Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттарын және докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастырудың кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 4 қаңтардағы № 1 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 19 қаңтарда № 31724 болып тіркелді.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3-бабының 18) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 25.08.2023 № 442 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесі бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 25.08.2023 № 442 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

  Қазақстан Республикасы Ғылым
және жоғары білім министрінің
2023 жылғы 4 қаңтардағы
№ 1 бұйрығына
1-қосымша

Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 25.08.2023 № 442 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-3-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленді және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 25.08.2023 № 442 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуетті өнім беруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), шарт жасасуға үміткер заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      2) білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы (бұдан әрі – оператор) – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша білім саласындағы уәкілетті орган анықтайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары және докторанттары үшін жатақханаларда жаңа орындарды енгізуді қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысымен байланысты қызметтерге арналған ақшалай төлемдер;

      4) өнім беруші – кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), онымен жасалған шартта тапсырыс берушінің контрагенті ретінде әрекет ететін заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      5) уәкілетті орган – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Мемлекеттік тапсырыстың көлемі "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 5) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесіне (бұдан әрі – Әдістеме) сәйкес айқындалады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 25.08.2023 № 442 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      4. Алып тасталды - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 14.02.2025 № 52 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мақсатында:

      1) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындардың үш жылдық кезеңге арналған болжамды тапшылығы ескеріледі.

      Болжамды тапшылықты есептеу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 11 желтоқсандағы № 567 және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 11 желтоқсандағы № 280 бірлескен бұйрығымен бекітілген Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттік жатақханаларындағы орындардың болжамды тапшылығын айқындау жөніндегі 2030 жылға дейінгі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Болжамды тапшылықты айқындау кезінде олардың нақты қажеттілігін ескере отырып, астанаға және республикалық маңызы бар қалаларға және жалпы республикалық қажеттіліктен кемінде 20 % (пайыз) тапшылығы бар өңірлерге басымдық беріледі;

      2) егер Қағидалардың 14-тармағының екінші бөлігінің үшінші абзацында өзгеше көзделмесе, салынып жатқан жатақханадағы немесе жатақхана етіп реконструкция жасалып жатқан ғимараттағы орындардың жалпы саны есепке алынады, ол астана, облыс орталықтары, республикалық маңызы бар қалалар үшін кемінде жүз орынды, ал қалған елді мекендер үшін кемінде елу орынды құрайды.

      Реконструкция жасалып жатқан жатақханадағы орындардың жалпы саны реконструкция жасалып жатқан жатақханада бұрын қолданылған орындардан басқа кемінде елу жаңа орынды құрайды. Бұл жағдайда, мемлекеттік тапсырыс реконструкция жасалған жатақханадағы қосымша енгізілген жаңа орындар үшін орналастырылады;

      3) оператор жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының көмегімен өнім берушілердің дерекқорларын қалыптастыру және енгізу арқылы өнім берушінің жатақханаларда жаңа орындарды енгізуіне, сондай-ақ жатақханадағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттары нақты орналасқан жаңа орындарға мониторинг жүргізуді жүзеге асырады;

      4) жаңа жатақхана салу алдында жатақхананы немесе ғимаратты жатақхана ретінде реконструкциялаудың басымдығы ескеріледі;

      5) оператор мемлекеттік тапсырысқа қатысуға арналған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының жатақханалары объектілерін салу мен реконструкциялаудың цифрлық тізілімін (бұдан әрі – Тізілім) жүргізеді.

      Тізілімде көрсетілетін қызметтерді жеткізушілердің және (немесе) құрылыс салушылардың, құрылыс және реконструкциялау жоспарлары-кестелерінің, жұмыстардың орындалу барысының, объектілерді пайдалануға беру мерзімдерінің, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына арналған жатақханаларда жоспарланатын жаңа орындардың көлемі есепке алынады.

      Құрылыс және реконструкциялау жоспарлары-кестелерінің мерзімдері және объектілерді пайдалануға беру мерзімдері бұзылған жағдайда оператор алдын ала шартты біржақты тәртіппен бұзады.

      Тізілімді қалыптастыру, жүргізу және өзектендіру тәртібін оператор айқындайды;

      6) оператор жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс шарты жасалғанға дейін әлеуетті өнім беруші енгізген жатақханадағы жаңа орындардың тұрғын бөлмелер мен орындар санына ұсынылған құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкестігіне көшпелі мониторинг жүргізеді.

      Көшпелі мониторинг жүргізу тәртібін, іссапарлар жоспары мен кестесін оператор айқындайды.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5-1. Оператор жатақханадағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттары нақты қамтылған орындардың мониторингін мыналардан:

      жатақханада тұратындарды жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері және (немесе) магистранттары және (немесе) докторанттары санатына жатқызуды растау бөлігінде "Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы" цифрлық жүйесінен;

      шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қоспағанда, жатақханада тұратын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттары туралы, оның ішінде олардың тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы жаңартылған және анық мәліметтерді алу бөлігінде "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер базасынан;

      жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің, магистранттары мен докторанттарының тиісті жатақханада тұруы туралы мәліметтерді алу бөлігінде адамдардың тиісті жатақханаға еркін өтуін (кіруін немесе шығуын) шектейтін құрылғымен (құрылғыларымен) интеграцияланған, операторға тиесілі "StudDom" цифрлық жүйесінен мәліметтер алу жолымен жүзеге асырады. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттары жатақханада нақты тұруы жөнінде қосымша мәліметтер қажет болған жағдайда оператор жатақхана тұрғындарына ішінара қоңырау шалуды жүзеге асырады. Адамдардың тиісті жатақханаға еркін өтуін (кіруін немесе шығуын) шектейтін бақылау және құрылғының қолжетімділігін басқару жүйесі карточкалық сәйкестендіруді немесе биометриялық сәйкестендіруді (Face ID) пайдалануды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. Қағида 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 25.08.2023 № 442 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2-тарау. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібі

      6. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттары үшін жатақханаларда жаңа орындар енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсететін өнім берушілер мынадай шарттардың бірі сақтаған кезде жүзеге асырады:

      1) жатақхана Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі өткеннен кейін мемлекеттік меншікке беруге жатады;

      2) акцияларының елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы әлеуетті өнім беруші және өнім беруші болып табылады.

      Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген міндеттемені орындамау өнім берушінің алынған бюджет қаражатын бюджетке толық көлемде қайтару жөніндегі міндетіне әкеп соғады және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өндіріп алу үшін негіз болып табылады.

      Жатақхананы жекеменшіктен мемлекеттік меншікке ерікті және өтеусіз беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттары үшін жатақханалардағы жаңа орындар 2018 жылғы 20 шілдеден кейін мына жолдармен пайдалануға берілген жатақхана орындары болып табылады:

      1) жапсаржай, қондырманы қоса алғанда, жаңа жатақхана салу;

      2) жапсаржай, қондырманы қоспағанда, ғимаратты оның нысаналы мақсатын өзгертуге байланысты жатақхана етіп реконструкция жасау.

      8. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттары үшін жатақханаларда жаңа орындар енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсететін әлеуетті өнім беруші операторға мына құжаттарды (қағаз көшірмелерде немесе электрондық нысанда) ұсына отырып, оператор бекіткен нысан бойынша электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған қағаз немесе электрондық нысанда өтініш береді:

      1) жаңа жатақхана салынған кезде:

      жатақхананы салу үшін пайдаланылатын жер учаскесіне (меншікті, жалға алынатын немесе жерді өтеусіз пайдалану құқығындағы) құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттары;

      пайдалануға берілген жаңа жатақханалар үшін – жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы қоса бере отырып, жатақханаға құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаты;

      2) жатақханаға немесе ғимаратты жатақхана етіп реконструкция жасалған жағдайда:

      жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы қоса бере отырып, жатақханаға немесе жатақхана етіп реконструкция жасалатын ғимаратқа құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттары;

      3) егер әлеуетті өнім беруші жекеше әріптес болып табылған жағдайда:

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған, қажет болған жағдайда жекеше әріптестер үшін мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын, шығындарды өтеу және табыс алу көздерін көздейтін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 23.09.2024 № 456 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Оператор әлеуетті өнім берушіден Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығына тексеру жүргізеді.

      Әлеуетті өнім беруші Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар топтамасы тиісінше ресімделген өтінішті ұсынған кезде оператор осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзімнен кейінгі күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оператор бекіткен нысан бойынша әлеуетті өнім берушімен әлеуетті өнім беруші соның шеңберінде жатақханалардағы жаңа орындарды пайдалануға енгізетін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы жаңадан енгізілген орындармен қамтамасыз ету жөніндегі алдын ала шартты (бұдан әрі – алдын ала шарт) жасасады.

      Оператор әлеуетті өнім беруші Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған және (немесе) дұрыс ресімделмеген өтінішті ұсыну фактісін анықтаған жағдайда, оператор осы құжаттар тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге алдын ала шартты жасасудан бас тарту туралы негізделген және дәлелді жауабын жолдайды.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 14.02.2025 № 52 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9-1. Болжамды тапшылық есептерімен расталған жатақханаларда жаңа орындарға қажеттілік болмаған кезде оператор алдын ала шарт жасасудан бас тартады.

      Ескерту. Қағидалар 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      10. Алып тасталды - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 14.02.2025 № 52 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Шартты "Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысы қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 18 шілдедегі № 354 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34786 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысы қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларына сәйкес тапсырыс беруші жасайды.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      12. Алып тасталды - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 14.02.2025 № 52 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін әлеуетті өнім беруші операторға жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы анықтама мен оның техникалық сипаттамасын қоса бере отырып, жатақханада жаңа орындардың пайдалануға енгізілгенін және жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығының тіркелгенін растайтын құжаттардың көшірмесін ұсынады.

      Оператор әлеуетті өнім берушіден Қағидалардың осы тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығына тексеру жүргізеді.

      Әлеуетті өнім беруші Қағидалардың осы тармағында көрсетілген толық және анық құжаттарды ұсынған кезде, оператор олар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде өнім берушімен Қағидалардың 11-тармағында көзделген шарт жасасады.

      Оператор әлеуетті өнім берушінің Қағидалардың осы тармағында көрсетілген толық емес және (немесе) дәйексіз құжаттарды ұсыну фактісін анықтаған жағдайда, оператор осы құжаттарды тіркеген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге шарт жасасудан негізделген және дәлелді бас тартуды жібереді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 14.02.2025 № 52 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13-1. Өнім беруші сыйға тарту, сатып алу – сату шартын жасасу жолымен не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілмен жатақхананы иеліктен шығарған жағдайда, өнім беруші операторды иеліктен шығарудың болжамды күніне дейін күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын жазбаша хабардар етуге міндетті.

      Жатақхананы иеліктен шығару шартында өнім беруші жатақхананың нысаналы мақсатының өзгермейтіндігін сақтау жөніндегі барлық міндеттемелерді жаңа өнім берушіге ауыстыру туралы талапты көздейді және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттары үшін жатақханаларда жаңа орындарды енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша бұрын алынған бюджет қаражатының сомасын көрсетеді.

      Жатақхананың қолданылу мерзімі ішінде оның нысаналы мақсатының өзгермейтіндігін сақтау жөніндегі міндеттемелер бұзылған жағдайда, меншігіне жатақхана берілген өнім беруші студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханаға орналастыруға мемлекеттік тапсырыс бойынша бұрын төленген барлық соманы қайтарады.

      Шарт тарапы ауысқан кезде жатақхана меншігіне өткен өнім беруші операторға құқық белгілейтін құжаттарды қоса бере отырып, алдын ала шартта тарапты өзгерту туралы өтініш береді.

      Оператор осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өнім берушінің өтініші тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығына тексеруді жүргізеді.

      Өнім беруші құжаттардың толық топтамасымен тиісінше ресімделген өтінішті ұсынған кезде оператор осы тармақтың бесінші бөлігінде көзделген мерзім ішінде өнім берушімен алдын ала шартқа қосымша келісім жасасады, оның шеңберінде өнім беруші оған жатақхананың нысаналы мақсатының өзгермейтіндігі және жатақханада пайдалануға берілетін жаңа орындардың нысаналы мақсатының өзгермейтіндігі туралы міндеттемелердің бірінші өнім берушіден қалған мерзімге ауысуы туралы келіседі.

      Бұл ретте өнім беруші өз есебінен жатақханаға құқықтарды (ауыртпалықтарды) тіркеуші органда - жатақхананың орналасқан жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында тіркеуді жүзеге асырады.

      Тіркеуші органда жатақханаға ауыртпалық құқықтары тіркелгеннен кейін жатақхана меншігіне өткен өнім беруші мемлекеттік тапсырыс шартында оператор бекіткен нысан бойынша электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған қағаз немесе электрондық нысанда, кемінде жиырма жыл мерзімге жатақхананың нысаналы мақсатын өзгерту құқығының ауыртпалығын тіркеуді растайтын құжаттың көшірмесін, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтамаларды бере отырып, (қағаз көшірмелерде немесе электрондық нысанда) тарапты ауыстыруға өтініш береді.

      Өнім беруші осы тармақтың сегізінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың толық топтамасымен тиісінше ресімделген өтінішті ұсынған кезде оператор 15 (он бес) жұмыс күні ішінде өнім берушімен мемлекеттік тапсырыс шартына қосымша келісім жасасады.

      Ескерту. Қағидалар 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі:

      1) жетпіс екі ай – келесі жағдайларда:

      пайдалануға қабылдау актісі 2023 жылғы 1 қаңтардан кейін құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуден өткен жаңа жатақхана салғанда;

      акцияларының елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының 2024 жылғы 1 қаңтардан кейін аталған білім беру ұйымдарында меншік құқығы туындаған сатып алынған жатақхананы немесе жатақханаға арналған ғимаратты қайта жаңартқанда;

      2) тоқсан алты ай – осы тармақтың 1) тармақшасында көзделмеген өзге де жағдайларда.

      Осы тармақтың 1) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген реконструкциялау жағдайында көзделген мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі төменде көрсетілген барлық талаптар сақталған кезде қолданылады:

      акцияларының елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі, жатақхананың меншік иелері болып табылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары студенттерге, магистранттар мен докторанттарға арналған жатақханаларда орын тапшылығы бар астанада немесе республикалық маңызы бар қалаларда жалпы республикалық қажеттіліктің 20 пайызынан астамында орналасқан;

      реконструкция жасалып жатқан жатақхана немесе жатақханаға арналған ғимарат орындарының саны кемінде екі жүз орынды, оның ішінде реконструкция жасалған жатақханада бұрыннан бар орындардан басқа жаңалары құрайды;

      реконструкция жасалатын ғимарат акцияларының елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының меншігіндегі оқу корпусы болып табылмайды;

      жүргізілген реконструкцияны растайтын жатақхананы пайдалануға қабылдау актісі 2024 жылғы 1 қаңтардан кейін Құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуден өтті.

      Жатақхананың меншік иесі ауысқан жағдайда мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі жатақхананың алдыңғы меншік иесі кезінде орналастырылған мерзімнің осы тармақтың 1) – 2) тармақшаларында көрсетілген жатақхананың жаңа меншік иесінде орналастыру мерзіміне ара қатысы ескеріле отырып, қысқарады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 25.11.2024 № 533 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      15. Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасының талаптары сақталған кезде жатақхана пайдалануға енгізіліп, жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығы тіркелгеннен кейін толық айға жүзеге асырылады, бөліктерге бөлінбейді.

      Төлемді жүзеге асыру үшін өнім беруші 15 желтоқсандағы жағдай бойынша берілетін желтоқсан айына тізілімді қоспағанда, ай сайын Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша айдың соңғы күніндегі жағдай бойынша жатақханадағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары және докторанттары нақты орналасқан орындар туралы мәліметтерді қамтитын тізілімді ұсынады.

      Оператор тізілімде көрсетілген мәліметтерді деректер базасына және Қағидалардың 5-1-тармағында көрсетілген цифрлық жүйелерге сәйкестігі тұрғысынан салыстырып тексеруді жүзеге асырады.

      Оператор айдың соңғы күніндегі және 15 желтоқсандағы жағдай бойынша жатақханадағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне, магистранттарына және докторанттарына берілген орындарға мониторингті жүзеге асыру мақсатында тиісті кезеңде "StudDom" цифрлық жүйесінен алынған мәліметтер негізінде 5 жұмыс күні ішінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы кері байланыс деректерін көрсете отырып, олардың тиісті жатақханада тұратыны туралы хабардар етеді. Оператор хабарлама жібергеннен кейін үш жұмыс күні ішінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студентінен, магистрантынан және докторантынан қарсылық болмаған кезде оның тиісті жатақханада әдепкі қалпы бойынша тұрғанын растау болып есептеледі.

      Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің, магистранттары мен докторанттарының жатақханада тұрмау фактісі расталған кезде мемлекеттік тапсырыс бойынша төлем жүзеге асырылғаннан кейін оператор қорытындыны ресімдейді, оның негізінде өнім берушіге осындай студенттер, магистранттар және докторанттар үшін алынған қаражатты бюджетке қайтару туралы талапты жібереді.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15-1. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттары жатақханада нақты орналасқан орындар "StudDom" цифрлық жүйесі арқылы тиісті жатақханада бір студенттің, магистранттың және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары докторантының айына (желтоқсан айын қоспағанда) кемінде жетпіс екі сағатты құрайтын сағат санымен расталады.

      Жатақханада жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттары нақты орналасқан орындар "StudDom" цифрлық жүйесі арқылы желтоқсан айында тиісті жатақханада бір студенттің, магистранттың және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары докторантының кемінде отыз алты сағатты құрайтын сағат санымен расталады.

      Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінің талаптары Қағидалардың 15-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мерзімге дейін "StudDom" цифрлық жүйесінде тіркелген және жатақханада кемінде он екі сағат тұратын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына қолданылмайды.

      Ескерту. Қағидалар 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 23.09.2024 № 456 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      16. Егер оператор шарт жасалғанға дейін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің, магистранттарының және докторанттарының нақты тұратынын растаған жағдайда мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер Қағидалардың 15-тармағының сақталу шартымен өткен кезеңге жүзеге асырылады. 

  Студенттерді, магистранттар
мен докторанттарды
жатақханалардағы орындармен
қамтамасыз етуге мемлекеттік
тапсырысты орналастыру
қағидаларына қосымша

      Ескерту. Қосымшада жоғарғы оң жақ бұрыш жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 25.08.2023 № 442 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Нысан

  __________________________
  (оператордың атауы)

20___ жылғы "___"________ жағдай бойынша жатақханадағы адамдар нақты тұрып жатқан орындар туралы тізілім

Т.А.Ә.

ЖСН

Оқитын жері (жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын көрсету)

Оқитын курсы

Оқу деңгейі













      Қолы

      Мөр орны (болған жағдайда) Күні

  Қазақстан Республикасы Ғылым
және жоғары білім министрінің
2023 жылғы 4 қаңтардағы
№ 1 бұйрығына
2-қосымша

Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесі 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін есептеу алгоритмін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 25.08.2023 № 442 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Әдістемеде мынадай ұғым пайдаланылады:

      1) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттары мен докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары және докторанттары үшін жатақханаларда жаңа орындарды енгізуді қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысымен байланысты қызметтерге арналған ақшалай төлемдер.

2-тарау. Мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін анықтау алгоритмі

      3. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру шеңберіндегі қаржыландыру көлемі жатақханадағы орындардың саны мен жатақханадағы бір орынға өтемақы мөлшерінің көбейтіндісі ретінде айқындалады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер жатақханадағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттары нақты қамтылған орындар үшін жүзеге асырылады. Егер төлем айы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің, магистранттарының және докторанттарының қысқы және жазғы каникулдар кезеңіне сәйкес келген жағдайда мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің, магистранттарының және докторанттарының қысқы немесе жазғы каникулдарының алдындағы соңғы оқу айындағы жатақханадағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары және докторанттары нақты орналасқан орындар туралы ақпараттың негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      4. Алып тасталды - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 23.09.2024 № 456 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Мемлекеттік тапсырыстың ай сайынғы мөлшерін есептеу жатақхана салу және реконструкция жасау кезінде мынадай формула бойынша есептеледі:

      АМТМ = МТЖМ × ЖНОО / АС,

      мұндағы:

      АМТМ - ай сайынғы мемлекеттік тапсырыстың мөлшері;

      ЖНОО - жатақханадағы нақты орналасқан орындар;

      МТЖМ - жатақханадағы бір орын үшін мемлекеттік тапсырыстың жылдық мөлшері:

      1) сейсмикалық қауіптілігі 9 және одан да көп балды құрайтын, сондай-ақ типіне және түріне қарамастан білім беру ұйымдарының студенттеріне, манистранттары мен докторанттарына арналған жатақханалардағы орындар тапшылығы бар облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда жалпы республикалық қажеттіліктің 20 пайызынан асатын құрылыс салған жағдайда:

      республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 230 еселенген мөлшері – пайдалануға қабылдау актісі 2023 жылғы 1 қаңтардан кейін құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуден өткен жаңа жатақхана салған жағдайда;

      республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 144 еселенген мөлшері – өзге жағдайларда;

      2) астананы қосқанда, өзге де елді мекендерде құрылыс салған жағдайда:

      республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 195 еселенген мөлшері – пайдалануға қабылдау актісі 2023 жылғы 1 қаңтардан кейін құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуден өткен жаңа жатақхана салған жағдайда;

      республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 122 еселенген мөлшері – өзге де жағдайларда;

      2-1) акцияларының елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары сатып алған жатақхананы немесе меншік құқығы аталған білім беру ұйымдарында 2024 жылғы 1 қаңтардан кейін туындаған жатақханаға арналған ғимаратты реконструкциялаған кезде – тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 182 еселенген мөлшері.

      Бұл жағдайда, осы тармақта көзделген жатақханадағы бір орынға мемлекеттік тапсырыстың жылдық мөлшері төменде көрсетілген барлық талаптар сақталған кезде қолданылады:

      акцияларының елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі, жатақхананың меншік иелері болып табылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары студенттерге, магистранттар мен докторанттарға арналған жатақханаларда орын тапшылығы бар астанада немесе республикалық маңызы бар қалаларда жалпы республикалық қажеттіліктің 20 пайызынан астамында орналасқан;

      реконструкция жасалған жатақхана немесе жатақханаға арналған ғимарат орындарының саны кемінде екі жүз орынды, оның ішінде реконструкция жасалған жатақханада бұрыннан бар орындардан басқа жаңалары құрайды;

      реконструкция жасалатын ғимарат акцияларының елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының меншігіндегі оқу корпусы болып табылмайды;

      жүргізілген реконструкцияны растайтын жатақхананы пайдалануға қабылдау актісі 2024 жылғы 1 қаңтардан кейін құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуден өткен;

      3) типіне және түріне қарамастан білім беру ұйымдарының студенттеріне, манистранттары мен докторанттарына арналған жатақханалардағы орындар тапшылығы бар астанада және республикалық маңызы бар қалаларда реконструкция жасаған кезде жалпы республикалық қажеттіліктің 20 процентінен асатын – республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 92 еселенген мөлшері;

      4) өзге де елді мекендерде реконструкция жасаған кезде – республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 47 еселенген мөлшерін құрайды;

      АС - он екі айдан тұратын жылдағы айлар саны.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5-1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті аумақтарында төтенше жағдайды және (немесе) шектеу шараларын енгізу кезеңіне, оның ішінде қашықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыруды көздейтін мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер жатақханадағы орындардың жалпы саны туралы мәліметтер негізінде жүзеге асырылады және мынадай формула бойынша есептеледі:

      ТЖжШШАМТМ = МТЖМ × ЖҚ/АС,

      мұндағы:

      ТЖжШШАМТМ – төтенше жағдай және (немесе) шектеу шараларын енгізу кезеңіне ай сайынғы мемлекеттік тапсырыстың мөлшері;

      ЖҚ – жатақхананың жобалық қуаты.

      Ескерту. Әдістеме 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 23.09.2024 № 456 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.
      6. Алып тасталды - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 14.08.2026 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады