Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ олардың атауын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 24 қыркүйектегі № 838 қаулысы

      "Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 14-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ олардың атауын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы 24 қыркүйектегі
№ 838 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ олардың атауын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ олардың атауын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге (бұдан әрі – объектілер) атау беру, сондай-ақ олардың атауын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру тәртібін айқындайды.

      2. Объектілерге атау беру және олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру кезінде мынадай талаптар ескерілуге тиіс:

      1) тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерді ескеру;

      2) әдеби тіл мен орфография нормаларына сәйкестік;

      3) атау берілген, жеке адамның есімімен аталған, ол (өзгертілген) күннен бастап кемінде он жыл өткеннен кейін ғана атауын, берілген есімді өзгерту;

      4) қаһармандық пен ерлік танытқан, мемлекет Тәуелсіздігін нығайтуға ерен үлес қосқан тұлғалардың есімдерін беру жағдайларын қоспағанда, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдардың есімдерін қайтыс болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң беру;

      5) Республикалық ономастика комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) бекіткен "Тарихи тұлғалар" тізбесін басшылыққа алу.

      3. Объектілерге жалқы есімдерді берген кезде қазақ тегі, есімдері, әкесінің аттары (бар болса) және сондай-ақ дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақ есімдері мемлекеттік тілде жазылады.

2-тарау. Объектілерге атау беру, сондай-ақ олардың атауын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру тәртібі

      4. Объектілерге атау беру, сондай-ақ олардың атауларын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жалқы есімдер беру үшін ономастика саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) орталық мемлекеттік органдардың, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтінішхаты;

      2) орталық мемлекеттік органдардың қарамағындағы объектілерді қоспағанда, объектілерге атау беру және олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру туралы астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының бірлескен шешімі;

      3) физикалық-географиялық объектілерді қоспағанда, объектілерге атау беру және олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру бойынша заңды тұлғаның ұжымы өткізген жиналыстың хаттамасы;

      4) физикалық-географиялық объектілерді қоспағанда, объектіге атау беру және оның атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру бойынша объектінің бірінші басшысының ұсыныс хаты;

      5) объектілерге атау беру және олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы анықтамалық материалдар (мәліметтер, архивтік және басқа да деректер);

      6) анықтамалық материалдармен қоса осы Қағидалардың 2-тармағы 3) және 4) тармақшаларының талаптарын ескергенде объектіге, мемлекеттік заңды тұлғаға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаға есімін беру (қайта атау) ұсынылатын тұлғаның өмірбаян деректері;

      7) объектіге атау беру және атауын өзгерту, сондай-ақ оның атауының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру бойынша қаржыландыру көздері туралы мәліметтер.

      5. Осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген құжаттардың толық тізбесі ұсынылмаған жағдайда уәкілетті орган олар тіркелген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жетіспейтін құжаттарды көрсете отырып хабарлама жібереді.

      Жетіспейтін құжаттар хабарлама алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға ұсынылады.

      Жетіспейтін құжаттар белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда уәкілетті орган материалдарды Комиссияның қарауына енгізбей қайтарады.

      6. Уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде тиісті құжаттарды Комиссияның қарауына жолдайды.

      7. Комиссия түскен құжаттарды қарағаннан кейін он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға объектілерге атау беру, сондай-ақ олардың атауын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру жөніндегі қорытынды (бұдан әрі – қорытынды) жолдайды.

      8. Уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде Комиссия қорытындыларын орталық мемлекеттік органдарға, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына жібереді.

      9. Комиссияның оң қорытындысын алған жағдайда орталық мемлекеттік органдар, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Үкіметіне объектілерге атау беру жөніндегі қаулы жобасын Комиссия қорытындысымен қоса енгізеді.

      10. Объектілерге атау беру Комиссия қорытындысының негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жүзеге асырылады.

      11. Комиссияның оң қорытындысын алған жағдайда орталық мемлекеттік органдар, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары өз өкілеттіктері шегінде Комиссия қорытындысының негізінде мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға атау беру, олардың атауын өзгерту, атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және оларға адамдардың есімдерін беру туралы шешім қабылдайды.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы 24 қыркүйектегі
№ 838 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысы.

      2. "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 3 шілдедегі № 717 қаулысы.

      3. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 29 маусымдағы № 728 және Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулыларына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 615 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы.

      4. "Қазақстан Республикасындағы ұйымдарды, темiр жол станцияларын, әуежайларды, сондай-ақ физикалық-географиялық объектiлердi атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертудiң Тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 395 қаулысы.

      5. "Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жылғы 20 маусымдағы № 380 қаулысы.

      6. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 19 ақпандағы № 66 қаулысымен бекітіліген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 1-тармағы.

      7. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 26 қазандағы № 690 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 1-тармағы.

      8. "Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 207 қаулысы.

      9. "Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 5 желтоқсандағы № 976 қаулысы.

      10. "Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 10 тамыздағы № 665 қаулысы.

      11. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдері мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кейбір өкімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 14 шілдедегі № 615 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдері мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 1-тармағы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады