БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі ақпараттық жүйесiнiң ақпараттық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимылы қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1277 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12968 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі цифрлық жүйесiнiң цифрлық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимылы қағидаларын бекіту туралы";
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 165) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:".
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі цифрлық жүйесінің цифрлық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимылы қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі ақпараттық жүйесiнiң ақпараттық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимылы қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі |
Ж. Мадиев |
Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі цифрлық жүйесiнiң цифрлық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимылы қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі цифрлық жүйесiнiң цифрлық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимылы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 165) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі цифрлық жүйесінің цифрлық жүйелермен ақпараттық өзара іс қимылы тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларға сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі цифрлық жүйесінің цифрлық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимыл жасасуға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер жатпайды.
3. Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі цифрлық жүйесінің мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерімен өзара ақпараттық іс-қимылы мемлекеттік қызметті көрсету барысында қағаз жүзіндегі құжат айналымын болдырмауды (азайтуды), сонымен қатар азаматтардың құқықтық маңызды фактілерді растайтын құжаттардың аз санын ұсынуын қамтамасыз етеді.
4. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) цифрлық жүйе – цифрлық деректерді құруды, жинауды, өңдеуді, сақтауды және таратуды қамтамасыз ету мақсатында цифрлық инфрақұрылым объектілерін пайдаланатын, сондай-ақ цифрлық орта субъектілерінің өзара іс-қимылын автоматтандыратын және (немесе) цифрлық ортада қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін функционалдық байланысты цифрлық ресурстар кешені;
2) көрсетілетін қызметті алушы – мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметті алуға өтініш беруге құқығы және (немесе) ниеті бар немесе мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметті алатын не өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру үшін оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер бере отырып, мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар қызмет көрсету нәтижесін алған жеке және заңды тұлғалар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;
3) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсететін орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар;
4) куәландырушы орталық (бұдан әрі – КО) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілттері сертификаттарының анықтығын, электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілттерінің тиесілілігін және жарамдылығын растайтын заңды тұлға;
5) мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің цифрлық жүйесі – мемлекеттік қызметтер көрсету, оның ішінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсету процесін цифрландыруға және мониторингтеуге арналған цифрлық жүйе;
6) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
7) хабарлама – цифрлық жүйесінен мемлекеттік цифрлық жүйеге ақпаратты ұсыну және одан кері ұсыну нысаны;
8) электрондық құжат – анықтығын, тиесілілігін және өзгермейтіндігін растау электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен қамтамасыз етілген цифрлық жазба;
9) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті мен электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы).
2-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі ақпараттық жүйесінің ақпараттық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібі
5. Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі цифрлық жүйесінің цифрлық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимылы үш санат бойынша жүйелердің интеграциясын:
1) мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингін іске асыру мақсатында көрсетілетін қызметті беруші қабылдайтын мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған өтінімдерді орындау жөніндегі мәртебелерді көрсетілетін қызметті берушілердің цифрлық жүйелерінен мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің цифрлық жүйесіне беруді көздейтін мемлекеттік қызметтер көрсету мәртебесін алу жөніндегі интеграцияны;
2) мемлекеттік қызметтер көрсету процесінде талап етілетін немесе мемлекеттік деректер қорында және көрсетілетін қызметті берушілердің цифрлық жүйелерінде қамтылған құжаттардың, мәліметтердің қағаз көшірмелерін алып тастау мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі болып табылатын құжаттар (немесе сұрау салу бойынша мәліметтердің), мәліметтерді электрондық түрде беруді көздейтін көрсетілетін қызметті алушыдан сұратылатын құжаттар туралы мәліметтерді алу жөніндегі интеграцияны;
3) көрсетілетін қызметті берушіге мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтінімді беруді және көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беруді көздейтін мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтінімді алу және беру жөніндегі интеграцияны білдіреді.
6. Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі цифрлық жүйесінің цифрлық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимыл процесі жүзеге асырылады:
1) көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік корпорацияға немесе уәкілетті органға мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу мақсатында жүгінген кезінде Мемлекеттік корпорация жұмыскері немесе уәкілетті органның жұмыскері көрсетілетін қызметті алушының тұлғасын сәйкестендіретін қажетті құжаттар бойынша мәліметтерді алу мақсатында мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі цифрлық жүйесінен (уәкілетті органның цифрлық жүйесі болмаған жағдайда) сұрау салуға бастама жасайды;
2) Мемлекеттік корпорация жұмыскері немесе уәкілетті органның жұмыскері мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингі цифрлық жүйесінде мемлекеттік қызметтерді көрсетуге өтінім толтырады (уәкілетті органның цифрлық жүйесі болмаған жағдайда) және қажетті құжаттардың (мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелері арқылы алу мүмкіндігі жоқ құжаттар) электрондық көшірмелерін қоса береді;
3) көрсетілетін қызметті алушының келісімі негізінде электрондық құжат нысанындағы сұрау салуды Мемлекеттік корпорация қызметкері өзіне қызметтік мақсатта пайдалану үшін берілген электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырады;
4) "сұрау салу" түріндегі хабарлама көрсетілетін қызметті берушінің цифрлық жүйесі үшін қалыптастырылады және шығыс мәліметтерді беру үшін арналған;
5) көрсетілетін қызметті берушінің цифрлық жүйесі сұрау салуды қабылдайды және өңдейді, мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингі цифрлық жүйесіне сұрау салуды өңдеу нәтижесімен "жауап" хабарламасын береді.
7. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингін іске асыру мақсатында көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік көрсетілетін қызметтер алу үшін жүгінген жағдайында сұрау салуды өңдеу мәртебесі мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі цифрлық жүйесіне жіберіледі.
8. Хабарламаларды жіберу және қабылдау фактілері цифрлық жүйелерде тіркеледі. Электрондық байланыс болмаған немесе хабарламаларды жіберуге кедергі келтіретін техникалық іркілістер туындаған кезде жеткізілмеген хабарламалар кезекте жинақталады. Авариялық жағдайлар немесе ақаулар жойылғаннан кейін кезектегі жеткізілмеген хабарламаларды қайта жіберіледі.
9. Ақпараттық өзара іс-қимыл процесінде барлық уақытша параметрлерді тіркеу жергілікті уақыт бойынша жүргізіледі.
10. Қабылдауға және (немесе) беруге жататын мәліметтер мемлекеттік қызметтер көрсететін уәкілетті тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады. Өзара іс-қимыл кезінде деректердің қорғалуын ұйымдастыру үшін КО тіркеу куәліктері пайдаланылады.
