ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың 01.10.2026 бастап қолданысқа енгізіледі.
"Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу" және "Жұмыссыздарды тіркеу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылсын.
2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес "Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу" және "Жұмыссыздарды тіркеу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асырудың қоса беріліп отырған алгоритмі бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаменті:
1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде электрондық нысанда ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындагы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
2) осы бұйрықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының назарына жеткізсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрге жүктелсін.
6. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
|
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
А. Ертаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
| Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2026 жылғы 30 қыркүйектегі № 382 бұйрығымен бекітілген |
"Жұмыс іздеушілерді тіркеу" және "Жұмыссыздарды тіркеу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу пилоттық жобасын іске асыру алгоритмі
1. Осы "Жұмыс іздеушілерді тіркеу" және "Жұмыссыздарды тіркеу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу пилоттық жобасын іске асыру алгоритмі жұмыс іздейтін адамдарды және жұмыссыз адамдарды тіркеу процестеріне жаңа тәсілдерді сынақтан өткізу және олардың тиімділігін бағалау, сондай-ақ оларды көрсету тәртібін жетілдіру мақсатында әзірленді.
2. Осы Алгоритмде мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар қолданылады:
1) "Еңбек нарығы" автоматтандырылған цифрлық жүйесі (бұдан әрі – "Еңбек нарығы" АЦЖ) – әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай цифрлық жүйесінің құрамындағы жұмысқа орналастыруға делдалдық көрсету, есептілікке мониторинг жүргізу және қалыптастыру мақсатында еңбек мобильділігі орталықтарының, мансап орталықтарының қызметін автоматтандыруға және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялаумен қоса ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған автоматтандырылған цифрлық жүйе;
2) жұмыс іздеуші адам – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін мансап орталығына жүгінген жеке тұлға;
3) мансап орталығы – еңбек мобильділігі орталығының аудандарда, астанада, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда оның функцияларын орындауды жүзеге асыратын филиалы;
4) проактивті қызмет – қызмет алушының өтінімінсіз, автоматты түрде қызмет алушының келісімімен ұсынылатын көрсетілетін мемлекеттік қызмет;
5) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) Электрондық еңбек биржасы – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыс іздеуді және персоналды іріктеуге жәрдемдесуді, жұмыспен қамту саласында электрондық және проактивті форматта қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге арналған жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасын білдіретін цифрландыру объектісі;
7) электрондық өтініш – электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш;
8) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті мен электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы).
Осы Алгоритмде пайдаланылатын барлық өзге терминдер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Заңында және өзге де нормативтік құқықтық актілерде қолданылатын мағынада пайдаланылады.
3. Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және мансап орталықтарының еңбекке орналасуға дәнекерлік етуді жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 9 маусымдағы № 214 бұйрығымен бекітілген Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және мансап орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларымен (бұдан әрі – № 214 қағидалар) белгіленеді (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32850 болып тіркелген).
4. Жұмыспен және (немесе) табыспен (кіріспен) қамтамасыз етілмеген, өзіне қолайлы жұмыс іздеп жүрген адам (бұдан әрі – жұмыс іздеуші) тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы немесе "Электрондық еңбек биржасы" бірыңғай цифрлық жұмыспен қамту платформасы (бұдан әрі – Электрондық еңбек биржасы) арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуге өтініш білдірген кезде № 214 Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сай жұмыс іздеуші ретінде тіркеу үшін дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім береді.
5. Ұсынылған құжаттардың және (немесе) деректердің (мәліметтер жиынтығының) дұрыстығы расталғаннан кейін, ақпараттық жүйеде автоматты түрде немесе мансап орталығы олар келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде ізденушіні жұмыс іздеуші ретінде тіркейді.
6. Жұмыс іздеуші ретінде тіркеу арқылы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылады.
7. Электрондық еңбек биржасы жұмыс іздеп жүрген адам тіркелген күннен бастап 13 (он үш) күнтізбелік күн ішінде № 214 Қағидалардың 5-бөлімінің 4-параграфына сәйкес бос жұмыс орындарын автоматты түрде таңдайды.
Мансап орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап 13 (он үш) күнтізбелік күн ішінде № 214 Қағидалардың 5-бөлімінің 3-параграфына сәйкес оған лайықты жұмыс таңдауда жәрдем көрсетеді.
8. Жұмыс іздеуші 13 (он үш) күнтізбелік күн өткен соң жұмысқа орналастырылмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 99-бабының 3-тармағында көзделген адамдардың санатын қоспағанда, оны жұмыссыз ретінде тіркеу автоматты түрде жүзеге асырылады.
9. Мансап орталығынан лайықты жұмыстың болуы туралы ұсыныстар алған кезде жұмыс іздеуші және (немесе) жұмыссыз адам 3 (үш) жұмыс күні ішінде жеке өзі немесе цифрлық технологиялар және (немесе) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы мансап орталығын ұсынылған лайықты жұмысқа келісетіні немесе одан бас тартатыны туралы хабардар етеді.
10. Мансап орталығы жұмыссыз адамды (әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелерін, сондай-ақ олардың асырауындағы, еңбек қызметін жүзеге асырмайтын, уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен тіркелетін және есептен шығарылатын адамдарды қоспағанда) "Еңбек нарығы" АЦЖ арқылы тиісті ақпаратты алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жұмыссызды мынадай жағдайларда:
1) мансап орталығы ұсынған лайықты жұмыстың үш нұсқасынан бас тартқанда немесе мансап орталығын, ал ауылдық елді мекендерде тұратын адам кент, ауыл, ауылдық округ әкімін лайықты жұмыстың ұсынылған нұсқаларымен келісетіні немесе олардан бас тартатыны туралы уақтылы хабардар етпегенде;
2) жұмыссыздың дәлелсiз себептермен:
мансап орталығы хабардар еткен күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде ұсынылған жұмысқа орналасу орнына немесе оқу орнына келмегенде;
шақыру бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін үш жұмыс күнi ішінде халықты мансап орталығына келмегенде;
3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуды өз бетiнше тоқтатқанда;
4) жұмыссыз мансап орталығына барудың немесе оны хабардар етудің № 214 Қағидалардың 43-тармағында көзделген мерзiмдерiн дәлелсiз себептермен бұзғанда;
5) жұмыссыз бас бостандығынан айыру түрiндегi жазамен сотталғанда не заңды күшіне енген сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп емдеуге жiберiлгенде;
6) мансап орталығына:
тұрғылықты жерiн ауыстыруды;
тұрақты, уақытша жұмысқа, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмысқа орналасуды;
кәсiпкерлiк қызметпен айналысуды;
ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншiк нысанына қарамастан, ұйымға құрылтайшы (ортақ құрылтайшы) болуды;
мүгедектiк тобын белгiлеудi немесе оның өзгеруiн;
зейнетақы төлемдерін тағайындауды қоса алғанда, жұмыссызбен алдағы уақытта жұмыс iстеу тәртiбiне ықпал ететiн өзгерiстер туралы мәлiметтердi уақтылы, бес жұмыс күнi iшiнде ұсынбағанда;
7) көрінеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттар бергенде есептен шығарады.
11. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 100-бабының 1-тармағының 1) – 4) тармақшаларына сәйкес есептен шығарылған жұмыссыздар есептен шығарылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң ғана мансап орталығына жұмыссыз адам ретінде қайта тіркеле алады.