"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Солтүстік Қазақстан облысының аумағында стационарлық емес объектілер мен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын, орнатуды, жұмыс істеуін және бөлшектеуді айқындау қағидалары бекітілсін.
2. "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте қамтамасыз етсін:
1) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Солтүстік Қазақстан облысының әкімі | Г. Нурмухамбетов |
| Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің | |
| 2026 жылғы 28 қыркүйектегі | |
| № 270 қаулысымен бекітілген |
Солтүстік Қазақстан облысының аумағында стационарлық емес объектілер мен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын, орнатуды, жұмыс істеуін және бөлшектеуді айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында стационарлық емес объектілерді және стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын, орнатуды, жұмыс істеуін және бөлшектелуді айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Солтүстік Қазақстан облысының аумағында стационарлық емес объектілер мен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын, орнатуды, жұмыс істеуін және бөлшектелуді айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер пайдаланылады:
1) автодүкен – сауда жабдықтарымен жарақталған мамандандырылған автокөлік құралы;
2) автомат – тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы;
3) дүңгіршек – бір немесе бірнеше сауда орындарына есептелген, азық-түлік тауарларын сақтауға арналған сауда залы және үй-жайлары жоқ, сауда жабдықтарымен жарақталған күрделі емес тасымалды құрылыс;
4) жылжымалы сөре – арнайы бөлінген орынға орнатылатын, сауда орнын білдіретін, тасымалды уақытша құрылыс (конструкция);
5) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар, қандастар және мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар (жеке кәсіпкерлік субъектілері), мемлекеттік кәсіпорындар (мемлекеттік кәсіпкерлік субъектілері) кәсіпкерлік субъектілері болып табылады;
6) нобай (нобайлық жоба) – жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, әшекейлiк немесе басқа) шешiмнiң оңайлатылған, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн түрi;
7) елді мекеннің (елді мекеннің құрамдас бөліктерінің) сәулеттік келбеті – құрылыс объектілерінің, құрылыс салудың, абаттандырудың және қоршаған ортаның барлық элементтерінің орналасуы тұтас эстетикалық сәулетті, жайлы, қолжетімді және қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған аумақтың кеңістіктік-композициялық шешімі;
8) стационарлық емес сауда объектісі – сауда қызметі және (немесе) қоғамдық тамақтандыру үшін пайдаланылатын, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуының (технологиялық жалғануының) болуына немесе болмауына қарамастан, жермен берік байланыспаған, уақытша құрылысжай немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;
9) шатыр (павильон) – бір немесе бірнеше сауда орындары үшін сауда жабдықтарымен жарақталған, сауда қоры үшін алаңы бар және арнайы белгіленген орынға орналастырылатын құрастырмалы-жиналмалы конструкциядардан жеңіл құрылатын құрылыс.
2-тарау. Солтүстік Қазақстан облысының аумағында стационарлық емес объектілер мен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау тәртібі
3. Стационарлық емес сауда объектілеріне мыналар жатады:
1) автодүкен;
2) автомат (сауда автоматы);
3) дүңгіршек;
4) жылжымалы сөре;
5) шатыр (павильон).
4. Стационарлық емес сауда объектілерін орнату орындарын айқындау кезінде көрсетіледі:
1) нақты орналасқан жері;
2) маршрут сызбасы;
3) алып жатқан алаң;
4) кемінде бір жыл және бес жылдан аспайтын сауда қызметін жүзеге асыру кезеңі;
5) жақын маңдағы инфрақұрылымды ескере отырып қызмет саласы (тауарлардың ұқсас ассортименті сатылатын сауда объектілері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану объектілері).
5. Стационарлық емес сауда объектілеріндегі сауда, ҚР СТ 3675 "Сауда қызметтері. Шағын бөлшек сауда желілері объектілеріне қойылатын жалпы талаптар" Қазақстан Республикасы ұлттық стандартының талаптарын сақтай отырып жүзеге асады.
6. Автодүкен арқылы тауарларды өткізу кезінде мамандандырылған көлік құралы техникалық тұрғыдан жарамды болуы және "Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, Механикалық көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау, Емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10056 болып тіркелді) сәйкес көлік құралын тіркеу туралы куәлікте белгісі болуы тиіс.
7. Автодүкендер (мамандандырылған автомобильдер) "Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін қоспағанда, механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын, механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап-тексеруден өткізу кезеңділігін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 329 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11333 болып тіркелген) белгіленген тәртіппен көрсетілген көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу және міндетті техникалық байқаудан өту шартымен және Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес жәрмеңкелерде сауда жасау үшін пайдаланылады.
8. Тамақ өнімдерін тасымалдау және (немесе) сақтау жағдайларын ұстап тұру мүмкіндігін қамтамасыз ететін, тасымалдаудың қажетті температурасын ұстап тұратын жабдықпен және температуралық режимдердің тиісті параметрлерін өлшеудің бақылау құралдарымен жарақтандырылған олардың ішкі беті тазалауға, жууға және дезинфекциялауға жарамды, тамақ өнімдерін ластанудан, жануарлардың, соның ішінде кеміргіштер мен жәндіктердің енуінен, тамақ өнімдерінен қорғауды қамтамасыз ететін жууға жарамды және уытты емес материалдардан жасалған көлік құралдары және (немесе) контейнерлер пайдаланылады.
3-тарау. Солтүстік Қазақстан облысының аумағында стационарлық емес объектілер мен стационарлық емес сауда объектілерін орнату, жұмыс істеуі және бөлшектеу тәртібі
9. ішкі сауда субъектісі стационарлық емес сауда объектілерін орнату кезінде:
1) жаяу жүргіншілердің еркін қозғалысын (жаяу жүргіншілер жолдарынан жаяу жүргіншілер бөлігінің ені кемінде 1,5 метр), мүгедектігі бар адамдар мен халықтың өзге де аз қозғалатын топтары, төтенше жағдайлар кезінде арнайы көліктің кедергісіз кіруі үшін жағдайлар жасауды;
2) өрт сөндіру бөлімшелерінің, авариялық-құтқару техникасының қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарға кедергісіз кіруін қарастыру қажет.
10. Қоғамдық тамақтану саласындағы стационарлық емес сауда объектісінің орналасқан жерінен инженерлік желілерге (сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау) қосылу нүктесіне дейінгі арақашықтық 20 метрден аспауы тиіс.
11. Ішкі сауда субъектілері қызметін жүзеге асыру шеңберінде:
1) жердi оның нысаналы мақсатына немесе функционалдық аймақты, уақытша жер пайдалану кезiнде – оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдаланады;
2) санитариялық және экологиялық талаптарға сәйкес келетін өндіріс технологияларын қолданып, өздерi жүзеге асыратын қызмет салдарынан адам денсаулығына зиян келтіруге, санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдайдың нашарлауына, экологиялық залал келтіруге жол бермейді;
3) жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын уақытылы төлейді;
4) жер учаскесiнде шаруашылық қызметтi жүзеге асыру кезiнде құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарды (нормаларды, ережелердi, нормативтердi) сақтайды;
5) басқа меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзбайды.
12. Cтационарлық емес сауда объектісін орнату кезінде ішкі сауда субъектісінің маңдайшасы болуы қажет.
13. Бөлшектеу жүргізілетін жағдайлар:
1) жер учаскесін жалға алу мерзімі аяқталған кезде;
2) кәсіпкерлік субъектісінің қызметі тоқтағанда;
3) пайдалану шарттары бұзылғанда.
14. Бөлшектеу жұмыстары меншік иесінің есебінен бір ай ішінде жүргізіледі.