ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын байланыс операторларының және (немесе) байланыс желілерін иеленушілердің жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүргізу үшін өзінің телекоммуникациялық жабдығының функцияларын өз қаражаты немесе тартылған қаражат есебінен қамтамасыз ету қағидаларын және Байланыс желілері мен құралдарына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2024 жылғы 19 қыркүйектегі № 128/қе бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 35121 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
осы бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын байланыс операторларының және (немесе) байланыс желілерін иеленушілердің жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүргізу үшін өзінің телекоммуникациялық жабдығының функцияларын өз қаражаты немесе тартылған қаражат есебінен қамтамасыз ету қағидаларында:
31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"31. Белгiленген талаптарды орындау үшiн жабдықтың иеленушілері Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiк органдарының уәкілетті бөлімшесімен ақпаратты жинақтау, сақтау және оған қол жеткiзу туралы екiжақты Келiсiм (бұдан әрi – Келісім) жасасады.
Келісімде мыналар көрсетіледі:
1) ақпаратты жинақтау мен сақтауды қамтамасыз ету шарттары, оның ішінде жинақтау және сақтау жабдықтарын енгізу кезеңділігі;
2) сақталатын ақпаратқа қол жеткізу және жинақтау, сақтау жабдығын орналастыру шарттары;
3) мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану шарттары;
4) жабдық иесінде орналасқан жабдыққа киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңсыз қол жеткізуді шектеу және физикалық қорғау шарттары;
5) ақпаратты жинақтау және сақтау үшін тартылған барлық учаскелердің ақпараттық трактілерін ұйымдастыру шарттары;
6) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының уәкілетті бөлімшелерінің жабдықтарын жинау және сақтау жабдықтарына қосу нүктелері;
7) телекоммуникация желісі, қолданылатын интерфейстер, пайдаланылатын телекоммуникациялық жабдық, хабарлама форматтары, жинақтау мен сақтау жабдықтары, сақталатын ақпаратқа қол жеткізу және қосылу нүктелерінің жабдығы туралы техникалық мәліметтер беру шарттары;
8) телекоммуникация желілерінің дамуы, телекоммуникациялық жабдықтардың енгізілуі, жаңа технологиялар мен байланыс қызметтерінің енгізілуі, жаңа интерфейстер мен хабарлама форматтарының енгізілуі туралы ақпараттандыру шарттары;
9) ағымдағы мәселелерді шешу, ақауларды жою және штаттан тыс жағдайлардан шығу үшін өзара әрекеттесу регламенті.";
39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"39. Жабдықтың иелері Келісімге сәйкес телекоммуникация желілері арқылы берілетін ақпаратты жинақтау, сақтау жабдықтарының физикалық қорғалуын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасының талаптарына сәйкес киберқауіпсіздік талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді.";
көрсетілген қағидаларда 7-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес мынадай редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақпарат және киберқауіпсіздік қызметі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы |
Е. Сагимбаев |
КЕЛІСІЛГЕН
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және цифрлық
даму министрлігі
КЕЛІСІЛГЕН
Қазақстан Республикасының
Сауда және интеграция министрі
КЕЛІСІЛГЕН
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік күзет қызметі
Қарсы барлау іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүргізу функциялары бар ақпаратты жинақтау және сақтау жабдығын ПАЙДАЛАНУҒА БЕРУ АКТІСІ
Осы актімен оператор немесе желі иесінің байланыс желілерінде қарсы барлау іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүргізу функциялары бар ақпаратты жинақтау және сақтау жабдығы(бұдан әрі - жабдық) пайдалануға беріледі.
Пайдалануға берілетін жабдықтардың тізбесі:
№ р/с | Жабдықтың атауы | Сериялық нөмірі | Орнату орны (елді мекен, көше, ғимарат нөмірі, қабат, үй-жай нөмірі, қатар, орын) |
Жабдық желілерде ҚБІ жүргізу үшін техникалық мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді
____________________________________________________________________
(ұялы телефон байланысының, тіркелген телефон байланысының, мобильді
байланыстың интернеті, тіркелген байланыстың интернеті)
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – ҚР ҰҚК) өкілі
телекоммуникациялық шкаф(тар) пен жабдықтарға киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету
тұрғысынан тексеру жүргізді.
Осы актіге қол қойылған күннен бастап телекоммуникациялық шкаф(тар)
__________________________________________________________________
(шкафтың нөмірі немесе оның шартты белгісі)
ҚР ҰҚК өкілдерінің мөрлерімен мөрленеді.