Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Туристік операторлық қызметті (туроператорлық қызмет) лицензиялауды жүзеге асыру жөніндегі лицензиарларды айқындау туралы" 2015 жылғы 7 тамыздағы № 606 және "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің кейбір мәселелері туралы" 2023 жылғы 4 қазандағы № 865 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 23 қазандағы № 952 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) "Туристік операторлық қызметті (туроператорлық қызмет) лицензиялауды жүзеге асыру жөніндегі лицензиарларды айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 7 тамыздағы № 606 қаулысында:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабы 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары туристік операторлық қызметті (туроператорлық қызмет) лицензиялауды жүзеге асыру жөніндегі лицензиарлар болып айқындалсын.";

      2) "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 865 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі туралы ережеде:

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Министрлікке кәсіпкерлік субъектілерімен Министрліктің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Министрлікке заңдармен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда одан алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, республикалық бюджетке жіберіледі.";

      15-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің уақтылы қабылдануын қамтамасыз етеді, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердегі қарама-қайшылықтар мен олқылықтарды жояды;";

      150) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "150) шетел азаматтары үшін туристік жарна төлеу қағидаларын бекітеді;";

      161) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "161) лицензиардың цифрлық тізілімін жүргізеді;";

      182) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "182) астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша ағымдағы және болашақ кезеңдерде кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, кәсіптік біліктіліктерді тануда еңбек нарығының қажеттілігін қалыптастырады;";

      мынадай мазмұндағы 184-4) және 184-5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "185-4) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уəкілетті орган бекіткен мемлекеттік қызметшілер еңбек тәртіптемесінің үлгілік қағидалары негізінде еңбек тәртіптемесінің қағидаларын бекітеді;

      184-5) үлгілік біліктілік талаптары негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;";

      19-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) Қазақстан Республикасының Құрылтайында, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Министрліктің атынан өкілдік етеді.";

      мынадай мазмұндағы 21-1 тармақпен толықтырылсын:

      "21-1. Министрліктің аппарат басшысының өкілеттіктері:

      1) Министрлікке жүктелген мақсаттардың іске асырылуын ұйымдастырады;

      2) өз құзыреті шегінде Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

      3) Министрліктің және оның ведомстволарының қызметін материалдық-техникалық, ұйымдық-құқықтық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      4) Министрліктің бірінші басшысымен келісілгеннен кейін тиісті нормативтік құқықтық актілермен бекітілген Министрліктің штат санының лимиті шегінде Министрліктің штат санын және штат кестесін бекітеді;

      5) Министрліктің даму жоспарын іске асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      6) еңбек қатынастары мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың (органдардың) құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, Министрліктің бірінші басшысымен келісу бойынша Министрліктің бірінші басшысы немесе оның орынбасарлары жетекшілік ететін Министрліктің департаменттері мен дербес басқармаларының басшыларын лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;

      7) еңбек қатынастары мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың (органдардың) құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, Министрлік аппаратының мемлекеттік қызметшілерін лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;

      8) Министрліктің тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      9) қызметтік тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      10) еңбек қатынастары мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың (органдардың) құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, Министрлік аппаратының мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауаптылығы мәселелерін шешеді;

      11) еңбек қатынастары мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың (органдардың) құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, Министрлік аппаратының мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу мәселелерін шешеді;

      12) Министрліктің мемлекеттік сатып алу саласында жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      13) Министрліктің бюджеттік сұранымын дайындауды қамтамасыз етеді, бюджеттік сұранымды Министрліктің бірінші басшысына ұсынады, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерін орындайды;

      14) Министрліктің бірінші басшысы мен оның орынбасарлары қабылдаған шешімдердің орындалу барысын бақылайды;

      15) жеке қолданылатын құқықтық актілерді қабылдайды;

      16) "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптары негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;

      17) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады