Қорықшыларды тиісті даярлаудан өткізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 25 қыркүйектегі № 214 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 29 қыркүйекте № 39988 болып тіркелді

      Ескерту. 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі – осы бұйрықтың 4-тармағымен.

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-1-бабы 3-тармағының 13-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қорықшыларды тиісті даярлаудан өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи ресурстар министрі
А. Куантыров

 

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрлігі

 

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

 

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Оқу-ағарту министрлігі

 

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  2026 жылғы 25 қыркүйектегі
  № 214
  бұйрығымен бекітілген

Қорықшыларды тиісті даярлаудан өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қорықшыларды тиісті даярлаудан өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-1-бабы 3-тармағының 13-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және қорықшыларды тиісті даярлаудан өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ведомство – Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті;

      2) қорықшы – тиісті даярлаудан өткен және бекітіліп берілген аңшылық алқаптарда және (немесе) балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде жануарлар дүниесін қорғауды жүзеге асыратын аңшылық және (немесе) балық шаруашылығы субъектісінің арнайы уәкілеттік берілген тұлғасы.

2-тарау. Қорықшыларды тиісті даярлаудан өткізу тәртібі

      3. Қорықшыларды тиісті даярлаудан өткізу аккредиттелген аңшылардың және аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қоғамдық бірлестіктері қауымдастықтары (бұдан әрі – Қауымдастықтар) арқылы жүзеге асырылады.

      4. Тиісті даярлықтан өту үшін даярлықтан өтуді қалайтын тұлға не аңшылық шаруашылығының субъектісі Қауымдастықтарға мынадай құжаттар:

      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      2) орта білімі туралы құжаттың көшірмесі;

      3) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) № 075/у және № 076/у нысандары бойынша медициналық анықтамалар қоса берілген өтінім жолдайды.

      5. Даярлық Қауымдастықтар әзірлейтін және ведомствомен келісілетін тиісті даярлық бағдарламасы (бұдан әрі – бағдарлама) бойынша жүргізіледі.

      6. Ведомство бағдарламаны ол келіп түскен күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде келіседі.

      7. Бағдарлама жалпы ұзақтығы 100 (жүз) академиялық сағатты құрайтын теориялық және практикалық бөліктерден тұрады, оның ішінде 80 (сексен) академиялық сағат – теориялық даярлық, 20 (жиырма) академиялық сағат – практикалық даярлық.

      8. Теориялық даярлық күндізгі немесе қашықтықтан нысанында мынадай:

      1) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасы;

      2) аңшылық жануарлардың биологиясы мен экологиясының негіздері;

      3) жануарлар дүниесін қорғауды ұйымдастыру және браконьерлікке қарсы іс-қимыл;

      4) биотехникалық іс-шараларды жүргізу;

      5) жануарларды есепке алу және мониторинг әдістері;

      6) аңшылық шаруашылығында цифрлық технологияларды қолдану;

      7) аңшылықты ұйымдастыру және жүргізу;

      8) қаруды қауіпсіз пайдалану қағидалары;

      9) алғашқы көмек көрсету бағыттары бойынша жүргізіледі.

      9. Практикалық даярлау аңшылық шаруашылықтары, оқу полигондары базасында күндізгі нысанда жүргізіледі және қорықшының тиісті даярлығынан өтіп жатқан тұлғалардың мынадай бір немесе бірнеше іс-шараларға:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және тіркеу жөніндегі іс-шараларды қоса алғанда, рейдтер;

      2) жануарларды есепке алу;

      3) фото- және видеотіркеу құралдарын пайдалану, навигациялық жабдықтарды қолдану;

      4) азықтандыру алаңдарын ұйымдастыру, биотехникалық іс-шараларды жүргізуге қатысуын қамтиды.

      10. Даярлықты аяқтаған тұлғаларға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қорықшыны даярлау курсынан өткені туралы куәлік беріледі.

      11. Қауымдастықтар берілген куәліктерді есепке алуды осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша берілген куәліктерді есепке алу журналын жүргізу жолымен қамтамасыз етеді.

      12. Куәліктің қолданылу мерзімі шектеусіз болып табылады.

      13. Қауымдастықтар жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей ведомствоға өткізілген қорықшыларды даярлау туралы ақпаратты ұсынады, ол мыналарды:

      1) даярлықтан өткен тұлғалардың саны және берілген куәліктердің санын;

      2) өткізілген даярлау курстары туралы мәліметтерді;

      3) қорықшыларды даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды (болған жағдайда) қамтиды.

  Қорықшыларды тиісті
  даярлаудан өткізу
  қағидаларына
  1-қосымша

      Нысан

Қорықшының тиісті даярлаудан өткені туралы куәлік

      Осы арқылы ___________________________________ (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса))

      Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН): ________________;

      Қорықшыларды тиісті даярлаудан өткізу қағидаларына сәйкес қорықшының тиісті даярлаудан өткені расталады.

      Куәлік нөмірі: ________________

      Берілген күні: ________________

      Даярлаудан өткізген ұйымның атауы: ______________________

      Ұйым басшысы

      (қолы)

      М.О. (бар болса)

  Қорықшыларды тиісті
  даярлаудан өткізу
  қағидаларына
  2-қосымша

      Нысан

Берілген куәліктерді есепке алу журналы

№

Даярлаудан өткен адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

ЖСН

Даярлықтың басталған және аяқталған күні

Куәліктің берілген күні және нөмірі

Ескертпе

1

2

3

4

5

6







      Аккредиттелген республикалық аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілері қауымдастығының басшысы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады