"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 15-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 04.08.2026 № 87 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияны қалыптастыру қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияның қызметі туралы ереже бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 04.08.2026 № 87 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы № 614 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15671 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкісінде электрондық түрде 2017 жылғы 21 қыркүйекте жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Цой |
| Қазақстан Республикасы | |
| Денсаулық сақтау министрінің | |
| 2020 жылғы 29 қазаны | |
| № ҚР ДСМ-168/2020 | |
| бұйрығына 1-қосымша |
Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияны қалыптастыру қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 04.08.2026 № 87 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияны қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 15-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) қалыптастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) жұмыс органы – құзыретіне денсаулық сақтау технологияларын бағалау, сонымен қатар медициналық қызметтер көрсету стандарттары мен клиникалық хаттамаларды жаңартып отыру мәселелері кіретін уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы (бұдан әрі – Жұмыс органы);
3) клиникалық хаттама – пациенттің белгілі бір ауруы немесе жай-күйі кезіндегі профилактика, диагностика, емдеу, медициналық оңалту және паллиативтік медициналық көмек бойынша ғылыми дәлелденген ұсынымдар.
3. Комиссия стандарттарды, клиникалық хаттамаларды, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасы және қолжетімділігін бақылау жүйесінің стандарттарын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды дайындау, сондай-ақ Кодекстің 25-бабына сәйкес субъектілерді аккредиттеу мақсатында құрылады.
4. Комиссия уәкілетті орган жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
5. Комиссия мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың (бұдан әрі – ҮеҰ), мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдерінен тұрады. Комиссия құрамындағы мемлекеттік органдардың өкілдері Комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен бірін құрайды. Әрбір ҮеҰ-дан, мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарынан Комиссияның құрамына тек бір ғана өкіл кіреді.
6. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрайды, кемінде 9 (тоғыз) адамнан және 15 (он бес) адамнан аспауы тиіс.
Комиссия құрамына: кемінде 3 (үш) және 5 (бес) адамнан аспайтын – уәкілетті органның және ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері, кемінде 3 (үш) және 5 (бес) адамнан аспайтын – тәуелсіз сарапшылар (академиялық мекемелер, "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы, кәсіптік қауымдастықтар, ғылыми-зерттеу ұйымдары), кемінде 3 (үш) және 5 (бес) адамнан аспайтын – мүдделі тараптардың өкілдері (қоғамдық ұйымдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары) кіреді.
Бұрын Комиссия құрамына қатысқан адам, уәкілетті органның қызметкерлерін қоспағанда, қайта енгізілуге жатпайды.
7. Комиссияның өкілеттік мерзімі уәкілетті органның Комиссия құрамын бекіту туралы шешімі қабылданған күннен бастап үш жылды құрайды.
2-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияны құру тәртібі
8. Комиссияны қалыптастыру тәртібі мынадай кезеңдерден тұрады:
1) Комиссияға кандидаттарды іріктеуді өткізу туралы хабарландыруды, оның ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялау;
2) Комиссия мүшелігіне кандидаттардан құжаттарды қабылдау;
3) Комиссияның құрамына құжаттарды қарау және кандидаттарды іріктеу жөніндегі жұмыс тобын (бұдан әрі – Жұмыс тобы) құру, оның құрамы уәкілетті органның бұйрығымен оның қызметкерлері арасынан бекітіледі;
4) Жұмыс тобының Комиссия мүшелігіне кандидаттардың құжаттарын қарау;
5) Жұмыс тобының Комиссия құрамын қалыптастыру жөнінде ұсынымдар шығару;
6) Комиссияның құрамын бекіту туралы уәкілетті органның шешімін шығару.
9. Комиссия мүшелігіне кандидаттарды іріктеу мақсатында уәкілетті орган Комиссияның қолданыстағы құрамының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей және Комиссия құрамындағы бос орындар туындаған жағдайда 10 (он) жұмыс күні ішінде интернет-ресурста почта мекенжайын, құжаттарды беру мерзімдерін, электрондық почта мекенжайын көрсете отырып хабарландыру орналастырады.
10. Хабарландыруды орналастырғаннан кейін күнтізбелік 7 (жеті) күннің ішінде кандидаттар Министрліктің кандидаттарды іріктеуді жүзеге асыратын жұмыс тобына мынадай құжаттарды ұсынады:
1) еркін нысандағы өтініш;
2) өмірбаян деректерін көрсете отырып, кәсіби және (немесе) қоғамдық қызмет туралы мәліметтерді қамтитын, фотосуреті және байланыс деректері бар (телефон, электрондық мекенжайы) түйіндеме;
3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) медициналық жоғары білімі туралы дипломының көшірмесі;
5) денсаулық сақтау саласында кемінде 10 (он) жыл жұмыс өтілін, оның ішінде басшы лауазымдарда және (немесе) мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттың; ғылыми дәреже беру туралы құжаттың және (немесе) дипломның (бар болса) көшірмесі;
6) сотталмағанын растайтын құжат, соның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалмағанын және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық болмағанын растайтын құжат;
7) психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрғаны немесе тұрмағаны туралы растаушы құжат.
11. Жұмыс тобы басшыдан, хатшыдан және мүшелерден тұрады. Уәкілетті органның жұмыс тобының отырыстарында шешімдер уәкілетті органның жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің мүшелерін жинау шарты сақталған жағдайда, ашық дауыс беру арқылы қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.
Дауыстар тең болған жағдайда уәкілетті органның жұмыс тобының басшысы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
12. Кандидаттарды іріктеу нәтижелері бойынша Уәкілетті органның жұмыс тобы Комиссия құрамын бекіту жөніндегі ұсынымдарды шығарады.
13. Уәкілетті органның басшысы не оның міндетін атқарушы адам 5 (бес) жұмыс күні ішінде жұмыс тобы ұсынған ұсынымдарды қарап, мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) бұйрық шығару жолымен Комиссия құрамын бекіту туралы;
2) Комиссия құрамын бекітуден бас тарту туралы.
Комиссия құрамын бекітуден бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда жұмыс органы 3 (үш) жұмыс күні ішінде Комиссияға кандидаттарды қайта іріктеу туралы хабарлайды.
14. Бас тарту туралы шешім қабылдауға:
1) кандидаттардың білімі мен жұмыс өтіліне қойылатын біліктілік талаптарына, сондай-ақ соттылығының жоқтығы және психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдарда диспансерлік есепте болуы туралы талаптарға сәйкес келмеуі;
2) құжаттардың толық емес топтамасының ұсынылуы;
3) ұсынылған құжаттарда дұрыс емес мәліметтердің ұсынылуы – негіз болып табылады.
15. Мемлекеттік органдар кандидат осы Қағидалардың 10-тармағының 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсынған жағдайда, іріктеу рәсімін өткізбестен өз өкілін ауыстыруды жүзеге асырады.
16. Комиссия мүшелері Комиссия төрағасының атына еркін нысанда өтініш бере отырып, Комиссия құрамынан мерзімінен бұрын шығады. Жұмыс органы Комиссия құрамындағы бос орын құрылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 8, 9-тармақтарына сәйкес кандидаттарды іріктеу өткізілетіні туралы хабарлайды.
17. Комиссия мүшесі отырыстарда дәлелсіз себеппен 3 (үш) реттен артық болмаған жағдайда, жұмыс органы оны Комиссия құрамынан шығарады.
18. Комиссияның құрамы мен Комиссия қызметі туралы ереже уәкілетті орган басшысының не оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен бекітіледі және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
| Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазаны № ҚР ДСМ-168/2020 бұйрығына 2-қосымша |
Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияның қызметі туралы ереже
Ескерту. Қағидалар 2-қосымшамен толықтырылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 04.08.2026 № 87 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия (бұдан әрі – Комиссия) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультациялық-кеңесші орган, медициналық көмектің сапасы мен тиімділігіне қатысты қорытындылар мен ұсыныстарды әзірлеу кезінде сараптамалық тәуелсіздікке ие болып табылады.
2. Комиссияны құрудың мақсаты клиникалық хаттамаларды, медициналық білім беру, дәрі-дәрмек, денсаулық сақтау саласында сапаны бақылау мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі жүйесінің стандарттарын жетілдіру бойынша ұсынымдарды дайындау болып табылады.
3. Комиссия өз құзыретінде Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңына, медициналық көмекті көрсету, медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету, клиникалық хаттамаларды әзірлеу және денсаулық сақтау технологияларын бағалау мәселелерін реттейтін денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының басқа нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
2-тарау. Комиссияның міндеттері мен құқықтары
4. Комиссияның негізгі міндеттері:
1) денсаулық сақтау жүйесін нормативтік-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу және шешімдер қабылдау;
2) клиникалық хаттамаларды, денсаулық сақтау технологияларын, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарын, денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу стандарттарын, сондай-ақ Комиссияның құзыретіне жатқызылған өзге де құжаттар мен мәселелерді қарау және бағалау;
3) тиімді технологияларды, медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізуге және денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды дамытуға жәрдемдесу.
5. Комиссия көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін қажет болған жағдайда:
1) Комиссия мүшелерінің арасынан Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелерді талқылау және қарау үшін уақытша комитеттер құруға;
2) Осы Ережеде регламенттелген мәселелер бойынша талдау, бағалау және сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, денсаулық сақтау субъектілерінің өкілдерін тартуға құқылы.
6. Уақытша комитеттер, тәуелсіз сарапшылар және өзге де тартылған адамдар материалдарды алдын ала қарауды жүзеге асырады. Материалдарды қарау нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) ұсыныстар болған кезде әзірлеушілер үшін ұсынылатын өзгерістердің негіздемесін және тиісті дәлелдемелік базаға сілтемелерді қамтитын жазбаша сараптамалық қорытынды ұсынады. Ескертулер болмаған кезде материалдарды жұмыс органы Комиссияның қарауына жолдайды.
3-тарау. Комиссия қызметін ұйымдастыру
7. Комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары, мүшелер және хатшы кіреді.
8. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды және шешім қабылдау кезінде дауыс беру құқығына ие емес.
9. Комиссия отырыстарын уәкілетті орган ұйымдастырады.
10. Комиссияның жұмыс органы Комиссияның қызметін қамтамасыз ету мақсатында:
1) Комиссия жұмысына ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады, қажетті материалдарды дайындайды және оларды Комиссия мүшелеріне отырыс өткізілгенге дейін күнтізбелік 3 (үш) күн бұрын жібереді;
2) Комиссия мүшелерін, қажет болған жағдайда ведомстволық бағынысты және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін Комиссия отырыстарына шақырады.
11. Комиссия төрағасы Комиссияның жұмысына басшылық жасайды, оны жоспарлайды және Комиссия қызметіне жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары орындайды.
12. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде 1 (бір) рет өткізіледі.
13. Егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, Комиссия отырысы заңды болып есептеледі. Комиссия мүшесі дәлелді себептермен Комиссия отырысына қатыса алмаған жағдайда, ол бұл туралы Комиссия хатшысын кемінде 1 (бір) күн бұрын алдын ала хабардар етеді.
14. Комиссия отырыстары бейне-конференциялық байланыс құралдарын пайдалана отырып, күндізгі және (немесе) онлайн форматта өткізіледі.
15. Комиссия отырысының қорытындылары және дауыс беру нәтижелері бойынша хатшы 3 (үш) жұмыс күні ішінде хаттама жобасын ресімдейді. Комиссия отырысының хаттамасына Комиссияның барлық мүшелері, оның ішінде электрондық нысанда қол қояды.
16. Комиссияның шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған отырысқа қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
17. Комиссия отырыстарында клиникалық хаттамаларды, денсаулық сақтау технологияларын, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарын, орфандық (сирек кездесетін) ауруларды іріктеу критерийлері мен тізбесін, адами ресурстарды дамыту мәселелерін және денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу стандарттарын мақұлдау немесе мақұлдаудан бас тарту туралы шешімдер қабылдайды.
18. Комиссия шешімдері ұсынымдық сипатқа ие.
19. Комиссия мүшелері Комиссия қызметіне оларды алмастыру құқығынсыз қатысады.
20. Отырыстардың хаттамалары оларға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірілмей Комиссияның жұмыс органының интернет-ресурсында орналастырылады.
21. Комиссияның хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды жұмыс органы жүзеге асырады.