"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 2-5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік берушінің азаматтық авиация персоналын даярлауға және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дамытуға аударымдары есебінен авиация персоналын даярлауды, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті ұйымдастыру мен қаржыландыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін, оны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушы |
М. Калиакпаров |
| Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 1 қазандағы № 276 бұйрығымен бекітілген |
Аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік берушінің азаматтық авиация персоналын даярлауға және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дамытуға аударымдары есебінен авиация персоналын даярлауды, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті ұйымдастыру мен қаржыландыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік берушінің азаматтық авиация персоналын даярлауға және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дамытуға аударымдары есебінен авиация персоналын даярлауды, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті ұйымдастыру мен қаржыландыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 14-бабы 1-тармағының 2-5) тармақшасына және 16-12-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалардың қолданысы аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік берушіге, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға, азаматтық авиация персоналын даярлауды жүзеге асыратын ұйымдарға және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды орындаушыларға таратылады.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік беруші – азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші;
2) авиация персоналын даярлау жөніндегі іс-шара – азаматтық авиация персоналын бастапқы даярлау, қайта даярлау, кәсіби біліктілігін арттыру және қолдау жөніндегі іс-шаралар кешені;
3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын орнықты дамытуды, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам (бұдан әрі – уәкілетті ұйым);
4) аударымдар – мемлекеттік аэронавигациялық қызмет көрсетуді жеткізуші Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы азаматтық авиация персоналын даярлауға және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дамытуға аударатын ақшалай қаражат;
5) аударымдарды пайдалану жоспары – тиісті қаржы жылына аударымдар есебінен қаржыландырудың басым бағыттарын, іс-шараларды, жобаларды, олардың қаржыландыру көлемдері мен мерзімдерін айқындайтын құжат;
6) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жоба – Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласында ғылыми зерттеулер жүргізуге, эксперименттік әзірлемелерді жүзеге асыруға, ғылыми және ғылыми-техникалық нәтижелерді жасауға, сынақтан өткізуге немесе енгізуге бағытталған өзара байланысты іс-шаралар кешені;
7) өтініш беруші – авиация персоналын даярлау жөніндегі іс-шараны немесе ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаны қаржыландыру туралы ұсыныс берген заңды тұлға.
4. Аударымдар нысаналы мақсатқа ие және осы Қағидаларда және аударымдарды пайдаланудың бекітілген жоспарында көзделген іс-шаралар мен жобаларды қаржыландыруға мақсатында пайдаланылады.
5. Аударымдарды есептеу базасы өткен қаржы жылының қорытындылары бойынша алынған және бекітілген жылдық қаржылық есептілік негізінде айқындалған аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік берушінің таза кірісі болып табылады.
6. Аударымдар нормативі аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік берушінің таза кірісінің 0,2 пайызын құрайды.
Аударымдар сомасы мынадай формула бойынша есептеледі:
Т = ТД × 0,2 пайыз, мұндағы:
Т – төлемдер (аударымдар) сомасы;
ТД – мемлекеттік аэронавигациялық қызмет көрсетуді жеткізушінің өткен қаржы жылындағы таза кірісі.
Төлемдер (аударымдар) сомасы математикалық дөңгелектеу ережелері бойынша бүтін санға дейін дөңгелектеліп, теңгемен белгіленеді.
7. Қаржы жылының қорытындылары бойынша таза кіріс болмаған не залал болған жағдайда тиісті қаржы жылы үшін аударымдар жүзеге асырылмайды.
Бұл жағдайда аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік беруші жылдық қаржылық есептілік бекітілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде растайтын құжаттарды қоса бере отырып, уәкілетті ұйымға тиісті хабарлама жібереді.
8. Аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік беруші өткен қаржы жылы үшін жылдық қаржылық есептілік бекітілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей аударымдарды біржолғы төлеммен аударады.
9. Аударымдар осы Қағидаларға сәйкес түсетін қаражатты бөлек есепке алуға арналған уәкілетті ұйымның банктік шотына аударылады.
Аударымдарды аударуға байланысты шығыстарды аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік беруші көтереді.
10. Аударымдар аударылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік беруші уәкілетті ұйымға:
1) аударымдар сомасының есебін;
2) аударымдардың аударылғанын растайтын төлем құжатының көшірмесін;
3) таза кіріс мөлшерін растайтын бекітілген жылдық қаржылық есептіліктегі мәліметтерді;
4) жылдық қаржылық есептіліктің бекітілген күні туралы мәліметтерді жібереді.
11. Уәкілетті ұйым құжаттарды алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде аударылған соманың осы тарауда көзделген есепке сәйкестігін тексереді.
Арифметикалық қате, ұсынылған құжаттардың толық еместігі немесе аударылған соманың белгіленген нормативке сәйкес келмеуі анықталған кезде уәкілетті ұйым аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік берушіге анықталған сәйкессіздіктерді көрсете отырып, хабарлама жібереді.
12. Аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік беруші хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде:
1) жетіспейтін немесе нақтыланған құжаттарды ұсынады;
2) аударымдардың жетіспейтін сомасын аударады;
3) жүргізілген есептің дұрыстығының негіздемесін ұсынады.
13. Аудит, түзету немесе жылдық қаржылық есептілікті қайта бекіту салдарынан таза кіріс мөлшері өзгерген жағдайда аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік беруші аударымдар сомасын қайта есептейді және он жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті ұйымды хабардар етеді.
Жетіспейтін сома түзетілген қаржылық есептілік бекітілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде аударылады.
Артық аударылған сома аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік берушінің таңдауы бойынша келесі қаржы жылының аударымдары есебіне есепке жатқызылады не тиісті талапты алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті ұйым қайтарып береді.
14. Аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік беруші мен уәкілетті ұйым жыл сайын 1 тамыздан кешіктірмей есеп айырысуларды салыстырып тексеруді жүргізеді және аударылған аударымдарды салыстырып тексеру актісіне қол қояды.
2-тарау. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы азаматтық авиация персоналын даярлауға және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дамытуға аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік берушінің аударымдары есебінен авиация персоналын даярлауды, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібі
1-параграф. Аударымдарды пайдалануды жоспарлау
15. Аударымдарды пайдалану уәкілетті ұйым бекітетін аударымдарды пайдаланудың жыл сайынғы жоспары негізінде жүзеге асырылады.
Жоспар азаматтық авиацияның қажеттіліктері, аударымдардың күтілетін көлемі, пайдаланылмаған қаражат қалдығы және бұрын басталған іс-шаралар мен жобалар бойынша міндеттемелер ескеріле отырып қалыптастырылады.
16. Азаматтық авиацияның авиация персоналын даярлауға, ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық әзірлемелер жүргізуге қажеттіліктерін уәкілетті ұйым мыналардың негізінде айқындайды:
1) саланың авиация персоналына болжамды қажеттілігі;
2) жекелеген авиациялық мамандықтар мен біліктіліктер бойынша мамандар тапшылығы туралы мәліметтер;
3) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары және азаматтық авиацияны дамытудың басымдықтары;
4) ұшу қауіпсіздігінің жай-күйін, авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру нәтижелерін талдау;
5) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) және өзге де халықаралық авиациялық ұйымдар тарапынан жүргізілген тексерулердің, аудиттердің және мониторингтің нәтижелері;
6) азаматтық авиация саласындағы заңнамаға, стандарттар мен ұсынылатын практикаға жоспарланған өзгерістер;
7) жаңа технологияларды, цифрлық шешімдерді, авиациялық техниканы және әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыру әдістерін енгізу қажеттіліктері.
17. Мемлекеттік органдар, азаматтық авиация ұйымдары, білім беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар жыл сайын 1 қыркүйекке дейін келесі қаржы жылына арналған аударымдарды пайдалану жоспарына енгізу үшін уәкілетті ұйымға ұсыныстар жібереді.
Ұсыныста:
1) іс-шараның немесе жобаның атауы және негіздемесі;
2) оның азаматтық авиацияның қажеттіліктеріне сәйкестігі туралы мәліметтер;
3) іске асырудың болжамды мерзімі;
4) құнының алдын ала есебі;
5) күтілетін нәтижелер және оларға қол жеткізу көрсеткіштері;
6) болжамды қатысушылар және нәтижелерді алушылар туралы мәліметтер;
7) өзге көздерден бірлесіп қаржыландыру мүмкіндігі туралы ақпарат қамтылады.
18. Уәкілетті ұйым:
1) келіп түскен ұсыныстарды жинақтайды және талдайды;
2) олардың осы Қағидалардың мақсаттары мен қағидаттарына сәйкестігін бағалайды;
3) іс-шаралар мен жобалардың басымдығын айқындайды;
4) құнының алдын ала есептерінің негізділігін тексереді;
5) аударымдарды пайдалану жоспарының жобасын қалыптастырады.
19. Іс-шаралар мен жобалардың басымдығын айқындау кезінде:
1) ұшу қауіпсіздігіне әсері;
2) тиісті біліктіліктегі авиация персоналы тапшылығының болуы;
3) іс-шараның немесе жобаның азаматтық авиацияның орнықты жұмыс істеуі мен дамуы үшін маңызы;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау қажеттілігі;
5) күтілетін нәтижелерді практикада қолдану және енгізу мүмкіндігі;
6) нәтижелерді пайдалана алатын азаматтық авиация ұйымдары мен мамандарының саны;
7) мерзімдері мен құнының негізділігі;
8) бірлесіп қаржыландырудың болуы және қосымша ресурстарды тарту мүмкіндігі;
9) бұрын іске асырылған немесе іске асырылуы жалғасып жатқан іс-шаралармен және жобалармен сабақтастығы ескеріледі.
Жоспарға бірінші кезекте ұшу қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді, авиация персоналының тапшылығын және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына елеулі сәйкессіздіктерді жоюға тікелей бағытталған іс-шаралар мен жобалар енгізіледі.
20. Аударымдарды пайдалану жоспары:
1) аударымдар түсімдерінің болжамды көлемін;
2) қаржы жылының басындағы пайдаланылмаған аударымдар қалдығын;
3) азаматтық авиация персоналын даярлау жөніндегі іс-шаралар тізбесін;
4) ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар тізбесін;
5) әрбір іс-шара мен жобаны қаржыландыру көлемін;
6) іске асыру мерзімдері мен қаржыландыру кезеңдерін;
7) күтілетін нәтижелерді және оларға қол жеткізу көрсеткіштерін;
8) бұрын жасалған шарттар бойынша міндеттемелерді орындауға көзделген қаражат көлемін қамтиды.
21. Аударымдарды пайдалану жоспарының жобасын уәкілетті ұйым жыл сайын 1 қарашадан кешіктірмей қалыптастырады. Аударымдарды пайдалану жоспары жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірілмей әкімшілік акт арқылы қабылданады.
22. Іс-шараның немесе жобаның аударымдарды пайдалану жоспарына енгізілуі қаржыландыруды ұсыну үшін негіз болып табылмайды. Қаржыландыру осы Қағидаларда көзделген іріктеу рәсімдері өткізілгеннен кейін жүзеге асырылады.
23. Аударымдарды пайдалану жоспары мынадай жағдайларда нақтыланады:
1) аударымдардың нақты сомасы болжамды мөлшерден ауытқыған;
2) азаматтық авиацияның қажеттіліктері мен басымдықтары өзгерген;
3) ұшу қауіпсіздігіне немесе халықаралық міндеттемелерді орындауға байланысты шұғыл қажеттілік туындаған;
4) орындаушыларды іріктеу немесе іс-шаралар мен жобаларды іске асыру нәтижелері бойынша үнем пайда болған;
5) іс-шараны немесе жобаны іске асыру тоқтатыла тұрған немесе мерзімінен бұрын тоқтатылған;
6) пайдаланылмаған қаражатты қайта бөлу қажеттілігі туындаған;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден қосымша қаражат түскен жағдайларда.
Аударымдарды пайдалану жоспарына өзгерістерді уәкілетті ұйым қабылдайды.
24. Қаржы жылы ішінде босаған қаражат бірінші кезекте бұрын жасалған шарттар бойынша міндеттемелерді орындауға, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігі үшін басым маңызы бар іс-шаралар мен жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
25. Аударымдар есебінен қаржыландыру уәкілетті ұйымды ұстауға арналған шығыстар мен оның ағымдағы әкімшілік шығыстарын қоспай, аударымдарды пайдалану жоспарына енгізілген іс-шаралар мен жобаларға тікелей көзделеді.
2-параграф. Авиация персоналын даярлауды ұйымдастыру және қаржыландыру
26. Аударымдар есебінен азаматтық авиация персоналын, сондай-ақ кейіннен азаматтық авиацияның авиация персоналы куәлігін алу үшін даярлықтан өтетін адамдарды даярлау қаржыландырылады.
Даярлау азаматтық авиацияның қажеттіліктерін негізге ала отырып және аударымдарды пайдалану жоспарына сәйкес ұйымдастырылады.
27. Қаржыландыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) авиация персоналын бастапқы кәсіптік даярлау;
2) қайта даярлау және жаңа авиациялық мамандықты немесе біліктілікті меңгеру;
3) кәсіби біліктілікті арттыру және қолдау;
4) теориялық, практикалық, ұшу және тренажерлық даярлау;
5) авиация персоналын даярлауға және бағалауға қатысатын нұсқаушыларды, емтихан алушыларды және өзге де мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру;
6) азаматтық авиацияда кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін қажетті тілдік даярлау;
7) ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік, ұшу қауіпсіздігін басқару, авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру мәселелері бойынша даярлау;
8) әуе кемелерінің жаңа типтерін, авиациялық жабдықтар мен цифрлық жүйелерді пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету бойынша даярлау;
9) әуе қозғалысын ұйымдастыру, аэронавигациялық қызмет көрсету, әуеайлақтарды пайдалану және ұшуды қамтамасыз ету жөніндегі мамандарды даярлау;
10) азаматтық авиацияның қауіпсіздігіне, орнықты жұмыс істеуіне және дамуына тікелей байланысты өзге де бағыттар бойынша даярлау.
28. Даярлау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген рұқсаттары, сертификаттары және лицензиялары бар білім беру ұйымдарында және авиация персоналын даярлау жөніндегі авиациялық оқу орталықтарында жүргізіледі.
Шетелдік авиациялық оқу орталықтарында даярлау мынадай жағдайларда жүргізіледі:
1) тиісті даярлау бағдарламасы Қазақстан Республикасында іске асырылмаған;
2) Қазақстан Республикасында қажетті әуе кемелері, тренажерлар, жабдықтар немесе білікті нұсқаушылар болмаған;
3) халықаралық деңгейде танылатын біліктілікті немесе рұқсатты алу шетелдік авиациялық оқу орталықтарында даярлықтан өтуді талап еткен;
4) шетелдік авиациялық оқу орталығы авиациялық техниканың немесе жабдықтың тиісті типі бойынша даярлауды әзірлеуші, дайындаушы немесе ол уәкілеттік берген ұйым болып табылған;
5) шетелдік авиациялық оқу орталықтарында даярлау Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының қажеттіліктері мен мүдделерімен негізделген жағдайларда.
29. Шетелдік авиациялық оқу орталықтары олардың сертификаттарын уәкілетті ұйым Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 6 ақпандағы № 115 бұйрығымен бекітілген Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес танығаннан кейін азаматтық авиацияның авиация персоналын бастапқы даярлауға, қайта даярлауға және олардың кәсіптік деңгейін қолдауға жіберіледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10486 болып тіркелген).
30. Авиация персоналын даярлау жөніндегі іс-шараларды қалыптастыру кезінде адамдардың мынадай санаттары қарастырылады:
1) азаматтық авиацияның авиация персоналы болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) кәсіптік қызметті орындауға жіберілу үшін даярлау қажет азаматтық авиация ұйымдарының жұмыскерлері;
3) азаматтық авиация саласындағы білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар;
4) тапшы авиациялық мамандықтар бойынша даярлау үшін іріктелген адамдар;
5) авиация персоналын даярлауға қатысатын нұсқаушылар мен емтихан алушылар.
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, авиациялық персонал тапшылығын жою немесе авиациялық техника мен технологиялардың жаңа түрлерін енгізу үшін даярлау қажет адамдарға басымдық беріледі.
31. Даярлау жөніндегі іс-шараны аударымдарды пайдалану жоспарына енгізу үшін өтініш беруші:
1) қаржыландыруға өтінімді;
2) даярлау қажеттілігінің негіздемесін;
3) даярлау бағдарламасының атауы мен мазмұнын;
4) даярлауды жүзеге асыратын болжамды ұйым туралы мәліметтер, олар болған жағдайда;
5) даярлануға жататын адамдардың саны мен санаттарын;
6) кандидаттарға қойылатын талаптарды;
7) даярлауды өткізу мерзімдері мен орнын;
8) болжамды құнының есебін;
9) күтілетін нәтижелер мен оларға қол жеткізу көрсеткіштерін;
10) өзге де қаржыландыру көздерінің болуы не болмауы туралы мәліметтерді ұсынады.
Шетелдік авиациялық оқу орталықтарында даярлау үшін оны Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде өткізу қажеттілігінің негіздемесі қосымша ұсынылады.
32. Даярлау жөніндегі іс-шаралар мен кандидаттарды қарау үшін комиссия құрылады.
Комиссия құрамына азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның, уәкілетті ұйымның, азаматтық авиация ұйымдарының өкілдері және тиісті салада тәжірибесі бар сарапшылар енгізіледі.
Комиссия мүшелерінің саны тақ болады және кемінде бес адамды құрайды.
33. Комиссия мүшесі өтінімді қарау нәтижелеріне тікелей немесе жанама мүдделілігі болған кезде оны қарауға және бағалауға қатыспайды.
Мүдделер қақтығысының болуы туралы ақпарат комиссия отырысының хаттамасында көрсетіледі.
34. Комиссия даярлау жөніндегі іс-шаралар мен кандидаттарды мыналарды ескере отырып бағалайды:
1) іс-шараның аударымдарды пайдалану жоспарына сәйкестігін;
2) азаматтық авиацияның тиісті мамандарға қажеттілігін;
3) даярлаудың азаматтық авиация қызметінің қауіпсіздігі мен тиімділігіне әсерін;
4) кандидаттардың даярлау бағдарламасының талаптарына сәйкестігін;
5) мерзімдер мен құнның негізділігін;
6) алынған білім мен біліктілікті Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында пайдалану мүмкіндігін;
7) егер кандидат бұрын аударымдар есебінен қаржыландыру алған болса, бұрын өткен даярлау нәтижелерін;
8) жұмыс беруші немесе өзге де тұлғалар тарапынан бірлесіп қаржыландырудың болуын.
35. Қарау қорытындылары бойынша комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) іс-шара мен кандидаттарды қаржыландыруға ұсыну;
2) бағдарламаны, сметаны немесе өзге де құжаттарды пысықтау шартымен қаржыландыруды ұсыну;
3) іс-шараны немесе кандидатты резервтік тізбеге енгізу;
4) қаржыландыруды ұсынудан бас тарту.
Комиссияның шешімі бағалау нәтижелері және қабылданған шешімнің негіздемесі көрсетіле отырып, хаттамамен ресімделеді.
36. Қаржыландырудан бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) іс-шараның осы Қағидаларда белгіленген мақсаттар мен бағыттарға сәйкес келмеуі;
2) даярлауға расталған қажеттіліктің болмауы;
3) кандидаттың даярлау бағдарламасының талаптарына сәйкес келмеуі;
4) толық емес немесе анық емес мәліметтердің ұсынылуы;
5) мәлімделген құнның негізсіздігі;
6) ұйымның тиісті даярлау түрін жүзеге асыру құқығының болмауы;
7) бұрын берілген қаржыландыру бойынша орындалмаған міндеттемелердің болуы;
8) аударымдарды пайдалану жоспарында көзделген қаражаттың болмауы.
37. Комиссия хаттамасының негізінде уәкілетті ұйым даярлау жөніндегі іс-шаралардың және даярлануы аударымдар есебінен қаржыландырылатын адамдардың тізбесін бекітеді.
38. Даярлау жөніндегі іс-шараның нәтижелері:
1) көзделген бағдарламаны аяқтау;
2) егер бағдарламада оларды беру көзделсе, куәлікті, сертификатты, біліктілік белгісін, рұқсатты немесе өзге де құжатты алу;
3) кәсіби білімді, дағдылар мен құзыреттерді меңгеру немесе растау;
4) даярлау нәтижелерін Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында іс жүзінде пайдалану болып табылады.
39. Аударымдар есебінен даярлауға жіберілген адам даярлау аяқталғаннан кейін уәкілетті ұйымға даярлаудан өту нәтижелері туралы мәліметтерді даярлау нәтижелері бойынша берілген куәліктің, сертификаттың, біліктілік белгісінің, рұқсаттың немесе өзге де құжаттың көшірмесін қоса бере отырып ұсынады.
40. Даярлау дәлелді себептермен аяқталмаған кезде комиссия мерзімдерді ауыстыру, қатысушыны ауыстыру не қаржыландыруды тоқтату туралы мәселені қарайды.
Медициналық құжаттармен расталған ауру, төтенше жағдайлар, даярлауды жүзеге асыратын ұйымның бастамасы бойынша даярлаудың күшін жою немесе мерзімін ауыстыру, сондай-ақ қатысушыға байланысты емес өзге де мән-жайлар дәлелді себептерге жатады.
3-параграф. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті ұйымдастыру және қаржыландыру
41. Аударымдар есебінен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы міндеттерді шешуге бағытталған ғылыми зерттеулер, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар қаржыландырылады.
42. Қаржыландыру мынадай бағыттар бойынша ұсынылады:
1) ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
2) әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету;
3) аэронавигациялық инфрақұрылымды және байланыс, навигация және бақылау жүйелерін дамыту;
4) адами факторды және авиация персоналының кәсіби қызметін зерттеу;
5) әуеайлақтарды, әуежайларды және жерүсті авиациялық инфрақұрылымды дамыту;
6) ұшуға жарамдылық, әуе кемелерін пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету;
7) ұшқышсыз авиация, озық әуе ұтқырлығы және авиациялық техниканың жаңа түрлері;
8) цифрландыру, автоматтандыру, жасанды интеллект және авиациялық деректерді талдау;
9) авиациялық метеорология;
10) авиацияның қоршаған ортаға әсерін төмендету;
11) авиациялық материалдарды, технологияларды, жабдықтарды, бағдарламалық өнімдерді, тренажерларды және эксперименттік үлгілерді әзірлеу;
12) азаматтық авиация саласындағы құқықтық реттеуді, мемлекеттік басқаруды және экономикалық тетіктерді жетілдіру;
13) осы Қағидалардың мақсаттарына және азаматтық авиацияны дамыту басымдықтарына сәйкес келетін өзге де бағыттар.
43. Аударымдар есебінен:
1) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер;
2) ғылыми-техникалық жобалар;
3) тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар;
4) макеттерді, модельдерді, прототиптерді және эксперименттік үлгілерді әзірлеу және сынау;
5) бағдарламалық қамтылымды, цифрлық жүйелер мен дерекқорларды әзірлеу;
6) сынақтар, эксперименттер, модельдеу және апробация жүргізу;
7) әдістемелерді, стандарттарды, ұсынымдарды және техникалық құжаттаманы әзірлеу;
8) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін енгізу және пилоттық пайдалану;
9) шетелдік және халықаралық ұйымдармен бірлесіп зерттеулер жүргізу;
10) ғылыми, талдамалық және әдістемелік материалдарды дайындау және жариялау қаржыландырылады.
44. Ғылыми және ғылыми-техникалық жобалардың орындаушылары қажетті кадрлық, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық ресурстары бар ғылыми ұйымдар, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, азаматтық авиация ұйымдары және өзге де заңды тұлғалар болып табылады.
Орындаушыны ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу, егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасында талап етілсе, ескеріледі.
45. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаны іске асыру қазақстандық және шетелдік заңды тұлғалар консорциумының қатысуын көздеуі мүмкін. Мұндай жобаға берілетін өтінімде бас орындаушы, консорциумға қатысушылардың құрамы, олардың арасындағы жұмыстарды бөлу және шетелдік тұлғалардың қатысу негіздемесі көрсетіледі.
46. Өтінімді қарау кезінде бұрын бюджет қаражаты немесе өзге де көздер есебінен қаржыландырылған жұмыстар мен шығыстарды аударымдар есебінен қайта қаржыландырудың болмауы ескеріледі. Бірлесіп қаржыландыру болған кезде өтінімде оның көздері, көлемдері және пайдалану бағыттары көрсетіледі.
47. Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды іріктеу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Іріктеуді өткізу туралы ақпарат азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның және уәкілетті ұйымның интернет-ресурстарында орналастырылады және:
1) басым бағыттарды;
2) өтініш берушілер мен орындаушыларға қойылатын талаптарды;
3) қолжетімді қаржыландыру көлемін;
4) өтінімдердің мазмұнына қойылатын талаптарды;
5) бағалау өлшемшарттарын;
6) өтінімдерді беру және қарау мерзімдерін;
7) жобаларды іске асырудың болжамды мерзімдерін қамтиды.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі іріктеу туралы ақпарат орналастырылған күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды.
48. Конкурстық іріктеу өткізілмей, жобаны қаржыландыру мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) ұшу қауіпсіздігіне төнген қатерді дереу жоюға бағытталған;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау үшін қажетті;
3) орындаушыны ауыстыру үйлесімділіктің жоғалуына, зерттеуді аяқтаудың мүмкін болмауына немесе шығыстардың негізсіз ұлғаюына әкеп соғатын болса, бұрын қаржыландырылған жобаның жалғасы болып табылатын;
4) таратылуы шектелген мәліметтерді қамтитын.
Жобаны конкурстық іріктеусіз қаржыландыру ғылыми-техникалық кеңестің уәжді қорытындысы негізінде аударымдарды пайдалану жоспарында көзделеді.
49. Ғылыми немесе ғылыми-техникалық жобаны қаржыландыруға арналған өтінім:
1) жобаның атауы мен қысқаша сипаттамасын;
2) өзектілігінің және азаматтық авиацияның қажеттіліктеріне сәйкестігінің негіздемесін;
3) зерттеудің мақсатын, міндеттерін, объектісі мен нысанасын;
4) ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығының сипаттамасын;
5) іске асыру әдістері мен кезеңдерін;
6) жоба жетекшісі мен қатысушылары туралы мәліметтерді;
7) материалдық-техникалық база мен зерттеу инфрақұрылымы туралы мәліметтерді;
8) күнтізбелік жоспарды;
9) құны негізделген шығыстар сметасын;
10) күтілетін нәтижелерді және оларға қол жеткізу көрсеткіштерін;
11) нәтижелерді апробациялау, енгізу немесе практикада пайдалану жоспарын;
12) зияткерлік меншік объектілеріне қолда бар құқықтар туралы мәліметтерді;
13) жоба нәтижелеріне құқықтарды бөлу жөніндегі ұсыныстарды;
14) бірлесіп қаржыландыру және өзге де қаражат көздері туралы мәліметтерді;
15) жобаны іске асырудың негізгі тәуекелдерін талдауды және оларды төмендету жөніндегі шараларды қамтиды.
50. Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды қарауды және бағалауды ғылыми-техникалық кеңес жүзеге асырады.
Ғылыми-техникалық кеңестің құрамына азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның, уәкілетті ұйымның, ғылыми ұйымдардың, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, азаматтық авиация ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар енгізіледі.
Ғылыми-техникалық кеңес мүшелерінің саны тақ болады және кемінде бес адамды құрайды.
51. Жобаны бағалауға тиісті бағыт бойынша арнайы білімі мен тәжірибесі бар кемінде екі сарапшы тартылады.
52. Ғылыми-техникалық кеңестің мүшелері мен сарапшылар мүдделер қақтығысы болған кезде жобаны бағалауға қатыспайды. Бағалаудың объективтілігіне әсер етуі мүмкін мән-жайлардың болуы не болмауы туралы мәліметтер, сондай-ақ алынған ақпаратты жария етпеу шарттары сараптаманы ұйымдастыру кезінде ескеріледі.
53. Ғылыми және ғылыми-техникалық сараптама мынадай өлшемшарттар ескеріле отырып жүргізіледі:
1) жобаның азаматтық авиация үшін өзектілігі;
2) ғылыми жаңалығы және ұсынылған тәсілдердің негізділігі;
3) күтілетін нәтижелердің практикалық маңыздылығы;
4) әдіснаманың сапасы және күнтізбелік жоспардың іске асырылу мүмкіндігі;
5) жоба жетекшісі мен қатысушыларының біліктілігі мен тәжірибесі;
6) қажетті инфрақұрылымның, жабдықтың және бастапқы деректердің болуы;
7) сұралатын қаржыландыру көлемінің негізділігі;
8) нәтижелерді апробациялау, енгізу және одан әрі пайдалану мүмкіндігі;
9) жоба нәтижелерінің азаматтық авиацияның қауіпсіздігіне, тиімділігіне және орнықты дамуына әсері;
10) тәуекелдер мен оларды төмендету жөніндегі шаралардың негізділігі;
11) бірлесіп қаржыландырудың болуы;
12) бұрын жүргізілген зерттеулердің негізсіз қайталануының болмауы.
54. Сараптама нәтижелері бойынша ғылыми-техникалық кеңес мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) жобаны қаржыландыруға ұсыну;
2) жобаны пысықтау шартымен қаржыландыруға ұсыну;
3) жобаны резервтік тізбеге енгізу;
4) жобаны қосымша сараптамаға жіберу;
5) қаржыландырудан бас тарту.
Шешім бағалау нәтижелері және қабылданған шешімнің негіздемесі көрсетіле отырып, хаттамамен ресімделеді.
55. Қаржыландырудан бас тарту үшін:
1) жобаның осы Қағидалардың мақсаттарына, бағыттарына немесе талаптарына сәйкес келмеуі;
2) ғылыми және ғылыми-техникалық сараптаманың теріс қорытындысы;
3) ұсынылған мәліметтердің анық емес болуы;
4) орындаушыда қажетті кадрлық немесе материалдық-техникалық ресурстардың болмауы;
5) жоба құнының негізсіздігі;
6) бір жұмыстар мен шығыстарды қайта қаржыландыру;
7) өтініш берушінің бұрын қаржыландырылған жобалар бойынша міндеттемелерді бұзуы;
8) үшінші тұлғалардың зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарының бұзылуы;
9) аударымдарды пайдалану жоспарында көзделген қаражаттың болмауы негіз болып табылады.
56. Ғылыми-техникалық кеңестің хаттамасы негізінде уәкілетті ұйым аударымдарды пайдалану жоспары шегінде қаржыландырылатын ғылыми және ғылыми-техникалық жобалардың тізбесін қалыптастырады.
57. Жобаның мазмұны мен ұзақтығына байланысты кезеңдерге бөлу қажет болған жағдайда, жобаны іске асыру кезеңдерге бөлінген күнтізбелік жоспар бойынша жүзеге асырылады. Кезеңдерді қаржыландыру күнтізбелік жоспарда көзделген нәтижелермен сәйкестендіріледі.
58. Аяқталған жобаның нәтижелері қорытынды ғылыми және ғылыми-техникалық бағалаудан өтеді.
Бағалау кезінде:
1) мәлімделген мақсаттар мен көрсеткіштерге қол жеткізу;
2) алынған нәтижелердің анықтығы мен негізділігі;
3) орындалған жұмыстардың күнтізбелік жоспарға және техникалық тапсырмаға сәйкестігі;
4) нәтижелердің практикада қолданылу мүмкіндігі;
5) есептілікке және қаражаттың нысаналы пайдаланылуына қойылатын талаптардың сақталуы;
6) егер олар шартта көзделген болса, апробациялау немесе енгізу нәтижелері ескеріледі.
59. Теріс немесе бастапқы гипотезаны растамаған ғылыми нәтиже алу, егер жұмыстар бекітілген әдіснама сақтала отырып толық көлемде орындалса және алынған нәтижелердің ғылыми немесе практикалық құндылығы болса, өздігінен жобаның тиісінше орындалмауы болып табылмайды.
60. Жобаның қорытынды материалдары қорытынды есепті, ғылыми-техникалық құжаттаманы және жобада көзделген нәтижелерді қамтиды. Жобаның мақсаты, қаржыландыру көлемі және нәтижелері туралы қысқаша ақпарат Қазақстан Республикасының заңмен қорғалатын ақпарат туралы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, уәкілетті ұйымның интернет-ресурсында орналастырылады.
4-параграф. Іс-шаралар мен жобаларды қаржыландыру тәртібі
61. Авиация персоналын даярлау жөніндегі іс-шараларды және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландыруды уәкілетті ұйым нақты түскен аударымдар шегінде:
1) аударымдарды пайдаланудың бекітілген жоспары;
2) даярлау жөніндегі іс-шараларды іріктеу жөніндегі комиссияның немесе ғылыми-техникалық кеңестің хаттамасы;
3) уәкілетті ұйымның қаржыландыруды ұсыну туралы шешімі негізінде жүзеге асырады.
62. Іс-шаралар мен жобаларды қаржыландыру көлемі нақты түскен аударымдар мен пайдаланылмаған қаражат қалдығы шегінде айқындалады. Қаражат жеткіліксіз болған кезде қаржыландыру аударымдарды пайдалану жоспарында белгіленген басымдық ескеріле отырып жүзеге асырылады.
63. Қаржыландыру қолма-қол ақшасыз нысанда:
1) авиация персоналын даярлауды жүзеге асыратын ұйымның қызметтеріне ақы төлеу;
2) ғылыми немесе ғылыми-техникалық жобаның орындаушысына қаражат аудару;
3) іс-шараны немесе жобаны іске асыру үшін тікелей қажетті тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу арқылы жүзеге асырылады.
64. Іс-шараны немесе жобаны қаржыландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Егер аванс беру даярлауды бастау, материалдарды сатып алу, жабдықты пайдалану, зерттеулер жүргізу немесе өзге де бастапқы іс-шараларды орындау үшін қажет болса, бірінші төлем аванс нысанында жүзеге асырылады.
Аванс мөлшері іс-шараның немесе жобаның сипаты, күнтізбелік жоспар және даярлауды жүзеге асыратын ұйымның немесе жобаны орындаушының шарттары ескеріле отырып айқындалады.
Кейінгі төлемдер алдыңғы кезеңнің аралық нәтижелері мен есептілігі қабылданғаннан кейін жүзеге асырылады.
65. Біржолғы қаржыландыру:
1) іс-шараның немесе жобаның ұзақтығы үш айдан аспаған кезде;
2) қысқа мерзімді даярлау бағдарламасына ақы төлеу кезінде;
3) даярлауды жүзеге асыратын ұйым, шетелдік орындаушы немесе құқық иеленуші толық алдын ала төлем жасауды талап еткен кезде;
4) бөлінбейтін жабдықты, бағдарламалық қамтылымды, лицензияны немесе қол жеткізу құқығын сатып алу кезінде;
5) кезең-кезеңімен қаржыландыру мүмкін болмаған немесе экономикалық тұрғыдан орынсыз болған өзге де жағдайларда жүзеге асырылады.
Біржолғы қаржыландыру қажеттілігі іс-шараны немесе жобаны қаржыландыру тәсілін айқындау кезінде ескеріледі.
66. Авиация персоналын даярлауды ұйымдастыру кезінде аударымдар есебінен:
1) даярлау бағдарламасының құны;
2) теориялық, практикалық, ұшу және тренажерлық даярлау;
3) әуе кемелерін, тренажерларды, жабдықтар мен оқу инфрақұрылымын жалға алу және пайдалану;
4) емтихандар, бағалау, сертификаттау және даярлаудан өткендігі туралы құжаттарды беру;
5) оқу, әдістемелік және шығыс материалдары;
6) даярлаудан өтуге тікелей байланысты міндетті сақтандыру;
7) даярлау қатысушының тұрақты тұратын жерінен тыс жерде өткізілген кезде жол жүру, тұру, визаларды ресімдеу және өзге де міндетті шығыстар қаржыландырылады.
67. Аударымдар есебінен ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру кезінде мыналар қаржыландырылады:
1) жобаға қатысушылардың еңбегіне ақы төлеуді және еңбекке ақы төлеуге байланысты міндетті төлемдерді;
2) материалдарды, жиынтықтаушы бұйымдар мен шығыс материалдарын сатып алуды;
3) ғылыми және сынақ жабдығын сатып алуды, дайындауды, жалға алуды, пайдалануды және оған техникалық қызмет көрсетуді;
4) бағдарламалық қамтылымды, цифрлық жүйелерді, дерекқорларды және оларға қол жеткізу құқықтарын сатып алуды немесе әзірлеуді;
5) зертханалық, стендтік, ұшу және өзге де сынақтарды жүргізуді;
6) бөгде ұйымдардың, зертханалардың, сарапшылар мен мамандардың көрсетілетін қызметтерін, сондай-ақ жобаны іске асыруға тікелей байланысты іссапар шығыстарын;
7) деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды және талдауды;
8) жобаны іске асыруға тікелей байланысты макеттерді, модельдерді әзірлеуді және прототиптеу шығыстарын;
9) деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды және талдауды;
10) макеттерді, модельдерді және эксперименттік үлгілерді әзірлеуді;
11) зияткерлік қызмет нәтижелерін патенттеуді, тіркеуді және құқықтық қорғауды;
12) нәтижелерді жариялауды, апробациялауды, көрсетуді және енгізуді қаржыландыруға жол беріледі.
68. Аударымдар есебінен жабдық сатып алу мынадай шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады:
1) оны пайдалану іс-шараны немесе жобаны іске асырумен тікелей байланысты;
2) жабдықтың болмауы көзделген нәтижелерге қол жеткізуге кедергі келтіреді;
3) сатып алу ұқсас жабдықты жалға алуға немесе оған қол жеткізуге қарағанда экономикалық тұрғыдан неғұрлым негізді болып табылады;
4) жабдықты одан әрі есепке алу, пайдалану және оған билік ету тәртібі шартта айқындалған.
Сатып алынған жабдық жоба аяқталғаннан кейін негізінен авиация персоналын даярлау, азаматтық авиация саласындағы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет үшін пайдаланылады.
69. Сметаны қалыптастыру кезінде шығыстар түрлері бойынша топтастырылады және құн есептерімен, коммерциялық ұсыныстармен, тарифтермен, шығыс нормаларымен не өзге де растайтын құжаттармен негізделеді.
Салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер тиісті шығыстар құрамында ескеріледі.
70. Аударымдар есебінен:
1) іс-шараның немесе жобаның мақсаттарына байланысты емес шығыстар;
2) шарт жасалғанға дейін туындаған берешекті өтеу;
3) айыппұлдар, өсімпұлдар, тұрақсыздық айыптары және өзге де қаржылық санкциялар;
4) өкілдік және ойын-сауық шығыстары;
5) жеке пайдалануға арналған тауарларды сатып алу;
6) дивидендтер төлеу, меншік иелеріне сыйақылар төлеу немесе пайданы бөлу;
7) іс-шараны немесе жобаны іске асырумен тікелей байланысты емес қаржыландыруды алушының ағымдағы әкімшілік шығыстары;
8) бұрын бюджет қаражаты немесе өзге де көздер есебінен қаржыландырылған шығыстар;
9) ғылыми немесе ғылыми-техникалық жобаның тікелей қажетті бөлігі болып табылмайтын объектілердің құрылысы қаржыландырылмайды.
71. Қаржы жылының соңындағы аударымдардың пайдаланылмаған қалдығы келесі қаржы жылына арналған аударымдарды пайдалану жоспарын қалыптастыру кезінде ескеріледі және өзінің нысаналы мақсатын сақтайды.