"Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 5 наурыздағы № 73 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 9 қыркүйектегі № 201 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 11 қыркүйекте № 39865 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 5 наурыздағы № 73 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27066 болып тіркелген) сәйкес мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларында:

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Ұлттық парктердің учаскелері туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін бес жылдан қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі. Бұл учаскелерді беруді осы Қағидаларға сәйкес тікелей Ұлттық парк жүзеге асырады.

      Ұлттық парктің учаскелері танытым орталықтарын, рекреациялық орталықтарды, қонақүйлерді, музейлерді және туристерге қызмет көрсетудiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшін ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі.";

      59-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "59. Туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктер учаскелері (бұдан әрі – учаскелер) туристік қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғаларға бес жылдан қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді пайдалануға және бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімге қысқа мерзімді пайдалануға беріледі.

      Балық өсіру шаруашылығын ұйымдастыру уақытша құрылыстарды пайдалана отырып, күрделі құрылыссыз жүзеге асырылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи ресурстар министрі
А. Куантыров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Туризм және спорт министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады