Азаматтық қорғау органдарының әскери қызметшілеріне, қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2026 жылғы 10 қыркүйектегі № 345 бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидаларының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Азаматтық қорғау органдарының әскери қызметшілеріне, қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Қаржылық қамтамасыз ету департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр полковник М. Мұханов

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
  2026 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 345 бұйрықпен бекітілген

Азаматтық қорғау органдарының әскери қызметшілеріне, қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу жөніндегі нұсқаулық

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Азаматтық қорғау органдарының әскери қызметшілеріне, қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу жөніндегі осы Нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) "Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық орган үшін жұмыскерлерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 20 тамыздағы № 747 қбп және "Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидаларын бекіту туралы" 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 қаулысына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес азаматтық қорғау органдарының әскери қызметшілерін, қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерін көтермелеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге (бұдан әрі – жұмыскерлер) бонустар төлеу лауазымдық (қызметтік) міндеттерін тиісінше орындағаны үшін көтермелеу тәртібін нақтылау, сондай-ақ жұмыскерлерге жүктелген функциялар мен міндеттерді уақтылы және сапалы орындауына материалдық мүдделілігін арттыру мақсатында әзірленді.

      2. Жұмыскерлерге сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемақылар белгілеу бюджеттік бағдарламаны, (кіші бағдарламаны) қаржыландыру жоспары бойынша тиісті органның көзделген мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Ведомстволық, сондай-ақ олардың аумақтық бөлімшелерін, қарамағындағы мемлекеттік мекемелерді қоса алғанда, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі (бұдан әрі – ТЖМ) жұмыскерлерінің штат санын қысқарту туралы шешім қабылданған жағдайда азаматтық қорғау органдарын қызметін қамтамасыз етуге көзделген және штат санын қысқарту нәтижесінде босаған қаражат есебінен толық көлемде үстемеақы белгілеу жүзеге асырылады.

      3. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және жұмыскерлердің лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ бонустар төлеу:

      министрліктің құрылымдық бөлімшелері бойынша – Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі (бұдан әрі – Министр) не оны алмастыратын адам;

      Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті бойынша – тиісті ведомство басшысының не оны алмастыратын адамның;

      аумақтық төтенше жағдайлар департаменттері бойынша – департамент басшысының не оны алмастыратын адамның;

      ТЖМ қарамағындағы мемлекеттік мекемелер бойынша – тиісті мекеме басшысының не оны алмастыратын адамның шешімі бойынша жүргізіледі.

2-тарау. Сыйлықақы беру шарттары

      4. Осы Нұсқаулықтың 13-тармағында көзделген тәртіпке сәйкес жұмыскерлерге сыйлықақы беру лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны, белгілі бір кезеңдегі жұмыс нәтижелері, жалпы ТЖМ немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты (іркіліссіз) жұмыс істеуі кезек күттірмейтін және алдын ала болжанбаған жұмыстардың шұғыл орындалуына байланысты болғанда сол жұмыстарды орындағаны, егер осы өкілеттіктер жұмыскерлердің лауазымдық міндеттеріне кірмесе, заң жобаларын, конвенцияларды, келісімдерді, шарттарды, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлегені және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың қызметін бағалаудың нәтижелері бойынша:

      министрліктің құрылымдық бөлімшелері бойынша - Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстары жоспарыны, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және Премьер-Министрінің актілері мен тапсырмаларының іс-шараларын;

      аумақтық органдар мен ведомстволық бағынысты мекемелер бойынша – тиісті мемлекеттік мекеменің іс-шараларын, Министрлік басшылығының актілері мен тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындағаны жүзеге асырылуы мүмкін.

      Сыйлықақы ай сайын, тоқсан сайын және бір жылдағы жұмыс нәтижелері бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

      Бұл ретте ай сайынғы сыйлықақының мөлшері нақты жұмыс істеген күндерге (аурухана, демалыс кезеңдері алынып тасталады) пропорционалды түрде есептеледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздерде сыйлықақы беру мереке күндеріне, мерекелік және мерейтой күндерге, жұмыскерлердің мерейтойларына (азаматтық қорғау органдарында кемінде 10 жыл жұмыс істеген 40, 50, 60 жылдығы) орайластырылуы мүмкін.

      5. Жұмыскерге:

      1) оның тәртіптік жазасы алынбаған кезде;

      2) мемлекеттік орган, оның ішінде таратылған (жойылған) не қайта ұйымдастырылған мемлекеттік орган функцияларымен өкілеттіктерінің және (немесе) штат бірліктерінің басқа мемлекеттік органға берілуіне байланысты лауазымға қайта тағайындау жағдайларын қоспағанда сыйлықақы төлеу туралы шешім қабылданған күнге мемлекеттік мекеменің ведомстволарын, сондай-ақ олардың аумақтық органдары мен бөлімшелерін қоса алғанда ТЖМ-да (еңбегiне ақы төлеу "Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық орган үшін жұмыскерлерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 20 тамыздағы № 747 қбп қаулысы негiзiнде жүргiзiлетiн) күнтізбелік отыз күннен кем жұмыс істеген болса;

      3) сынақ мерзімінен өту кезеңінде;

      4) ол жалақысы сақталмайтын демалыстан, оқу демалысынан және бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыстан шығып, бұл демалыстардың ұзақтығы алты ай және одан көп болса және сыйлықақы төлеу туралы шешім қабылданған күнге күнтізбелік отыз күннен кем жұмыс істеген болса сыйлықақы берілмейді.

3-тарау. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу тәртібі

      6. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің бонустарын төлеу тәртібі Қағидаларға сәйкес айқындалады.

4-тарау. Лауазымдық айлықақыға үстемеақы белгілеу шарттары

      7. Жұмыскердің:

      1) қысқартылған жұмыскерлердің және (немесе) бос/уақытша бос лауазымдардың функцияларын өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындағаны;

      2) уақытша болмаған жұмыскерлердің міндеттерін (функцияларын) өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындағаны. Уақытша болмаған жұмыскерлердің міндеттерін орындағаны (алмастырғаны) үшін жұмыскерлерге қосымша ақы төлеу, егер уақытша болмаған жұмыскерді ауыстыру алмастырушы жұмыскерлердің лауазымдық міндеттеріне кірген жағдайда жүргізілмейді;

      3) оған ауқымы кеңейтілген міндеттердің жүктелгені;

      4) кәсіптік жоғары деңгеймен және құзыреттілікпен ұштасатын жұмыстағы жеткілікті тәжірибесі (өтіл) мен машығын практикада табысты қолданғаны;

      5) осы Нұсқаулықтың 13-тармағында көзделген мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын құжаттармен жұмыс үшін олардың орындалған көлеміне қарай, тұлғалардың ұсынуы негізінде ай сайын мынадай мөлшерде:

      "өте маңызды" деген белгісі бар құжаттармен жұмыс істегені үшін – төрт айлық есептік көрсеткішке дейін;

      "өте құпия" деген белгісі бар құжаттармен жұмыс істегені үшін – үш айлық есептік көрсеткішке дейін;

      "құпия" белгісі бар құжаттармен жұмыс істегені үшін екі айлық есептік көрсеткішке дейін лауазымдық айлықақыларына үстемеақы белгілеу жүзеге асырылады.

      Үстемеақы төлеу Министрлік басшылығының не оны алмастыратын адамның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі құрылымдық бөлімшесі дайындаған шешімі негізінде жүзеге асырылады;

      6) жұмыскер жалақысы төмен лауазымға жұмыста мертігуіне, кәсіптік ауруға шалдығуына немесе осы мемлекеттік органда еңбек міндеттерін орындауына байланысты денсаулығына өзге зақым келуіне орай ауыстырылғаны (тағайындалғаны) үшін еңбекке жарамдылығы қалпына келгенге не мүгедектік белгіленгенге дейін, сондай-ақ органның басқару құрылымының өзгеруіне орай –ауыстырылған (тағайындалған) күнінен бастап бір жылға дейін жүзеге асырылуы мүмкін.

      Бұл ретте үстемеақы мөлшері нақты жұмыс істеген күндерге (аурухана, демалыс алынып тасталады) пропорционалды түрде есептеледі.

      8. Көрсетілген үстемеақыларды алуға құқығы бар жұмыскерлерге көлемі бойынша бір ғана көп үстемеақы төленуі мүмкін.

5-тарау. Материалдық көмек көрсету шарттары

      9. Жұмыскерге:

      1) оның жақын туыстарының (ата-аналарының, балаларының, асырап алушыларының, асырап алынғандардың, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілерінің, аталарының, әжелерінің, немерелерінің), жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттарының (ерлі-зайыптылардың аға-інілерінің, апа-сіңлілерінің, ата-аналары мен балаларының) қайтыс болғаны үшін – заңнамада белгіленген ең төменгі бес жалақы мөлшерінде;

      2) ол некеге тұрғанда – заңнамада белгіленген ең төменгі екі жалақы мөлшерінде;

      3) баласы туғанда, бала асырап алғанда – заңнамада белгіленген ең төменгі екі жалақы мөлшерінде;

      4) ол қосымша қаржы шығындарды талап ететін ем қабылдағанда (санаторийде емделуден басқа, күнтізбелік он және одан көп күн стационарлық немесе амбулаторлық емделуі) – жұмсалған қаражат сомасы мөлшерінде, бірақ заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының үштен аспайтын мөлшерінде;

      5) оған қатысты құқыққа қарсы іс-қимыл жасалуы (тонау, ұрлық және басқалары), сондай-ақ дүлей зілзала (өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және т.б.) салдарынан мүліктік зиян келтіру – келтірілген нұқсан сомасы мөлшерінде, бірақ заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының үштен аспайтын мөлшерінде;

      6) мемлекеттік әкімшілік қызметші зейнетке шыққан кезде заңнамада белгіленген ең төменгі үш жалақы мөлшерінде материалдық көмек көрсету жүзеге асырылуы мүмкін.

      10. Егер осы Нұсқаулықтың 9-тармағында көрсетілген жағдайлар осы мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу кезеңінде орын алса, жұмыскерге материалдық көмек көрсету жүзеге асырылуы мүмкін.

      11. Жұмыскерлерге материалдық көмек көрсету азаматтық қорғау органдарының әскери қызметшілеріне, қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілеріне материалдық көмек көрсету жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) төрағасының атына баянат (өтініш) негізінде себептерін көрсете отырып және мынадай құжаттарды:

      1) оның жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, аталары, әжелері, немерелері), жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары (ерлі-зайыптылардың аға-інілері, апа-сіңлілері, ата-аналары мен балалары) қайтыс болған жағдайда: қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесін; туыстығын растайтын құжаттардың көшірмелерін (жеке басын куәландыратын құжат; туу туралы куәлік; неке қию туралы куәлік; атын, тегін, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік; туыстығын тану туралы сот шешімі; бала асырап алу туралы куәлік);

      2) өзі некеге тұрған жағдайда: неке туралы куәліктің көшірмесін;

      3) баласы туған, оның бала асырап алған жағдайда: туу туралы куәліктің көшірмесі, бала асырап алу туралы куәліктің көшірмесін;

      4) қосымша қаржылық шығындарды қажет ететін емдеу жағдайында: осы ауруды емдеуге арналған шығындарды растайтын фискалдық чектерді, еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақты, стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді көшірмені;

      5) оның құқыққа қайшы әрекеттерін (қарақшылық, ұрлық және т.б.), сондай-ақ дүлей зілзалаларды (өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және т.б.) жасау салдарынан мүліктік зиян келтірілген жағдайда: зиян келтірілгенін растайтын органның актісін ұсына отырып жүзеге асырылады.

      Баянатқа (өтінішке) тиісті бөлімшенің басшысы бұрыштама қояды және комиссия тіркеу және одан әрі қарау үшін комиссия хатшысына береді. Комиссия отырысының шешімі хаттамамен ресімделеді.

      12. Комиссиялардың жұмыс тәртібі Азаматтық қорғау органдарының әскери қызметшілеріне, қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілеріне, азаматтық қызметшілері мен жұмыскерлеріне материалдық көмек көрсету жөніндегі комиссия туралы ережеге сәйкес белгіленеді.

6-тарау. Жұмыскерлерге сыйлықақыны бекіту және төлеу, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу тәртібі

      13. Жұмыскерлерге сыйлықақы беру және лауазымдық айлықақыға үстемеақылар белгілеу осы Нұсқаулықтың 3-тармағында көрсетілген тұлғалардың бұйрығымен дербес құрылымдық бөлімшелер басшыларының жазбаша ұсынысы негізінде жүргізіледі.

      14. Ұсыныста жұмыскердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы, сыйлықақы (үстемеақы) сондай-ақ мөлшері (қажет болған жағдайда) беру үшін негіз көрсетіледі.

      15. Осы Нұсқаулықтың 3-тармағында көрсетілген басшылар осы Нұсқаулықтың 4-тармағында көзделген көрсеткіштер үшін нақты жұмыскерлерге өз бетінше не құрылымдық бөлімшелер басшыларының жазбаша ұсыныстары негізінде сыйақы беру туралы шешім қабылдауы мүмкін.

      16. Төтенше жағдайлар вице-министрлеріне, ТЖМ аппаратының басшысына сыйлықақы беру, оларға материалдық көмек көрсету Министрдің бұйрығымен жүргізіледі.

      17. Министрге сыйлықақы осы Нұсқаулықтың 16-тармағында көрсетілген лауазымды тұлғалардың сыйлықақыларынан кем емес болып белгіленеді.

      18. Ведомстволардың, ТЖМ орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың Төтенше жағдайлар департаменттерінің басшыларына сыйлықақы беру, үстемеақылар белгілеу, оларға материалдық көмек көрсету жетекшілік ететін Төтенше жағдайлар вице-министрлерінің, аппарат басшысының жазбаша ұсыныстары негізінде Министрдің бұйрығымен жүргізіледі.

      19. Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетіне бағынысты әскери бөлімдер командирлеріне сыйлықақы беру, үстемеақылар белгілеу, оларға материалдық көмек көрсету жетекшілік ететін Төтенше жағдайлар вице-министрмен бекітілген Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдерінің комитеті төрағасының жазбаша ұсыныстары негізінде Министрдің бұйрығымен жүргізіледі.

      20. Осы Нұсқаулықтың 16, 17, 18 және 19-тармағында көрсетілмеген қызметкерлерге материалдық көмек көрсету:

      Министрліктің құрылымдық бөлімшелері бойынша – Министрдің;

      Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті бойынша – тиісті ведомствоның басшысы не оны алмастыратын адамның;

      Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың Төтенше жағдайлар департаменттері, қалалық (аудандық) Төтенше жағдайлар басқармалары (бөлімдер) бойынша – департамент басшысы не оны алмастыратын адамның;

      ТЖМ және оның ведомстволарының қарамағындағы мемлекеттік мекемелер бойынша – тиісті мекеме басшысы не оны алмастыратын адамның бұйрығымен комиссия шешімінің негізінде жүргізіледі.

      21. Материалдық көмек төлеу жұмыскер өтініш берген күннен бастап қаржы жылы ішінде жүргізіледі, ол төлем жүзеге асырылатын күні жұмыскер тиісті мемлекеттік мекемемен еңбек қатынастарында тұрады.

      Материалдық көмек көрсету туралы өтініш ол басталғанға дейін кемінде бір ай бұрын берілген кезде осы Нұсқаулықтың 9-тармағының 6) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда осы Нұсқаулықтың 9-тармағында көзделген жағдайлар басталған күннен бастап екі ай ішінде беріледі.

      22. Сыйлықақы беру, лауазымдық айлықақыларына үстемеақы белгілеу туралы бұйрықтарды дайындауды кадр қызметі, материалдық көмек көрсету бойынша – қаржы қызметі жүзеге асырады.

      23. Жұмыскерлерге сыйлық беруге, материалдық көмек көрсетуге және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеуге мемлекеттiк бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің нормативтік құқықтық актілерде айқындалған тәртіппен мемлекеттік мекемелердің бюджеттiк бағдарламаны (кiшi бағдарламаны) қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу жолымен жүргізіледі.

      24. Сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және үстемеақы белгілеу шығыстардың мынадай түрлері бойынша үнемдеу есебінен:

      1) мына:

      ел iшiндегi iссапарлар мен қызметтiк аралауларға;

      елден тыс жерлерге iссапарлар мен қызметтiк аралауларға;

      үй-жайды жалдауға ақы төлеуге;

      коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге;

      байланыстың көрсетілетін қызметтерiне ақы төлеуге;

      көлiктiк көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге;

      электр энергиясына ақы төлеуге;

      жылу беруге ақы төлеуге;

      ғимараттарды, үй-жайларды, жабдықтарды және басқа да негізгі құралдарды ұстау, оларға қызмет көрсету, ағымдағы жөндеуге;

      өзге көрсетілген қызметтерге;

      ерекше шығындарға;

      өзге ағымдағы шығындар бойынша жыл бойы үнемделген мемлекеттік бюджет қаражатының жалпы көлемінің 30%-ынан асырмай, ал желтоқсанда – бір жылда үнемделген қаражаттың толық көлемінде;

      2) мына:

      жалақыға;

      өтемақы төлемдеріне;

      жұмыс берушiлердiң жарналарына;

      әлеуметтік салыққа;

      автокөлік құралдары иелерінің міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шығындарына;

      мемлекеттік мекемелер жұмыскерлерінің мемлекеттік міндетті жеке сақтандыру шығындарына;

      өзге де қорларды сатып алуға;

      қосымша ақшалай төлемдер бойынша үнемделген мемлекеттік бюджет қаражатының толық көлемінде жүзеге асырылады.

      25. Шығыстардың қалған түрлері бойынша мемлекеттік бюджет қаражатын үнемдеуден сыйлықақы беруге, материалдық көмек көрсетуге және үстемеақылар белгілеуге жол берілмейді.

      26. Сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу қаржыландыру жоспары бойынша тиісті мемлекеттік мекемені ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен жүзеге асырылады.

      Үнемделген ақшалай қаражат сомасын жұмыскерлерге сыйлықақылар, материалдық көмек төлеуге жіберу туралы ұсынысты:

      ТЖМ орталық аппаратын – бюджетті жоспарлау және атқару жөніндегі ТЖМ құрылымдық бөлімшесінің директоры Министрге не оны алмастыратын адамға енгізеді;

      Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті – қаржы қызметінің басшысы тиісті ведомствоның басшысына не оны алмастыратын адамға енгізеді;

      ТЖМ-ның қарамағындағы аумақтық органдар мен мемлекеттік мекемелерінде – қаржы қызметінің басшысы (қаржы қызметінің жұмыскері) тиісті мемлекеттік мекеменің басшысына не оны алмастыратын адамға енгізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады