ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі.
БҰЙЫРАМЫН:
"Тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №100 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10321 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 74-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң) реттелмеген тыйым салынған мүлікті өткізу тәртібін белгілейді.";
2-тармақтың 11) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"11) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін және электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы);";
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Борышкерді және өндіріп алушыны жүргізілген бағалау туралы тиісінше хабардар етпей немесе таныстырмай және оларға бағалау нәтижесіне шағымдануға бағалаумен танысқан күннен бастап он жұмыс күнін бермей, тыйым салынған мүлік электрондық аукционға қойылмайды. Көрсетілген мерзімді есептеу борышкерді және өндіріп алушыны жүргізілген бағалау туралы хабардар еткен немесе таныстырған күннен басталады. Борышкердің іздеуде болуы жағдайлары оның мүлкін өндіріп алуға кедергі болмайтын ерекшелік болып табылады.";
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Электрондық аукционға қатысу үшін кепілдік жарна мүліктің бағалау құнының он пайызы мөлшерінде белгіленеді және электрондық аукционға қатысушы БЭСА операторының банктік шотына енгізеді.";
29-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) он пайыздық кепілдік жарнаның аударылғанын растайтын төлем құжаты болмаса;";
30-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"30-1. Электрондық аукцион туралы мәліметтерді электрондық аукционға қатысушылардың және атқарушылық іс жүргізу тараптарының жазбаша сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес БЭСА операторы ұсынады. Дербес деректерді ұсыну "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.";
36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"36. Егер жеңімпаз деп танылған электрондық аукционға қатысушы осы Қағидалардың 41-тармағында белгіленген мерзімде сатып алынған мүлік үшін төлем жасамаса, алдыңғы баға ұсынысын растаған тұлға жеңімпаз деп танылады.
Егер алдыңғы баға ұсынысын растаған қатысушы өзі ұсынған баға бойынша мүлікті сатып алудан бас тартса, ұсыныс аукционның алдыңғы екі қатысушысына реттілігімен жіберіледі.
БЭСА операторы БЭСА-ның жеке кабинетінде электрондық аукционның алдыңғы екі қатысушысына олардың әрқайсысы растаған соңғы баға ұсынысының бағасы бойынша мүлікті сатып алу мүмкіндігі туралы хабарлама жібереді.
Жеңімпаз деп танылған қатысушының сатып алынған мүлікке ақы төлеу мерзімі оған хабарлама жіберілген күннен бастап есептеледі және осы Қағидалардың 41-тармағында белгіленген мерзімді құрайды.
Электрондық аукционға қатысушылар ұсынылған баға бойынша мүлікті сатып алудан бас тартқан жағдайда, электрондық аукцион өтпеді деп танылады.";
38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"38. Егер ұсыныстарға сұрау салу басталғаннан бастап бес минут ішінде бірде бір қатысушы лотты сатып алу туралы өзінің келісімін растамаса, лоттың бағасы қадамның белгіленген шамасына төмендеуін жалғастырады, ал аукцион қатысушыларының келісімін растау үшін уақыт келесі бес минутқа ұзартылады. Бұл ретте өткізілетін мүліктің бастапқы бағасы қатысушылардың бірі мүлікті жарияланған бағамен сатып алуға келіскен кезге дейін белгіленген қадаммен төмендетіледі, ол елу пайыздан төмен болмауға, ал жылжымайтын мүлікке қатысты электрондық аукционға шығарылған мүліктің бағалау құнынан жетпіс бес пайызға төмен болмауға тиіс.";
38-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"38-1. Лоттың жарияланған бағасын қатысушылардың бірі растаған кезде электрондық аукцион қатысушылардың баға ұсыныстарының реттілігі туралы мәліметтерді қамтитын электрондық аукцион нәтижелерін автоматты түрде қалыптастырумен аяқталады.
Электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама осы Қағидаларға сәйкес жеңімпаз деп танылған қатысушы сатып алынған мүліктің құнын төлегеннен кейін қалыптастырылады.";
38-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"38-2. Екі және одан да көп қатысушы бірдей баға ұсынысын растаған жағдайда, электрондық аукцион төмендету әдісімен аукцион жеңімпазы анықталғанға дейін бағаны көтеруге ауыса отырып жалғасады.
Егер қатысушылардың ешқайсысы сауда-саттықтың алдын ала белгіленген қадамын қолдау арқылы мүлік құнының өзгеруінің белгіленген қадамын қолдамаса, аукцион өтпеді деп танылады.";
41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"41. БЭСА операторы мүлікті сатып алу мүмкіндігі туралы хабарлама жіберген электрондық аукционға қатысушы осындай хабарлама жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ақшалай қаражатты аумақтық әділет органының қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына аудару арқылы сатып алынған мүліктің құнын төлейді.
Сатып алынған мүліктің құнын төлеген және осы Қағидаларға сәйкес электрондық аукционның жеңімпазы деп танылған қатысушының кепілдік жарнасын БЭСА операторы жиырма төрт сағат ішінде аумақтық әділет органының қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына аударады.";
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"42. Электрондық аукционға қатысушылардың кепілдік жарнасы мынадай жағдайларда қайтарылмайды:
1) жеңімпаз белгіленген мерзімде сатып алынған мүліктің құнын төлемесе;
2) қатысушының электрондық аукционға қатысуға құқығы болмаса.";
43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"43. Электрондық аукцион мүліктің құнын жоғарылату немесе төмендетумен өткізілмеді деп танылған кезде өндіріп алушы аукцион өткізілмеді деп танылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сот орындаушысына өтініш беру арқылы бағалау құны бойынша мүлікті өзіне қалдыруға құқылы. Өндіріп алушының көрсетілген мерзім ішінде мүлікті өзіне қалдыру туралы өтінішінің болмауы өндіріп алушының мүлікті қабылдаудан бас тартуы деп танылады.";
Тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидаларына 1 және 2-1 қосымшалар осы бұйрыққа 1 және 2-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
|
Қазақстан Республикасы Әділет министрі |
Е. Сарсембаев |
