БҰЙЫРАМЫН:
1. "Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 294 бұйрығына (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15632 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты туралы үлгі ережеде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты (бұдан әрі – әкім аппараты) – әкімнің және жергілікті атқарушы органның (ол құрылған жағдайда) қызметін қамтамасыз ететін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды орындайтын мемлекеттік мекеме.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Әкімнің аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.";
12-тармақтың 1) тармақшасының сегізінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"аудандық маңызы бар қаланы, ауылды, кентті, ауылдық округті дамыту жоспарын әзірлейді және оны жергілікті қоғамдастық жиналысының бекітуіне ұсынады;";
12-тармақтың 2) тармақшасының сегізінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
" 7) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлік басқаруға береді;";
13-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"мемлекеттік басқару органдарының, архивтердің, ғылыми мекемелердің цифрлық дерекқорларын пайдалануға;";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Әкім аппаратының өз құзыреті шегіндегі міндеттері:
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету;
Қазақстан Республикасы Президентiнің, Yкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, облыс, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің және әкімдігінің, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің актілерi мен тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Әкімнің өкілеттіктері:
әкім аппаратының жұмысын ұйымдастырады, оның қызметіне басшылық етуді жүзеге асырады;
жергілікті қоғамдастықтың жиынында немесе жергілікті қоғамдастықтың жиналысында қабылданған шешімдерді қарайды, олардың орындалуын қамтамасыз етеді;
бюджет қаражатын үнемдеудің және (немесе) Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасында көзделген түсімдердің есебінен еңбек шарты бойынша жұмыскерлерді қабылдайды;
мемлекеттік мекемелердің өз иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жасайды және бекітеді;
аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың, ауылдық округтiң тұрғын үй қорын түгендеуді жүргізеді;
аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімімен және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың, ауылдық округтiң авариялық тұрғынжайын бұзуды ұйымдастырады;
мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бағдарламалық құжаттары шеңберінде ауыл халқына микрокредит беруге жәрдем көрсетеді;
өзінің сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы есепті жергілікті қоғамдастық жиынына ұсынады;
жергілікті қоғамдастық жиынына қатысушылардың кемінде үштен екісінің бастамасы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысын таратады;
жергілікті қоғамдастық жиындарына бастамашылық жасайды;
Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтік құқықтық актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.";
мынадай мазмұндағы 16-1-тармақпен толықтырылсын:
"16-1. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі өзінің сайлауалды бағдарламасын іске асырады.";
18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"18. Әкім Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкім орынбасарының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды.";
20-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда әкім аппаратының жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.";
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"22. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, әкімнің аппараты жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті иеліктен шығаруы немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуі мүмкін.".
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оны алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі |
С. Жумангарин |