Алматы қаласының аумағында Іле - Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағын белгілеу туралы

Жаңа

Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 10 тамыздағы № 3/505 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 123-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-тармағының 1-13) тармақшасына, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына және 18, 48, 53-баптарына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Белгіленсін:

      1) Алматы қаласының аумағында меншік иелері мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерін алып қоймай, ені кемінде екі километр, жалпы ауданы 7 652,54 гектар Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (бұдан әрі – Ұлттық парк) күзет аймағы;

      2) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына сәйкес Ұлттық парктің күзет аймағының аумағында табиғатты пайдалану режимі мен тәртібі.

      2. "Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулыны Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы қаулыны Алматы қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. "Алматы қаласының аумағында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағын белгілеу туралы" қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласының әкімі Д. Сатыбалды

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады