ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.09.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды жүргізудің үлгілік қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар қолданылады:
1) ағымдағы үлгерімді бақылау – білім алушылардың оқу мақсаттарына қол жеткізуін бақылау мақсатында сабақтарда оқу материалын зерделеу барысында олардың оқу жетістіктерін жүйелі түрде бағалау;
2) аралық бағалау – білім алушылардың 2-4-сыныптарда оқу бағдарламасына сәйкес бөлімді (бөлімдерді) зерделеуді аяқтағаннан кейін оқу материалын меңгеру деңгейін айқындайтын бағалау түрі;
3) бағалау – білім алушылардың оқуда нақты қол жеткізген нәтижелерін оқытудан күтілетін нәтижелермен әзірленген критерийлер негізінде салыстыру процесі;
4) бағалау критерийлері – білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауды жүргізуге негіз болатын белгілер;
5) білім алушыларды аралық аттестаттау – білім алушылардың бір оқу сабағының, бір оқу пәнінің және (немесе) модульдердің, сондай-ақ бір біліктілік шеңберінде кәсіптік модульдердің бір бөлігінің немесе бүкіл көлемінің мазмұнын оларды зерделеп бітіргеннен кейінгі меңгеру сапасын бағалау мақсатында жүргізілетін рәсім;
6) білім алушыларды қорытынды аттестаттау – олардың тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу сабақтарының, оқу пәндерінің және (немесе) модульдердің көлемін меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;
7) жиынтық бағалау – оқу бағдарламасына сәйкес 5-11 (12)-сыныптарда бөлімдерді (ортақ тақырыптарды), оқу тоқсанын және оқу жылын зерделеуді аяқтағаннан кейін өткізілетін бағалау түрі;
8) қорытынды бағалау – осы Қағидаларда көзделген тәртіппен тоқсан және оқу жылы қорытындысы бойынша өткізілетін 2-4-сынып білім алушыларын бағалау түрі;
9) модерация – бағалаудың объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 5-11 (12)-сынып білім алушыларының тоқсандық жиынтық бағалау бойынша жұмыстарын талқылау арқылы балдарды қоюды стандарттау процесі;
10) оқытудан күтілетін нәтижелер – оқыту процесі аяқталғанда білім алушының нені біліп, түсініп, көрсете алатынын сипаттайтын құзыреттіліктер жиынтығы;
11) формативтік бағалау – сыныптағы күнделікті жұмыс барысында жүргізілетін бағалау түрі, білім алушылардың үлгерімінің ағымдағы көрсеткіші болып табылады, оқу барысында білім алушы мен педагог арасындағы жедел өзара байланысты, білім алушы мен педагог арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және білім беру процесін жетілдіруге мүмкіндік береді.";
мынадай мазмұндағы 1-1-тараумен толықтырылсын:
"1-1-тарау. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау жүргізу тәртібі
2-1. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау барлық оқу пәндері бойынша формативтік, аралық және қорытынды бағалауды қамтиды.
Формативтік бағалау әрбір сабақта, аралық бағалау оқу материалының белгілі бір көлемін (бөлімді (бөлімдерді)) оқып-үйренгеннен кейін жүргізіледі. Қорытынды бағалау осы Қағидаларда көзделген тәртіппен тоқсан және оқу жылының қорытындысы бойынша жүргізіледі.
1-сыныпта білім алушылардың оқу жетістіктері бағаланбайды.
2-2. Формативтік бағалау, оның ішінде үй тапсырмасын бағалау, 2-4-сынып білім алушыларының оқу мақсаттарына қол жеткізуін мониторингтеу және сабақ барысында сараланған жұмысты одан әрі ұйымдастыру мақсатында жүргізіледі және педагогтің білім алушылармен жазбаша және (немесе) ауызша нысандарда кері байланыс беруі арқылы жүзеге асырылады.
2-3. Сабақта формативтік бағалау жүргізу кезінде педагог академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып, білім алушылардың санын, бағалау нысандарын, әдістері мен тәсілдерін дербес айқындайды. Бұл ретте білім алушы әрбір оқу пәні бойынша тоқсан ішінде өткізілген сабақтардың жалпы санының кемінде 30 %-ында бағаланады.
2-4. Формативтік бағалау нәтижелерін басып шығару және қағаз түрінде сақтау талап етілмейді.
Формативтік бағалау нәтижелері электрондық (қағаз) журналда балл түрінде тіркеледі.
2-5. Формативтік бағалау 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүзеге асырылады.
Сабақ үшін қойылатын балл білім алушының үй тапсырмасын және сабақ барысында берілген тапсырмаларды орындау нәтижелерін қосу арқылы айқындалады.
Балдар электрондық (қағаз) журналға ағымдағы күн аяқталғаннан кешіктірілмей енгізіледі. Электрондық журналға балдар қою кезінде педагог түсініктемелер енгізе алады.
2-6. Аралық бағалау бөлімді (бөлімдерді) оқып-үйрену аяқталғаннан кейін оқу материалының мазмұнын меңгеру деңгейін айқындау және тіркеу мақсатында жүргізіледі және оқу пәнінің ерекшелігіне қарай тиісті нысандағы тапсырмаларды орындату арқылы жүзеге асырылады.
2-7. Оқу пәндері бойынша аралық бағалауды өткізу нысандары мен тапсырмалардың түрлері төмендегідей айқындалады:
1) тілдік оқу пәндері бойынша аралық бағалау сөйлеу әрекетінің төрт түрі: тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым бойынша жүргізіледі. Тыңдалым және айтылым дағдыларын бағалау аралық бағалауды өткізу жоспарланған апта ішінде сабақ барысында жүзеге асырылады.
Қазақ тілі, орыс тілі және ана тілі (оқыту ұйғыр, тәжік және өзбек тілдерінде жүргізілетін мектептер үшін) бойынша аралық бағалау диктант және оқу сауаттылығын бағалауға бағытталған тапсырмалар түрінде жүргізіледі.
"Шетел тілі" (ағылшын, француз және неміс тілдері) бойынша аралық бағалау ауызша және жазбаша сөйлеуді түсіну, лексиканы қолдану, қарапайым айтылымдар құрастыру, сөздер мен сөйлемдерді дұрыс жазу дағдыларын бағалауға бағытталған ауызша және жазбаша тапсырмалар түрінде жүргізіледі.
"Әдебиеттік оқу" оқу пәні бойынша аралық бағалау шығарма және мазмұндама түрінде жүргізіледі, оларға оқу сауаттылығын бағалауға бағытталған тапсырмалар да енгізіледі.
2) "Математика" оқу пәні бойынша аралық бағалау математикалық сауаттылығын бағалауға бағытталған тапсырмаларды қамтитын бақылау жұмысы түрінде жүргізіледі;
3) "Жаратылыстану" және "Дүниетану" оқу пәндері бойынша аралық бағалау тоқсанына бір рет жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын бағалауға бағытталған тапсырмаларды қамтитын ауызша, жазбаша, практикалық, зертханалық, жобалық және зерттеу жұмыстары түрінде жүргізіледі;
4) "Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект", "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", "Музыка" және "Дене шынықтыру" оқу пәндері бойынша аралық бағалау тоқсанына бір рет тиісті оқу пәндерінің ерекшеліктерін ескере отырып, білім алушылардың дағдыларын бағалауға бағытталған тапсырмаларды қамтитын практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және командалық жұмыстар түрінде жүргізіледі.
2-8. Аралық бағалауды өткізу кезінде педагог тиісті оқу пәндері бойынша бағалау тапсырмаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын бағалау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес дербес әзірлейді.
2-9. Аралық бағалау нәтижелері электрондық (қағаз) журналда балл түрінде тіркеледі. Бұл ретте аралық бағалау үшін қойылатын ең жоғары балл:
2-сыныптар үшін – 12 балды;
3-сыныптар үшін – 14 балды;
4-сыныптар үшін – 16 балды құрайды.
Балл қою кезінде тапсырмалар шарттарының рәсімделуі есепке алынбайды. Білім алушының тәртібі үшін балл төмендетілмейді.
2-10. Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларды бағалау кезінде педагог сараланған және (немесе) жеке тапсырмаларды, оның ішінде жеке оқу бағдарламаларын іске асыру кезінде әзірлейді.
2-11. Аралық бағалау нәтижелері туралы ақпарат білім алушыларға, олардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне қағаз немесе электрондық форматта ұсынылады.
2-12. Аралық бағалау жүргізілген күні дәлелді себептермен (денсаулық жағдайына, жақын туыстарының қайтыс болуына, барлық деңгейдегі спорттық жарыстарға, конкурстарға, конференцияларға, олимпиадаларға және ғылыми жобалар конкурстарына қатысуына, сондай-ақ қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты) болмаған білім алушылар осы Қағидалардың 2-7-тармағында белгіленген талаптарды ескере отырып, арнайы әзірленген тапсырма нұсқалары бойынша жеке кестеге сәйкес аралық бағалаудан өтеді.
Білім алушылар үшін аралық бағалауды өткізудің жеке кестесі білім беру ұйымының басшысымен бекітіледі.
2-13. Ағымдағы оқу жылындағы аралық бағалауға арналған оқу тапсырмалары бойынша білім алушылардың жазбаша жұмыстары білім беру ұйымында ағымдағы оқу жылы аяқталғанға дейін сақталады.
2-14. Тоқсандық қорытынды бағалау нәтижесі мынадай формулалар бойынша айқындалады:
1) Q – тоқсандық қорытынды бағалаудың пайыздық мәндегі нәтижесі:

мұндағы:
F – тоқсан бойынша формативтік бағалаудың пайыздық мәндегі нәтижесі;
P – тоқсан ішінде жүргізілген аралық бағалаулардың пайыздық мәндегі жиынтық нәтижесі;
2) F – тоқсан бойынша формативтік бағалаудың пайыздық мәндегі:

мұндағы:
SB – білім алушының тоқсан ішінде формативтік бағалау барысында жинаған балдарының қосындысы;
M – формативтік бағалау қорытындысы бойынша балл қойылған сабақтардың саны;
10 – формативтік бағалау үшін белгіленген ең жоғары балл;
3) P – тоқсан ішінде жүргізілген аралық бағалаулардың пайыздық мәндегі жиынтық нәтижесі:
![]()
мұндағы:
SPb – білім алушының тоқсан ішінде жүргізілген аралық бағалаулардың қорытындысы бойынша жинаған балдарының қосындысы;
R – тоқсан ішінде өткізілген аралық бағалаулардың саны;
Pn – осы Қағидалардың 2-9-тармағында белгіленген аралық бағалау үшін қойылатын ең жоғары балл.
2-15. Тоқсан бойынша қорытынды бағалау нәтижелері балдардың пайыздық мәні түрінде электрондық (қағаз) журналға қойылады және осы Қағидаларға 1-қосымшада белгіленген балдардың пайыздық мәнін бағаларға ауыстыру шкаласына сәйкес тоқсандық бағаға ауыстырылады.
2-16. Тоқсан ішінде аралық бағалау нәтижелері болмаған жағдайда, білім алушы осы Қағидалардың 2-12-тармағында көзделген тәртіппен аралық бағалаудан өткенге дейін оған тоқсандық баға қойылмайды.
2-17. Қорытынды бағалау нәтижелері туралы ақпарат білім алушыларға, олардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне қағаз немесе электрондық форматта ұсынылады.
2-18. 1-сынып білім алушысы ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтініші негізінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы бойынша қайта оқытуға қалдырылады.
1-сыныпта қайта оқу педагогикалық кеңестің шешімімен рәсімделеді.
2-19. 2-4-сынып білім алушыларының барлық оқу пәндері бойынша жылдық бағасы тоқсандық бағалардың орташа арифметикалық мәні ретінде ең жақын бүтін санға дейін дөңгелектеу арқылы қойылады және оқу жылының қорытынды бағасы болып табылады.
Жылдық "3", "4" және "5" бағаларын алған 2-4-сынып білім алушылары келесі сыныпқа көшіріледі.
2-4-сынып білім алушыларына жылдық "2" бағасы қойылмайды.
2-20. Тоқсандық және жылдық бағаларды қайта қарауға жол берілмейді.
Бағалау нәтижелерін электрондық журналға енгізу кезінде техникалық қате жіберілген жағдайда, қате анықталған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде білім беру ұйымының педагогі қате туралы білім беру ұйымының басшысына немесе оның міндетін атқарушы тұлғаға хабарлайды.
Техникалық қатені түзету білім алушының нақты бағалау нәтижелерін растайтын құжаттар және хаттама негізінде жүзеге асырылады.
2-21. Білім алушыны оқу жылы ішінде бір білім беру ұйымынан басқа білім беру ұйымына ауыстырған кезде оның формативтік және аралық бағалау нәтижелері электрондық (қағаз) журналдан алынған үзіндімен рәсімделеді, білім беру ұйымының директорының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның қолтаңбасымен, білім беру ұйымының мөрімен куәландырылады және білім алушының жеке ісімен бірге беріледі.";
2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алушылардың оқу үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу тәртібі";
3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары білім алушыларының оқу жетістіктерін бағалау формативтік және жиынтық бағалау нысандарында жүзеге асырылады.
4. Формативтік бағалау, оның ішінде үй тапсырмасын бағалау, білім алушыларының оқу мақсаттарына қол жеткізу деңгейін мониторингтеу және сабақ барысында сараланған жұмысты одан әрі ұйымдастыру мақсатында жүргізіледі және педагогтің жазбаша (дәптерлерде немесе күнделіктерде) не ауызша ұсынымдары арқылы жүзеге асырылады.";
6, 7, 8, 9, 10, 11, 12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Формативтік бағалау нәтижелерін басып шығару және қағаз түрінде сақтау талап етілмейді.
Формативтік бағалау нәтижелері білім алушылардың орындаған жұмыстарында және/немесе электрондық (қағаз) журналдарда балл түрінде көрсетіледі. Педагог түсініктемелер енгізе алады.
7. Білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды педагогтер бөлімдердің (ортақ тақырыптардың) мазмұнын зерделеу аяқталғаннан кейін және тоқсан қорытындысы бойынша оқу материалының мазмұнын меңгеру деңгейін анықтау және тіркеу үшін жиынтық бағалау нысанында жүргізеді.
8. Формативтік бағалау, бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау нәтижелері бойынша 5-11 (12)-сынып білім алушыларына балдар қойылады. Бұл балдар тоқсандық оқу жетістіктерін бағалау кезінде ескеріледі.
9. Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалауды өткізу нысанын (бақылау, практикалық немесе шығармашылық жұмыс, жоба, эссе, диктант, мазмұндама, шығарма, тестілеу) және оны сабақ барысында орындауға берілетін уақытты педагог дербес айқындайды.
5-11 (12)-сыныптарда бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалаудың ең жоғары балы 7 балдан кем емес және 20 балдан аспайды.
10. Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау үшін қорытынды балды қою кезінде оқу тапсырмалары мен есептердің шарттарын рәсімдеу және түзетулер ескерілмейді, сондай-ақ тәртібі үшін балдар төмендетілмейді.
11. Апталық оқу жүктемесі 1 сағат болған жағдайда бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау тоқсанына екі реттен артық өткізілмейді, бұл ретте бөлімдер/ортақ тақырыптар біріктіріледі. Қорытынды баға жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қойылады.
12. Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау тоқсанына үш реттен артық өткізілмейді. Тоқсанда төрт және одан да көп бөлім/ортақ тақырып оқытылған жағдайда бөлімдер/ортақ тақырыптар тақырыптардың ерекшеліктері мен оқу мақсаттарының саны ескеріле отырып біріктіріледі. Оны екі кезеңде өткізуге жол беріледі.
13. Оқу пәндерінің күрделілік деңгейі ескеріле отырып, бір күнде тоқсандық жиынтық бағалау үш реттен артық өткізілмейді. Тоқсандық жиынтық бағалау тоқсанның соңғы оқу күнінде өткізілмейді. Бір оқу пәні бойынша бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалау бір күнде өткізілмейді.";
16, 17, 18 және 19-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"16. "Көркем еңбек", "Музыка", "Дене шынықтыру", "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері", "Графика және жобалау", "Алғашқы әскери дайындық", "Заң және тәртіп", "Конституция негіздері", "Жеке қауіпсіздік" пәндері бойынша бөлім/ортақ тақырып және тоқсан бойынша жиынтық бағалау жүргізілмейді, тоқсан (жартыжылдық) және оқу жылының қорытындысы бойынша "есептелді" ("есептелмеді") бағасы қойылады.
17. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің Үлгілік оқу жоспарлары (бұдан әрі – Үлгілік оқу жоспарлары) қысқартылған оқу жүктемесімен таңдалған жағдайда, 10-11-сыныптарда инварианттық компоненттің тереңдетілген және стандартты деңгейдегі пәндерін таңдау кезінде осы пәндер бойынша "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері", "Графика және жобалау" оқу пәндерін қоспағанда, жиынтық бағалау жүргізіледі.
10-11-сыныптарда вариативтік компонент сағаттары есебінен таңдалған оқу пәндері бойынша жиынтық бағалау жүргізілмейді. Оқу жылының соңында "есептелді" ("есептелмеді") қойылады.
18. Оқу жүктемесі қысқартылған Үлгілік оқу жоспарлары таңдалған кезде бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау саны осы Қағидалардың 11-тармағына сәйкес айқындалады.
5-9-сыныптарда вариативтік компонент сағаттары есебінен таңдалған оқу пәндері (таңдау пәндері) бойынша жиынтық бағалау жүргізілмейді, оқу жылының соңында "есептелді" ("есептелмеді") қойылады.
19. Жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар "Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің жалпы білім беретін пәндері мен таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 399 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29767 болып тіркелген) Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің жалпы білім беретін пәндері мен таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес білім алушылар меңгерген оқу материалын қамтиды.";
21, 22, 23, 24, 25 және 26-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Тоқсандық жиынтық бағалауды өткізер алдында педагогтердің әдістемелік бірлестігі отырысында тапсырмалардың оқу мақсаттарына сәйкестігі, тапсырмалар көлемі, оларды орындау жөніндегі нұсқаулықтар және орындауға бөлінетін уақыт талқыланады.
Тілдік пәндер бойынша жиынтық бағалау сөйлеу әрекетінің төрт түрі (тыңдалым (тыңдау), айтылым, оқылым, жазылым) бойынша жүргізіледі. Тыңдалым (тыңдау), және айтылым дағдыларын бағалау жиынтық бағалау өткізу жоспарланған апта ішінде сабақ барысында жүргізіледі.
22. Оқу нәтижелерін бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында тоқсандық жиынтық бағалау жазбаша нысанда жүргізілетін оқу пәндері бойынша даулы мәселелер туындаған жағдайда, педагогикалық кеңестің шешімі бойынша педагогтер тоқсандық жиынтық бағалауды қоюға дейін кемінде 1 (бір) жұмыс күні бұрын модерация жүргізеді.
Тоқсан бойынша білім алушылардың жазбаша жұмыстарын модерациялау кезінде балдары өзгертілуге жататын жұмыстар қайта тексеріледі. Модерация қорытындысы бойынша тоқсандық жиынтық бағалау үшін қойылған балл жоғарылау жағына да, төмендеу жағына да өзгертілуі мүмкін.
23. Жиынтық бағалау өткізілген күні дәлелді себептермен (денсаулық жағдайына байланысты, жақын туыстарының қайтыс болуына байланысты, спорттық жарыстарға, конференцияларға, олимпиадаларға және барлық деңгейдегі ғылыми жобалар конкурстарына қатысуына байланысты, сондай-ақ қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты) қатыспаған білім алушылар жиынтық бағалаудан жеке кесте бойынша өтеді.
Білім алушы ағымдағы тоқсан (жартыжылдық) аяқталғанға дейін жиынтық жұмысты тапсырмаған жағдайда, жиынтық жұмыс бойынша оң нәтиже алғанға дейін электрондық (қағаз) журналға "уақытша аттестатталмаған" деген белгі қойылады. Жиынтық жұмысты тапсырғаннан кейін тоқсандық (жартыжылдық) баға қойылады.
24. Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау нәтижелері болмаған жағдайда білім алушы уақытша аттестатталмаған болып есептеледі.
25. Ағымдағы оқу жылындағы білім алушылардың жазбаша жұмыстары оқу жылы аяқталғанға дейін білім беру ұйымында сақталады.
26. Білім алушылардың жиынтық бағалау нәтижелері электрондық (қағаз) журналға балл түрінде қойылады және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес балдарды бағаларға ауыстыру шкаласы бойынша тоқсандық және жылдық бағаларға ауыстырылады.";
28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"28. Тоқсандық баға формативтік бағалау, бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау нәтижелерінің тиісінше 25 %, 25 % және 50 % арақатынасы негізінде қойылады.
Апталық оқу жүктемесі 1 сағат болған жағдайда жартыжылдық баға формативтік бағалау және бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау нәтижелері негізінде қойылады.";
29-тармақ алып тасталсын.
30, 31 және 32-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"30. 5-11 (12)-сынып білім алушыларының оқу пәндері бойынша жылдық бағасы тоқсандық бағалардың орташа арифметикалық мәні ретінде ең жақын бүтін санға дейін дөңгелектеу арқылы қойылады және қорытынды баға болып табылады.
31. Бір немесе екі оқу пәні бойынша жылдық бағасы "2" болған 5-8 (9) және 10 (11)-сынып білім алушылары үшін оқу жылының мазмұнын қамтитын оқу жылы бойынша жиынтық бағалау білім беру ұйымы жасаған кестеге сәйкес ұйымдастырылады.
Қорытынды баға жылдық баға мен оқу жылы бойынша жиынтық бағалау бағасының арифметикалық орташа мәнін жақын бүтін санға дейін дөңгелектеу арқылы қойылады.
Үш және одан да көп оқу пәні бойынша жылдық бағасы "2" болған 5-8 (9) және 10 (11)-сынып білім алушылары оқу жылын қайта оқуға қалдырылады.
Жылдық бағалары "3", "4", "5" болған 5-8 (9) және 10 (11)-сынып білім алушылары келесі сыныпқа көшіріледі.
32. Бір немесе екі оқу пәні бойынша қайтадан "2" бағасын алған 5-8 (9) және 10 (11)-сынып білім алушылары осы пәндер бойынша оқу жылына арналған қосымша жиынтық бағалаудан өтеді.
Қорытынды баға жылдық баға мен қосымша жиынтық бағалау бағасының орташа арифметикалық мәні ретінде ең жақын бүтін санға дейін дөңгелектеу арқылы қойылады.
Қосымша жиынтық бағалау жаңа оқу жылы басталғанға дейін өткізіледі.
Қосымша жиынтық бағалау нәтижесі бойынша "2" бағасын алған білім алушылар қайта оқу жылына қалдырылады.";
34, 35 және 35-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"34. Білім алушыны оқу жылы ішінде бір білім беру ұйымынан басқа білім беру ұйымына ауыстырған кезде оның жиынтық бағалау нәтижелері электрондық (қағаз) журналдан алынған үзіндімен рәсімделіп, білім беру ұйымы директорының қолымен және ұйымның мөрімен расталады және білім алушының жеке ісімен бірге беріледі.
Білім алушы бұрын қандай да бір оқу пәні оқытылмаған білім беру ұйымынан ауысқан жағдайда "Тоқсандық баға" бағанына "Оқытылмаған" деген белгі қойылады. Оқу пәні бойынша білім алушының жылдық бағасы оқу жылының қалған кезеңінде осы пәнді оқу кезінде алған тоқсандық бағаларының арифметикалық орташа мәні ретінде қойылады.
35. Қазақ тілі бойынша емтихан негізгі орта (5-8-сыныптар), жалпы орта (10-сынып) білім беру деңгейінде оқу жылының соңында оқыту қазақ тілінде жүргізілетін білім беру ұйымдарында "Қазақ тілі" пәні бойынша және оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін білім беру ұйымдарында "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәні бойынша білім алушылардың оқу бағдарламаларының мазмұнын меңгеру деңгейін бағалау мақсатында МЖМБС-ға сәйкес жазбаша және ауызша нысанда (тыңдалым (тыңдау), айтылым, оқылым, жазылым) өткізіледі.
Емтихан өткізу уақыты білім беру ұйымының педагогикалық кеңесімен айқындалады, тапсырмаларды педагогтер академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып әзірлейді және оларды білім беру ұйымының әкімшілігі бекітеді.
"Қазақ тілі", "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәндері бойынша қорытынды баға емтихан нәтижелері (бес балдық шкала бойынша) мен жылдық бағаның (бес балдық шкала бойынша) 30 % және 70 % арақатынасында қойылады, қорытынды бағаны дөңгелектеу жақын бүтін санға дейін жүргізіледі.
Оқу жылының қорытындысы бойынша осы тармақта көрсетілген пәндерді қоспағанда, аралық аттестаттау өткізілмейді.
35-1. 5 (6) - 8 (9), 10 (11) - сынып білім алушылары мынадай жағдайларда білім беру ұйымдарының басшыларының бұйрықтарымен аралық аттестаттаудан босатылады:
1) денсаулық жағдайына байланысты;
2) бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар;
3) жақын туыстары қайтыс болған жағдайда.
Білім алушыларды аралық аттестаттаудан босату туралы бұйрықтар мынадай құжаттардың негізінде шығарылады:
1) Қағидалардың осы тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген білім алушылар санаты үшін "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығы)бекітілген № 026/е нысаны бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде;
2) жақын туыстарының қайтыс болғаны туралы куәлік.
Аралық аттестаттаудан босатылған білім алушыларға қорытынды баға ағымдағы оқу жылының жылдық бағасы негізінде қойылады.";
52-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Осы тармақта көзделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, жалпы орта білім туралы "Алтын белгі" аттестаты берілмейді.";
72-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"72. Білім беру ұйымдарының барлық сыныптарында жазбаша емтихан жұмыстары сағат 09.00-де басталады.".
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
|
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы |
Ш. Акпарова |