"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Қосшы қаласы мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ережесі бекітілсін.
2. "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің бекітілген Ережесі әділет органдарында заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелсін.
3. Осы шешімнің орындалуын бақылау "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі аппаратының басшысы М.И. Бапеноваға жүктелсін.
4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қосшы қаласы мәслихатының төрағасы | Ә. Қуатбеков |
| Ақмола облысы | |
| Қосшы қаласы мәслихатының | |
| 2026 жылғы 23 қыркүйек | |
| № 258/67-8 шешімімен | |
| бекітілген |
Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады және Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады, депутаттарға олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді.
2. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің ведомстволары жоқ.
3. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған уәкілеттік берілген жағдайда мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуға құқылы.
7. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мәслихат төрағасының өкімімен, мәслихат аппараты басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы және штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
Мәслихаттың өкiлеттiк мерзiмiнiң аяқталуымен, Мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайларда, Мәслихат аппараты мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi тоқтатылмайды.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010078, Ақмола облысы, Қосшы қаласы, Республика көшесі, 46-ғимарат.
10. Осы Ереже Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
12. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары, функциялары және өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) қалалық мәслихаттың қызметін ұйымдастырушылық және құжаттамалық қамтамасыз ету;
2) қалалық мәслихаттың норма шығару қызметінің заңдылығын қамтамасыз ету;
3) сайлау процесінің және сайлау жүйесі органдары қызметінің заңдылығын ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамасыз ету;
4) мәслихат қызметінің жариялылығын, транспаренттілігін және ашықтығын қамтамасыз ету;
5) қалалық мәслихаттың қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету және шаруашылық жүргізу;
6) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету.
14. Өкілеттіктері:
1) Құқықтары:
қалалық мәслихат сессиялары мен тұрақты (уақытша) комиссияларының отырыстарында қаралатын мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан, өзге де ұйымдар мен азаматтардан белгіленген тәртіппен қажетті ақпаратты, анықтамаларды, есептерді, шешімдердің жобаларын, нормативтік құқықтық актілер жобаларының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны туралы мәліметтерді, ғылыми сараптамалардың және сараптамалық кеңестердің қорытындыларын, енгізілген қалалық мәслихат шешімдерінің жобалары бойынша қажетті келісулерді және өзге де құжаттарды сұратуға;
қалалық мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелерді қарау және пысықтау үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерін тартуға, тиісті шешімдерді әзірлеу үшін уақытша жұмыс топтарын құруға;
депутаттардың сауалдары мен депутаттық ұсыныстарын уақтылы қарауды және іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар мен мекемелерге сауалдар жолдауға;
қалалық мәслихатқа жолданған азаматтардың өтініштерін қараудың мерзімдері мен нәтижелерінің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға.
2) Міндеттері:
өз құзыреті шегінде қалалық мәслихат регламентінің сақталуын қамтамасыз ету;
қалалық мәслихаттың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша лауазымды адамдар мен мемлекеттік органдарға консультативтік-әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де көмек көрсету;
мәслихат депутаттары мен аппараты қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды қамтамасыз ету.
15. Функциялары:
1) мәслихат жұмысының жоспарлануын ұйымдастырушылық қамтамасыз ету:
отырыстардың кестелерін қалыптастыру, сессияларға қатысушыларды уақтылы хабардар ету, мәслихаттың жұмыс топтары мен тұрақты комиссияларының қызметін үйлестіру;
2) атқарушы органдар басшыларының ақпараттары мен есептерін жинау және талдау, өз қызметі туралы қалалық мәслихат депутаттарының алдында есеп беретін мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелері бойынша анықтамалар дайындау;
3) құжаттамалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру, сессиялар мен комиссиялар отырыстарының хаттамаларын жүргізу, олардың аудио-бейнежазбасын қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыс және қорытынды материалдарды дайындау, көбейту және тарату;
4) мәслихат шешімдерінің жобаларына Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан құқықтық сараптама жүргізу;
5) қабылданған нормативтік шешімдерді мемлекеттік тіркеу үшін әділет органдарына жолдауды қамтамасыз ету;
6) шешімдер жобалары мен депутаттық сауалдарды дайындау кезінде депутаттарға құқықтық көмек көрсету;
7) мәслихат пен оның аппаратының мүдделерін соттарда және өзге де мемлекеттік органдарда білдіру және қорғау;
8) қалалық мәслихаттың қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілер мен өзге де шешімдердің жобаларын әзірлеуді бақылау;
9) саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бірлестіктердің сайлау комиссияларының құрамдарына кандидатуралар бойынша ұсыныстарын қабылдау, жинау және тексеру рәсімдерін ұйымдастыру;
10) аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдарын қалыптастыру туралы мәслихат шешімдерінің жобаларын, сондай-ақ комиссия мүшелерінің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда олардың құрамына өзгерістер енгізу туралы шешімдердің жобаларын дайындау;
11) сайлау комиссияларын қалыптастырудың заңда белгіленген рәсімдері мен мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету, кандидаттардың сайлау заңнамасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру;
12) мәслихат шешімдерінің бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын және өкілді органның бірыңғай интернет-ресурсының өзекті күйде болуын қамтамасыз ету;
13) мәслихат төрағасының және депутаттарының азаматтарды жеке қабылдауын ұйымдастыру, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, петицияларды есепке алуды, тіркеуді және олардың қаралуын бақылауды жүзеге асыру;
14) депутаттарға сайлау округтерінің тұрғындары алдында міндетті жария есептерді дайындауға және өткізуге жәрдем көрсету;
15) қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша жария тыңдауларды, дөңгелек үстелдерді және қоғамдық талқылаудың өзге де нысандарын өткізуді қамтамасыз ету;
16) мәслихаттың қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстарды жоспарлау, бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті қалыптастыру;
17) мәслихат пен оның аппаратының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру және өткізу;
18) кадрлық іс жүргізуді жүзеге асыру;
19) құжат айналымының бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуін, құжаттардың архивтік сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ құпиялылық режимінің сақталуын және мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз ету;
20) Қоғамдық кеңестің құрамын қалыптастыру, оның жұмысын жоспарлау, қатысушыларды уақтылы хабардар ету және кеңестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын үйлестіру;
21) Қоғамдық кеңес отырыстарының хаттамаларын жүргізу, оның шешімдерін ресімдеу және тарату, сондай-ақ кеңес қызметінің бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда жариялылығын қамтамасыз ету.
3-тарау. Мәслихат аппараты басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Мәслихат аппаратын басқаруды бірінші басшы - Мәслихат аппаратының басшысы жүзеге асырады, ол Мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Мәслихат аппаратының басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Мәслихат төрағасы лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
18. Мәслихат аппараты басшысының орынбасарлары жоқ.
19. Мәслихат аппараты басшысының өкілеттіктері:
1) мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды;
2) өз құзыреті шегінде мәслихат аппаратының қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
3) мәслихат аппаратының "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындайды және мемлекеттік лауазымдардан босатады;
4) мәслихат аппаратының тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
5) қызметтік тәртіптің сақталуын бақылайды;
6) мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар белгілеу мәселелерін шешеді;
7) мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауаптылығы мәселелерін шешеді;
8) мәслихат аппаратында еңбек келісім-шарты негізінде жұмыс атқаратын қызметшілерді жұмысқа қабылдау, жұмыстан босату, еңбек келісім-шартын бұзу, тәртіптік жауапкершілікке тарту, жыл сайынғы еңбек демалысына жіберу мен демалыстан шақырып алу бойынша бұйрықтар қабылдайды;
9) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;
10) мәслихат сессияларын, мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссияларының отырыстарын ұйымдастырады;
11) мәслихат шешімдерінің жобаларын, мәслихат депутаттарын іссапарға жіберу және мәслихат төрағасы немесе мәслихаттың тұрақты комиссиясы төрағасы болмаған жағдайда міндеттерін жүктеу туралы бұйрықтардың жобаларын дайындайды;
12) депутаттардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;
13) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша бұйрықтар шығарады;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген және аппарат басшысына жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
20. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған меншік иесі берген мүліктің, сондай-ақ өз қызметінің нәтижесінде және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден сатып алынған мүліктің, оның ішінде ақшалай кірістердің есебінен қалыптастырылады.
21. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
22. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі өзіне бекітіліп берілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге құқылы емес.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
23. Ақмола облысы "Қосшы қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.