"Шу аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Жаңа

Жамбыл облысы Шу аудандық мәслихатының 2026 жылғы 17 тамыздағы № 62-3 шешімі

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, "Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы №704 жарлығына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Шу аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес, "Шу аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесі жаңа редакцияда бекітілсін.

      2. Келесі шешімдердің күші жойылсын:

      1) Шу аудандық мәслихатының 2019 жылғы 13 ақпандағы № 42 – 3 "Шу аудандық мәслихатының аппаратының" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы;

      2) Шу аудандық мәслихатының 2023 жылғы 5 мамырдағы № 2 – 4 "Шу аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесіне өзгерістер енгізу туралы.

      Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мәслихат төрағасы Ж. Абенов

  Шу аудандық мәслихатының
  2026 жылғы 17 қыркүйектегі
  № 62-3 шешімімен бекітілген

"Шу аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекеменің Ережесі

      1 – тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шу аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - "Аппарат"), Шу аудандық мәслихатының (бұдан әрі - Мәслихат) қызметін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Аппараттың ведомстволары жоқ.

      3. Аппарат өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Аппарат мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Аппарат азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Аппарат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Аппарат өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен аппарат басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Аппараттың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылы, Төле би көшесі 274, пошталық индекс: 081100.

      10. Осы Ереже аппараттың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Аппараттың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республиксының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Аппаратқа кәсіпкерлік субъектілерімен Мәслихат аппаратының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым - қатынасқа түсуіне тыйым салынады.

      2 – тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары, функциялары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары: Мәслихаттың және депутаттардың қызметін қамтамасыз ету;

      14. Өкілеттіктері:

      1. Құқықтары:

      1) мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан және өзге де ұйымдардан белгіленген тәртіппен қажетті құжаттарды сұратуға;

      2) мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелерді пысықтауға мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерін тартуға;

      3) тиісті мемлекеттік және қоғамдық органдарға, заңды тұлғаларға қарау үшін депутаттық сауалдарды, ұсыныстарды, азаматтардың арыз және шағымдарын жолдауға;

      2. Міндеттері:

      1) ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмейтін шешімдердің қабылдануына жол бермеуге;

      2) өз құзыреті шегінде аудандық мәслихат регламентінің сақталуын қамтамасыз етуге;

      3) жергілікті деңгейде Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге;

      4) азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      15. Функциялары:

      1) мәслихаттың аудан әкімі аппаратымен, еңбек ұжымдарымен, кәсіпорындармен, ұйымдармен, мекемелермен және өзін-өзі басқару органдарымен, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шеңберінде өзара іс-қимылын жүзеге асырады;

      2) өз жұмысын мәслихаттың, оның тұрақты және басқа да комиссияларының жұмыс жоспарларына сәйкес жасалған ағымдағы жоспарлары негізінде жүргізеді;

      3) мәслихат депутаттарына өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсетеді, оларды қажетті анықтама материалдарымен қамтамасыз етеді және мәслихатқа түскен ақпараттарды талдайды;

      4) мәслихат сессияларына депутаттар айтқан ұсыныстар мен сын-ескертпелердің орындалуы бойынша іс шаралар жасауды ұйымдастырады, тұрақты комиссиялармен бірлесе отырып, олардың орындалу барысына бақылауды жүзеге асырады;

      5) депутаттық сауалдардың уақтылы қаралуына есеп және бақылау жүргізеді;

      6) әкімшілік-аумақтық құрылым мәселелері бойынша материалдар әзірлеуге қатысады, депутаттардың құқықтық оқуын ұйымдастырады, барлық деңгейдегі мәслихаттардың озық тәжірбиесін жинақтап, оны жүзеге асырады;

      7) іс жүргізудің бірыңғай тәртібін қамтамасыз етеді, мәслихат аппаратында құжаттармен жұмыстың түрлері мен әдістерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді, олардың уақтылы орындалуына бақылау жасайды;

      8) баяндамалардың, шешімдердің, анықтамалардың және мәслихат қызметі бойынша басқа да құжаттардың жобаларын дайындауды ұйымдастырады, мәслихат қабылдаған актілердің түпнұсқаларын дайындауды, шығаруды және сақтауды қамтамасыз етеді, мәслихат сессияларының хаттамаларын жүргізеді;

      9) белгіленген тәртіп бойынша кәсіпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға, лауазымды адамдарға және азаматтарға, мәслихаттың және оның тұрақты комиссияларының шешімдерін жеткізеді;

      10) азаматтардың хаттарын, арыздары мен шағымдарын есепке алуды, тіркеуді жүргізеді, олардың уақытылы қаралуын ұйымдастырады;

      11) құжатарды басуды, көшірмесін түсіруді және жедел көбейтуді қамтамасыз етеді;

      12) материалдарды рәсімдеу, сақтау және уақытылы мұрағатқа өткізуді қамтамасыз етеді;

      13) аппарат қызметкерлерінің жеке іс құжаттарын есепке алуды ұйымдастырады.

      3 – тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі мен өкілеттіктері

      16. Аппаратты басқаруды аппарат басшысы жүзеге асырады, ол аппаратқа жүктелген міндеттердің орындалуына және өз өкілеттіктерінің жүзеге асырылуына дербес жауапты болады.

      17. Аппарат басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Аппарат басшысының орынбасарлары болмайды.

      19. Аппарат басшысының өкілеттіктері:

      1) мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды;

      2) өз құзыреті шегінде аппараттың қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

      3) мәслихат аппаратының "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындайды және мемлекеттік лауазымдардан босатады;

      4) Келісім шарт негізінде жұмыс істейтін қызметкерлерді жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      5) мәслихат аппаратының тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      6) қызметтік тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      7) мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, көтермелеу, оларға үстемеақылар белгілеу мәселелерін шешеді;

      8) мәслихат аппараты мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      9) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;

      10) мәслихат сессияларын, мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссияларының отырыстарын ұйымдастырады;

      11) мәслихат шешімдерінің жобаларын, мәслихат депутаттарын іссапарға жіберу жөніндегі және мәслихат төрағасы немесе мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда міндеттерді жүктеу жөніндегі бұйрықтарды дайындайды;

      12) депутаттардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;

      13) аппарат басшысына жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Аппарат басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Мәслихат аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын аппарат басшысы немесе оны алмастыратын тұлға басқарады.

      21. Мәслихат аппаратының басшысы өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады.

      4 – тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Аппараттың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Аппараттың мүлкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған бекітіліп берілген, сондай-ақ бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен сатып алынған мүліктен қалыптастырылады.

      23. Аппаратқа бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Аппарат өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

      5 – тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарту

      25. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады