ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
"Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-2-бабының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған жеңіл өнеркәсіп тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және қадағалау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарды қамтамасыз етсін:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрықпен бекітілген Қағидалардың 2027 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидаларың 29, 30, 31, 32, 36, 37, 38, 39, 40, 43, 46 және 47-тармақтарын қоспағанда, ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы |
Р. Исакулов |
| Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 10 қыркүйектегі № 450 бұйрықпен бекітілген |
Жеңіл өнеркәсіп тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және қадағалау қағидалары
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы жеңіл өнеркәсіп тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және қадағалау қағидалары (бұдан әрі - қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-2-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау және оларды Қазақстан Республикасының аумағында қадағалау тәртібін айқындайды.
2. Сәйкестендіру құралдарымен таңбалауға қойылатын талаптар 2019 жылғы 1 наурыздағы "Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімнің 8-бабында көрсетілген жеңіл өнеркәсіп тауарларына қолданылмайды.
3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай қысқартулар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) агрегаттау – жеңіл өнеркәсіп тауарларының тұтынушылық қаптамаларын топтамалық қаптамаға және (немесе) көліктік қаптамаға не топтамалық қаптамаларды көліктік қаптамаға біріктіру процесі, бұл ретте әрбір салынған тұтынушылық қаптаманың сәйкестендіру кодтарының құрылатын топтамалық және (немесе) көліктік қаптаманың сәйкестендіру кодымен өзара байланысы, сондай-ақ әрбір салынған топтамалық қаптаманың сәйкестендіру кодтарының құрылатын көліктік қаптаманың сәйкестендіру кодымен өзара байланысы туралы ақпарат сақталады және топтамалық қаптамаға тиісті сәйкестендіру құралы немесе көліктік қаптамаға сәйкестендіру коды жағылады, жеңіл өнеркәсіп тауарларының тауар өткізу тізбегі бойынша қозғалысын құрылған топтамалық және (немесе) көліктік қаптаманы ашпай-ақ қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында;
2) ақпарат алмасуға арналған америкалық стандартты код (American Standard Code for Information Interchange, ASCII) (бұдан әрі – АСКОИ) – баспаға шығарылатын және шығарылмайтын символдарға сандық кодтар сәйкестендірілетін ақпаратты кодтау әдісі;
3) аппараттық-бағдарламалық кешен (бұдан әрі – АБК) – белгілі бір типтегі міндеттерді шешу үшін бірлесіп қолданылатын бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық құралдардың жиынтығы;
4) бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – БСН) – заңды тұлғаға (филиал мен өкілдікке) және бірлескен кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкерге қалыптастырылатын бірегей нөмір;
5) ДатаМатрикс (DataMatrix) – мәтінді немесе өзге де деректер түрлерін кодтауға арналған, тікбұрышты немесе шаршы топта орналастырылған шаршы пішіндегі қара-ақ элементтерден немесе әртүрлі жарықтық деңгейіндегі элементтерден тұратын екі өлшемді матрицалық штрихкод;
6) ДатаМатрикс (DataMatrix) ECC200 – қателердің алдын алу және зақымданған ақпаратты қалпына келтіру технологиясын пайдаланатын ДатаМатрикс (DataMatrix) нұсқасы, кодтың 30 пайызға дейінгі бөлігі зақымданған жағдайда кодталған ақпараттың толық тізбегін қалпына келтіруге мүмкіндік береді және қателердің пайда болу жиілігі сканерленген 10 миллион символдың 1-інен аз болады;
7) ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы (бұдан әрі – ЕАЭО СЭҚ ТН) – кедендік-тарифтік реттеу шараларын, әкету кедендік баждарын, тыйымдар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану және кедендік статистиканы жүргізу мақсатында тауарларды сыныптау үшін пайдаланылатын тауарларды сипаттау және кодтау жүйесі;
8) жаһандық өнім сыныптауышы (Global Product Classification, GPC) (бұдан әрі – ЖӨС) – өнімдерді негізгі сипаттамалары негізінде санаттар бойынша сыныптайтын, сондай-ақ олардың басқа өнімдермен байланысын сипаттайтын жүйе;
9) жаһандық сауда бірлігі нөмірі (Global Trade Item Number, GTIN) (бұдан әрі – ЖСБН) – GS1 жүйесінің стандарттарында белгіленген қағидаларға сәйкес GS1 ұлттық (өңірлік) ұйымы тауарлар тобына әлемдік экономикалық кеңістікте бірмәнді сәйкестендіру мақсатында беретін және ТТҚ ЦЖ-да тауар коды ретінде пайдаланылатын жаһандық сәйкестендіру нөмірі;
10) жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН) – жеке тұлға үшін қалыптастырылатын бірегей нөмір;
11) жеңіл өнеркәсіп тауарлары айналымының қатысушысы (бұдан әрі – ЖӨТ АҚ) – Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын және таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарларын айналымға енгізуді және (немесе) айналымын және (немесе) айналымнан шығаруды жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
12) жеңіл өнеркәсіп тауарларының айналымы – Қазақстан Республикасына әкелу, сақтау, тасымалдау, қабылдау және беру, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алу және өткізу (сату);
13) жеңіл өнеркәсіп тауарларының қалдықтары – таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданған және таңбалау енгізілген күнге Қазақстан Республикасында осындай тауарларды өндіруді және (немесе) айналымын жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің иелігінде және (немесе) пайдалануында және (немесе) билігінде тұрған жеңіл өнеркәсіп тауарлары;
14) импорттаушы – Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – ЕАЭО) кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жеңіл өнеркәсіп тауарларын ЕАЭО кедендік аумағына әкелуді не ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына жеңіл өнеркәсіп тауарларын әкелуді жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
15) комиссионер – Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған комиссия немесе тапсырма шарты шеңберінде комитенттің немесе сенім білдірушінің атынан жеңіл өнеркәсіп тауарларын өткізетін ЖӨТ АҚ;
16) көліктік қаптама – таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарларын және (немесе) топтамалық қаптамаларды біріктіретін, жеңіл өнеркәсіп тауарларын тасымалдау кезінде оларды зақымданудан қорғау мақсатында сақтау мен тасымалдауға пайдаланылатын және дербес көліктік бірлікті құрайтын қаптама;
17) көліктік қаптаманың сәйкестендіру коды – осы Қағидалардың 6-тарауында көзделген талаптарға сәйкес қалыптастырылатын, әрбір жеке көліктік қаптамаға арналған бірегей символдар комбинациясы;
18) қолдану коды – элементтік жолдың басында орналасқан және префикстен кейінгі деректер өрісінің мақсаты мен пішімін бірмәнді айқындайтын 2 (екі) немесе одан да көп таңбалар жиынтығынан тұратын префикс;
19) өндіруші – кейіннен өткізу үшін жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
20) сәйкестендіру коды – тауардың жаһандық сауда бірлігі нөмірі мен тұтынушылық және топтамалық қаптаманың жеке сериялық нөмірінің бірегей комбинациясын білдіретін символдар тізбегі;
21) сәйкестендіру құралы – штрихкод түрінде ұсынылған немесе радиожиіліктік белгіге жазылған не автоматты сәйкестендірудің өзге құралы (технологиясы) арқылы ұсынылған, машинамен оқылатын нысандағы бірегей символдар тізбегі;
22) таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарын айналымнан шығару – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 24 қазандағы № 626 "Бақылау-касса машиналарын қолданудың кейбір мәселелері туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 37238 болып тіркелген) (бұдан әрі – №626 бұйрық) сәйкес тіркелген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасы арқылы таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарын жеке тұтыну үшін жеке тұлғаға өткізу (сату), тәркілеу, жою, кәдеге жарату, ақау (дефект), бүліну, тауарларды нарықтан қайтарып алу және жеңіл өнеркәсіп тауарының одан әрі айналымын тоқтатуды көздейтін өзге де себептер;
23) таңбаланған тауарлар – белгіленген талаптарды сақтай отырып сәйкестендіру құралдары жағылған және олар туралы (оның ішінде оларға жағылған сәйкестендіру құралдары және (немесе) сәйкестендіру құралдары бар материалдық жеткізгіштер туралы) анық мәліметтер тауарларды таңбалау ақпараттық жүйесінің ұлттық компонентінде қамтылған тауарлар;
24) таңбалау коды – жеңіл өнеркәсіп тауарының тұтынушылық және топтамалық қаптамасын сәйкестендіру мақсатында Оператор қалыптастыратын, тауардың сәйкестендіру коды мен тексеру кодынан тұратын бірегей символдар тізбегі;
25) тауардың жеке сериялық нөмірі – тауарлардың номенклатуралық тобы шеңберінде тұтынушылық және топтамалық қаптаманы бірегей сәйкестендіретін символдар тізбегі;
26) тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор (бұдан әрі – Оператор) – дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік, тауарларды таңбалау және қадағалаудың цифрлық жүйесін әзірлеуді, әкімшілендіруді, сүйемелдеуді және пайдалануды қолдауды, оның ішінде Ұлттық тауарлар каталогын әзірлеуді, жүргізуді және өзектендіруді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады;
27) тауарларды таңбалау және қадағалаудың цифрлық жүйесі (бұдан әрі – ТТҚ ЦЖ) – функционалдық тұрғыдан өзара байланысты, цифрлық деректерді құруды, жинауды, өңдеуді, сақтауды және таратуды қамтамасыз ету мақсатында цифрлық инфрақұрылым объектілерін пайдаланатын, сондай-ақ цифрлық орта субъектілерінің өзара іс-қимылын автоматтандыратын және (немесе) тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және олардың айналым процесінде одан әрі қадағалануына қатысты цифрлық ортада қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін цифрлық ресурстар кешені.;
28) тексеру коды – тауардың сәйкестендіру кодын криптографиялық түрлендіру нәтижесінде қалыптастырылатын және сәйкестендіру кодының қолдан жасалғанын анықтауға мүмкіндік беретін символдар тізбегі;
29) топтамалық қаптама – жеңіл өнеркәсіп тауарларының белгілі бір мөлшердегі тұтынушылық қаптамаларын біріктіретін қаптама;
30) тұтынушылық қаптама – жеңіл өнеркәсіп тауарын бастапқы қаптауға және түпкілікті тұтынушыға өткізуге арналған қаптама;
31) ТТҚ ЦЖ тауарлар тізілімі – ЖӨТ АҚ қалыптастырған және ТТҚ ЦЖ-да тіркелген тауарлардың тізбесі;
32) ТТҚ ЦЖ сәйкестендіру құралдарының тізілімі – ЖӨТ АҚ ТТҚ ЦЖ-да тіркеген сәйкестендіру құралдарының тізбесі;
33) уәкілетті экономикалық оператор – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Кодексінде белгіленген тәртіппен және шарттарды сақтай отырып уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізілген заңды тұлға;
34) фискалдық деректер операторы (бұдан әрі – ФДО) – ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді жедел режимде жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілері арқылы салық органдарына беруді қамтамасыз ететін және фискалдық деректер операторларының тізбесіне енгізілген заңды тұлға;
35) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін және электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, тиесілілігін және мазмұнының өзгермегенін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы);
36) электрондық өзара іс-қимыл интерфейсі – ЖӨТ АҚ бағдарламалық-аппараттық құралдары мен ТТҚ ЦЖ арасындағы өзара іс-қимыл тәсілдерінің сипаттамасы.
37) GS1 (ГС1) – логистикалық бірліктерді есепке алу және штрихтық кодтау саласындағы халықаралық стандарттау ұйымы;
38) GS1-128 (ГС1-128) – кәсіпорындар арасында жүк туралы ақпарат алмасуға арналған GS1 жаһандық стандарттау ұйымының штрихкод форматы;
Сәйкестендіру құралдарымен міндетті таңбалануға жататын тауарлар – "Жеңіл өнеркәсіп" тауарлар тобына жататын, ЕАЭО СЭҚ ТН бірыңғай ТН ВЭД кодтары бойынша сыныпталатын жеңіл өнеркәсіп тауарлары: 4203 10 000, 6106, 6201, 6202, 6302, 4304 00 000 0, 6101, 6102, 6103, 6104, 6105, 6110, 6112 11 000 0, 6112 12 000 0, 6112 19 000 0, 6112 20 000 0, 6113 00, 6203, 6204, 6205, 6206, 6210, 6211 20 000 0, 6211 32, 6211 33, 6211 39 000 0, 6211 42, 6211 43, 6211 49 000, 6214, 6215 болып табылады. Бұл тауарлар Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы №199-НҚ "Таңбалануға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы" бұйрығымен бекітілген таңбалануға жататын тауарлар тізбесіне енгізілген, олардың фасонына, өлшеміне, мақсатына, өндіріс тәсіліне және дайындалған материалдарына қарамастан.
2 тарау. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және қадағалау тәртібі
4. Өндіруші Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген жеңіл өнеркәсіп тауарын осындай адамды иеліктен шығару мақсатында немесе оны тарату және (немесе) пайдалану үшін қолжетімді ететін кейіннен өткізу үшін оны жаңа меншік иесіне не өзге тұлғаға бастапқы өтеулі немесе өтеусіз бергенге дейін сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды жүзеге асырады.
Импорттаушы немесе уәкілетті экономикалық оператор Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген жеңіл өнеркәсіп тауарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелгенге дейін немесе ішкі тұтыну немесе кері импорт үшін шығарудың кедендік рәсімдерімен орналастырылғанға дейін таңбалауды қамтамасыз етеді.
Комиссионер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сату орнында қойылғанға дейін немесе сату орнында қойылғанға, оның үлгілерін көрсеткенде немесе ол туралы мәліметтерді сату орнында ұсынғанға дейін жасалған тапсырма немесе комиссия шарты шеңберінде өткізуге қабылданған жеңіл өнеркәсіп тауарын таңбалауды қамтамасыз етеді.
ЖӨТ АҚ, оның ішінде комиссионер, жеңіл өнеркәсіп тауарларының қалдықтарын 2028 жылғы 1 қаңтардан кешіктірілмейтін мерзімде сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды қамтамасыз етеді.
Сәйкестендіру құралы жоғалған немесе бүлінген жағдайда, ЖӨТ Операторы мәміле шеңберінде жеткізілетін (өткізілетін), оның ішінде тұтынушы қайтарғаннан кейін қайта өткізуге (сатуға) ұсынылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған комиссия немесе тапсырма шарттары шеңберінде өткізілетін жеңіл өнеркәсіп тауарларының тұтынушылық қаптамасына және (немесе) топтамалық қаптамасына, заттаңбасына немесе тауар жапсырмасына сәйкестендіру құралын қайтадан жапсыруды қамтамасыз етеді.
5. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау үшін ЖӨТ АҚ байланыс арналары арқылы ТТҚ ЦЖ қосылған АБК болуы қажет.
ТТҚ ЦЖ-ға қосылған АБК Оператордың интернет-ресурсында жарияланған электрондық өзара іс-қимыл интерфейсінің талаптарына сәйкес таңбалау кодтарын алу, таңбалау кодтарын пайдалану туралы мәліметтерді жіберу бөлігінде деректерді Операторға автоматтандырылған түрде беруді, кейіннен ТТҚ ЦЖ-ға сәйкестендіру құралдарын таңбалау, жарамсыз деп тану (болған жағдайда), агрегаттау (агрегаттау қолданылған жағдайда), сондай-ақ таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарларын айналымға енгізу, олардың айналымы және (немесе) айналымнан шығару туралы ақпаратты жіберуді қамтамасыз етеді.
АБК болмаған немесе оның ТТҚ ЦЖ-мен интеграциясы болмаған жағдайда, ЖӨТ АҚ мәліметтерді Операторға ТТҚ ЦЖ-ның жеке кабинеті арқылы жібереді.
6. Оператор интернет желісінде еркін пайдалануға арналған тегін мобильді қосымшаны әзірлейді және орналастырады, ол мынадай мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:
1) сәйкестендіру құралдарын сканерлеу;
2) сәйкестендіру құралындағы ақпаратты ТТҚ ЦЖ-ға беру;
3) тексерілетін жеңіл өнеркәсіп тауары туралы мәліметтерді ТТҚ ЦЖ-дан алу;
4) мобильді қосымшаны пайдаланушының осы Қағидалардың талаптарын бұзу фактілері туралы мәліметтерді ТТҚ ЦЖ-ға жіберуі.
ТТҚ ЦЖ-да қамтылған мәліметтер бойынша қалыптастырылған ақпарат мынадай жағдайларда беріледі:
1) ЖӨТ АҚ-қа – тауармен жасалған жеке мәмілелер туралы ақпарат бөлігінде;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндеттерді орындау және функцияларды жүзеге асыру мақсатында осындай сұрау салуға уәкілетті мемлекеттік органдарға;
3) өндірушіге – өндірілген таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарлары туралы статистикалық және талдамалық ақпарат бөлігінде;
4) тұтынушыларға – ТТҚ ЦЖ-да қамтылған тауардың сипаттамалары, өндірушісі немесе сатушысы туралы ақпарат бөлігінде.
7. Өндірушілер мен импорттаушылар:
1) осы Қағидалардың 10-тармағына сәйкес таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарларын айналымға енгізуге және (немесе) олардың айналымына байланысты қызметті бастағанға дейін ТТҚ ЦЖ-да тіркеуден өтеді;
2) сәйкестендіру құралдарымен таңбалануға жататын жеңіл өнеркәсіп тауарларын ТТҚ ЦЖ-да тіркейді;
3) Оператордың интернет-ресурсында жарияланған электрондық өзара іс-қимыл интерфейсінің талаптарына сәйкес АБК-ның (болған жағдайда) ТТҚ ЦЖ-мен цифрлық өзара іс-қимылға дайындығын қамтамасыз етеді;
4) сәйкестендіру құралдарымен міндетті таңбалауға жататын жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау туралы, сондай-ақ олардың айналымға енгізілуі, айналымы және (немесе) айналымнан шығарылуы туралы мәліметтерді осы Қағидалардың 25, 33, 34, 36, 37, 43, 44, 45, 47, 48 және 49-тармақтарына сәйкес нақты уақыт режимінде ТТҚ ЦЖ-ға енгізеді.
8. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын көтерме саудада өткізетін ЖӨТ АҚ:
1) сәйкестендіру құралдарымен таңбалануға жататын жеңіл өнеркәсіп тауарларының айналымына байланысты қызметті бастағанға дейін осы Қағидалардың 10-тармағына сәйкес ТТҚ ЦЖ-да тіркеуден өтеді;
2) Оператордың интернет-ресурсында жарияланған электрондық өзара іс-қимыл интерфейсінің талаптарына сәйкес АБК-ның (болған жағдайда) ТТҚ ЦЖ-мен цифрлық өзара іс-қимылға дайындығын қамтамасыз етеді;
3) осы Қағидаларға сәйкес таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарларын қайта айналымға енгізу, олардың айналымы және (немесе) айналымнан шығарылуы туралы мәліметтерді ТТҚ ЦЖ-ға енгізеді.
9. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын бөлшек саудада өткізетін ЖӨТ АҚ:
1) таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарларын айналымнан шығару және қайта айналымға енгізуге байланысты қызметті бастағанға дейін осы Қағидаларға сәйкес ТТҚ ЦЖ-да тіркеуден өтеді;
2) Оператордың интернет-ресурсында жарияланған электрондық өзара іс-қимыл интерфейсінің талаптарына сәйкес АБК-ның (болған жағдайда) ТТҚ ЦЖ-мен цифрлық өзара іс-қимылға дайындығын қамтамасыз етеді;
3) деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасының болуын қамтамасыз етеді;
4) бақылау-касса машинасымен біріктірілген сәйкестендіру құралдарын сканерлеу және тану құрылғысының болуын қамтамасыз етеді;
5) өткізілген жеңіл өнеркәсіп тауарының әрбір бірлігі бойынша бақылау-касса машинасын пайдалана отырып, таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарын айналымнан шығару туралы мәліметтерді беру жөнінде ФДО-мен жасалған шарттың болуын қамтамасыз етеді;
6) сәйкестендіру құралдарын сканерлеу және тану құрылғыларының екі өлшемді ДатаМатрикс (DataMatrix) кодын оқи алу мүмкіндігін тексереді;
7) осы Қағидалардың 36, 37, 38, 39, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 46, 47 және 49-тармақтарына сәйкес таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарларын қайта айналымға енгізу, олардың айналымы және (немесе) айналымнан шығарылуы туралы мәліметтерді ТТҚ ЦЖ-ға енгізеді.
10. ЖӨТ АҚ-ты тіркеу және оған жеке кабинетке қол жеткізу мүмкіндігін беру Оператор тарапынан электрондық түрде ұсынылған дәйекті мәліметтер негізінде жүзеге асырылады.
11. ЖӨТ АҚ өзінің атынан ТТҚ ЦЖ-ға мәліметтерді ұсынуға және сұратуға уәкілетті тұлғаларды айқындайды.
12. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын ТТҚ ЦЖ-да тіркеу:
1) Қазақстан Республикасының аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру кезінде – өндіруші жүзеге асырады (оның ішінде контрактілік өндіріс шеңберінде және (немесе) еркін кеден аймағының немесе еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік шикізаттан өндірілген жеңіл өнеркәсіп тауарлары);
2) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру кезінде – импорттаушы жүзеге асырады (Қазақстан Республикасының аумағына әкелгенге дейін).
13. Жеңіл өнеркәсіп тауарын ТТҚ ЦЖ-да тіркеу үшін ЖӨТ АҚ келесі мәліметтерді көрсетеді:
1) ЖСН немесе БСН;
2) атауы;
3) заңды мекенжайы;
4) жеңіл өнеркәсіп тауарының өндірушісі туралы мәліметтер (заңды тұлғаның атауы, жеке кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)) (ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында өндірілген тауарлар үшін толтырылады);
5) тауар коды (GTIN);
6) СЭҚ ТН коды;
7) МЖЖ коды;
8) тауардың функционалдық атауы (тауар түрі);
9) заттаңбадағы тауар атауы;
10) тауар белгісі (бренд);
11) тауардың шығарылған елі;
12) тауар түсі;
13) тауар өлшемі;
14) тауар моделі;
15) жас санаты (ЕАЭО СЭҚ ТН 6302 тауар позициясында жіктелетін тауарлар үшін);
16) мақсатты жынысы (ЕАЭО СЭҚ ТН 6302 тауар позициясында жіктелетін тауарларды қоспағанда);
17) тауар материалының түрі (ЕАЭО СЭҚ ТН 6302 тауар позициясында жіктелетін тауарлар үшін);
18) тауар материалының шикізаттық құрамы;
19) тауар бірлігінің жеке сериялық нөмірі (SN);
14. Жеңіл өнеркәсіп тауарларының қалдықтарын, оның ішінде сәйкестендіру құралдары қайта жағылған жеңіл өнеркәсіп тауарларын тіркеу үшін ЖӨТ АҚ ТТҚ ЦЖ-да келесі мәліметтерді көрсетеді:
1) тауардың толық атауы;
2) моделі немесе артикулы;
3) бұйым түрі;
4) бұйым түсі.
15. ТТҚ ЦЖ осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген мәліметтерді енгізген сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде келесі жағдайларда жеңіл өнеркәсіп тауары туралы мәліметтерді тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды:
1) көрсетілген тауар коды (GTIN) бар жеңіл өнеркәсіп тауары ТТҚ ЦЖ-да тіркелген болса;
2) GS1 Kazakhstan ақпараттық ресурсының деректері бойынша тауар коды (GTIN) ЖӨТ АҚ тарапынан пайдалануға жатпаса;
3) GS1 ақпараттық ресурсының деректері бойынша тауар коды (GTIN) болмаса.
16. Жеңіл өнеркәсіп тауарларының сәйкестендіру құралдары машинамен оқуға жарамды екі өлшемді GS1 ДатаМатрикс (DataMatrix) штрих-коды түрінде жеңіл өнеркәсіп тауарларына, не олардың тұтынушылық қаптамасына, не топтамалық қаптамасына, не тауар жапсырмасына жағылады.
Таңбаланған тауарларды топтамалық қаптамаға жинақтау кезінде осындай қаптамаға оған салынған тауарлардың сәйкестендіру құралдарын агрегаттай отырып сәйкестендіру құралы жағылады.
17. Сәйкестендіру құралдары тұтынушылық қаптамаға, топтамалық қаптамаға немесе тауар жапсырмасына келесі техникалық талаптарды сақтай отырып жағылады:
1) сәйкестендіру құралдарын жағу ЕСС–200 қателерді түзету әдісін қолдана отырып басып шығару арқылы жүзеге асырылады;
2) сәйкестендіру құралдарын жағу АСКОИ (ASCII) кодтауын қолдану арқылы жүзеге асырылады;
3) сәйкестендіру құралы машинамен оқуға жарамды болуы тиіс. Бұл ретте сәйкестендіру құралының өлшемін ЖӨТ АҚ дербес айқындайды.
18. Тұтынушылық және топтамалық қаптаманың сәйкестендіру құралы төрт деректер тобын қамтитын таңбалау кодынан тұрады, олардың алғашқы екі тобы сәйкестендіру кодын құрайды, бұл ретте:
таңбалау коды жолының басында GS1 ДатаМатрикс (DataMatrix) FNC1 символикасының белгісі (АСКОИ (ASCII) 232) болады;
бірінші деректер тобы "01" қолдану кодымен сәйкестендіріледі және он төрт сандық таңбадан тұратын тауар кодын (GTIN) қамтиды;
екінші деректер тобы "21" қолдану кодымен сәйкестендіріледі және жеңіл өнеркәсіп тауары бірлігінің жеке сериялық нөмірін қамтиды, ол он үш (13) цифрлық немесе әріптік-цифрлық таңбалар тізбегінен (латын әліпбиінің әріптері), сондай-ақ арнайы символдардан (! " % & ’ * + - . / _ , : ; = < > ?) тұрады. Бірінші таңба ретінде осы код эмиссияланған елдің идентификаторы көрсетіледі ("3" – Қазақстан Республикасы). Осы топ үшін аяқтаушы таңба ретінде АСКОИ (ASCII) символдар кестесіндегі "29" коды бар арнайы бөлгіш символ пайдаланылады;
үшінші деректер тобы "91" қолдану кодымен сәйкестендіріледі және төрт (4) таңбадан (цифрлар, латын әліпбиінің кіші және бас әріптері) тұратын тексеру кілтін қамтиды. Осы топ үшін аяқтаушы таңба ретінде АСКОИ (ASCII) символдар кестесіндегі "29" коды бар арнайы бөлгіш символ пайдаланылады;
төртінші деректер тобы "92" қолдану кодымен сәйкестендіріледі және қырық төрт (44) таңбадан (цифрлар, латын әліпбиінің кіші және бас әріптері, сондай-ақ арнайы символдар) тұратын тексеру кодын қамтиды.
19. Көліктік қаптаманың сәйкестендіру кодын ЖӨТ АҚ "Ақпараттық технологиялар. Автоматты сәйкестендіру және деректерді жинау технологиялары" ГОСТ ISO/IEC 15417–2013 стандартына сәйкес GS1-128 (ГС1-128) халықаралық стандартына сай бір өлшемді штрих-код түрінде, көліктік қаптаманың сериялық коды (SSCC-код) түріндегі бірегей сәйкестендіргішімен ұсынады және ол AI="00" қолдану коды арқылы сәйкестендіріледі. Көліктік қаптаманың сәйкестендіру кодының құрамын жеңіл өнеркәсіп тауарларын көліктік қаптамаға агрегаттауды жүзеге асыратын ЖӨТ АҚ айқындайды.
20. Сәйкестендіру құралдары:
1) сәйкестендіру құралын іріктеу арқылы қолдан жасау ықтималдығын 10 000 (он мың) жағдайдың 1-інен кем деңгейде;
2) ДатаМатрикс (DataMatrix) ECC200 деңгейінде немесе одан жоғары деңгейде қателерді тану және түзету функциясын қамтамасыз етеді.
21. ТТҚ ЦЖ жеңіл өнеркәсіп тауарына, оның тұтынушылық және (немесе) топтамалық қаптамасына, заттаңбасына немесе тауар жапсырмасына жағылған сәйкестендіру құралында қамтылған таңбалау кодын қайта қалыптастыруға (генерациялауға) жол бермейді.
22. Жеңіл өнеркәсіп тауарын сәйкестендіру құралымен таңбалауды қамтамасыз ету үшін ЖӨТ АҚ ТТҚ ЦЖ арқылы Операторға таңбалау кодтарын алу туралы сұрау салуды (бұдан әрі – Сұрау салу) жібереді.
23. Таңбалау кодын беруден бас тарту Сұрау салу тіркелген сәттен бастап 4 (төрт) сағат ішінде келесі жағдайларда жүзеге асырылады:
1) ЖӨТ АҚ ТТҚ ЦЖ-да тіркелмеген болса;
2) ұсынылған сәйкестендіру коды бұрын ТТҚ ЦЖ-да тіркелген болса;
3) GTIN тауар коды ТТҚ ЦЖ тауарлар тізілімінде тіркелмеген және (немесе) оны мәлімдеген ЖӨТ АҚ пайдалануға жатпаса;
4) GTIN тауар коды "Жеңіл өнеркәсіп тауарлары" тауар тобына сәйкес келмесе.
24. Сұрау салу ТТҚ ЦЖ-да тіркелген сәттен бастап Оператор 4 (төрт) сағат ішінде:
1) ЖӨТ АҚ-тан алынған деректер негізінде криптографиялық қорғау алгоритмдерін қолдана отырып, Сұрау салуда көрсетілген мөлшерде таңбалау кодтарын эмиссиялайды (генерациялайды);
2) тиісті сәйкестендіру кодтарын ТТҚ ЦЖ сәйкестендіру құралдарының тізіліміне енгізеді;
3) ЖӨТ АҚ-қа эмиссияланған таңбалау кодтарының құрамы туралы мәліметтерді ұсынады.
25. ЖӨТ АҚ таңбалау кодын алған күннен бастап 60 (алпыс) күнтізбелік күннен кешіктірмей оны сәйкестендіру құралына түрлендіреді, оның жеңіл өнеркәсіп тауарының тұтынушылық қаптамасына, топтамалық қаптамасына немесе тауар жапсырмасына жағылуын қамтамасыз етеді және жеңіл өнеркәсіп тауарына жағылған сәйкестендіру құралындағы таңбалау кодын жағу туралы мәліметтерді ТТҚ ЦЖ-ға жібереді.
Осы Қағидалардың осы тармағында көзделген мерзімдерде сәйкестендіру құралдарындағы таңбалау кодтарын жағу туралы ақпаратқа енгізілмеген таңбалау кодтарының күші жойылады.
26. Таңбалау кодын ұсыну қызметі ЖӨТ АҚ тарапынан Оператормен жасалған шарт негізінде, тиісті таңбалау кодынан түрлендірілген сәйкестендіру құралын жеңіл өнеркәсіп тауарына жағу туралы мәліметтер ТТҚ ЦЖ-ға енгізілгенге дейін төленеді.
Таңбалау кодын ұсыну қызметі осы Қағидалардың талаптарына сәйкес ТТҚ ЦЖ-ға берілген жеңіл өнеркәсіп тауарларына сәйкестендіру құралдарын жағу туралы ақпараттағы мәліметтер ТТҚ ЦЖ-да тіркелген сәттен бастап Оператор тарапынан көрсетілген болып танылады.
27. Сәйкестендіру құралын тұтынушылық және топтамалық қаптамаға немесе тауар жапсырмасына жағу:
1) Қазақстан Республикасының аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру және олардың айналымы кезінде – осындай өнімді өндіру немесе сақтау орындарында жүзеге асырылады;
2) әкелу кезінде – Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын нақты кесіп өткенге дейін, ішкі тұтыну үшін шығару немесе реимпорт кедендік рәсімдеріне орналастырылғанға дейін жүзеге асырылады.
28. Сәйкестендіру құралын немесе сәйкестендіру құралы бар материалдық жеткізгішті тұтынушылық қаптамаға, топтамалық қаптамаға немесе тауар жапсырмасына жағу сәйкестендіру құралын бүлдірмей ажыратуға жол бермейтін тәсілмен жүзеге асырылады.
29. Таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарының сәйкестендіру кодтарын топтамалық және (немесе) көліктік қаптамаға агрегаттау кезінде ЖӨТ АҚ агрегатталған қаптаманы басқа ЖӨТ АҚ-қа бергенге дейін ТТҚ ЦЖ-ға сәйкестендіру кодтарын агрегаттау туралы ақпаратты ұсынады.
30. Таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарының сәйкестендіру кодтарын көліктік қаптамаға агрегаттау кезінде осындай көліктік қаптамаға оған енгізілген сәйкестендіру кодтарын агрегаттай отырып, көліктік қаптаманың сәйкестендіру коды жағылады. Көліктік қаптаманы таңбалау кезінде көліктік қаптамаға жағылатын міндетті емес өрістердің құрамын жеңіл өнеркәсіп тауарларын көліктік қаптамаға жинақтауды жүзеге асыратын ЖӨТ АҚ айқындайды.
Көліктік қаптама жеңіл өнеркәсіп тауарларын біріктіру, сондай-ақ көлемі кіші өзге көліктік қаптамаларды бір көліктік қаптамаға шоғырландыру мақсатында қолданылады.
31. Жеңіл өнеркәсіп тауарларының таңбаланған қаптамаларын басқа топтық немесе көліктік қаптамаға ауыстырған жағдайда ЖӨТ АҚ ТТҚ ЦЖ-ға агрегаттау туралы ақпаратты тауарларды нақты ауыстырған сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынады.
32. Оператор таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарының сәйкестендіру кодтарын агрегаттау туралы мәліметтерді алғаннан кейін олардың ТТҚ ЦЖ сәйкестендіру құралдарының тізілімінде көрсетілуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ аталған ақпараттың ЖӨТ АҚ үшін ТТҚ ЦЖ-да қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
33. Қазақстан Республикасының аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларын айналымға енгізу деп мыналар танылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру кезінде – жеңіл өнеркәсіп тауарларына жағылған сәйкестендіру құралдарындағы таңбалау кодтарын жағу туралы мәліметтерді ТТҚ ЦЖ-ға жіберу нәтижесі бойынша;
2) жеңіл өнеркәсіп тауарларын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде – жеңіл өнеркәсіп тауарларын Қазақстан Республикасына әкелу туралы мәліметтерді ТТҚ ЦЖ-ға енгізу нәтижесі бойынша.
34. Қазақстан Республикасының аумағына жеңіл өнеркәсіп тауарларын әкелуді жүзеге асыратын ЖӨТ АҚ ТТҚ ЦЖ-ға жеңіл өнеркәсіп тауарларын Қазақстан Республикасына әкелу туралы мәліметтерді енгізеді.
35. Қазақстан Республикасының аумағына жеңіл өнеркәсіп тауарларын әкелу туралы мәліметтерді ТТҚ ЦЖ-ға енгізу электрондық нысанда ресімделеді, бұған ЖӨТ АҚ ТТҚ ЦЖ-дағы техникалық қателер себебінен мәліметтерді енгізу мүмкін еместігі туралы Оператордың интернет-ресурсындағы ақпарат расталған жағдайда, осындай мәліметтерді қағаз жеткізгіште ресімдеп және жолдайтын жағдайлар кірмейді.
Техникалық қателер жойылғаннан кейін бұрын қағаз жеткізгіште жолданған Қазақстан Республикасының аумағына жеңіл өнеркәсіп тауарларын әкелу туралы мәліметтер ТТҚ ЦЖ-дағы техникалық қателер жойылған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде, бірақ жеңіл өнеркәсіп тауарларын үшінші тұлғаларға берген күннен кешіктірілмей импорттаушы тарапынан ТТҚ ЦЖ-ға енгізілуге тиіс.
36. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарларының айналымы Қазақстан Республикасында сәйкестендіру құралдарымен жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті қадағалау енгізілген күннен кейін олардың айналымы туралы мәліметтерді ТТҚ ЦЖ-ға міндетті түрде беру арқылы жүзеге асырылады.
37. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын жаңа меншік иесіне ақылы немесе ақысыз беру кезінде не жеңіл өнеркәсіп тауарларын тасымалдау кезінде ЖӨТ АҚ олардың айналымы туралы мәліметтерді ТТҚ ЦЖ-ға өткізу немесе тасымалдау күнінен кешіктірмей енгізеді.
38. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын қабылдауды ЖӨТ АҚ олардың нақты айналымы туралы мәліметтерді ТТҚ ЦЖ-да тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде растау арқылы жүзеге асырады.
39. Жеңіл өнеркәсіп тауарларының айналымы туралы мәліметтер электрондық нысанда енгізіледі, бұған ЖӨТ АҚ ТТҚ ЦЖ-дағы техникалық қателер себебінен айналым туралы мәліметтерді енгізу мүмкін еместігі туралы Оператордың интернет-ресурсындағы ақпарат расталған жағдайда, айналым туралы мәліметтерді қағаз жеткізгіште ресімдейтін жағдайлар кірмейді.
Техникалық қателер жойылғаннан кейін бұрын қағаз жеткізгіште ресімделген айналым туралы мәліметтер ТТҚ ЦЖ-дағы техникалық қателер жойылған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде, бірақ тауарды үшінші тұлғаларға берген күннен кешіктірмей жеткізуші тарапынан ТТҚ ЦЖ-ға енгізілуге тиіс.
40. ТТҚ ЦЖ-да таңбалау кодының меншік иесін ауыстыру екі тарап та растаған жеңіл өнеркәсіп тауарының айналымы туралы мәліметтер негізінде жүзеге асырылады.
41. Таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарларын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын ЖӨТ АҚ оларды № 626 бұйрыққа сәйкес тіркелген бақылау-касса машинасымен біріктірілген техникалық құрылғылар арқылы тұтынушылық немесе топтамалық қаптамаға не тікелей тұтынушылық қаптамаға, топтамалық қаптамаға немесе жеңіл өнеркәсіп тауарына орналастырылған тауар жапсырмасына жағылған сәйкестендіру құралын сканерлеу және тану жолымен айналымнан шығарады.
Тұтынушылық немесе топтамалық қаптамаға не тауар жапсырмасына жағылған сәйкестендіру құралындағы сәйкестендіру коды туралы мәліметтер бақылау-касса машинасы қалыптастыратын чекке енгізіледі.
42. Бөлшек сауда кезінде таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарын айналымнан шығару ЖӨТ АҚ әрбір өткізілген тауар бірлігі бойынша ТТҚ ЦЖ-ға берген таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарын өткізу туралы ақпарат негізінде жүзеге асырылады.
43. Таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарын бөлшек саудада сатудан өзге негіздер бойынша айналымнан шығару кезінде ЖӨТ АҚ айналымнан шығару күнінен кейінгі 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей, ТТҚ ЦЖ-ға тиісті себепті көрсете отырып, таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарын айналымнан шығару туралы ақпаратты ұсынады.
44. Тұтынушы таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарын қайтарған жағдайда ЖӨТ АҚ мұндай өнімді одан әрі өткізу және (немесе) беру үшін оны қайта айналымға енгізуді жүзеге асырады.
45. Тұтынушы жеңіл өнеркәсіп тауарын қайтарған кезде ЖӨТ АҚ қалпына келтірілетін әрбір бірлік бойынша ақпаратты кейіннен ТТҚ ЦЖ-ға жіберу үшін ФДО-ға жолдайды.
46. Осы Қағидалардың 41-тармағында көрсетілген себептен өзгеше негіз бойынша бұрын айналымнан шығарылған жеңіл өнеркәсіп тауарын қайта айналымға енгізу үшін ЖӨТ АҚ ТТҚ ЦЖ-ға көрсетілген жеңіл өнеркәсіп тауарын қайта айналымға енгізу туралы мәліметтерді енгізеді.
47. Жеңіл өнеркәсіп тауарын қайта айналымға енгізу туралы ақпарат Операторға жеңіл өнеркәсіп тауарын қайта айналымға енгізуге негіз туындаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жіберіледі.
48. ЖӨТ АҚ-тың ТТҚ ЦЖ Операторына ақпарат ұсынуы цифрлық технологиялар және электрондық өзара іс-қимыл интерфейстері арқылы не ТТҚ ЦЖ-ның жеке кабинеті арқылы жүзеге асырылады.
49. Таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарын айналымға енгізу, айналымы және айналымнан шығару кезінде ТТҚ ЦЖ-ға мәліметтерді ұсынуды ЖӨТ АҚ дәйекті түрде жүзеге асырады.
ЖӨТ АҚ-тың көліктік қаптама және (немесе) топтамалық қаптама туралы мәліметтерді беруі ТТҚ ЦЖ деректері бойынша көліктік қаптамада және (немесе) топтамалық қаптамада қамтылған жеңіл өнеркәсіп тауарларының әрбір бірлігі (тұтынушылық қаптамасы) туралы мәліметтерді беруге теңестіріледі.
50. ЖӨТ АҚ электрондық өзара іс-қимыл интерфейсіне сәйкес ТТҚ ЦЖ-ға жіберген және Оператор алған барлық құжаттар мен мәліметтер ТТҚ ЦЖ-да көрсетілуге тиіс.
51. Егер ұсынылған ақпаратта осы Қағидаларда көзделген дұрыс емес мәліметтер қамтылса, Оператор ЖӨТ АҚ ТТҚ ЦЖ-ға ұсынған мәліметтерді қабылдаудан бас тартады.
52. ТТҚ ЦЖ-ға мәліметтерді ұсыну күні болып ТТҚ ЦЖ-ның жеке кабинетінде тіркелген күн танылады.
53. ТТҚ ЦЖ-ға мәліметтерді ұсынудың толықтығы, дұрыстығы және уақтылығы тиісті ақпаратты жіберетін ЖӨТ АҚ тарапынан қамтамасыз етіледі.
54. Таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарларының айналымына мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында Оператор ТТҚ ЦЖ-да келесі мәліметтердің болуын қамтамасыз етеді:
1) ЖӨТ АҚ туралы;
2) сәйкестендіру құралдарымен міндетті таңбалануға жататын жеңіл өнеркәсіп тауарлары туралы;
3) ЖӨТ АҚ-қа берілген сәйкестендіру кодтары туралы;
4) таңбаланған жеңіл өнеркәсіп тауарларының айналымы және оларды айналымнан шығару туралы.
