"Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және құқықтық қатынастар туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 27 шілдедегі № 660 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және құқықтық қатынастар туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және құқықтық қатынастар туралы келісімге қол қою туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және құқықтық қатынастар туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаевқа Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және құқықтық қатынастар туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2026 жылғы
№ Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және құқықтық қатынастар туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі

      дәстүрлі достық қарым-қатынасты дамыту мен нығайтуға және азаматтық істер бойынша құқықтық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін күш-жігерін біріктіруге ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

I БӨЛІМ

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап

      1. Осы Келісім:

      1) сот құжаттарын және соттан тыс құжаттарды тапсыруды;

      2) сот тапсырмаларын орындауды;

      3) сот шешімдерін, нотариаттық актілерді және өзге де ресми құжаттарды тануды және орындауды рұқсат етуді;

      4) құқықтық ақпаратпен және материалдармен алмасуды;

      5) сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсетудің кез келген басқа нысанын қоса алғанда, азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге қолданылады.

      2. Осы Келісімде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) сот құжаттары және соттан тыс құжаттар – Уағдаласушы Тараптардың заңнамасында көзделген шақыру қағаздарын, хабарламаларды, сот шешімдерін, нотариаттық актілер және ресми құжаттарды қоса алғанда, азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге байланысты тапсырылуға және берілуге тиісті барлық құжат;

      2) сот тапсырмасы – бір Уағдаласушы Тараптың сот органының басқа Уағдаласушы Тараптың сот органына азаматтық іс бойынша процестік әрекеттерді жасау туралы ресми өтініші;

      3) хабарлама – процеске қатысушыларды сот отырысының немесе процестік әрекеттер жасалуының уақыты мен орны туралы ресми хабардар ету;

      4) куәлік – адресатқа құжаттардың тапсырылғанын растайтын ресми құжат;

      5) сот шешімін тану және орындауды рұқсат ету туралы өтінішхат – басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында сот шешімін тану және орындауға рұқсат ету туралы мүдделі тұлғаның құзыретті сотқа өтініші.

      3. Осы Келісімде қолданылатын "азаматтық істер" терминінде неке-отбасы, еңбек істері, мұрагерлік істер, сондай-ақ экономикалық дауларды шешуге қатысты істер қамтылады.

      4. Осы Келісім мынадай мәселелер:

      1) компаниялардың немесе басқа заңды тұлғалардың төлем қабілетсіздігіне байланысты банкроттық, тарату рәсімдері;

      2) әлеуметтік сақтандыру жөніндегі даулы шешімдер;

      3) алименттерге қатысты қолданылатын шараларды қоспағанда, алдын алу және қамтамасыз ету шаралары бойынша шығарылған сот шешімдеріне қолданылмайды.

2-бап

      1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында мыналар:

      соттардан келіп түскен сұрау салулар, сондай-ақ сот тапсырмаларын орындау жөніндегі сұрау салулар бойынша және сот шешімдерін тану мен орындауға рұқсат ету туралы өтінішхаттар бойынша – Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі;

      барлық өзге сұрау салулар бойынша – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының орталық органдары;

      Марокко Корольдігінің Әділет министрлігі Марокко Корольдігінің орталық органы болып табылады.

      2. Уағдаласушы Тараптар өздерінің орталық органдарындағы кез келген өзгерістер туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

3-бап

      1. Уағдаласушы Тараптардың өз аумағында тұратын әрбір азаматының сот қорғауына құқығы бар, олар мемлекеттік баждарды, нотариаттық алымдарды және сот шығыстарын төлеуден босатылады, сондай-ақ өз азаматтары сияқты сол жағдайларда тегін заң көмегін пайдаланады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жеңілдіктер нақты іс бойынша жүзеге асырылатын барлық процестік әрекетке, оның ішінде сот шешімдерін орындауға қолданылады.

4-бап

      1. Осы Келісімнің 3-бабында көзделген жеңілдіктер өтінішхатты жолдап отырған адамның отбасылық және мүліктік жағдайы туралы құжат негізінде беріледі. Бұл құжатты аумағында өтініш берушінің тұрғылықты немесе орналасқан жері бар Уағдаласушы Тараптың құзыретті орган береді.

      2. Егер өтініш берушінің Уағдаласушы Тараптың аумағында тұрғылықты немесе орналасқан жері болмаса, онда оған өзі азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың тиісті дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген құжатты ұсыну жеткілікті.

5-бап

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың азаматтары басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында басқа Уағдаласушы Тараптың азаматтары сияқты сол жағдайларда дәл сондай құқықтық қорғалуды пайдаланады және басқа Уағдаласушы Тараптың сотына және сот органдарына жүгіну құқығына ие болады.

      2. Осы Келісімнің ережелері заңды тұлғаларға да қолданылады.

6-бап

      1. Осы Келісімге сәйкес құқықтық көмек көрсету шеңберінде жіберілетін барлық сұрау салу және тиісті құжаттар, оларға қосымшалар сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың ресми тілінде жіберіледі және ағылшын тіліндегі немесе сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың ресми тіліндегі аудармасы қоса беріледі.

      2. Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары арасындағы өзара іс-қимыл жасау тілі – ағылшын тілі.

      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттар нотариатпен куәландырылған болуға тиіс.

II БӨЛІМ

АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША

ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

7-бап

      1. Азаматтық істер бойынша сот құжаттары мен соттан тыс құжаттар, сондай-ақ сот тапсырмалары тікелей сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың орталық органынан сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың орталық органына не дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі.

      2. Сот тапсырмаларында және хабарламаларда мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:

      1) сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың орталық органының атауы;

      2) сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың орталық органының атауы;

      3) күні және шығыс нөмірі;

      4) жеке тұлға туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты, туған күні мен орны, тұрғылықты жері, азаматтығы, қызмет түрі; заңды тұлға туралы мәліметтер: атауы, заңды мекенжайы немесе тұрған жері, банктік деректемелері мен фискалдық кодтары;

      5) азаматтық іс тарапының әрқайсысының және егер бар болса, олардың өкілдерінің немесе адвокаттарының тіркелу мекенжайы және тұрып жатқан немесе орналасқан жерінің нақты мекенжайы;

      6) тапсырманың және оны орындау барысында алынған мәліметтердің құпиялығын қамтамасыз ету қажеттігі;

      7) тапсырманың мазмұны, сондай-ақ оны орындауға қажетті басқа да мәліметтер.

      3. Егер құжатты қарау сұрау салынатын органның құзыретіне кірмесе, ол осы құжатты құзыреті бойынша басқа органға береді және бұл туралы Уағдаласушы Тараптың сұрау салушы органына хабарлайды.

8-бап

      Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың орталық органы құжаттарды тапсыруды мына тәсілдердің бірімен:

      1) аумағындағы адамдарға құжаттарды тапсыру үшін осы мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен, немесе

      2) өтініш берушінің өтінішхаты бойынша сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасына қайшы келмейтін кез келген тәсілмен қамтамасыз етеді.

9-бап

      1. Осы Келісімге сәйкес бір Уағдаласушы Тараптың орталық органы басқа Уағдаласушы Тараптың орталық органына құжаттарды тапсыру бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу жібереді.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа құжаттарды тапсыру күні не құжаттарды тапсыруды растайтын куәлікті не құжаттарды тапсыру бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге толық немесе ішінара кедергі келтіретін себептердің сипаттамасын көрсете отырып, адресатқа қолхат жібереді.

      3. Алушы құжатты қабылдаудан немесе куәлікке қол қоюдан бас тартқан жағдайда, тапсыруды орындаған орган бұл туралы куәлікке белгі қояды және сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа хабарлайды.

      4. Куәліктің немесе қолхаттардың көшірмелері, қажет болған жағдайда, олардың түпнұсқасы осы Келісімде көзделген байланыс арналары арқылы поштамен жіберілгенге дейін факс, электрондық пошта немесе өзге байланыс тәсілдері арқылы жіберілуі мүмкін.

10-бап

      Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың орталық органы, егер оны орындау осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес оның органдарының құзыретіне кірмесе немесе оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіретін болса, сот тапсырмасын орындаудан бас тартады. Мұндай жағдайда сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап бас тарту себебін жаза отырып, сұрау салушы Уағдаласушы Тарапты хабардар етеді.

11-бап

      Уағдаласушы Тараптар осы Келісімді іске асырумен байланысты шығыстарын дербес көтереді, Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес ынтымақтастық жөніндегі кез келген іс-шараларды жүргізу кезіндегі шығындар үшін жауапты болады.

12-бап

      Жоғарыда аталған ережелерге сәйкес сот тапсырмасын орындау рәсімдерінің сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың сот органы орындаған сияқты дәл сондай заңдық күші бар.

13-бап

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың орталық органы сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың орталық органының сұрау салуы бойынша құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманың алынғаны және оның мазмұны туралы фактінің және оны орындау нәтижесінде алынған деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдайды.

      2. Сұрау салушы және сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары қажетіне қарай тапсырманы орындау нәтижесінде алынған мәліметтердің құпиялылығын сақтау шарттары мен мерзімдерін өзара келіседі.

III БӨЛІМ

СОТ ШЕШІМДЕРІН ТАНУ ЖӘНЕ ОРЫНДАУҒА РҰҚСАТ ЕТУ

14-бап

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың сот органдары азаматтық істер бойынша шығарған сот шешімдері, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрбандарына азаматтық жауапкершілік тәртібімен осы Бөлімде белгіленген шарттар мен тәртіпке сәйкес залалды өтеу көзделетін шешімдер осы Келісімге сәйкес басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында заңды күшіне ие болады және орындалуға тиісті.

      2. Тануға және орындауды рұқсат етуге мына шарттардың бірі сақталған кезде:

      1) аумағында шешім шығарылған мемлекетте қолданылатын заңнамаға және ережелерге сәйкес шешімді құзыретті сот шығарғанда;

      2) сот талқылауының тараптары істі қараған мемлекеттің заңнамасына сәйкес тиісті түрде хабардар етілгенде, бұл ретте тиісті түрде хабардар етілген тарап сот отырысына келмеген жағдайда сот істі оның қатысуынсыз қарағанда;

      3) аумағында шешім шығарылған мемлекеттің заңнамасына сәйкес шешім заңды күшіне енгенде;

      4) аумағында шешімді орындауға рұқсат ету сұратылып отырған мемлекеттің заңнамасына немесе қолданылатын халықаралық құқық нормаларының қағидаттарына қайшы келетін қандайда бір ережелер шешімде қамтылмағанда;

      5) сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың соттарында осы шешімді тану және орындауға рұқсат ету сұратылып отырған дау нысанасына қатысты сол тараптар арасында іс болмағанда, жол беріледі.

15-бап

      1. Сот шешімдерін тану және орындауға рұқсат ету сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың орталық органына тиісті сұрау салуды жіберетін сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың орталық органы арқылы мүдделі тарап ұсынған өтінішхат бойынша жүзеге асырылады.

      2. Сот шешімін тану және орындауға рұқсат ету туралы сұрау салуды қарайтын сот осы Келісімде көзделген шарттардың сақталғанын белгілеумен шектеледі. Сот, егер шарттар сақталған болса, сот шешімін орындауға рұқсат ету туралы шешім шығарады.

      3. Шешімдерді тану және орындауға рұқсат ету тәртібі аумағында орындау жүзеге асырылуға тиіс Уағдаласушы Тараптың заңнамасына сәйкес айқындалады.

16-бап

      1. Уағдаласушы Тараптар осы Келісімде көзделген шарттармен бір-бірінің аумағында шығарылған:

      1) сот бекіткен татуласу келісімдерін қоса алғанда, азаматтық істер бойынша;

      2) алименттерді өндіріп алу туралы істер бойынша талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында банктік шоттардағы ақша қаражаттарын қоса алғанда, мүлікке тыйым салу туралы сот шешімдерін таниды және орындайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шешімдерді тану және орындауға рұқсат ету сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

17-бап

      Сот шешімінің заңды күшіне сілтеме жасайтын немесе оны орындауға рұқсат етуді талап ететін тарап мыналарды:

      1) заңды күшіне енген сот шешімін не тиісті түрде куәландырылған оның көшірмесін;

      2) процеске қатыспаған, өзіне қарсы шешім шығарылған тарап тиісті түрде және уақтылы сотқа шақырылғанын, ал оның процеске қатысу қабілетсіздігі жағдайында тиісті түрде заңды өкілдігі арқылы ұсынылғандығын білдіретін құжатты;

      3) сырттай сот шешімін шығарған тарапқа жіберілген хабарламаның куәландырылған көшірмесін ұсынуға тиіс.

18-бап

      Осы Бөлімге енгізілген баптардың ережелері бір Уағдаласушы Тараптың аумағында басқа Уағдаласушы Тарапқа қарсы немесе оның лауазымды адамдарының біріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың жасаған әрекеттері үшін қарсы шығарылған сот шешімдеріне, сондай-ақ орындалуы Уағдаласушы Тараптар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға қайшы келетін сот шешімдеріне қолданылмайды.

IV БӨЛІМ

ҚҰҚЫҚТЫҚ АҚПАРАТ

19-бап

      1. Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары бір-біріне сұрау салу бойынша осы Келісімнің 16-бабында көрсетілген мәселені реттейтін өз мемлекеттерінің заңнамасы туралы ақпарат бере алады.

      2. Ақпарат беру туралы сұрау салуды орталық орган жібереді.

20-бап

      1. Ақпараттық сұрау салуда сұрау салуды жіберген орган, сондай-ақ сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасына қатысты сұралатын ақпараттың тақырыбы нақты көрсетілген істің сипаты көрсетіледі.

      2. Сұрау салуда негізделген және толық жауап алуға мүмкіндік беретін фактілердің жазылуы қамтылуға тиіс. Сұрау салу көлемін нақтылау үшін қажетті құжаттардың көшірмелері де қоса берілуі мүмкін.

      3. Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап, егер бұл оның жауабы үшін қажет болса, қосымша ақпарат сұрата алады.

21-бап

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап, егер ақпарат жабық сипатта болса немесе егер оны беретін Уағдаласушы Тарап оның жария болуын қаламайтынын білдірсе, басқа Уағдаласушы Тараптан алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді. Мұндай ақпараттың құпиялық дәрежесін оны берген Уағдаласушы Тарап айқындайды.

      2. Осы Келісімге сәйкес алынған ақпаратты оны берген Уағдаласушы Тараптың келісімінсіз, егер бұл ақпарат қана оны берген Уағдаласушы Тараптың мемлекетінде жалпыға қолжетімді болмаса, сұрау салынған және берілген мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдалануға болмайды.

      3. Осы Келісімге сәйкес бір Уағдаласушы Тарап алған ақпаратты үшінші тарапқа беруге, егер ол ақпарат осы Уағдаласушы Тараптың мемлекетінде жалпыға қолжетімді болса және егер оны беру кезінде осы Уағдаласушы Тарап мұндай талап қоймаса, оны берген Уағдаласушы Тараптың алдын ала келісімі талап етілмейді.

22-бап

      1. Ақпарат беру туралы сұрау салуға жауап мүмкіндігінше қысқа мерзімде беріледі.

      2. Сұратылатын ақпаратты ұсыну олардың сипатына қарамастан қандайда бір алымдарға алып келмейді.

23-бап

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың орталық органдарының сұрау салуы бойынша басқа Уағдаласушы Тараптың орталық органы құжаттарды және азаматтық хал актілерінен үзінді көшірмелерді, сондай-ақ сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың азаматтарына қатысты өзге де ресми құжаттарды баждар мен салықтарды төлемей береді.

      2. Құжаттарды беру осы Келісімде көзделген байланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.

V БӨЛІМ

ЗАҢДАСТЫРУДАН БОСАТУ

24-бап

      1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында бір Уағдаласушы Тараптың сот органдары немесе басқа мемлекеттік органдары берген және байланыс арналары арқылы берілген құжаттар заңдастыру талаптарынан босатылады.

      2. Құжаттарға қол қойылады және оларды беруге уәкілеттік берілген органның ресми мөрі қойылады. Көшірмелердің түпнұсқаларға сәйкестігін жоғарыда көрсетілген орган растайды. Барлық жағдайда олардың сыртқы түрі олардың түпнұсқалығын көрсетуге керек.

VI БӨЛІМ

ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

25-бап

      Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттарға қатысты құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

26-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе іске асыруға байланысты туындайтын кез келген дау Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.

27-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Келісімге Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      3. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптардың бірі басқа Уағдаласушы Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      20__ жылғы "__" _______ _______ қаласында екі данада қазақ, орыс, араб және ағылшын тілдерінде жасалды әрі барлық мәтін бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Келісім мәтінінде алшақтықтар туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасы үшін Марокко Корольдігі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады