"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 183-1-бабының 3-тармағына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі № 861 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі туралы Ереженің 15-тармағының 31) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясы туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның көшірмесін электрондық түрде мемлекеттік және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберсін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы |
А. Сәтқалиев |
| Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының 2026 жылғы 21 қыркүйектегі № 90-н/қ бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясы туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясы туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 183-1-бабының 3-тармағына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі № 861 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі туралы ереженің 15-тармағының 31-тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясының (бұдан әрі – орталық комиссия) қызметін ұйымдастыруды, оның құрамын, жұмыс регламентін және іс қағаздарын жүргізуді айқындайды.
2. Орталық комиссияның негізгі міндеті Кодекстің 183-1-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған тәртіппен геология және әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, уран бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарына, оларға енгізілетін өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға, сондай-ақ уран кен орындарын әзірлеуді талдауларға мемлекеттік сараптаманы жүзеге асыру болып табылады.
Уран бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары барлау жұмыстарының жобасы, уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы, уран кен орнын әзірлеу жобасы және уран өндіру салдарын жою жобасы болып табылады.
2-тарау. Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясының қызметін ұйымдастыру
1-параграф. Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссияның құрамы
3. Орталық комиссияның құрамын уран саласындағы уәкілетті органның басшысы, ол болмаған жағдайда, уран саласындағы уәкілетті орган басшысының міндетін атқарушы бекітеді.
4. Орталық комиссияның құрамына кемінде 5 (бес) адам: мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарының, геология, геофизика, гидрогеология, кен орындарын әзірлеу, жер қойнауын пайдаланудың экономикалық және құқықтық мәселелері саласында маманданған және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес ұйымдардың мамандары кіреді.
2-параграф. Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясының функциялары
5. Орталық комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын жобалау құжаттары (оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар) немесе уран кен орындарын әзірлеу талдаулары бойынша жобалау құжаттарын қарайды және мемлекеттік сараптаманы жүзеге асырады;
2) жобалау құжаттарында уранды барлаудың, өндірудің және уран кен орындарын әзірлеудің неғұрлым тиімді әрі ұтымды әдістері мен технологияларын қолдануды қамтамасыз етеді;
3) жер қойнауын пайдалану, уран кен орындарын ұтымды және кешенді пайдалану мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарының, жер қойнауын пайдаланушылардың әзірлемелері мен баяндамаларын қарайды;
4) уран саласындағы ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарынан, ұлттық компаниядан және жер қойнауын пайдаланушылардан жер қойнауын пайдалану, уранды барлау және өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану мен қорғау мәселелері бойынша анықтамалық, ақпараттық материалдар мен есептерді сұратады;
5) қажет болған жағдайда уран саласындағы уәкілетті органға жұмыс топтарын құруды ұсынады;
6) жобалау құжатын пысықтау бойынша ұсынымдар береді;
7) тәуелсіз сарапшыларды тартуды және біліктілік іріктеуді Кодекстің 183-1-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.
6. Орталық комиссияның төрағасы, ал ол болмаған жағдайда – төрағаның орынбасары:
1) орталық комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
2) орталық комиссияның жұмысын жоспарлайды;
3) орталық комиссияның отырыстарына төрағалық етеді.
7. Орталық комиссияның хатшысы:
1) осы Ереженің 9-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттардың толық болуын тексереді;
2) Орталық комиссияның отырысы өткізілетін күнге дейін 7 (жеті) жұмыс күні бұрын орталық комиссияның мүшелерін отырыстың өткізілетін күні мен орны туралы жазбаша немесе электрондық пошта арқылы хабардар етеді;
3) орталық комиссияның отырысын өткізу үшін материалдар дайындауды жүзеге асырады;
4) орталық комиссия отырысының нәтижелері бойынша еркін нысанда мемлекеттік сараптамалық қорытындыны ресімдейді;
5) орталық комиссияның мүшесі болып табылмайды.
8. Орталық комиссияның іс қағаздарын жүргізуді, материалдары мен құжаттарын жинауды және сақтауды уран саласындағы уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.
3-параграф. Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссияның жұмыс регламенті және іс қағаздарын жүргізу
9. Орталық комиссияға мыналар:
1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік сараптама жүргізуге арналған өтініш;
2) егер Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының ережелерінен өзгеше туындамаса, тиісті мемлекеттік экологиялық сараптамамен және өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасымен бірге, Кодекске сәйкес және Кодекстің 184-бабының 3-тармағында көзделген тәртіппен бекітілген Уран бойынша жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларға (бұдан әрі – ЖҰКПБҚ) сәйкес әзірленген жобалау құжаттары, сондай-ақ жобалау құжаттарына енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар;
3) Кодекске және уран бойынша Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларға сәйкес дайындалған уран кен орнын әзірлеуді талдау;
4) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген құжаттарға аннотация;
5) жер қойнауын пайдаланушының қалауы бойынша қосымша материалдар, оның ішінде есептер мен таныстырылым материалдары ұсынылады.
10. Уран кен орнының жобалау құжаттарына және әзірленуін талдауларға мемлекеттік сараптама 2 (екі) ай ішінде жүргізіледі.
Мемлекеттік сараптама жүргізу мерзімі орталық комиссияның шешімі бойынша ұлғайтылуы мүмкін, бірақ ол 3 (үш) айдан аспайды.
11. Орталық комиссия жер қойнауын пайдаланушыдан жобалау құжатын немесе уран кен орнын әзірлеуді талдауды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде оны тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыға (тәуелсіз сарапшыларға) жібереді.
12. Жобалау құжаттарына (оларға өзгерістер және (немесе) толықтыруларға) немесе уран кен орындарын әзірлеу талдауларына тәуелсіз сараптама сарапшы (сарапшылар) тағайындалғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүргізіледі.
13. Тәуелсіз сараптама нәтижелері бойынша жасалған тәуелсіз сарапшының (сарапшылардың) қорытындысы осы Ереженің 12-тармағында көзделген мерзім ішінде орталық комиссияға еркін нысанда ұсынылады.
14. Жобалау құжаттарына (оларға өзгерістер және (немесе) толықтыруларға) немесе уран кен орындарын әзірлеу талдауларына мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері тиісті тәуелсіз сараптама қорытындысымен орталық комиссияның отырысында қарау арқылы анықталады.
15. Орталық комиссияның отырыстары, егер оған орталық комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен 2 (екісі) қатысса, заңды деп есептеледі.
Кворум болмаған жағдайда, орталық комиссияның отырысы отырыстың тағайындалған күнінен кейінгі күнге ауыстырылады. Бір отырысты 2 (екі) реттен артық ауыстыруға жол берілмейді.
16. Орталық комиссияның отырысында жобалау құжаттарының (оларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың) немесе уран кен орындары әзірленуін талдауларының авторлары және жер қойнауын пайдаланушылар қаралатын мәселенің негізгі ережелерін баяндайды. Тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) жобалау құжаттары (оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар) немесе уран кен орындарын әзірлеу талдаулары бойынша өзінің тәуелсіз сараптамалық қорытындысын баяндайды.
17. Кодекстің 183-1-бабының 5-тармағына сәйкес жобалау құжатына немесе әзірлеуді талдауға мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері оң немесе теріс болуы мүмкін сараптамалық қорытындымен ресімделеді. Сараптамалық қорытындының көшірмесі оған қол қойылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.
18. Сараптамалық қорытынды орталық комиссияның қатысып отырған мүшелерінің көпшілігінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады.
Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.
Дауыс беру нәтижелері орталық комиссия сараптамалық қорытындысының ажырамас бөлігі болып табылатын дауыс беру парағында көрсетіледі.
19. Оң сараптамалық қорытынды жобалау құжаттарына, көрсетілген жобалау құжаттарына енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар не уран кен орнын әзірлеуді талдау Кодекстің және ЖҰКПБҚ талаптарына сәйкес келген кезде шығарылады.
20. Кодекстің 183-1-бабының 6 және 7-тармақтарына сәйкес теріс сараптамалық қорытынды шығаруға мыналар:
1) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, оның ішінде мазмұны, құрылымы және ресімделуі бойынша Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленген талаптарға және (немесе) келісімшарт ережелеріне сәйкес келмеуі;
2) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес келмеуі;
3) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың жер қойнауын мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған қорларды есептеу жөніндегі есепке сәйкес келмеуі;
4) жобалау құжатында немесе әзірлеуді талдауда ұсынылған жобалау шешімдерінің техникалық және (немесе) экономикалық негіздемесінің жеткіліксіздігі негіз болып табылады.
Жобалау құжатына немесе әзірлеуді талдауға теріс мемлекеттік сараптамалық қорытындыда оны шығару негіздемесі және жобалау құжатын немесе әзірлеу талдауын пысықтау жөніндегі ұсынымдар келтіріледі.
21. Орталық комиссияның сараптамалық қорытындысы осы Ереженің 10-тармағында көрсетілген мерзімді асырмай, отырысты өткізген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ресімделеді.
22. Орталық комиссияның сараптамалық қорытындысына орталық комиссияның төрағасы, ол болмаған жағдайда – оның орынбасары, сондай-ақ хатшы қол қояды.
23. Жобалау құжаттарын (оларға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды) немесе уран кен орындарын әзірлеу талдауларын электрондық жеткізгіштерде сақтауды уран өндіру саласындағы уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.
| Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссия туралы ережеге қосымша Нысан |
Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссияға
Мемлекеттік сараптама жүргізуге өтініш
__________________________________________________________________
(жобалау құжатының (оларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың)
немесе уран кен орнын әзірлеу талдауының атауы)
1. Жер қойнауын пайдаланушы _______________________________________
2. Уранды барлауға арналған лицензия немесе жер қойнауын пайдалануға
арналған келісімшарт _________________________________________
(уранды барлауға лицензия берген орган немесе құзыретті орган)
________ берілді/жасалды _________________________ келісімшарт. (күні)
3. Жобалау құжатын (оларға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды) немесе уран
кен орнының әзірлеу талдауын әзірлеуші жобалау ұйымының атауы
_______________________________________________________________
_____________________________________________________________
(құжатты ұсынатын кәсіпорын басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған
жағдайда) және қолы)