"Меншік иесінің және (немесе) оператордың өздері жүзеге асыратын міндеттерді орындау үшін қажетті және жеткілікті дербес деректердің тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы № 199/НҚ бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің м.а. 2026 жылғы 31 тамыздағы № 524/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 2 қыркүйекте № 39799 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Меншік иесінің және (немесе) оператордың өздері жүзеге асыратын міндеттерді орындау үшін қажетті және жеткілікті дербес деректердің тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы № 199/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32889 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Меншік иесінің және (немесе) оператордың өздері жүзеге асыратын міндеттерді орындау үшін қажетті және жеткілікті дербес деректердің тізбесін айқындау қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) дербес деректер – дербес деректердің бір немесе бірнеше сәйкестендіргішімен толықтырылған, дербес деректер субъектісі туралы мәліметтер немесе мәліметтер жиынтығы;

      2) дербес деректерді жинау – дербес деректерді алуға бағытталған іс-әрекеттер;

      3) дербес деректерді қамтитын базаның және (немесе) цифрлық объектінің меншік иесі (бұдан әрі – меншік иесі) – қағаз жеткізгіштегі базаны және (немесе) дербес деректерді қамтитын цифрлық объектіні Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын іске асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;

      4) дербес деректерді қамтитын базаның және (немесе) цифрлық объектінің операторы (бұдан әрі – оператор) – дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;

      5) дербес деректердi өңдеу – дербес деректерді жинақтауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға, таратуға, иесiздендiруге, анонимдеуге, бұғаттауға, жоюға және алып тастауға бағытталған iс-әрекеттер.".

      2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
– Жасанды интеллект және цифрлық
даму министрінің міндетін атқарушы
Ж. Мадиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады