БҰЙЫРАМЫН:
1. "Бағалау туралы есептің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 3 мамыр № 501 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16900 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бағалау туралы есептің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарда:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Есеп бағалау жүргізу нәтижелері бойынша жасалады және Заңға, осы талаптарға және "Бағалау стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 519 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16971 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 519 бұйрық) бекітілген бағалау стандарттарына сәйкес ресімделген жазбаша немесе электрондық құжатты білдіреді.";
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. "Есептің қорытынды бөлігі" деген 4-бөлімде объекті құнының шамасы туралы жиынтық қорытынды қамтылады.
Бағалау объектісі құнының жиынтық шамасы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында көрсетіледі және сомасын жақшада таратып жаза отырып, теңгемен көрініс табады (егер Тапсырыс берушімен жасалған бағалау жүргізу шартымен өзгеше келісілмесе).
Бағалау туралы есепте көрсетілген бағалау объектісі құнының жиынтық шамасы, егер бағалау туралы есеп жасалған күннен бастап бағалау объектісімен мәміле жасалған күнге немесе жария оферта ұсынылған күнге дейін өткен уақыт алты айдан аспайтын болса, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, бағалау объектiлерімен мәмiле жасасу мақсаттары үшін ұсынымды болып танылады.
Бұл ретте, жасалған күнінен бастап бір жылдан аспайтын уақыт өткен ипотекалық шартты жасасу кезінде, сондай-ақ кепілге берілген мүлікті өткізу кезінде қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті бағалау туралы есеп атқарушылық іс жүргізу шеңберінде танылады.";
13, 14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Бағалау туралы есепке бағалаушы қол қояды, ал бағалаушы заңды тұлғамен еңбек шартын жасасқан жағдайда заңды тұлғаның басшысы бекітеді және бағалау туралы есеп жасалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қаржылық есептілік депозитарийінде тіркеледі.
Бағалау туралы есепті бағалаушы қаржылық есептілік депозитарийінде электрондық түрде қалыптастырады және электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды.
Бұл ретте оны қаржылық есептілік депозитарийінде тіркеу талап етілмейді.
14. Мүлікті бағалау туралы есепке өзгерістер мен/немесе толықтырулар жазбаша немесе электрондық түрде енгізілген кезде, бағалаушы негіздемесін көрсете отырып, қаржылық есептілік депозитарийінде орналастырылған есепке тиісті өзгерістер мен/немесе толықтырулар енгізеді.
15. Бағалаушы бағалау туралы есепке өзгерістер мен/немесе толықтырулар енгізген кезде есептің нөмірі мен күні өзгеріссіз қалады.".
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит пен бағалау әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
М. Такиев |