"Дербес деректер субъектілерін дербес деректердің қауіпсіздігін бұзу туралы хабардар етуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 9 тамыздағы № 481/НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 7 қыркүйектегі № 539/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 8 қыркүйекте № 39843 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Дербес деректер субъектілерін дербес деректердің қауіпсіздігін бұзу туралы хабардар етуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 9 тамыздағы № 481/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34919 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Дербес деректер субъектілерін дербес деректердің қауіпсіздігін бұзу туралы хабардар етуді жүзеге асыру қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) дербес деректер – дербес деректердің бір немесе бірнеше сәйкестендіргішімен толықтырылған, дербес деректер субъектісі туралы мәліметтер немесе мәліметтер жиынтығы;

      2) дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылуы – берілетін, сақталатын немесе өзге де түрде өңделетін дербес деректердің заңсыз таралуына, өзгертілуіне, жойылуына және алып тасталуына, санкцияланбаған таралуына немесе оларға санкцияланбаған қол жеткізуге алып келген дербес деректер қорғалуының бұзылуы;

      3) дербес деректер субъектісі (бұдан әрі – субъект) – дербес деректер тиесілі жеке тұлға;

      4) дербес деректерді қамтитын базаның және (немесе) цифрлық объектінің меншік иесі (бұдан әрі – меншік иесі) – қағаз жеткізгіштегі базаны және (немесе) дербес деректерді қамтитын цифрлық объектіні Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын іске асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;

      5) дербес деректерді қамтитын базаның және (немесе) цифрлық объектінің операторы (бұдан әрі – оператор) – дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;

      6) дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – дербес деректерді қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      7) "цифрлық үкіметтің" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысатын мемлекеттік органдар мен өзге де субъектілер орналастыратын шоғырландырылған ақпаратқа, сондай-ақ электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің "бірыңғай терезесін" білдіретін цифрлық объект;

      8) "цифрлық үкіметтің" операторы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, "цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлға.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Заңға және "Киберқауіпсіздік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданылады.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Осы Қағидалардың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылуы анықталған сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде меншік иесі және (немесе) оператор уәкілетті органды осы бұзушылық туралы келесі ақпаратты көрсете отырып хабардар етеді:

      дербес деректерді өңдеуді ұйымдастыруға жауапты тұлғаның байланыс деректері (болған кезде);

      бұзушылықты жою үшін қабылданған шаралар;

      субъектілердің кейіннен оларға хабарлама жіберу үшін қажетті дербес деректері: тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) және (немесе) жеке сәйкестендіру нөмірі және (немесе) ұялы байланыстың абоненттік нөмірі.".

      2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады