніндегі директивалар сияқты міндетті элементтер техникалық қызмет көрсету бағдарламасының құрамында пайдалану тәжірибесі негізінде өзгертілуге жататын элементтерден бөлек көрсетіледі.
20. Осы Қағидалардың 21-тармағына сәйкес жүргізілген талдаулар нәтижесінде алынған деректер негізінде ӘК ТҚК бағдарламасына ұлғайтылған интервалдарды енгізуге тіркеу мемлекеті мен пайдаланушы мемлекеті әртүрлі болған жағдайда пайдаланушы мемлекетімен келісу бойынша жол беріледі.
Ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі міндетті ақпаратта, ұшуға жарамдылық шектеулерінің элементтерінде және ТҚК қойылатын сертификаттау талаптарында белгіленген кезеңділікті ұлғайтуға не жұмыстарды өзгертуге әзірлеуші мемлекетпен өзара іс-қимыл жасамай жол берілмейді.
21. ӘК ТҚК бағдарламасы осы Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген барлық қолданыстағы құжаттарды, сондай-ақ сенімділік деңгейін бақылау бағдарламасының нәтижелерін немесе авиациялық техниканың пайдалану сипаттамаларын мониторингтеудің қолданылатын әдістерін ескере отырып, оның тиімділігін бағалау арқылы он екі айда кемінде бір рет мерзімді қайта қаралуға жатады.
22. Бір пайдаланушы үшін бекітілген ӘК ТҚК бағдарламасы басқа пайдаланушының автоматты түрде қолдануына жатпайды.
23. ӘК ТҚК бағдарламасын ӘК-ні пайдалану ерекшеліктерін, оның ішінде ұшулардың сипатын, пайдалану жағдайларын, ұшып көтерілу-қону циклдерінің жиілігін және орнатылған жабдықты ескере отырып бейімдеу қамтамасыз етіледі.
24. Уәкілетті ұйым ӘК ТҚК бағдарламасын пайдаланушының ӘК паркінің құрамын және оның пайдалану тәжірибесін ескере отырып бағалауды жүзеге асырады.
Ұсынылған ӘК ТҚК бағдарламасы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті ұйым өзгерістер енгізуді талап етеді, оның ішінде:
1) ТҚК жөніндегі қосымша жұмыстарды енгізу;
2) жұмыстарды орындау интервалдарын (кезеңділігін) қысқарту;
3) ӘК-ні әзірлеушінің ұсынымдары негізінде бастапқы ӘК ТҚК бағдарламасын әзірлеу.
4) конструкцияның тұтастығын сақтау жөніндегі талаптарды (SIP) енгізу.
4-параграф. Сенімділік деңгейін бақылау бағдарламасы
25. ӘК ұшуға жарамдылықта ұстауды қамтамасыз ету үшін пайдаланушы ӘК ТҚК бағдарламасына толықтыру ретінде сенімділік деңгейін бақылау бағдарламасын әзірлейді және оны Заңның 48-бабының 2-тармағына сәйкес мынадай шарттардың бірі болған кезде уәкілетті ұйымға бекітуге ұсынады:
1) ӘК ТҚК бағдарламасы әуе кемесінің сенімділігі мен қауіпсіздігін талдау нәтижелеріне негізделген логикаға (MSG-3) негізделсе;
2) ӘК ТҚК бағдарламасы жай-күйі бойынша пайдаланылатын компоненттерді қамтыса;
3) ӘК ТҚК бағдарламасында маңызды жүйелердің барлық компоненттерін күрделі жөндеуді орындау мерзімдері бойынша шектеулер көзделмесе;
4) сенімділік деңгейін бақылау бағдарламасын әзірлеу қажеттілігі үлгілік конструкцияға жауапты ұйымның құжаттамасында көзделсе.
26. Сенімділік деңгейін бақылау бағдарламасы ӘК ТҚК бағдарламасына енгізілген жұмыстардың тиімділігін, сондай-ақ оларды орындаудың белгіленген кезеңділігінің негізділігін бағалауды қамтамасыз етеді және ӘК ТҚК бағдарламасының тиімділігін мониторингтеу әдістерін қолдануды көздейді.
27. Сенімділік деңгейін бақылау бағдарламасы мынадай элементтерді қамтиды:
1) ұйымдық құрылым;
2) деректерді жинау жүйесі;
3) деректерді талдау және ұсыну әдістері;
4) сенімділік сипаттамаларының стандарттары мен бақылау шектерін белгілеу рәсімдері;
5) бағдарламаға өзгерістер енгізу рәсімдері;
6) іс-шараларды орындау мерзімдерін бақылау рәсімдері;
7) қолданылатын терминдердің анықтамаларын қамтитын бөлім;
8) авиациялық инспекторлардың қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін сенімділік жөніндегі тұрақты кеңестерді өткізу және уәкілетті ұйымды хабардар ету тәртібі.
28. Сенімділік деңгейін бақылау бағдарламасын пайдаланушы өзінің пайдалану қызметінің ерекшеліктерін, оның ішінде қабылданған пайдалану стратегиясын және деректерді тіркеу мен өңдеу практикасын ескере отырып әзірлейді.
29. Статистикалық деректерді жинау, өңдеу және талдау көлемін пайдаланушы сенімділік деңгейін бақылау бағдарламасының сипаты мен күрделілігіне қарай айқындайды, бұл ретте ұшу кезіндегі істен шығулар, компоненттерді жоспардан тыс шешіп алу және техникалық кідірістер туралы деректер міндетті түрде енгізіледі.
5-параграф. Әуе кемесінің массасы мен орталықтауын бақылау
30. ӘК ұшуын әуе кемесін ұшуда пайдалану жөніндегі басшылықта айқындалған белгіленген ұшу сипаттамаларына және қолданылатын пайдалану шектеулеріне, оның ішінде масса мен орталықтау бойынша шектеулерге сәйкес орындау қамтамасыз етіледі.
31. Бос ӘК массасы мен орталықтауын айқындау кезінде ӘК жай-күйі оны бірмәнді айқындау және кейінгі өлшеулер кезінде нәтижелердің қайталануы мүмкін болатындай етіп белгіленеді.
32. Масса мен орталықтау туралы деректер ӘК пайдалану шектеулері, техникалық құжаттама және масса мен орталықтау туралы есеп негізінде айқындалады.
33. Масса мен орталықтау туралы есеп толық және өзекті деректерді, оның ішінде бос әуе кемесінің массасын, иіндерді, ауырлық орталығының шектерін қамтиды және ӘК массасы мен орталықтауына әсер ететін ӘК конструкциясының барлық өзгерістерін, оның ішінде орындалған модификациялар мен жөндеулерді ескереді.
34. Коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыратын ӘК пайдаланушысы әрбір ӘК массасы мен орталықтауын оны пайдалануды бастағанға дейін нақты өлшеу арқылы белгілейді, кейіннен бұл рәсім әрбір 4 жыл сайын қайталанады. Егер қандай да бір модификациялардың ӘК массасы мен орталықтауына әсері анық белгілі болмаса, ӘК қайта өлшеу рәсіміне жатады.
35. ӘК массасын айқындау ӘК әзірлеушісінің құжаттамасына және ӘК пайдаланушысының, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның белгіленген рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
36. ӘК массасын айқындау ӘК бойлық осінің көлденең қалпы қамтамасыз етілген жағдайда кемінде екі тәуелсіз өлшеуді орындау арқылы жүзеге асырылады. Өлшеулер жүргізу арасында өлшеу жабдығынан жүктеме толық алынады.
Өлшеу нәтижелері салыстырылуға тиіс. Өлшеу нәтижелері сәйкес келмеген жағдайда, ӘК массасының келісілген мәндері екі рет қатарынан жүргізілген тәуелсіз өлшеулер нәтижелері бойынша алынғанға дейін өлшеулер қайталанады.
37. ӘК-ні тиеу жөніндегі нұсқаулық ӘК бортында ұшуда пайдалану жөніндегі нұсқаулықтың құрамында сақталады. Тиеу жөніндегі нұсқаулық жүктемені бөлу жөніндегі нұсқауларды, оның ішінде отын және май бактарын толтыру, жолаушыларды орналастыру және жүктерді тиеу тәртібін қамтиды.
38. Тиеу жөніндегі нұсқаулық тиеу параметрлерін, оның ішінде тиеу үлгілік пайдалану жағдайларынан өзгеше жағдайларда орындалған кезде есептеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
39. ӘК массасы айқындалғаннан кейін туындаған масса мен ауырлық орталығы орнының барлық өзгерістері туралы жазбаларды жүргізу және сақтау қамтамасыз етіледі.
40. Әрбір ӘК үшін масса және орталықтау сипаттамаларының графигі қалыптастырылады.
График ӘК белгілерін, оның мемлекеттік және тіркеу айырым белгілерін, жасалған күнін, сондай-ақ тиісті біліктілігі бар және уәкілетті ұйыммен келісілген уәкілетті тұлғаның қолын қамтиды.
Масса және орталықтау сипаттамаларының графигі бұрын қолданыста болған барлық редакцияларды ауыстыратыны туралы нұсқауды қамтиды. Қолданыстағы кестенің көшірмесі ӘК командиріне қолжетімді болуға тиіс.
6-параграф. Ұшуға жарамдылық жөніндегі директивалар
41. Ұшуға жарамдылық жөніндегі директиваларды алу, бағалау, есепке алу және орындауды жоспарлау жүйесін енгізу және қолдау қамтамасыз етіледі.
42. Уәкілетті ұйым, ӘК-ні әзірлеуші мемлекеті, модификацияны әзірлеуші мемлекет, сондай-ақ ӘК Қазақстан Республикасы азаматтық ӘК мемлекеттік тізіліміне енгізілмеген жағдайда тіркеу мемлекеті шығаратын барлық қолданылатын ұшуға жарамдылық жөніндегі директивалардың орындалуы қамтамасыз етіледі.
43. Уәкілетті авиациялық билік орындары шығаратын ұшуға жарамдылық жөніндегі директивалардың талаптарына сәйкестікті ӘК пайдаланушысы қамтамасыз етеді.
7-параграф. ӘК ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі деректерді есепке алу жүйесі
44. ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректері ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі қолданылатын міндетті нұсқауларға сәйкестік мәртебесін, сондай-ақ ӘК ТҚК бағдарламасының сақталу мәртебесін, оның ішінде компоненттерді пайдаланудың белгіленген шекті мерзімдерін көрсетеді. Ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі мұқият және нақты есепке алу деректері ӘК-нің ұшуға жарамдылық сертификатының қолданыста болуын растау үшін негіз болып табылады.
45. ТҚК жөніндегі кез келген жұмыстар аяқталғаннан кейін белгіленген талаптарға сәйкес ресімделген техникалық қызмет көрсету туралы куәлік ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі деректерді есепке алу жүйесіне енгізіледі.
Жазба барынша қысқа мерзімде, бірақ тиісті ТҚК жұмысы аяқталған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірілмей енгізіледі.
46. ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректері пайдаланушының борттық техникалық журналының ақпаратын, сондай-ақ ӘК формулярын, қозғалтқыштар формулярларын немесе қозғалтқыш модульдерінің паспорттарын (заттаңбаларын), ресурсы (қызмет ету мерзімі) бойынша шектеулері бар әуе винттерінің формулярларын немесе паспорттарын қамтиды.
47. ӘК формулярына және борттық техникалық журналына: ӘК үлгісі мен тіркеу нөмірі, ұшу күні және ӘК ұшу сағаттарының және (немесе) ұшу циклдерінің және (немесе) қонуларының жиынтық саны енгізіледі, борттық техникалық журналға сондай-ақ ұшу кезінде авиациялық техниканың жұмысы туралы ескертулер енгізіледі.
48. ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі деректерді есепке алу жүйесі мыналарды қамтиды:
1) ӘК-нің және қызмет ету мерзімі шектеулі барлық компоненттердің жалпы пайдалану уақытын (сағаттардағы ұшу уақытын, күнтізбелік уақытты және циклдер санын);
2) барлық ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі міндетті ақпаратқа, оның ішінде ұшуға жарамдылық жөніндегі директиваларға және сервистік бюллетеньдерге сәйкестік туралы ағымдағы мәліметтерді;
3) модификациялар мен жөндеулерді орындаудың ағымдағы мәртебесі туралы ақпаратты;
4) белгіленген жөндеуаралық ресурсты ескере отырып, ӘК немесе оның компоненттері (агрегаттары) соңғы күрделі жөндеуден өткеннен кейінгі пайдалану уақытын (сағаттармен, күнтізбелік уақытпен және циклдермен);
5) ӘК ТҚК бағдарламасының сақталуы туралы ағымдағы мәліметтерді;
6) техникалық қызмет көрсету туралы куәлікке қол қою кезінде барлық талаптардың орындалғанын растайтын ӘК ТҚК туралы деректерді;
7) кейінге қалдырылған ТҚК жұмыстарының тізбесін;
8) ӘК массасы мен орталықтау туралы өзекті есепті.
Осы тармақтың 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген деректер ӘК немесе тиісті компонент (агрегат) пайдаланудан түпкілікті шығарылғаннан кейін 90 күн бойы сақталады.
Осы тармақтың 6) тармақшасында көрсетілген деректер техникалық қызмет көрсету туралы куәлікке қол қойылғаннан кейін екі жыл бойы сақталады.
49. ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректері олардың тұрақты оқылуын, қорғалуын және тұтастығын қамтамасыз ететін нысанда және форматта сақталады.
50. Ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректерін қағаз нысанда, электрондық нысанда не аралас нысанда жүргізуге жол беріледі.
51. ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректерінің түрі, форматы және мазмұны пайдаланушының ТҚК реттеу жөніндегі нұсқаулығында айқындалады және уәкілетті ұйымның бекітуіне жатады.
52. ӘК пайдаланушысы көрсетілген деректердің толықтығы мен сақталуын қамтамасыз ету мақсатында АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымнан берілген ТҚК туралы куәлікке байланысты ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі барлық есепке алу деректерін алуды қамтамасыз етеді.
53. Пайдаланушы ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі барлық есепке алу деректерінің, оның ішінде ТҚК туралы есепке алу деректерінің сақталуын және ұсынылуын қамтамасыз етеді. Уәкілетті ұйыммен келісу бойынша ТҚК орындайтын АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның пайдаланушы атынан ТҚК туралы есепке алу деректерін сақтауына жол беріледі.
Пайдаланушы аталған ұйымдардың ТҚК туралы есепке алу деректерін ТҚК реттеу жөніндегі нұсқаулықтың талаптарына сәйкес сақтауын, сондай-ақ пайдаланушының сұрауы бойынша оларды пайдаланушыға беруін көздейтін рәсімдердің болуын қамтамасыз етеді.
54. Уәкілетті ұйым ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі барлық есепке алу деректеріне, оның ішінде АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым пайдаланушы атынан сақтайтын ТҚК туралы есепке алу деректеріне қол жеткізе алады.
55. Ұшуға жарамдылық жөніндегі директиваларға сәйкестікті растайтын ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректері мыналарды:
1) ұшуға жарамдылық жөніндегі директиваның нөмірі мен атауын, оның ішінде өзгеріс және түзету нөмірлерін;
2) ұшуға жарамдылық жөніндегі директиваның жалпы үлгіге қолданылатынына қарамастан, ТҚК өтіп жатқан ӘК-нің немесе компоненттің нақты данасына қолданылмайтынын көрсету; тиісті жазба уәкілетті тұлғаның қолымен және негізге (конфигурацияға, сериялық нөмірге, модификацияның болмауына) сілтемемен расталады;
3) ұшуға жарамдылық жөніндегі директиваның орындалған күнін;
4) бірнеше бөліктен тұратын нұсқаулар үшін толық орындалған бөліктердің тізбесін; егер ұшуға жарамдылық жөніндегі директива толық орындалса, нұсқаудың жалпы атауына сілтемені;
5) тексерулер мен қарап-тексерулер нәтижелерімен бірге нұсқауды орындау әдісінің сипаттамасын;
6) қайта орындаудың белгіленген кезеңділігі туралы нұсқауды, егер ұшуға жарамдылық жөніндегі директивада осындай талаптар болса;
7) Заңның 54-бабына сәйкес берілген куәліктері бар персоналдың ұшуға жарамдылық жөніндегі директиваны орындағанын растауды қамтиды.
56. Модификациялар мен жөндеулер туралы тиісті мәліметтер пайдаланылған бекітілген деректер көрсетіле отырып және орындалған жұмыстар сипаттала отырып, әрбір модификацияны немесе жөндеуді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін есепке алу деректерін, оның ішінде техникалық қызмет көрсету туралы куәлік бойынша мәліметтерді қамтиды.
57. Тексерулер мен қарап-тексерулер нәтижелері бойынша ӘК немесе компонент жай-күйі туралы есепке алу деректері анықталған ақаулар мен ұшуға жарамдылықтың бұзылуы туралы ақпаратты, істен шығулар және оларды жою жөніндегі кейінгі іс-қимылдар туралы мәліметтерді қамтиды.
Бар болған жағдайда ӘК немесе компонент АТ ТҚК және Ж жөніндегі сертификатталған ұйымға келіп түскен кездегі жиынтық атқарым және орындалған ТҚК туралы мәліметтер көрсетіледі.
58. Ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректеріне енгізілген барлық жазбалар ақпараттың оқылуын, енгізілген деректердің сәйкестендірілуін және олардың заңсыз өзгерістерінің болдырмауын қамтамасыз ететін тәсілмен ресімделеді. Түзетулер енгізілген кезде жекелеген жазбалар бастапқы мазмұнды оқу мүмкіндігі сақталатындай етіп түзетіледі.
59. Қағаз жеткізгіштегі сақтау жүйесін пайдалану кезінде жазбалар ақпараттың оқылуын және енгізілген деректердің біржақты сәйкестендірілуін қамтамасыз ететін тәсілмен орындалады. Ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректері тасымалдағыш түріне қарамастан, міндетті сақтау мерзімдері ішінде оқылатын күйде сақталады.
60. Электрондық есепке алу жүйесін пайдалану кезінде ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі барлық деректерді енгізу, өңдеу, пайдалану, сақтау және архивтеу пайдаланушының ТҚК реттеу жөніндегі нұсқаулығында баяндалған бекітілген рәсімдерге сәйкес қамтамасыз етіледі. Қолданылатын бағдарламалық жасақтама мен аппараттық құралдар нақты рәсімдерді мынадай аспектілерде қолдайды:
1) ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректерін электрондық құралдармен жоғалтудан, жойылудан немесе рұқсатсыз өзгертуден қағаз жеткізгіштердегі жазбалар үшін қамтамасыз етілетін деңгеймен бірдей деңгейде қорғау;
2) ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректерін резервтеу (тұтастық пен сенімділікті резервтеу жүйесі; резервтік көшірудің кезеңділігі мен жиілігі; бастапқы есепке алу деректерінен бөлу; деректердің жоғалуы және қалпына келтірілуі);
3) пайдаланушыны сәйкестендіру, жеке басын растау және деректерге қол жеткізуге рұқсат беру, қол жеткізу ауқымы, қол жеткізуді бақылау және әрбір нақты жазба бойынша барлық тиісті операцияларды қадағалау;
4) ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректерінің қауіпсіздігін және тұтастығының сақталуын қамтамасыз ету.
61. Ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректерін сақтау үшін оптикалық немесе сыйымдылығы жоғары ақпарат жеткізгіштерін пайдалану кезінде жазбалардың оқылуы түпнұсқалардың оқылуынан төмен болмайтындай және олардың белгіленген сақтау мерзімдері ішінде сақталуы қамтамасыз етіледі.
62. Ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректері өрттен, су басудан, ұрланудан және рұқсатсыз өзгертуден қорғалуы қамтамасыз етіле отырып сақталады.
Деректердің резервтік көшірмелері, оның ішінде электрондық және өзге де жеткізгіштердегі көшірмелер олардың сақталуын қамтамасыз ететін бөлек жерде сақталуға тиіс.
63. Ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректерін құрылымдау және сақтау оларды тексеру (аудит) мүмкіндігі қамтамасыз етілетіндей жүзеге асырылады.
64. Ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректері жоғалған, бүлінген немесе жойылған кезде оларды қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылданады.
Есепке алу деректерін қалпына келтіру алдыңғы тіркеу мемлекеттерінен, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымдардан, сондай-ақ тиісті ақпаратқа ие ұйымдар мен тұлғалардан алынған атқарым туралы деректерді қоса алғанда, қолжетімді ақпарат көздері негізінде жүзеге асырылады.
Қалпына келтірілген есепке алу деректері олардың жеткіліктілігі мен дұрыстығын бағалау үшін уәкілетті ұйымға ұсынылуға жатады.
65. Экспорттаушы мемлекеттің талаптарында көзделген көлемде ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректері ӘК алдыңғы мемлекетте тіркелген кезеңде ӘК ТҚК жөніндегі барлық жұмыстардың орындалуын растау үшін қолда болады.
Есепке алу деректері жоспарлы және жоспардан тыс ТҚК орындалуы, ақауларды жою, ұшуға жарамдылық жөніндегі міндетті талаптардың орындалуы, сондай-ақ орындалған модификациялар мен жөндеулер туралы мәліметтерді қамтиды.
66. Ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректері негізінде барлық қажетті ТҚК орындалғанын растау мүмкін болмаған жағдайда, тиісті техникалық қызмет көрсету қайта орындалады.
8-параграф. Техникалық борттық журнал жүйесі
67. Осы Қағидалардың 7-параграфының талаптарына қосымша ретінде әрбір ӘК бойынша мынадай ақпаратты қамтитын техникалық борттық журнал жүйесі пайдаланылады:
1) ұшу қауіпсіздігін бақылау және қамтамасыз ету үшін қажетті әрбір ұшу туралы ақпаратты, оның ішінде ұшу сағаттары мен ұшу циклдерін, сондай-ақ қонулар санын;
2) қолданыстағы техникалық қызмет көрсету туралы куәлік;
3) орындалуға жататын келесі жоспарлы немесе жоспардан тыс техникалық қызмет көрсету түрін, сондай-ақ оны жүргізудің белгіленген мерзімдерін айқындайтын ӘК техникалық жай-күйі (мәртебесі) туралы жазба;
4) анықталған, бірақ жойылмаған, ӘК-ні пайдалануға әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін барлық істен шығулардың, ақаулықтардың, дефектілер мен зақымданулардың тізбесі және оларды жою мерзімдері (дефектілер санаттары) көрсетіле отырып, MEL-дің тиісті тармақтарына сілтемелер;
5) ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстау және кейінгі зақымдануларды немесе конструкцияның іргелес учаскелерін бағалау кезінде есепке алынуға жататын, әзірлеушінің, дайындаушының құжаттамасында немесе пайдалану және жөндеу құжаттамасында көрсетілген конструкция зақымданулары, рұқсат етілген зақымданулар, орындалған жөндеулер, уақытша жөндеулер, қолданылу мерзімі шектеулі жөндеулер, қайталама немесе қосымша тексерулерді талап ететін жөндеулер, сондай-ақ өндірістік сәйкессіздіктер мен конструкция ауытқулары туралы мәліметтер.
6) жазбаны енгізген уәкілетті тұлғаның (ТҚ көрсету персоналының немесе экипаж мүшесінің) тегі және куәлігінің нөмірі (бар болса) толық жазылып қойылған қолы.
68. Осы Қағидалардың 67-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген мәліметтерді пайдаланушы техникалық борттық журнал жүйесінде не онымен байланысты ӘК зақымданулары мен жөндеулерінің тізілімінде жүргізеді. Көрсетілген тізілім мыналарды:
1) қолданылатын координаттарды, аймақты, пайдалану немесе жөндеу құжаттамасының бөлімін, ӘК конструкциясының координаттық белгісін, конструкцияның бойлық элементін, шпангоутты, нервюраны, панельді немесе көрсетілген зақымданудың, жөндеудің, сәйкессіздіктің немесе ауытқудың орналасқан жерін біржақты сәйкестендіруге мүмкіндік беретін өзге де қолданылатын белгіні көрсете отырып, ӘК-дегі зақымданудың, жөндеудің, өндірістік сәйкессіздіктің, конструкция ауытқуының немесе рұқсат етілген зақымданудың орнын анықтауды;
2) зақымдану рұқсат етілген деп танылған, жөндеу орындалған немесе кейінгі тексерулер белгіленген қолданылатын деректерге сілтемені, оның ішінде конструкцияны жөндеу жөніндегі нұсқаулықты, ТҚК жөніндегі нұсқаулықты, бұзбай бақылау жөніндегі нұсқаулықты, әзірлеушінің немесе дайындаушының құжаттамасын, әзірлеушінің мақұлдауын не баламалы құжатты;
3) зақымдану анықталған немесе жөндеу орындалған күнді, сондай-ақ көрсетілген күндегі ӘК-нің ұшу сағаттары, циклдері және күнтізбелік уақыт бойынша атқарымды;
4) жазбаның мәртебесін: ашық зақымдану, жөндеусіз рұқсат етілген зақымдану, тұрақты жөндеу, уақытша жөндеу, қолданылу мерзімі шектеулі жөндеу, қайталама тексерулерді талап ететін жөндеу не ауыстыруды, пысықтауды немесе қосымша бағалауды талап ететін жөндеуді;
5) белгіленген шектеулерді, жою мерзімдерін, қайталама тексерулердің шектері мен интервалдарын, егер олар қолданылатын деректерде көзделсе, бұзбай бақылау жөніндегі талаптарды;
6) көрсетілген мәліметтерді кейінгі тексерулер, жаңа зақымдануларды бағалау, конструкцияның іргелес учаскелерін бағалау, ресурсты ұзарту, ӘК-ні беру, ұшуға жарамдылық сертификатын беру және инспекциялық бақылауды жүзеге асыру кезінде пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
69. Пайдаланушы осы параграфтың 67-тармағының 5) тармақшасында және 68-тармағында көрсетілген мәліметтердің өзектілігін, толықтығын және пайдаланушы персоналы, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым, сондай-ақ уәкілетті ұйым үшін сертификаттау, қадағалау, инспекциялық бақылау және ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстауды бағалау кезінде қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Техникалық борттық журнал жүйесінде не онымен байланысты тізілімде конструкция зақымданулары, рұқсат етілген зақымданулар, орындалған жөндеулер, уақытша жөндеулер, қолданылу мерзімі шектеулі жөндеулер, өндірістік сәйкессіздіктер, конструкция ауытқулары және міндетті қайталама тексерулер туралы мәліметтердің болмауына жол берілмейді.
70. ӘК техникалық борттық журналдары соңғы жазба енгізілген күннен бастап 36 ай бойы сақталады.
9-параграф. ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректерін беру
71. ӘК-ні бір меншік иесінен немесе пайдаланушыдан екіншісіне тұрақты негізде берілген кезде бұрынғы меншік иесі немесе пайдаланушы ӘК-мен бірге осы Қағидалардың 7-параграфына сәйкес ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректерін, сондай-ақ қажет болған жағдайда осы тараудың 8-параграфына сәйкес борттық техникалық журналды беруді қамтамасыз етеді және берілетін ақпараттың дұрыстығы мен толықтығын жазбаша түрде куәландырады.
72. ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі ұйыммен ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі жұмыстарды орындауға шарт жасалған кезде ӘК меншік иесі (иеленушісі) осы тараудың 7-параграфына сәйкес ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі есепке алу деректерін беруді қамтамасыз етеді.
73. Есепке алу деректерін сақтау үшін белгіленген мерзімдері ӘК жаңа меншік иесіне немесе пайдаланушыға қатысты қолданыла береді.
10-параграф. Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсетуді және оны жөндеуді орындау
74. Азаматтық ӘК ТҚК және оларды жөндеу осы Қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 197 бұйрығымен бекітілген Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымды сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11722 болып тіркелген) (бұдан әрі – АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымды сертификаттау және оған сертификат беру қағидалары) сәйкес берілген азаматтық авиацияның АТ ТҚК ж Ж жөніндегі ұйым сертификаты бар авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдармен жүргізіледі.
75. АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым мынадай талаптарға сәйкестікті қамтамасыз етеді:
1) АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдер бойынша нұсқаулығында көрсетілген өндірістік қызмет орындарында АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның қызмет саласына сәйкес авиациялық техниканы жөндеу және ТҚК жүзеге асыру;
2) ӘК қауіпсіз пайдалануға уақытша жарамсыз болған не жоспарлы біржолғы жедел техникалық қызмет көрсету жүргізу қажет болған жағдайда, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның қызмет саласы шеңберінде, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдер жөніндегі нұсқаулығында жазылған шарттарды сақтай отырып, уәкілетті ұйыммен келісу бойынша өндірістік қызмет орындарынан тыс авиациялық техникаға ТҚК және оны жөндеуді жүзеге асыру;
3) жоспарланған жұмыс түрлеріне сәйкес келетін өндірістік жарақтандырудың, қолайсыз ауа райы жағдайларынан қорғауды қамтамасыз ететін барлық жоспарланған жұмыстарды орындауға арналған мамандандырылған шеберханалардың (цехтардың, учаскелердің) болуы. Авиациялық техникаға ТҚК және оны жөндеу кезінде ластанудан және қоршаған ортаның әсерінен қорғауды қамтамасыз ететін, бір-бірінен бөлінген цехтар мен ангарлардың болуы;
4) авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі қолданыстағы пайдалану құжаттамасының болуы;
5) техникалық қызмет көрсету туралы куәлікті ресімдеуді және беруді қамтамасыз ету;
6) бекітілген жұмыс түрлерін орындау үшін қажетті техникалық деректердің, жабдықтың, құралдардың және материалдардың болуы;
7) компоненттерді, жабдықты, құралдарды және материалдарды олардың зақымдануы мен бүлінуін болғызбайтын жағдайлар қамтамасыз етіле отырып сақтауға арналған қойма үй-жайларының болуы;
8) компоненттер, қосалқы бөлшектер және шығыс материалдары қорының болуын қамтамасыз ету;
9) жұмыстарды жоспарлау, орындау, бақылау, тексеру және техникалық қызмет көрсету туралы куәліктерді ресімдеу үшін қажетті персоналдың болуын қамтамасыз ету;
10) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 28 қыркүйектегі № 764 бұйрығымен бекітілген Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысатын авиация персоналының кәсіптік даярлығының үлгілік бағдарламасына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8785 болып тіркелген) (бұдан әрі – Үлгілік бағдарламалар) сәйкес персоналды даярлау, қайта даярлау және оның біліктілігін қолдау жүйесінің болуы;
11) уәкілетті ұйым бекіткен АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдер жөніндегі нұсқаулығының болуы;
12) техникалық қызмет көрсету туралы куәлікті ресімдеу кезінде барлық талаптардың орындалуын растайтын ТҚК туралы жазбалардың сақталуын қамтамасыз ету;
13) авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі жұмыстардың тиісінше орындалуын қамтамасыз ететін сапа жүйесінің болуы;
14) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 28 наурыздағы № 173 бұйрығымен бекітілген Әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезінде, әуежайларда, азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың, қызметі көрсетілетін қызметтерді ұсыну барысында әуе кемелерінің ұшуын орындаумен байланысты азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарының ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгі нұсқаулықтарына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6855 болып тіркелген) сәйкес ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесінің болуы.
76. Шет мемлекеттердің авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйымдары олардың сертификаттары АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымды сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларына сәйкес танылғаннан кейін техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарына жіберіледі.
77. Коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асырмайтын жеңіл және аса жеңіл азаматтық ӘК-лерге жедел және мерзімді ТҚК-ні Заңның 54-бабына сәйкес берілген қолданыстағы куәлігі немесе шет мемлекет берген және Заңның 55-бабына сәйкес танылған қолданыстағы куәлігі бар авиация персоналы мынадай шарттар сақталған кезде орындайды:
1) жоспарланған жұмыс түрлеріне сәйкес келетін және қолайсыз ауа райы жағдайларынан қорғауды қамтамасыз ететін өндірістік жарақтандырудың болуы;
2) ТҚК жөніндегі қолданыстағы пайдалану құжаттамасының болуы;
3) ТҚК жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қажетті техникалық деректердің, жабдықтың, құралдардың және материалдардың болуы;
4) компоненттерді, жабдықты, құралдарды және материалдарды олардың зақымдануы мен бүлінуін болғызбайтын жағдайлар қамтамасыз етіле отырып сақтауға арналған қойма үй-жайларының болуы;
5) компоненттер, қосалқы бөлшектер және шығыс материалдары қорының болуын қамтамасыз ету;
6) ТҚК жөніндегі жұмыстарды жоспарлау және орындау үшін қажетті персоналдың болуын қамтамасыз ету;
7) Үлгілік бағдарламаларға сәйкес персоналды даярлау, қайта даярлау және оның біліктілігін қолдау жүйесінің болуы;
8) ТҚК туралы жазбалардың сақталуын қамтамасыз ету.
78. ӘК-ге техникалық қызмет көрсету жөніндегі мамандардың артықшылықтары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 26 қыркүйектегі № 750 бұйрығымен бекітілген Авиация персоналы куәліктерін беру және олардың қолданылу мерзімін ұзарту қағидаларына 10-қосымшада айқындалады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8782 болып тіркелген).
79. ӘК немесе оның компоненттеріне ТҚК орындайтын жеке тұлға немесе ұйым бекітілген қызмет саласына сәйкес орындалатын ТҚК жұмыстарды қамтамасыз етеді.
11-параграф. Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі құжаттама
80. Авиациялық техникаға ТҚК және жөндеу, оның ішінде модификациялар мен жөндеулерді орындау кезінде қолданылатын және өзекті пайдалану құжаттамасы пайдаланылады, сондай-ақ авиациялық техникаға ТҚ көрсету және жөндеу жұмыстарын орындау кезінде оны пайдалану үшін қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Пайдаланушы және АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым көрсетілген құжаттаманы бақылау және уақтылы жаңарту рәсімін қамтамасыз етеді.
Пайдалану құжаттамасын уақтылы жаңарту осы Қағидалардың 2-тарауы 1-параграфының 9-тармағы 2) тармақшасында көзделген тәсілмен қамтамасыз етіледі.
81. ТҚК жөніндегі қолданылатын құжаттама мыналарды:
1) уәкілетті ұйым шығарған талаптарды, рәсімдерді, нормаларды және өзге де ақпаратты;
2) қолданылатын ұшуға жарамдылық жөніндегі директиваларды;
3) үлгі сертификатын немесе қосымша үлгі сертификатын ұстаушы шығарған ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі нұсқауларды және ТҚК жөніндегі басқа да нұсқауларды;
4) конструкцияны бекітетін тұлға немесе конструкцияны бекітуге өтініш беруші орнатуға мақұлдаған компоненттер үшін компоненттерді өндіруші жариялаған және конструкцияны бекітетін тұлға немесе өтініш беруші үшін қолайлы деп танылған техникалық қызмет көрсету жөніндегі қолданылатын нұсқауларды қамтиды.
82. Техникалық қызмет көрсетуді орындау кезінде қолданылатын жұмыс технологиялық карталары немесе тізімдемелер жүйесі құрылады.
Жұмыс технологиялық карталарында немесе тізімдемелерде мынадай мәліметтер тіркеледі:
1) ТҚК жөніндегі орындалатын міндеттерінің мазмұнын көрсететін нақты деректер;
2) ТҚК жұмыстарының барлық кезеңдерінің орындалғаны туралы, олардың орындалғаны жөніндегі тиісті белгілермен бірге мәліметтер;
3) пайдаланылған ТҚК деректері және олардың ревизия мәртебесі туралы мәліметтер;
4) қолданылатын пайдалану құжаттамасының белгіленген талаптарына сәйкестігі не сәйкес еместігі туралы қорытынды көрсетіле отырып, орындалған жұмыстардың нәтижелері;
5) ауыстырылған компоненттер туралы мәліметтер, олардың белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын және рәсімдерде көзделген сертификаттар немесе баламалы құжаттар қоса беру;
6) пайдаланылған жабдық, құрал-саймандар және материалдар туралы мәліметтер, олардың белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын және рәсімдерде көзделген сертификаттар немесе баламалы құжаттарды қоса беру;
7) жұмыстарды орындаған және пайдалануға рұқсат беруді жүзеге асырған тұлғалар туралы мәліметтер, оның ішінде олардың тегі, аты, қолдары, мөртабандары және рәсімдерде көзделген өзге де мәліметтер;
8) жұмыстардың орындалған күні мен уақыты.
12-параграф. ӘК істен шығулары мен бұзылуы
83. Ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін ӘК барлық істен шығулары мен зақымданулары келесі ұшуды орындағанға дейін жойылуға жатады.
84. Осы Қағидалардың 81-тармағында көрсетілген ТҚК жөніндегі қолданылатын құжаттама негізінде ӘК істен шығуы мен зақымдануының ұшу қауіпсіздігіне әсерін тек сертификаттаушы персонал айқындайды және осының негізінде келесі ұшуға дейін орындалуға жататын түзету іс-қимылдарының мерзімдері мен түрлерін, сондай-ақ жоюын кейінге қалдыруға жол берілетін ӘК істен шығулары мен зақымдануларын белгілейді. Осы талап мынадай жағдайларда қолданылмайды.
1) пилот уәкілетті ұйым бекіткен MEL-ді пайдаланған кезде;
2) ӘК істен шығулары мен бұзылуы ӘК-ні әзірлеушінің пайдалану құжаттамасына сәйкес жол берілетін ретінде жіктелген кезде қолданылмайды.
85. Пайдалану құжаттамасына, ТҚК жөніндегі құжаттамаға, сондай-ақ MEL және CDL, олар қолданылған кезде, сәйкес ӘК пайдалануға жол берілетін ақаулықтар көрсетілген құжаттарда белгіленген мерзімдерде және шектеулер сақтала отырып жойылуға тиіс.
86. Ұшу басталғанға дейін жойылмаған кез келген істен шығу немесе зақымдану осы Қағидалардың 2-тарауының 7-параграфына сәйкес ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі деректерді есепке алу жүйесінде және (немесе) осы Қағидалардың 2-тарауының 8-параграфына сәйкес техникалық борттық журнал жүйесінде тіркелуге жатады.
87. Ұшу басталғанға дейін барлық кейінге қалдырылған ақаулар пилоттың (ұшу экипажының) назарына жеткізіледі.
88. Кейінге қалдырылған ақаулар жақын арадағы тиісті ТҚК тексеруі орындалған кезде кейінге қалдырылған ақаулар тізбесіне көшіріледі. Осы тексеру барысында жойылмаған кейінге қалдырылған ақаулар ақау алғаш анықталған күн сақтала отырып, кейінге қалдырылған ақаулар тізбесіне қайта енгізіледі.
13-параграф. Қазақстан Республикасының азаматтық ӘК-лерін жөндеу
89. Азаматтық ӘК-лерді, қозғалтқыштарды, әуе винттерін, авиациялық техниканың компоненттері мен бұйымдарын жөндеу олардың ұшуға жарамдылығын, жұмысқа қабілеттілігін және бекітілген үлгілік конструкцияға, пайдалану құжаттамасына, ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі нұсқауларға және қолданылатын ұшуға жарамдылық талаптарына сәйкестігін қалпына келтіру мақсатында орындалады.
90. Пайдалану құжаттамасында, ұшуға жарамдылықта ұстау жөніндегі нұсқауларда немесе жөндеу жөніндегі нұсқаулықта көзделмеген жөндеу әзірлеуші ұйымның жөндеу деректері негізінде орындалады.
91. Жөндеуді орындау кезінде мыналар қамтамасыз етіледі:
1) даярланған және рұқсат етілген персоналдың болуы;
2) қажетті пайдалану, жөндеу және өндірістік құжаттаманың болуы;
3) жарамды жабдықты, құрал-сайманды, өлшем және бақылау құралдарын қолдану;
4) жарамды және қадағаланатын компоненттерді, қосалқы бөлшектер мен материалдарды қолдану;
5) кіріс бақылауын, дефектацияны, жөндеуді, тексеруді және сынақтарды орындау;
6) орындалған жұмыстардың сапасын бақылау;
7) орындалған жөндеу туралы жазбаларды ресімдеу.
92. Жөндеу кезінде қолданылатын өлшем және бақылау құралдары Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен салыстырып тексерілуге, калибрленуге немесе өзге де тексеруге жатады.
93. Жөндеу кезінде орнатылатын немесе қолданылатын компоненттер, қосалқы бөлшектер мен материалдар олардың жарамдылығын, қолданылуын және қадағаланушылығын растайтын құжаттар болған кезде пайдаланылады.
94. Жөндеуден кейін қолданылатын пайдалану құжаттамасында, жөндеу деректерінде және ӘК ТҚК бағдарламасында көзделген көлемде тексерулер, сынақтар және функционалдық бақылау жүргізіледі.
95. Авиациялық техника жөндеуден кейін көзделген жұмыстар орындалғаннан, анықталған ақаулар жойылғаннан не олар белгіленген тәртіппен ресімделгеннен, қажетті тексерулер мен сынақтар орындалғаннан, жазбалар ресімделгеннен және ТҚК немесе жөндеуден кейін пайдалануға рұқсат берілгеннен кейін пайдалануға жіберіледі.
96. Орындалған жөндеу, қолданылған жөндеу деректері, орнатылған компоненттер, орындалған тексерулер мен сынақтар, анықталған шектеулер, масса мен орталықтаудың өзгеруі туралы мәліметтер, егер қолданылса, белгіленген техникалық құжаттамаға енгізіледі.
97. Бөлшектерді дайындау тек бекітілген қызмет саласы шегінде, бекітілген рәсім болған кезде және тек ТҚК немесе жөндеуді орындау кезінде пайдалану үшін жүзеге асырылады.
98. Бөлшектер пайдалану құжаттамасында, ұшуға жарамдылықты қолдау жөніндегі нұсқауларда, жөндеу жөніндегі нұсқаулықтарда қамтылған бекітілген немесе танылған деректердің не үлгі сертификатын ұстаушының, қосымша үлгі сертификатын ұстаушының немесе конструкцияны мақұлдауды ұстаушының өзге де деректерінің негізінде дайындалады. Бөлшектерді үлгі бойынша, кері жобалау әдісімен немесе қолданылатын деректерсіз дайындауға жол берілмейді. Дайындалған бөлшектер CAC RK Form 1-нысаны бойынша сертификаттауға жатпайды.
99. Дайындалған бөлшектер инспекциялық бақылауға, таңбалауға және ТҚК жөніндегі жазбаларда есепке алынуға жатады. Дайындалған бөлшектерге рұқсат етілген беру сертификаты ресімделмейді және оларды сатуға, сыртқы жеткізуге немесе ұзақ мерзімді қоймалық сақтауға жол берілмейді.
100. Барлық модификациялар мен жөндеулер үлгілік конструкцияға жауапты ұйыммен келісіледі. Ірі модификациялар мен жөндеулерді орындау Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 16 қазандағы № 994 бұйрығымен бекітілген Сертификаттау және үлгі сертификатын беру қағидаларында (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12812 болып тіркелген) айқындалатын тәртіппен уәкілетті ұйыммен бекітіледі.
14-параграф. Авиациялық жұмыстар үшін пайдаланылатын әуе кемелеріне қызмет көрсету
101. Авиациялық жұмыстар үшін пайдаланылатын ӘК ТҚК, оның ішінде оларға орнатылған арнайы мақсаттағы аппаратураға, жабдыққа және жүйелерге қызмет көрсету ӘК пайдалану құжаттамасына, бекітілген ӘК ТҚК бағдарламасына, өндірістік тапсырмаға, сондай-ақ ӘК пайдаланушысының және АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Әуежайларда жұмыстарды орындау кезінде Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 2 қазандағы № 750 бұйрығымен бекітілген Әуежайларда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидаларында белгіленген жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру тәртібі ескеріледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19433 болып тіркелген) (бұдан әрі – Әуежайларда жерүсті қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидалары).
102. Авиациялық жұмыстар үшін пайдаланылатын ӘК уақытша орналасу орындарындағы техникалық пайдалану ерекшеліктері ӘК үлгісін, орындалатын авиациялық жұмыстардың сипатын, орналасу жағдайларын, жерүсті қызмет көрсету құралдарының, ӘК техникалық жай-күйін бақылау құралдарының, қосалқы бөлшектердің, шығыс материалдарының, авариялық-құтқару жабдығының және даярланған персоналдың болуын ескере отырып айқындалады.
103. Уақытша әуеайлақтарда авиациялық жұмыстар үшін пайдаланылатын ӘК ТҚК ӘК-нің қауіпсіз орналасуын, техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстардың сапалы орындалуын, ӘК ұшуларға дайындалуын және ӘК зақымданудан, сыртқы ортаның әсерінен және рұқсатсыз қол жеткізуден қорғалуын қамтамасыз ететін жағдайлар болған кезде орындалады.
104. Уақытша әуеайлақтарда ӘК техникалық қызмет көрсетуге қажетті біліктілігі, осы ӘК үлгісіне тиісті жұмыстарды орындауға рұқсаты бар және уақытша орналасу жағдайларында жұмыстарды орындау ерекшеліктерімен таныстырылған даярланған персонал жіберіледі.
Персоналдың уақытша әуеайлақта жұмыстарды өз бетінше орындауына рұқсат беру ӘК пайдаланушысы немесе АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым белгілеген тәртіппен ресімделеді.
105. ӘК уақытша әуеайлақта авиациялық жұмыстарды орындауға дайындау кезінде ӘК пайдаланушысы мыналарды:
1) жоспарланатын авиациялық жұмыстарды орындау үшін планердің, қозғалтқыштардың, компоненттер мен бұйымдардың жеткілікті ресурсы бар ӘК таңдауды;
2) ӘК қажетті кеме және техникалық құжаттамамен, құралдармен, жабдықпен, авариялық-құтқару жарағымен, қосалқы бөлшектермен және шығыс материалдарымен жинақтауды;
3) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған аппаратура мен жабдықты орнатуды, тексеруді және қажет болған кезде сынауды;
4) уақытша әуеайлаққа жерүсті қызмет көрсету құралдарын, ӘК техникалық жай-күйін бақылау құралдарын, байлап бекіту құралдарын, жанармай құю құралдарын, өрт сөндіру құралдарын және ӘК қауіпсіз пайдалану мен техникалық қызмет көрсету үшін қажетті өзге де мүлікті дайындауды және жеткізуді;
5) экипаж, техникалық персонал, жерүсті қызмет көрсету персоналы және авиациялық жұмыстарды ұйымдастыруға жауапты тұлғалар арасындағы байланыс, өзара іс-қимыл және міндеттерді бөлу тәртібін айқындауды қамтамасыз етеді.
106. Уақытша әуеайлақта авиациялық жұмыстарды орындау басталғанға дейін мыналар қамтамасыз етіледі:
1) ұшу-қону жолағының немесе қону алаңының тиісті ӘК үлгісін қабылдауға дайындығы;
2) ӘК тұрақ орындарының дайындығы;
3) ӘК техникалық қызмет көрсетуді және ұшуларға дайындауды орындау үшін жағдайлардың болуы;
4) қажетті пайдалану құжаттамасының, өрт сөндіру, байланыс, жарықтандыру, байлап бекіту, жанармай құю және жерүсті қызмет көрсету құралдарының болуы;
5) персоналды орналастыруға, құжаттаманы, құралдарды, жабдықты, қосалқы бөлшектерді және шығыс материалдарын сақтауға арналған үй-жайлардың немесе орындардың болуы;
6) қауіпсіздік, еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуы.
107. Уақытша әуеайлақтан ұшуларды орындау туралы шешімді ӘК пайдаланушысы уақытша әуеайлақтың ӘК қабылдауға, орналастыруға, техникалық қызмет көрсетуге және пайдалануға дайындығы расталғаннан кейін қабылдайды.
ӘК қауіпсіз орналасуын, техникалық қызмет көрсетуді орындауды, ӘК-ні ұшуларға дайындауды және авиациялық техниканың сақталуын қамтамасыз ететін жағдайлар болмаған кезде уақытша әуеайлақтан ұшуларды орындауға жол берілмейді.
108. ӘК күзету, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ӘК рұқсатсыз қол жеткізуден, қолайсыз метеорологиялық жағдайлардан, зақымданулардан және сыртқы ортаның әсерінен қорғау уақытша әуеайлақтарда орналасқан кезде ӘК пайдалану құжаттамасы және белгіленген рәсімдер ескеріле отырып, ӘК пайдаланушысымен ұйымдастырылады.
109. ӘК пайдаланушысы уақытша әуеайлақтарда орналасқан ӘК техникалық пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етеді, оның ішінде ТҚК орындалуын, ӘК жай-күйін, ӘК сақтау және пайдалану жағдайларын, қажетті құжаттаманың, жабдықтың, қосалқы бөлшектердің, шығыс материалдарының және персоналдың даярлығын болуын бақылауды қамтиды.
Мұндай тексерулерді жүргізудің кезеңділігі, көлемі және тәртібі ӘК пайдаланушысының және АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдерімен айқындалады.
110. Уақытша әуеайлақтарда ӘК авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 190 бұйрығымен бекітілген Азаматтық әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету қағидаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11677 болып тіркелген) (бұдан әрі – Азаматтық әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету қағидалары).
Уақытша әуеайлақтарда ӘК авиациялық жанар-жағармай материалдарымен, арнайы сұйықтықтармен, сумен толтыру және газдармен зарядтау даярланған және рұқсат етілген персоналмен жарамды жанармай құю құралдарын қолдана отырып және ӘК пайдалану құжаттамасы, ӘК пайдаланушысының рәсімдері, өрт қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау талаптары сақтала отырып орындалады.
111. Авиациялық жұмыстар үшін пайдаланылатын ӘК шоғырланған орындарда ӘК-ні қауіпсіз пайдалануды және ӘК ТҚК бағдарламасын орындауды қамтамасыз ету үшін ӘК пайдаланушысы уақытша немесе тұрақты ТҚК пункттерін құрады.
Мұндай пункттерді ұйымдастыру тәртібі, олардың жарақтандырылуы, персонал құрамы, орындалатын жұмыстар тізбесі және техникалық құжаттаманы ресімдеу тәртібі уәкілетті ұйым бекіткен ӘК пайдаланушысының және АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдерімен айқындалады.
112. ӘК және оларға орнатылған арнайы аппаратура мен жабдықты тазарту, жуу, газсыздандыру ӘК пайдалану құжаттамасына, қолданылатын құралдарды дайындаушының нұсқаулықтарына, ӘК пайдаланушысының және АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдеріне сәйкес орындалады.
Көрсетілген жұмыстар пайдалану құжаттамасында көзделген құралдарды қолдана отырып және қауіпсіздік, өндірістік санитария, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау талаптары сақтала отырып, даярланған және рұқсат етілген персоналмен орындалады.
Тазарту, жуу және газсыздандыру, оның ішінде:
1) авиациялық жұмыстардың бір түрінен басқа түріне ауысқан кезде;
2) егер химиялық заттардың қалдықтарын жою талап етілсе, кезеңдік ТҚК-ні орындау алдында;
3) ӘК немесе жабдықты жөндеуге жіберу алдында;
4) ӘК өзге жұмыс түрлерін орындау үшін қайта жабдықтау кезінде;
5) химиялық заттармен жұмыстар аяқталғаннан кейін;
6) арнайы аппаратура мен жабдықты консервациялау алдында орындалады.
Тазарту, жуу немесе газсыздандыру кезінде анықталған зақымданулар, ластанулар, коррозия, ағулар немесе ӘК-нің, аппаратураның немесе жабдықтың техникалық жай-күйіндегі өзге де ауытқулар белгіленген техникалық құжаттамада тіркеледі және пайдалану құжаттамасында және АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдерінде көзделген тәртіппен жойылады.
15-параграф. Техникалық қызмет көрсету туралы куәлік
113. Техникалық қызмет көрсету туралы куәлік орындалған техникалық қызмет көрсету жұмыстары авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымның рәсімдер жөніндегі нұсқаулығына сәйкес, осы Қағидалардың 11-параграфында көрсетілген авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі құжаттаманың болуын және пайдаланылуын ескере отырып, қанағаттанарлық түрде орындалғанын растау үшін ресімделеді және қол қойылады.
114. АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым ТҚК-ні орындаған кезде техникалық қызмет көрсету туралы куәлік Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 196 бұйрығымен бекітілген Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттық талаптарға сәйкес беріледі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12045 болып тіркелген).
115. Техникалық қызмет көрсету туралы куәлік мынадай растаушы деректерді:
1) орындалған ТҚК туралы толық мәліметтерді, оның ішінде ТҚК жөніндегі қолданылатын құжаттамаға нақты сілтемелерді;
2) осындай техникалық қызмет көрсетудің аяқталған күнін;
3) қолданылатын жағдайда, АТ ТҚК ж Ж жөніндегі сертификатталған ұйым туралы деректерді;
4) техникалық қызмет көрсету туралы куәлікке қол қойған тұлға туралы сәйкестендіру деректерін, оның ішінде осындай тұлғаның өкілеттіктері туралы құжаттың нөмірін;
5) қолданылатын жағдайда, ұшуға жарамдылық бойынша немесе ұшуда пайдалану бойынша шектеулерді қамтиды.
116. Егер ӘК, қозғалтқыш, әуе винті немесе компонент бекітілген үлгілік конструкцияға, қолданылатын ұшуға жарамдылық талаптарына сәйкес келмейтіні не қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін жай-күйде болмайтыны анықталса, техникалық қызмет көрсету туралы куәлік берілмейді, бұған анықталған сәйкессіздік жойылған немесе оны жою MEL және (немесе) CDL көзделген ақауды жоюды кейінге қалдырудың бекітілген рәсімдері қолданылып, белгіленген тәртіппен кейінге қалдырылған не арнаулы ұшуды орындауға рұқсат берілген жағдайлар кірмейді.
117. Коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асырмайтын жеңіл және аса жеңіл ӘК-лерге ТҚК және оларды жөндеуді Заңның 54-бабына сәйкес берілген қолданыстағы куәлігі немесе шет мемлекет берген және Заңның 55-бабына сәйкес танылған қолданыстағы куәлігі бар авиация персоналы орындаған кезде жұмыс технологиялық картасы ресімделеді.
Жұмыс технологиялық картасы көрсетілген жұмыстардың Заңның 48-бабына сәйкес орындалғанын және орындалған жұмыстарға қатысты әуе кемесі пайдалануға жіберу үшін бекітілгенін растауды қамтиды.
16-параграф. Компоненттерді сыныптау және ӘК орнату
118. ӘК бекітілген конструкторлық деректеріне сәйкес келетін компоненттердің ғана ӘК-ге орнатылуына кепілдік беретін бақылау жүйесі қамтамасыз етіледі.
119. Барлық компоненттер мынадай санаттар бойынша сыныпталады:
1) бекітілген компоненттер;
2) бекітілмеген компоненттер;
3) жұмысқа жарамсыз және қалпына келтірілмейтін компоненттер.
17-параграф. Бекітілген компоненттер
120. ӘК орнатуға рұқсат етілетін компоненттердің әзірлеуші мемлекет бекіткен конструкциясы болады, олардың жасалуын дайындаушы мемлекет мақұлдайды және олар қауіпсіз пайдалануға жарамды деп танылады, бұл САС RK Form 1-нысаны бойынша сертификатпен немесе әзірлеуші мемлекет танитын балама құжатпен расталады.
121. Стандартты бұйымдарды ӘК немесе оның компоненттеріне орнатуға оларды қолдану туралы нұсқау ТҚК жөніндегі қолданылатын құжаттамада болған, сондай-ақ осындай бұйымдардың қолданылатын стандарттарға сәйкестігін растайтын құжаттар болған жағдайда жол беріледі.
122. ӘК немесе оның компоненттеріне ТҚК кезінде шикізат пен шығыс материалдарын пайдалануға ӘК-ні немесе компонентті әзірлеушінің техникалық қызмет көрсету жөніндегі құжаттамасында нұсқаулар болған және олар қабылданған салалық стандарттарға сәйкес дайындалған жағдайда жол беріледі.
123. Шикізат пен шығыс материалдары белгіленген талаптарға сәйкес келеді және материалдың маркасы, сондай-ақ оның шығу тегі, оның ішінде дайындаушысы мен жеткізушісі туралы мәліметтер көрсетіле отырып, олардың сәйкестігін растайтын құжаттармен сүйемелденеді.
124. Нақты қабық құрамында себеттердің (гондолалардың), жанарғы блоктарының және отын баллондарының әртүрлі жиынтықталымы көзделген аэростаттарды пайдалану кезінде мұндай компоненттерді орнату мынадай шарттар сақталған жағдайда жүзеге асырылады:
1) себет (гондола), жанарғы блогы және отын баллондары үлгі сертификатын немесе баламалы құжатты ұстаушы шығарған пайдалану құжаттамасының не өзге де құжаттардың талаптарына сәйкес келеді;
2) себет (гондола), жанарғы блогы және отын баллондары жарамды жай-күйде болады және орындалған техникалық қызмет көрсету туралы тиісті жазбалармен сүйемелденеді.
18-параграф. Бекітілмеген компоненттер
125. Осы Тараудың 17-параграфында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін және көзделген ілеспе құжаттамасы жоқ компоненттер бекітілмеген компоненттерге жатады және ӘК-ге орнатуға жіберілмейді:
1) үлгі сертификатын ұстаушы және дайындаушы мемлекет тарапынан жеткізу құқығы берілмеген қосалқы мердігер тікелей пайдаланушыға жеткізген компоненттер;
2) ТҚК немесе жөндеуден өткен және тиісті рұқсаты жоқ тұлға немесе ұйым пайдалануға жіберген компоненттер;
3) ТҚК немесе жөндеуі бекітілген құжаттама мен қолданылатын деректердің талаптарын бұза отырып орындалған компоненттер;
4) белгіленген ресурсын, оның ішінде сақтау кезіндегі жарамдылық мерзімін, ол болған кезде, өтеген компоненттер.
19-параграф. Бекітілмеген компоненттер туралы есеп
126. ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстауға жауапты тұлға немесе ұйым анықталған не алынған бекітілмеген компоненттер туралы барлық мәліметтер жөнінде үлгілік конструкцияға жауапты ұйымды және уәкілетті ұйымды олар анықталған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей есеп жіберу арқылы хабардар етеді.
127. Есеп мынадай ақпаратты:
1) компоненттің атауы және оны алу көзі;
2) компоненттің зауыттық (сериялық) нөмірі;
3) компонентті бекітілмеген ретінде сәйкестендіруге мүмкіндік беретін және оны түпнұсқа компоненттен ажырататын айырым белгілері, оның ішінде түсінің, таңбалануының, өлшемдерінің және өзге де сипаттамаларының ерекшеліктері;
4) осы компонентке қатысты ұсынылған ілеспе құжаттама туралы мәліметтер;
5) қолданылатын болса, соңғы жөндеуден, күрделі жөндеуден кейінгі жалпы атқарым мерзімін қамтиды.
128. Күдікті деп танылған компонент барлық ілеспе құжаттамасымен бірге дереу айналымнан алынып, мұндай компоненттің түпнұсқалығы мен қабылдануға жарамдылығы анықталғанға не оған қатысты одан әрі қолданылатын шаралар айқындалғанға дейін карантинге орналастырылады.
129. ӘК-ні ұшуға жарамдылықта ұстауға жауапты тұлға немесе ұйым бекітілмеген компоненттерді ӘК орнатуды не олардың одан әрі таралуын болғызбау мақсатында бекітілмеген компоненттер туралы деректерді беру және алу кезінде үлгілік конструкцияға жауапты ұйыммен және уәкілетті ұйыммен ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
20-параграф. Жұмысқа жарамсыз және қалпына келтірілмейтін компоненттер
130. Жұмысқа жарамсыз және қалпына келтірілмейтін ӘК компоненттері мен материалдары оларды пайдалануға қайтару мүмкіндігін болғызбайтын бақыланатын тәртіппен есептен шығаруға және кәдеге жаратуға жатады:
1) мұндай ақаулар көзбен шолып не арнайы бақылау құралдарын қолдана отырып анықталатынына қарамастан, жөндеуге келмейтін ақаулары бар компоненттер;
2) бекітілген конструкцияда белгіленген техникалық талаптарға сәйкес келмейтін және оларға қолданылатын талаптарға сәйкес келтіріле алмайтын компоненттер;
3) одан әрі өңдеу немесе қалпына келтіру бекітілген жүйе шеңберінде олардың сертификаттау үшін қабылдануға жарамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін компоненттер мен материалдар;
4) түзету мүмкін емес қолайсыз модификацияларға немесе қалпына келтіруге ұшыраған компоненттер;
5) белгіленген ресурсын (сақтау кезіндегі жарамдылық мерзімін қоса алғанда) немесе қызмет ету мерзімін өтеген не одан асқан, сондай-ақ толық есепке алу деректері болмаған жағдайда ресурсы шектеулі компоненттер және пайдалану мерзімі шектеулі компоненттер;
6) шамадан тыс жүктемелердің немесе қызудың әсерінен ұшуларды орындауға жарамды жай-күйге қайтару мүмкін емес компоненттер;
7) пайдалану циклдерінің саны көп ӘК-ден демонтаждалған, ескіретін әуе кемелеріне қолданылатын міндетті талаптарды орындау арқылы сәйкестігін растау мүмкін емес негізгі конструкция элементтері.
21-параграф. Ресурсы шектеулі компоненттер және пайдалану мерзімі шектеулі компоненттер
131. ӘК орнатылған ресурсы шектеулі компоненттер және пайдалану мерзімі шектеулі компоненттер осы параграфтың 133-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ӘК ТҚК бағдарламасында және ұшуға жарамдылық жөніндегі директиваларда айқындалған бекітілген шектеулер шегінде пайдаланылады.
132. Белгіленген шекті ресурсқа немесе пайдалану мерзіміне жеткен кезде компонент техникалық қызмет көрсету жүргізу үшін немесе ресурсы шектеулі компоненттер жағдайында белгіленген тәртіппен есептен шығару (кәдеге жарату) үшін әуе кемесінен алынуға жатады.
133. Пайдалану мерзімі бақыланатын ақаулы компоненттер әзірлеуші ұйымның шешімімен және қолданылатын ұшуға жарамдылық талаптарына сәйкес қалпына келтіру немесе міндетті шектеуді ұзарту жағдайларын қоспағанда, компоненттерді жеткізу жүйесіне қайта енгізуге жіберілмейді.
22-параграф. Қалпына келтіруге жарамсыз компоненттерді кәдеге жарату
134. Қалпына келтіруге жарамсыз компоненттер жарамды компоненттерден, стандартты бөлшектерден және материалдардан бөлек сақталуға жатады.
135. Қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған компоненттерді қалпына келтіру және кейіннен мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігіне жол берілмейді.
136. Кәдеге жаратуға арналған компоненттерге олардың пайдалануға жарамсыз екенін көрсететін анық, өшірілмейтін таңбалау қойылады.
137. Кәдеге жарату көрсетілген компоненттерді қалпына келтіру немесе оларды одан әрі пайдалануға мүмкіндік беретін жұмысқа жарамды сыртқы түрге келтіру мүмкіндігін болдырмайтындай етіп механикалық бұзу жолымен жүзеге асырылады.
138. Кәдеге жаратуға жататын компоненттер ұшуларды орындаумен байланысты емес пайдалану үшін, оның ішінде оқу құралдары ретінде пайдалану, зерттеулер мен әзірлемелер жүргізу немесе авиациялық қызметтен тыс қолдану үшін берілген жағдайда, оларды бұзу талап етілмейді.
Мұндай жағдайларда көрсетілген компоненттерге олардың жұмысқа жарамсыз екенін көрсететін тұрақты таңбалау қойылады.
Балама ретінде компоненттің бастапқы белгіленімін немесе зауыттық сәйкестендіру тақтайшасын алып тастауға не осындай компоненттердің берілуін есепке алуды жүргізуге жол беріледі.
23-параграф. Әуе кемелерін қарсы алу және олардың тұрағын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар
139. ӘК қарсы алу, жерүсті қызмет көрсетуді үйлестіру және ӘК тұрақта тұруын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар ӘК пайдалану құжаттамасына, ӘК пайдаланушысының, әуеайлақ операторының, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның және жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйымның рәсімдеріне сәйкес орындалады.
Әуежайларда көрсетілген жұмыстар әуежайларда жерүсті қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидаларында белгіленген жерүсті қызмет көрсету қызметтерін ұсыну тәртібі мен шарттары ескеріле отырып орындалады.
140. ӘК тұрақ орнына келгенге дейін, егер ӘК пайдаланушысының, әуеайлақ операторының немесе жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйымның рәсімдерінде өзгеше көзделмесе, ӘК қарсы алуға және тұрақта орындалатын жұмыстарды үйлестіруге жауапты тұлға тағайындалады.
ӘК тұрақ орны әуеайлақ операторының рәсімдері, ӘК үлгісі, қажетті жерүсті қызмет көрсету құралдарының болуы, көлік құралдары мен персоналдың қозғалыс маршруттары, сондай-ақ жұмыстарды қауіпсіз орындау жағдайлары ескеріле отырып айқындалады.
141. ӘК келгенге дейін тұрақ орнының жай-күйі мен дайындығы тексеріледі, оның ішінде:
1) қауіпсіздікке қатер төндіретін бөгде заттардың, қардың, мұздың және ластанудың болмауы;
2) тұрақ орнында ӘК қарсы алуға қатыспайтын жерүсті қызмет көрсету құралдарының, көлік құралдарының, жабдықтың, мүліктің және персоналдың болмауы;
3) ӘК қарсы алу кезінде қолданылатын жерүсті қызмет көрсету құралдарының, сигнал беру құралдары мен құрылғыларының дайындығы және жарамдылығы;
4) экипаж, жерүсті қызмет көрсету персоналы, әуеайлақ операторы және АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым арасындағы байланыс және өзара іс-қимыл құралдарының дайындығы;
5) перронда көлік құралдары мен персоналдың қозғалысы бойынша әуеайлақ операторы рәсімдерінің сақталуы.
142. ӘК тұрақ орнына рулімен кіруі белгіленген сигналдарды, байланыс құралдарын немесе әуеайлақ операторы мен ӘК пайдаланушысы көздеген өзге де рәсімдерді қолдана отырып, даярланған және рұқсат етілген персоналмен қамтамасыз етіледі.
Экипажға сигнал беруді қамтамасыз ететін тұлға ӘК командиріне жақсы көрінетін жерде орналасады және ӘК қозғалысын, кедергілерді, персоналды және жерүсті қызмет көрсету құралдарын қауіпсіз бақылауды қамтамасыз етеді.
143. ӘК тұраққа қойылғаннан, қозғалтқыштар өшірілгеннен және әуе винттерінің немесе көтергіш винттердің айналуы тоқтатылғаннан кейін мынадай жұмыстар орындалады:
1) ӘК негізгі тіректерінің дөңгелектерінің астына тіреуіш қалыптар орнатылады;
2) қажет болған кезде пайдалану құжаттамасында көзделген сақтық шаралары сақтала отырып, ӘК жерге тұйықталады;
3) егер бұл пайдалану құжаттамасында көзделсе, ӘК байлап бекітіледі, тікұшақтардың көтергіш винттерінің қалақтары бекітіледі немесе өзге де ұстап тұру құрылғылары орнатылады;
4) егер бұл әуеайлақ операторының немесе жерүсті қызмет көрсету ұйымының рәсімдерінде талап етілсе, ӘК қауіпті аймақтары және жабдықты орналастыруды шектеу аймақтары белгіленеді;
5) ӘК көрінетін зақымданулардың, ағулардың, соқтығысу іздерінің, қаптаманың, люктердің, есіктердің, шассидің, қозғалтқыштардың, антенналардың және ӘК өзге де элементтерінің зақымдануының бар-жоғына сырттай қарап-тексеріледі;
6) экипаждың борттық журналдағы немесе ӘК техникалық борттық журналындағы жазбаларымен танысу жүзеге асырылады, экипаждан ӘК техникалық жай-күйі және анықталған ақаулар туралы ақпарат қабылданады;
7) отын қалдығы, анықталған ақаулар, зақымданулар және орындалған іс-қимылдар туралы мәліметтер белгіленген техникалық құжаттамаға енгізіледі;
8) ӘК ақаулары, зақымданулары, жерүсті қызмет көрсету құралдарының ақаулары немесе қауіпсіздікке әсер ететін өзге де оқиғалар туралы жұмыстар басшысына, ӘК пайдаланушысына, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымға, әуеайлақ операторына немесе жерүсті қызмет көрсету ұйымына олардың жауапкершілік шегінде баяндалады;
9) қажет болған кезде ӘК кейінгі техникалық қызмет көрсету, жөндеу, сақтау немесе өзге тұрақ орнына сүйретіп апару ұйымдастырылады;
10) ӘК-нің токтан ажыратылуы, әуеайлақтық электрмен қоректендіру көзінен ажыратылуы, бітеуіштердің, қаптардың, сақтандыру құрылғыларының орнатылуы, басқару органдарының бекітілуі, есіктердің, люктердің, жүк, қызметтік және техникалық бөліктер қақпақтарының жабылуы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ ӘК рұқсатсыз қол жеткізуден қорғау жөніндегі шаралар қабылданады;
11) ӘК пайдалану құжаттамасында, ӘК ТҚК бағдарламасында, ӘК пайдаланушысының, әуеайлақ операторының, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның және жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйымның рәсімдерінде көзделген жұмыстар орындалады.
ӘК қаптармен жабу, бітеуіштерді орнату, ӘК беттерін мұздануға қарсы сұйықтықпен өңдеу және ӘК күзетке тапсыруға дайындау ӘК пайдалану құжаттамасына және белгіленген рәсімдерге сәйкес орындалады.
ӘК тұрақта тұруын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жедел немесе кезеңдік техникалық қызмет көрсетуден, компоненттерді ауыстырудан, ағымдағы жөндеуден кейін де орындалады.
24-параграф. Ұшып шығуды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар
144. ӘК ұшуға дайындау жөніндегі барлық жұмыстар кешені үшін қорытынды болып табылатын ұшып шығуды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды орындау алдында ӘК ұшуға дайындауға жауапты тұлға ӘК борттық журналын немесе техникалық борттық журналын, орындалған техникалық қызмет көрсету жұмыстары, жойылған және кейінге қалдырылған ақаулар туралы мәліметтерді, сондай-ақ егер мұндай рұқсат талап етілсе, техникалық қызмет көрсетуден кейін ӘК пайдалануға рұқсаттың ресімделуін тексереді.
145. Ұшып шығуды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар ӘК пайдалану құжаттамасына, ӘК ТҚК бағдарламасына, өндірістік тапсырмаға, ӘК пайдаланушысының, әуеайлақ операторының, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның және жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйымның рәсімдеріне сәйкес орындалады.
Әуежайларда ұшып шығуды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар әуежайларда жерүсті қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидаларында белгіленген жерүсті қызмет көрсету қызметтерін жүзеге асыру тәртібі ескеріле отырып орындалады.
146. Ұшып шығуды қамтамасыз ету кезінде қажет болған жағдайда авиациялық жанар-жағармай материалдарымен, арнайы сұйықтықтармен және сумен толықтыру, жүйелерді газдармен зарядтау, қарды, қырауды және мұзды кетіру, мұздануға қарсы өңдеу, жолаушылар салондарында және экипаж кабинасында ауаны кондиционерлеу, қозғалтқыштар мен жүйелерді жылыту, жерүсті қызмет көрсету құралдарын ажырату, ӘК сүйрету немесе итеріп шығару орындалады.
Көрсетілген жұмыстар тиісті ӘК үлгісіне жарамды, жарамды жерүсті қызмет көрсету құралдарын қолдана отырып, даярланған және рұқсат етілген персоналмен орындалады.
147. ӘК мынадай шарттар сақталған кезде ұшуға дайындалған күйде экипажға ұсынылады:
1) ӘК жарамды ұшуға жарамдылық сертификаты бар, планердің, қозғалтқыштардың, компоненттер мен бұйымдардың ресурсы алдағы ұшуды орындау үшін жеткілікті;
2) көзделген техникалық қызмет көрсету орындалған және ӘК техникалық қызмет көрсетуден кейін пайдалануға рұқсат етілген;
3) анықталған ақаулар жойылған не MEL және (немесе) CDL, пайдалану құжаттамасына немесе өзге де мақұлданған рәсімдерге сәйкес белгіленген тәртіппен кейінге қалдырылған;
4) ӘК жүйелері ұшу тапсырмасын орындау үшін қажетті көлемде авиациялық жанар-жағармай материалдарымен, арнайы сұйықтықтармен, сумен толтырылған және газдармен зарядталған;
5) кеме құжаттамасы, борттық журнал немесе техникалық борттық журнал ӘК бортында болады;
6) авариялық-құтқару, тұрмыстық және міндетті жабдық жинақталған, жарамды не оның жарамсыздығы MEL және (немесе) CDL, пайдалану құжаттамасында белгіленген тәртіппен ресімделген;
7) ӘК уақытша орнатылған қаптар, бітеуіштер, штырьлар, қысқыштар және өзге де сақтандырғыш құрылғылар, егер оларды ұшып шығар алдында алу талап етілсе, алынған;
8) тұрақ орны қауіпті аймақта бөгде заттардың, артық жерүсті қызмет көрсету құралдарының, жабдықтың және персоналдың болмауына тексерілген;
9) есіктер, люктер, панельдер және бөліктердің қақпақтары ӘК пайдалану құжаттамасына сәйкес жабылған;
10) белгіленген құжаттамада ӘК ұшып шығуға дайындығы туралы қорытынды ресімделген.
148. Ұшып шығуды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстардың орындалғаны туралы қорытынды және техникалық қызмет көрсетуден кейін ӘК пайдалануға рұқсат АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның уәкілетті тұлғасымен не белгіленген рәсімдерде айқындалған өзге тұлғамен ресімделеді.
Техникалық қызмет көрсетуден кейін ӘК пайдалануға рұқсатты ресімдеу ӘК командирінің өз өкілеттіктері шегінде ұшуды орындау туралы шешім қабылдауын алмастырмайды.
149. ӘК экипажға берілген кезде орындалған жедел ТҚК бойынша ресімделген құжаттар, борттық журнал, техникалық борттық журнал, ӘК техникалық жай-күйі, жойылған және кейінге қалдырылған ақаулар, орындалған жұмыстар, шектеулер, отын мөлшері, арнайы сұйықтықтар және ұшуды қауіпсіз орындау үшін қажетті деректер ұсынылады.
150. Экипаж орындайтын ұшу алдындағы қарап-тексеру барысында ӘК ұшуға дайындауға жауапты персонал ұшып шығу алдында алынуға жататын қаптарды, бітеуіштерді, қысқыштарды, штырьларды және өзге де уақытша орнатылған сақтандырғыш құрылғыларды ӘК алуын қамтамасыз етеді.
Экипаж ұшу алдындағы қарап-тексеру кезінде не жүйелер мен жабдықты тексеру кезінде ақауларды, зақымдануларды немесе ауытқуларды анықтаған жағдайда, оларды тіркеу, бағалау және жою не оның жарамсыздығы MEL және (немесе) CDL, пайдалану құжаттамасында белгіленген тәртіппен жоюды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдау қамтамасыз етіледі.
151. ӘК талап етілетін жұмыстар кешені орындалғаннан, техникалық қызмет көрсетуден кейін ӘК пайдалануға рұқсат ресімделгеннен, тұрақ орны тексерілгеннен, іске қосу және ұшып шығу үшін талап етілмейтін жерүсті қызмет көрсету құралдары алынғаннан, сондай-ақ экипаж ӘК қарап-тексеріп, қабылдағаннан кейін ұшып шығуға дайын деп есептеледі.
ӘК экипажбен қабылдануы борттық журналдағы, техникалық борттық журналдағы не өзге белгіленген құжаттамадағы жазбамен немесе қол қоюмен расталады.
25-параграф. Әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен, арнайы сұйықтықтармен, сумен толтыру және газдармен зарядтау
152. Авиациялық жанар-жағармай материалдарын құю және ағызу, ӘК арнайы сұйықтықтармен, сумен толтыру және газдармен зарядтау ӘК пайдалану құжаттамасына, дайындаушының нұсқаулықтарына, ӘК пайдаланушысының, әуеайлақ операторының, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның және жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйымның рәсімдеріне сәйкес орындалады.
ӘК авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету Азаматтық әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету қағидаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
153. ӘК авиациялық жанар-жағармай материалдарын құю және ағызу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді өзге де жерүсті қызмет көрсету қызметтерін орындайтын ұйым не ӘК жанармай құю жөніндегі мамандандырылған қызметтерді беруші ұсынады.
154. ӘК авиациялық жанар-жағармай материалдарын құю немесе ағызу ӘК қарамағында болатын тұлғаның не ӘК пайдаланушысы, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым немесе жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйым тағайындаған тұлғаның рұқсатымен орындалады.
155. ӘК авиациялық жанар-жағармай материалдарын құюды немесе ағызуды орындайтын ұйым:
1) ӘК пайдаланушысының рәсімдеріне сәйкес құюды және ағызуды қауіпсіз орындауды;
2) экипажбен, жерүсті қызмет көрсету ұйымымен, ӘК айналымдық қызмет көрсетуін үйлестіруді жүзеге асыратын тұлғамен және әуеайлақ операторымен байланыс рәсімдерін қолдануды;
3) перронда және ӘК тұрақ орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын;
4) тиісті ӘК үлгісінде қолдануға жіберілген авиациялық жанар-жағармай материалдарын ғана қолдануды;
5) көзделген бақылаудан өткен жарамды құю құралдарын пайдалануды;
6) өзара қайшы нұсқауларды құю немесе ағызу басталғанға дейін не жалғастырылғанға дейін ӘК пайдаланушысымен немесе әуеайлақ операторымен реттеуді қамтамасыз етеді.
156. Ұшуды орындау үшін қажетті отын мөлшерін ӘК командирі немесе экипаждың өзге уәкілетті мүшесі ӘК пайдаланушысының рәсімдеріне сәйкес айқындайды.
Отын қалдығының мөлшері, құйылған отын мөлшері, қосымша құйылған отын және ӘК бактарындағы отынның жиынтық мөлшері туралы мәліметтер борттық журналға, техникалық борттық журналға немесе өзге де белгіленген құжаттамаға енгізіледі.
157. Құю басталғанға дейін ӘК және құю аймағының дайындығын тексеру қамтамасыз етіледі, оның ішінде авиаЖЖМ ӘК үлгісіне сәйкестігі, авиаЖЖМ жарамдылығын растайтын құжаттардың болуы, құю құралдарының жарамдылығы, жерге тұйықтаудың, өрт сөндіру құралдарының, тіреуіш қалыптардың болуы және құюға қатыспайтын бөгде заттардың, жабдық пен тұлғалардың болмауы тексеріледі.
158. Бортта жолаушылар болған кезде, жолаушыларды отырғызу немесе түсіру кезінде авиациялық жанар-жағармай материалдарын құю немесе ағызу мынадай жағдайлар қамтамасыз етілген кезде орындалады:
1) белгіленген авариялық шығу есіктері мен эвакуациялау жолдарына еркін қол жеткізу;
2) отын құю көлік құралын әкету үшін еркін жолдың болуы;
3) егер көзделген болса, отын беруді авариялық тоқтату батырмасының қолжетімді болуы;
4) ӘК пайдаланушысы құюды немесе ағызуды бақылау үшін тағайындаған тұлғамен байланыстың болуы;
5) авариялық шығу есіктері, эвакуациялау жолдары бұғатталған, өрт, отын ағуы немесе өзге де қауіп туындаған кезде құюды немесе ағызуды тоқтату.
159. Авиациялық жанар-жағармай материалдары ӘК үлгісіне сәйкес келмеген, олардың кондицияға сәйкес еместігі анықталған, олардың жарамдылығын растайтын құжаттар болмаған немесе тиісінше ресімделмеген, құю құралдары жарамсыз болған не құюды қауіпсіз орындау үшін жағдайлар болмаған кезде ӘК құюға жол берілмейді.
160. ӘК бактарынан отынды немесе майды толық немесе ішінара ағызу даярланған персоналмен ӘК пайдалану құжаттамасына және белгіленген рәсімдерге сәйкес орындалады.
Отынды немесе майды ағызу кезінде ағызу кезектілігінің сақталуы, ӘК жүйелерін пайдалану құжаттамасына сәйкес басқару, ӘК рұқсат етілген орталықтауын сақтау, бактардың деформациялануын болдырмау, төгілуге, ағуға, өртке және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу қамтамасыз етіледі.
161. Қолайсыз метеорологиялық жағдайларда авиациялық жанар-жағармай материалдарын құю немесе ағызу ӘК пайдалану құжаттамасында, әуеайлақ операторының және құюды орындайтын ұйымның рәсімдерінде белгіленген шектеулер ескеріле отырып орындалады.
Найзағай белсенділігі, шаңды қатты жел кезінде, сондай-ақ қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда ӘК ашық құюға жол берілмейді, егер ӘК пайдалану құжаттамасында және арнайы рәсімдерде өзгеше көзделмесе.
162. Авиациялық жанар-жағармай материалдарын құю немесе ағызу кезінде:
1) ашық от көздерін, жарамсыз шамдарды, электр құралдарын немесе ұшқын көзі болуы мүмкін жабдықты пайдалануға;
2) егер олар қауіпсіздікке қатер төндірсе, құюға немесе оны бақылауға байланысты емес жұмыстарды орындауға;
3) төгілген отын, отын ағуы, ӘК ішінде отын булары не ӘК немесе құю құралына отын төгілуі болған кезде құюды немесе ағызуды бастауға;
4) құю аймағында аталған жұмыстарды орындауға қатыспайтын көлік құралдарын, жабдықты немесе персоналды орналастыруға;
5) құю құралын ӘК алыстату үшін еркін жол болмаған кезде құюды бастауға;
6) жолаушыларды немесе уәкілеттігі жоқ тұлғаларды құю аймағына жіберуге жол берілмейді.
163. Ангарларда немесе осыған ұқсас жабық құрылыстарда авиациялық жанар-жағармай материалдарын құю немесе ағызу ӘК пайдаланушысының және әуеайлақ операторының келісімімен ғана, сондай-ақ осындай жағдайлар үшін әзірленген арнайы рәсімдерге сәйкес орындалады.
164. Авариялық жағдай, отын ағуы, өрт, құю шлангілерінің немесе штуцерлердің герметикалығы бұзылған, ӘК немесе құю құралына отын төгілген кезде құю немесе ағызу дереу тоқтатылады.
Мұндай жағдайларда отын беруді немесе ағызуды тоқтату, экипажды, әуеайлақ операторын, жерүсті қызмет көрсету ұйымын және өрт-құтқару қызметін хабардар ету, егер бұл қауіпсіз орындау мүмкін болса, құю шлангісін ӘК ажырату, отын құю көлік құралын әкету не отын беруді авариялық тоқтату батырмасын қолдану, төгілу салдарын оқшаулау, оқиғаны тіркеу және түзету шараларын айқындау қамтамасыз етіледі.
165. ӘК пайдаланушысы, әуеайлақ операторы, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым, жерүсті қызмет көрсету ұйымы және ӘК құю жөніндегі қызметтерді беруші бөлінген міндеттер шегінде ӘК бактары мен жүйелерінде авиациялық жанар-жағармай материалдарын сақтау қағидаларының сақталуын, тұнбаны уақтылы ағызуды және тексеруді, судың, механикалық қоспалардың және өзге де ластанулардың түсуін болдырмауды, сондай-ақ ағызылатын тұнбаны қауіпсіз уақытша сақтауды және жоюды қамтамасыз етеді.
166. ӘК арнайы сұйықтықтармен, сумен толтыру және газдармен зарядтау ӘК пайдалану құжаттамасына және дайындаушының нұсқаулықтарына сәйкес талап етілетін көлемге, массаға немесе қысымға дейін орындалады.
Арнайы сұйықтықтар, су, газдар және құю құралдары, егер мұндай құжаттар пайдалану құжаттамасында немесе ӘК пайдаланушысының рәсімдерінде көзделсе, олардың сапасын, жарамдылығын және белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар болған кезде қолданылады.
167. ӘК гидравликалық жүйелерін толтыру нақты ӘК үлгісінің пайдалану құжаттамасында өзгеше көзделмесе, жабық тәсілмен орындалады.
Газдарды жоғары қысымды ыдыстардан қысымы төмендетілген ыдыстар мен жүйелерге зарядтау тиісті ӘК үлгісі үшін көзделген зарядтау құрылғыларын қолдана отырып орындалады.
168. Арнайы сұйықтықтармен, сумен толтыру және газдармен зарядтау жөніндегі жұмыстарды орындау кезінде жұмыстардың даярланған және рұқсат етілген персоналмен орындалуы, жарамды және таңбаланған құю және зарядтау құралдарының қолданылуы, ағулардың, ӘК жүйелерінің ластануының және бөгде заттардың пайда болуының алдын алу, жеке қорғаныш құралдарының қолданылуы, өрт қауіпсіздігі, еңбек қорғау және қоршаған ортаны қорғау шараларының сақталуы, сондай-ақ егер мұндай ресімдеу талап етілсе, орындалған жұмыстардың белгіленген техникалық құжаттамада ресімделуі қамтамасыз етіледі.
26-параграф. Жолаушылар салондары мен экипаж кабинасындағы ауаны кондиционерлеу
169. Жолаушылар салондары мен экипаж кабинасын жылыту, салқындату және желдету үшін әуеайлақтық құралдар мен борттық жүйелерді қолдану тәртібі мен шарттары тиісті ӘК үлгісі үшін ӘК пайдалану құжаттамасында айқындалады.
170. Жерде жолаушылар салондары мен экипаж кабинасын жылыту, салқындату және желдету әуеайлақтық кондиционерлерді, ауаны алдын ала кондиционерлеу қондырғыларын, әуеайлақтық жылытқыштарды не борттық ауаны кондиционерлеу жүйесін қолдана отырып орындалады, егер оларды қолдану ӘК пайдалану құжаттамасында көзделсе.
171. Борттық ауаны кондиционерлеу жүйесін, қосалқы күш қондырғысын басқаруды, сондай-ақ жолаушылар салондары мен экипаж кабинасындағы ауа температурасын бақылауды экипаж мүшесі немесе тиісті жүйе мен жабдықты пайдалануға рұқсат етілген қызметкер жүзеге асырады.
172. Әуеайлақтық және борттық жылыту, салқындату және желдету құралдары олардың жарамдылығы және тиісті ӘК үлгісіне қолдануға жарамдылығы жағдайында қолданылады.
Көрсетілген құралдардың техникалық жай-күйі жолаушылар салондары мен экипаж кабинасына шаңның, күйенің, механикалық бөлшектердің, пайдаланылған газдардың және өзге де зиянды заттардың түсуін болғызбауға тиіс.
Әуеайлақтық және борттық жылыту, салқындату және желдету құралдарын қолданатын ұйым олардың қауіпсіз пайдаланылуын, техникалық жарамдылығын және өрт қауіпсіздігі шараларының сақталуын қамтамасыз етеді.
27-параграф. Әуе кемелерінің авиақозғалтқыштары мен жүйелерін жылыту
173. ӘК қозғалтқыштарын, жүйелері мен бұйымдарын жылыту тәртібі мен шарттары тиісті ӘК үлгісіне арналған ӘК пайдалану құжаттамасымен, қолданылатын жылыту құралдарын дайындаушының нұсқаулықтарымен және ӘК пайдаланушысының, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның немесе жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйымның белгіленген рәсімдерімен айқындалады.
174. ӘК қозғалтқыштарын, жүйелері мен бұйымдарын жылыту ӘК пайдалану құжаттамасында көзделген жарамды жылыту құралдарын қолдана отырып, даярланған және рұқсат етілген персоналмен орындалады.
Жылыту орындалған кезде жылыту құралдарының жұмысына, жылытқыштан және оның жеңдерінен шығатын ауа температурасына, жылытылатын бұйымдардың, жүйелердің, қаптардың және өзге де қорғаныш құрылғыларының жай-күйіне тұрақты бақылау, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қамтамасыз етіледі.
175. ӘК қозғалтқыштары мен жүйелерін жылыту кезінде мыналарға жол берілмейді:
1) жарамсыз жылыту құралдарын не ӘК пайдалану құжаттамасында көзделмеген құралдарды қолдануға;
2) жарамды өрт сөндіру құралдары болмаған кезде жылыту орындауға;
3) жылытқыштарды ӘК пайдалану құжаттамасында белгіленген ӘК ең аз рұқсат етілетін арақашықтықтан жақын, ал мұндай шектеу болмаған кезде ӘК ең жақын нүктелерінен 3 метрден жақын қашықтықта орнатуға;
4) жылыту құралын оны пайдалануға тағайындалған персоналдың бақылауынсыз қалдыруға;
5) жылыту құралы үшін пайдалану құжаттамасында немесе жылыту құралын дайындаушының нұсқаулығында көзделмеген отынды пайдалануға;
6) егер бұл қауіпсіздіктің арнайы рәсімдерінде көзделмесе, жылытқыш жұмыс істеп тұрған кезде ӘК-ге жанар-жағармай материалдарын құюға;
7) жұмыс істеп тұрған жылыту құралын жанар-жағармай материалдарымен толтыруға;
8) көзделген жерге тұйықтау құрылғысынсыз жылыту құралын іске қосуға немесе пайдалануға;
9) ӘК бұйымдары мен жүйелерін ашық отпен жылытуға;
10) егер бұл пайдалану құжаттамасында және белгіленген рәсімдерде көзделмесе, жылыту жұмыстары орындалып жатқан кезде ӘК қозғалтқыштарын іске қосуға;
11) механикалық зақымданулары, жанар-жағармай материалдарымен ластануы немесе өзге де ақаулары бар жылытқыштың қысымды жеңдерін қолдануға;
12) жылытқыштан немесе оның жеңдерінен шығатын ауа температурасының ӘК пайдалану құжаттамасында немесе жылыту құралын дайындаушының нұсқаулығында белгіленген шектерден асып кетуіне жол беруге;
13) жылыту орындалып жатқан кезде жолаушыларды отырғызуға, бұған ӘК пайдаланушысының рәсімдерінде көзделген, қауіпсіз аймақтар, эвакуациялау жолдары және өрт қауіпсіздігі шаралары қамтамасыз етілген жағдайлар кірмейді.
28-параграф. Әуе кемелерінің үстіндегі қар мен мұзды кетіру
176. Мұзды кетіру кезінде мұздың қатуының алдын алу және кетіру жөніндегі жұмыстарға жұмылдырылған персонал осы жұмыстарды жүргізуге арналған ПҚ-ны және "Әуе кемесін жерде мұз қатуға қарсы қорғау жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" (бұдан әрі - Әуе кемесін жерде мұз қатуға қарсы қорғау жөніндегі қағидалар) Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 7 наурыздағы № 141 бұйрығын (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32037 болып тіркелген) басшылыққа алынады. Жылу машиналары әуе кемесіне ең жақын нүктеден 3,5 метр қашықтықтан жақын емес орналастырылады.
177. Мұздың қатуының алдын алу және кетіру жөніндегі жұмыстарды орындауға ӘК жерде мұз қатуға қарсы қорғау жөніндегі қағидаларына сәйкес білікті персонал жіберіледі.
29-параграф. Тиеу-түсіру жұмыстары
178. ӘК тиеу-түсіру жұмыстары ӘК қарамағында болатын тұлғаның не ӘК пайдаланушысы, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым немесе жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйым тағайындаған тұлғаның рұқсатымен орындалады.
Әуежайларда көрсетілген жұмыстар әуежайларда жерүсті қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидаларында белгіленген жерүсті қызмет көрсетуді жүзеге асыру тәртібі ескеріле отырып орындалады.
179. ӘК тиеу және түсіру ӘК пайдалану құжаттамасына, тиеу жөніндегі жазбаша нұсқауларға, масса және орталықтау құжаттарына, ӘК пайдаланушысының, әуеайлақ операторының және жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйымның рәсімдеріне сәйкес орындалады.
Тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу кезінде мынадай талаптардың орындалуы қамтамасыз етіледі:
1) пайдаланылатын көлік және өзге де құралдардың жақындауын, алыстауын және жұмысын бақылау;
2) ӘК, борттық құралдарды, жабдықты және такелажды зақымданудан қорғау;
3) жүктерді бөліктерде (жүк кабиналарында) дұрыс орналастыру және бекіту, әуе кемесінің талап етілетін орталықтауын қамтамасыз ету;
4) жолаушылар салондарының, жүк кабиналарының (бөліктерінің) алдыңғы және артқы бөліктерін тиеу (түсіру) кезектілігін сақтау;
5) тиеу нормалары бойынша, жүк кабинасының еденіне түсетін жүктемелер бойынша шектеулерді сақтау;
6) құйрық тірегі (тіреу домкраты) алынып тасталған кезде тиеу (түсіру) жұмыстарын орындауға жол берілмеуі;
7) рампаны, траптарды және трап асты тіректерін дұрыс орнату;
8) кран-арқалықтарды, тельферлерді, шығырларды, тиеу арқандары мен блоктарын пайдалану құжаттамасында белгіленген күштерден артық жүктеуге жол бермеу;
9) жүктер мен техниканы бекіту үшін осы массаға пайдалану құжаттамасында көзделмеген байлап бекіту тораптары мен арқандарын, шектегіштер мен құрылғыларды қолдануға жол бермеу.
Жарамсыз көлік қаптамасындағы жүктерді, оның ішінде контейнерлерді, тұғырықтарды, жүк арбаларын ӘК тиеуге жіберуге жол берілмейді.
180. Борттық тиеу-түсіру және байлап бекіту жабдығының жарамдылығын тексеру, оны пайдалануға дайындау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу даярланған және рұқсат етілген персоналмен ӘК пайдалану құжаттамасына және ӘК пайдаланушысының немесе АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Көрсетілген жабдықты мақсаты бойынша пайдаланар алдында оны қабылдау ӘК пайдалану құжаттамасына және ӘК пайдаланушысының рәсімдерінде белгіленген міндеттерді бөлуге сәйкес тиеу-түсіру жұмыстарын орындауға жауапты тұлғамен не ӘК экипажымен қамтамасыз етіледі.
30-параграф. Әуе кемелерін сүйрету
181. ӘК әуеайлақта тұрақ орнына, перронға, қозғалтқыштарды іске қосу орнына, ангарға, арнайы тұраққа немесе әуеайлақ операторының, ӘК пайдаланушысының, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның немесе жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйымның рәсімдерінде көзделген өзге алаңға сүйретіледі.
ӘК рульдеу жолдарымен, ұшу-қону жолағымен немесе оларды кесіп өту арқылы сүйрету әуеайлақ рәсімдеріне сәйкес әуе қозғалысына қызмет көрсету органының немесе өзге де уәкілетті тұлғаның рұқсаты болған кезде орындалады.
182. ӘК сүйрету тиісті ӘК үлгісіне жарамды және жарамды күйдегі тартқыштарды, сүйрету құрылғыларын, байланыс құралдарын және өзге де жабдықты қолдана отырып, даярланған және рұқсат етілген персоналмен орындалады.
Сүйретуге жауапты тұлға, сүйретуге қатысушылар құрамы, байланыс тәртібі және міндеттерді бөлу ӘК пайдаланушысының, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның немесе жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйымның рәсімдерімен айқындалады.
183. ӘК сүйрету тиісті ӘК үлгісіне сүйретуге жарамды маршруттар, алаңдар және жабындар бойынша, ӘК, тартқыштың, сүйрету құрылғысының пайдалану шектеулерін, жабынның жай-күйін, метеорологиялық жағдайларды және әуеайлақ операторының рәсімдерін ескере отырып орындалады.
Тәуліктің қараңғы уақытында немесе көріну шектеулі болған кезде сүйрету көзделген жарық сигналдарын, борттық шамдарды, байланыс құралдарын және қосымша сақтық шараларын қолдана отырып орындалады.
184. Сүйрету кезінде сүйретуге жауапты тұлға, экипаж кабинасында орналасқан тұлға, тартқыш жүргізушісі, ілесіп жүретін тұлғалар және қажет болған кезде әуе қозғалысына қызмет көрсету органы арасында сенімді байланыс қамтамасыз етіледі.
Радиобайланысты немесе сөйлесу құрылғысын пайдалану мүмкін болмаған кезде белгіленген көзбен шолу сигналдары мен командалар қолданылады.
185. Сүйретілетін ӘК мәжбүрлі тоқтаған кезде оның байқаусыз қозғалуын болдырмайтын шаралар қабылданады, оның ішінде егер бұл сүйрету жағдайларында немесе ӘК пайдалану құжаттамасында талап етілсе, тіреуіш қалыптар орнатылады.
Экипаж кабинасында орналасқан тұлға авариялық жағдайда ӘК тоқтату жөніндегі іс-қимылдардың ӘК пайдалану құжаттамасына және белгіленген рәсімдерге сәйкес орындалуын қамтамасыз етеді.
186. Сүйрету кезінде:
1) ӘК орнынан тербету арқылы қозғауға;
2) адамдардың ӘК беттерінде (қанатта, фюзеляжда), тартқыш кабинасының басқыштарында және сүйрету құрылғысында болуына;
3) қозғалыс кезінде сүйрету штангасының ӘК және тартқышпен қосылыстарындағы ақауларды жоюға;
4) тартқыш артқа жүрген кезде сүйрету штангасының көмегімен ӘК итеруге;
5) топыраққа батып қалған ӘК алдыңғы тірегі арқылы тартып шығаруға жол берілмейді.
187. Гидроұшақтарды сүйрету ӘК пайдалану құжаттамасына және ӘК пайдаланушысының рәсімдеріне сәйкес, тиісті ӘК үлгісіне жарамды жүзу құралдары мен сүйрету құрылғыларын қолдана отырып, метеорологиялық жағдайларды, акваторияның жай-күйін, жел бағытын, ағысты және сүйрету бойынша шектеулерді ескере отырып орындалады.
31-параграф. Әуе кемесінің тұрмыстық жабдықтарына қызмет көрсету, жуу
188. Тұрмыстық жабдыққа қызмет көрсету ӘК ТҚК құрамдас бөлігі болып табылады және оны орындауға даярланған әрі рұқсат етілген қызметкерлер орындайды.
189. Тұрмыстық жабдыққа қызмет көрсетудің жоспарлы мерзімдері мен технологиясы пайдалану құжаттамасымен белгіленеді.
Тұрмыстық жабдыққа қызмет көрсету жөніндегі қосымша жұмыстардың қажеттілігі экипаждың шешімімен, жабдықтың ақауларымен, жоспарланатын ұшудың ерекшеліктерімен, жабдықтың санитариялық-гигиеналық жай-күйімен және ӘК пайдаланушысының рәсімдерімен айқындалады.
190. ӘК ішінара немесе толық сыртқы тазарту, жуу және оның беттерін өңдеу ӘК пайдалану құжаттамасында, ӘК дайындаушысының немесе қолданылатын құралдарды дайындаушының нұсқаулықтарында, сондай-ақ ӘК пайдаланушысының, АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның немесе жерүсті қызмет көрсетуді орындайтын ұйымның рәсімдерінде көзделген құралдарды, материалдарды және жабдықты қолдана отырып, даярланған және рұқсат етілген персоналмен орындалады.
191. ӘК жуу кезінде ластануларды кетіру үшін металл щеткаларды және сызат түсіретін немесе жабындарды бұзатын өзге де құралдарды қолдануға жол берілмейді. Жуу кезінде орындаушылар жуу материалдарының қанаттың, бөліктердің ішіне, кабина еденіне, ауа қабылдағыш құрылғыларға және бұйымдарға түсуін, сондай-ақ қаптаманың мұздануын болғызбайды.
ӘК арнайы химиялық құралдарды (суға қосылатын қоспаларды) қолдана отырып толық жуу қалдықтарды жинауға арналған құрылғылармен жабдықталған арнайы тұрақтарда (алаңдарда) жүргізіледі.
192. ӘК сыртқы тазартудан немесе жуудан кейін ӘК пайдалану құжаттамасында немесе ӘК пайдаланушысының рәсімдерінде көзделген тексерулер, оның ішінде егер мұндай тексеру көрсетілген жұмыстар орындалғаннан кейін талап етілсе, аспаптар мен жүйелердің жұмысқа қабілеттілігін тексеру орындалады.
32-параграф. Бақылау ұшуы және жермен жүру
193. ӘК бақылау ұшуы ӘК жүйелерінің, компоненттерінің немесе жабдығының жұмысқа қабілеттілігін тексеру үшін, егер мұндай тексеру жерде орындалуы мүмкін болмаса, сондай-ақ ӘК пайдалану құжаттамасында, техникалық қызмет көрсету бағдарламасында, техникалық қызмет көрсетудің бекітілген деректерінде, жөндеуді, модификацияны орындау, ӘК сақтаудан шығару шарттарында немесе ӘК пайдаланушысының белгіленген рәсімдерінде көзделген өзге де жағдайларда орындалады.
Бақылау ұшуы ӘК ұшуда пайдалану жөніндегі басшылыққа, ӘК пайдаланушысының ұшуларды орындау жөніндегі басшылығына, бақылау ұшуының бағдарламасына және ұшуларды орындау қағидаларының қолданылатын талаптарына сәйкес орындалады.
194. Бақылау ұшуын орындау туралы шешімді ӘК пайдаланушысы ӘК пайдалану құжаттамасын, техникалық қызмет көрсету бағдарламасын, орындалған жұмыстардың сипатын, анықталған ақауларды, жердегі тексерулердің нәтижелерін және АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның қорытындысын ескере отырып қабылдайды.
195. Бақылау ұшуын орындау үшін ӘК пайдаланушысы бақылау ұшуының бағдарламасын әзірлейді, онда ұшудың мақсаты, оны орындау шарттары, тексерілетін жүйелер, компоненттер мен жабдық, тексеру режимдері мен параметрлері, шектеулер, тәуекелді төмендету шаралары, экипаж құрамы, мамандардың қатысу қажеттілігі және нәтижелерді тіркеу тәртібі көрсетіледі.
АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым техникалық қызмет көрсету, жөндеу, модификация немесе ақауларды жою бойынша орындалған жұмыстар шегінде бақылау ұшуы бағдарламасының техникалық бөлігін әзірлеуге қатысады.
196. ӘК талап етілетін ТҚК орындалғаннан, жерүсті тексерулер жүргізілгеннен, ақаулықтар жойылғаннан және бақылау ұшуын орындауға негіз болған барлық жұмыстарды қамтитын техникалық қызмет көрсету туралы куәлік ресімделгеннен кейін бақылау ұшуына жіберіледі.
197. Бақылау ұшуында экипаж және қажет болған кезде ұшуға қатысатын мамандар ӘК жүйелерінің, компоненттері мен жабдығының жұмысын бақылайды, бақылау ұшуының бағдарламасында көзделген параметрлерді тіркейді және анықталған ауытқулар туралы ӘК командиріне баяндайды.
Жүйелердің жұмыс режимін өзгерту, тексеруді тоқтату немесе әуеайлаққа қайту жөніндегі іс-қимылдар ӘК командирінің шешімі бойынша ӘК ұшуда пайдалану жөніндегі басшылыққа, бақылау ұшуының бағдарламасына және ӘК пайдаланушысының рәсімдеріне сәйкес орындалады.
198. Бақылау ұшуының нәтижелері, анықталған істен шығулар, ақаулар, ауытқулар және орындалған іс-қимылдар борттық журналда, техникалық борттық журналда, бақылау ұшуының картасында немесе өзге де белгіленген құжаттамада ресімделеді.
199. Бақылау ұшуының нәтижелерін өңдеу оның бағдарламасына сәйкес деректерді ашып оқу және талдаудың қолданыстағы технологияларын (әдістемелерін) қолдана отырып жүргізіледі. Бақылау ұшуының нәтижелерін өңдеу материалдарының сараптамасын пайдаланушы және АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйым айқындайтын мамандар жүргізеді.
Ауытқулардың жоқтығы расталған кезде не анықталған ақаулар жойылғаннан кейін ӘК техникалық құжаттамасына тиісті жазбалар енгізіледі және, егер талап етілсе, техникалық қызмет көрсетуден кейін ӘК пайдалануға рұқсат ресімделеді.
200. Бақылау ұшуының орындалғаны туралы жазба ӘК формулярына, борттық журналға, техникалық борттық журналға немесе өзге де белгіленген құжаттамаға ӘК пайдаланушысының және АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдерінде айқындалған тәртіппен енгізіледі.
201. ӘК бақылау рулдеуі ӘК жүйелерінің, компоненттерінің немесе жабдығының жұмысқа қабілеттілігін тексеру үшін, егер мұндай тексеру тұрақ орнында орындалуы мүмкін болмаса, сондай-ақ ӘК пайдалану құжаттамасында, техникалық қызмет көрсету бағдарламасында немесе ӘК пайдаланушысының рәсімдерінде көзделген жағдайларда орындалады.
202. Бақылау рулдеуін орындау туралы шешімді ӘК пайдаланушысы ӘК пайдалану құжаттамасын, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, модификация немесе ақауларды жою нәтижелерін, сондай-ақ әуеайлақ жағдайларын ескере отырып қабылдайды.
Бақылау рулдеуі ӘК пайдаланушысы бекіткен бақылау рулдеуі бағдарламасы бойынша, ӘК ұшуда пайдалану жөніндегі басшылық, әуеайлақ операторының рәсімдері, ұшуларды орындау қағидалары және, егер мұндай рұқсат талап етілсе, әуе қозғалысына қызмет көрсету органының талаптары сақтала отырып орындалады.
203. Бақылау рулдеуі бағдарламасы рулдеудің мақсатын, шарттары мен маршрутын, тексерілетін жүйелер мен параметрлерді, шектеулерді, қауіпсіздік шараларын, экипаж және өзге де қатысушылар құрамын, байланыс тәртібін, ауытқулар анықталған кездегі іс-қимылдарды және нәтижелерді ресімдеу тәртібін қамтиды.
204. ӘК талап етілетін техникалық қызмет көрсету жұмыстары орындалғаннан, ӘК дайындығы тексерілгеннен, техникалық құжаттамаға жазбалар енгізілгеннен және рулдеуді қауіпсіз орындау мүмкіндігі расталғаннан кейін бақылау рулдеуіне жіберіледі.
Бақылау рулдеуінің нәтижелері және анықталған ауытқулар борттық журналда, техникалық борттық журналда, бақылау рулдеуі бағдарламасында немесе өзге де белгіленген құжаттамада ресімделеді.
Бақылау рулдеуінен кейін ӘК техникалық жай-күйі туралы қорытындыны АТ ТҚК және Ж жөніндегі ұйымның уәкілетті тұлғасы ресімдейді.
