"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына, "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына және 50-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына, "Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 10 мамырдағы № 240 бұйрығына, Самар ауданының төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының 2026 жылғы 25 тамыздағы № 3 кезектен тыс отырысының хаттамасына сәйкес, ШЕШІМ ЕТЕМІН:
1. Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының Самар, Мариногорка, Палатцы және Аққала елді мекендерінде халықтың тыныс-тіршілігінің жағдайлары бұзылуына байланысты, зардап шеккен халық саны 100-ден астам, бірақ 500 адамнан аспайтын болғандықтан, аталған елді мекендердің аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын.
2. Жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жою басшысы болып Самар ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасары М.Н. Байжуменов тағайындалсын және оған осы шешімнен туындайтын тиісті іс-шараларды жүргізу тапсырылсын.
3. Шығыс Қазақстан облысының "Самар ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесіне (Т.Ш. Екибасов) тиісті шаралар қабылдап, Аталған мәселелерді іске асыру және шешу үшін қажетті қаржы қаражатының көлемін бағалау және қажеттілігін айқындау.
4. Осы шешімнің орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
5. Осы шешім қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Аудан әкімі | С. Жеңісов |