"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 95-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі | Ж. Сулейменова |
| Қазақстан Республикасы | |
| Оқу-ағарту министрі | |
| 2026 жылғы 24 қыркүйектегі | |
| № 282-НҚ | |
| бұйрығымен бекітілген |
Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 95-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы – ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын, абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды бар техникалық құрал.
3. Білім алушыға немесе тәрбиеленушіге оқу процесі кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануға мынадай жағдайларда жол беріледі:
1) оқу тапсырмасын орындау үшін пайдалану қажет болған кезде педагогтің нұсқауы бойынша оқу мақсатында;
2) білім алушының, тәрбиеленушінің не өзге де адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төндіретін мән-жайлар туындаған кезде;
3) білім алушының немесе тәрбиеленушінің денсаулық жағдайына байланысты ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану қажет болған кезде.
2-тарау. Оқу процесі кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану тәртібі
4. Оқу сабағы басталғанға дейін білім алушы немесе тәрбиеленуші ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын дірілді және дыбыстық сигналдарды өшіру арқылы дыбыссыз режимге ауыстырады немесе оны өшіреді.
Оқу сабағы кезінде осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, білім алушы немесе тәрбиеленуші ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдаланбайды.
Материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндігі болған кезде орта білім беру ұйымы ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын орналастыру үшін арнайы жабдықталған орындарды айқындауға құқылы.
Арнайы жабдықталған орындар болған кезде оларды пайдалану тәртібі және оларға орналастырылған құрылғылардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралары білім беру ұйымының ішкі тәртіп қағидаларымен айқындалады.
5. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын оқу мақсатында пайдалану кезінде педагог:
1) орындау үшін ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануды қажет ететін оқу тапсырмасын айқындайды;
2) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануды бастағанға дейін білім алушылар мен тәрбиеленушілерге оқу тапсырмасының мазмұнын, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану тәртібі мен ұзақтығын түсіндіреді;
3) оқу тапсырмасын өз бетінше орындауға қойылатын талаптарды және оны орындау кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдаланудың рұқсат етілген тәсілдерін түсіндіреді;
4) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануды бастау және тоқтату туралы нұсқау береді.
6. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын оқу мақсатында пайдалану кезінде білім алушы немесе тәрбиеленуші:
1) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын педагог айқындаған оқу тапсырмасын орындау үшін ғана пайдаланады;
2) осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес педагог белгілеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану тәртібі мен ұзақтығын сақтайды;
3) оқу тапсырмасын педагог белгілеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану шарттарын сақтай отырып, өз бетінше орындайды;
4) педагогтің нұсқауы бойынша ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануды тоқтатады.
7. Оқу тапсырмасын орындау кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының фото-, аудио- және бейнежазба функцияларын педагогтің нұсқауы бойынша Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын, сондай-ақ жеке өмірді және адамның өз бейнесіне құқығын қорғау жөніндегі заңнама талаптарын сақтай отырып пайдалануға жол беріледі.
3-тарау. Қағидалардың сақталуын ұйымдастыру
8. Орта білім беру ұйымының басшысы осы Қағидалардың сақталуын қамтамасыз етеді.
Осы Қағидаларда көзделген ұйымдастырушылық мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Қағидаларға сәйкес білім беру ұйымының ішкі тәртіп қағидаларымен айқындалады.
9. Білім беру ұйымының ішкі тәртіп қағидалары оқу процесі кезінде ата-аналар немесе өзге де заңды өкілдер мен білім алушы немесе тәрбиеленуші арасында шұғыл ақпарат беру тәртібін, оның ішінде осы мақсатта пайдаланылатын орта білім беру ұйымының абоненттік нөмірін айқындайды.
10. Орта білім беру ұйымы білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің назарына:
1) осы Қағидалардың талаптарын;
2) осы Қағидаларда көзделген мәселелер бойынша білім беру ұйымының ішкі тәртіп қағидаларының ережелерін;
3) осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген орта білім беру ұйымының абоненттік нөмірі мен шұғыл ақпарат беру тәртібін жеткізеді.