"Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 231 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 28 қыркүйектегі № 376 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 29 қыркүйекте № 40015 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 231 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32901 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында:

      2-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) кәсіптік оқыту – кәсіптік даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру нысанында жүзеге асырылатын, кәсіптік тұрғыдан даму мақсатында кәсіптік білімді, машықтар мен дағдыларды иелену, жаңарту немесе кеңейту, сондай-ақ жаңа кәсіпке (мамандыққа) ие болу процесі;";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Мансап орталығы өтінімдерді жинау аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде өтінімдерді осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген жұмыс берушілерді іріктеу өлшемшарттарына сәйкес келуі тұрғысынан қарайды.

      Мансап орталығы жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша 3 (үш) жұмыс күні ішінде жұмыс берушілердің бірыңғай тізбесін қалыптастырады және бекіту үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) комиссияға (бұдан әрі – аудандық (қалалық) комиссия) жібереді.";

      42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "42. Білім беру ұйымдарындағы Оқытудың құнын астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың білім беру басқармасының және ӨКП-ның ұсынуы бойынша халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия (бұдан әрі – өңірлік комиссия) белгілейді.";

      71-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "71. Жұмыс орнында оқыту құны жыл сайын ӨКП-ның және астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың білім беру басқармаларының ұсынуы бойынша өңірлік комиссиямен белгіленеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшалары орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне олардың орындалуы туралы ақпарат беруді.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
А. Ертаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады