"Арнаулы салық режимін қолдану кезінде салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсаттары үшін арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану қағидаларын және арнаулы мобильді қосымша чегінің мазмұнын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 30 қазандағы № 647 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2026 жылғы 8 қыркүйектегі № 606 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 9 қыркүйекте № 39853 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Арнаулы салық режимін қолдану кезінде салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсаттары үшін арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану қағидаларын және арнаулы мобильді қосымша чегінің мазмұнын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 30 қазандағы № 647 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 37269 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Арнаулы салық режимін қолдану кезінде салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсаттары үшін арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану қағидаларында:

      2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) авторландыру – жүйеде пайдаланушының есепке алу деректерін тексеру және оның белгіленген қауіпсіздік саясатына сәйкес цифрлық ресурстарға қол жеткізу құқықтарын айқындау процесі;";

      4-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) мобильді қосымшаның чегі бойынша кірістерді есепке алу.

      Мобильді қосымшада пайдаланушының кірісі мобильді қосымшаның чектері, фискалдық деректер операторларынан алынған бақылау-касса машинасының чектері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына аударылған сомалар (банк құпиясын ашуға келісім және екінші деңгейдегі банктердің цифрлық жүйелерімен интеграция болған кезде) немесе қолмен енгізу жолымен енгізілген сома бойынша автоматты түрде қалыптастырылады;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) дара кәсіпкердің салықтық есептілікті ұсынуы.

      Салықтық есептілік мынадай құрамдас бөліктерден тұрады:

      оңайлатылған салықтық декларацияны автоматты түрде алдын ала беру;

      салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру (қайта бастау).

      Оңайлатылған декларацияны автоматты түрде алдын ала беру мемлекеттік кірістер органының цифрлық жүйелерінде бар деректер негізінде алдын ала қалыптастыруды, пайдаланушының деректерді тексеруін және толықтыруын, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органына оңайлатылған декларацияны ұсынуды қамтамасыз етеді.

      Дара кәсіпкердің салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру (қайта бастау) Салық кодексінің 117-бабына сәйкес салықтық өтініш жолдау және салықтық есептілікті табыс ету мүмкіндігін көздейді.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады