БҰЙЫРАМЫН:
1. "Дәрежелерді беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6951 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Дәрежелерді беру қағидаларында:
4-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Диссертацияның тақырыбы (бекіту күніне) "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия қалыптастыратын ғылымның даму бағыттарына және (немесе) мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес болуы тиіс (Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ тұлғалардың шетелде алған ғылыми дәрежелерінің баламалылығын тануға ұсынылған диссертациялардан басқа).".
2. "Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 128 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6939 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережесінде:
7-1 және 7-2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
"7-1. Шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ тұлғалардың басқа елдің мемлекеттік аттестаттау органдарында алған ғылыми атақтарын тану Қазақстан Республикасының тиісті аттестаттарын бере отырып, қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор атақтарын беру арқылы жүргізіледі. Басқа елдердің мемлекеттік аттестаттау органдарында 2011 жылғы 1 қаңтардан кейін алынған Қазақстан Республикасы азаматтарының ғылыми атақтарын тану осы Ереженің 4, 4-1, 4-2, 4-3, 4-4, 4-5, 4-6, 5, 5-2, 5-3, 5-4, 5-5, 5-6-тармақтарына сәйкес қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атақтарын беру арқылы жүргізіледі.
7-2. Шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ тұлғалардың басқа елдің мемлекеттік аттестаттау органдарында алған ғылыми атақтарын тану мынадай құжаттарды ұсыну арқылы жүргізіледі:
1) сұратылған мамандықтың атауы және шифры көрсетілген олар жұмыс істейтін ЖЖОКБҰ-ның немесе ғылыми ұйымның қолдаухаты;
2) жеке куәлігінің немесе төлқұжатының көшірмесі;
3) шетелде ғылыми атақ берілгені туралы аттестаттың нотариалды расталған көшірмесі.".
3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Министр | С. Нурбек |