Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-3-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына, "Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 246 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20536 болып тіркелген) сәйкес, Казталов ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Казталов ауданындағы пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің көппәтерлі тұрғын үйлердегі лифтілерді жөндеуге және ауыстыруға, сондай-ақ күрделі жөндеуге байланысты қаражатты қайтаруын қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.
2. "Казталов ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:
осы қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
осы қаулыны оның ресми жарияланғаннан кейін Казталов ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Р. Имангалиевке жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Аудан әкімі | А. Саркулов |