Мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2026 жылғы 20 қазандағы № 163-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 20 қазанда № 40211 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 88-бабының 1-тармағына және 89-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік білім беру ұйымдарында басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарының нысаны;

      3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдарды жұмысқа қабылдау, олардың қызметін ұйымдастыру және жұмыстан шығару қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті өткеру департаменті Қазақстан Республикасы заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында ресми жарияланған күнінен кейін орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 25 шілдеден бастап туындаған мемлекеттік кәсіпорын басшысын тағайындауға, аттестаттаудан өткізуге, оның кандидатурасын келісуге байланысты құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы
Д. Жазықбай

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі Төрағасының
2026 жылғы 20 қазандағы
№ 163-НҚ бұйрығына
1-қосымша

Мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік заңды тұлғалардағы басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптары (бұдан әрі – Үлгілік біліктілік талаптары) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңының 89-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға орналасуға үміткер Қазақстан Республикасы азаматтарына қойылады.

      2. Үлгілік біліктілік талаптары мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларына қолданылады, бұған мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелердің, мемлекеттік білім беру ұйымдарының, сондай-ақ "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 150-1-бабы 2-тармағының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың бірінші басшылары кірмейді.

      3. Үлгілік біліктілік талаптары келесіні қамтиды:

      1) мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты нақты лауазымның (бұдан әрі – мемлекеттік заңды тұлғалардағы лауазымдар) функционалдық міндеттерін ескере отырып, функционалдық бағыттарға сәйкес келетін салалардағы білім деңгейіне қойылатын талаптар;

      2) жұмыс тәжірибесіне қойылатын талаптар;

      3) кәсіби білімге қойылатын талаптар.

      Қарамағында мемлекеттік заңды тұлғалары бар мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық жасау жөніндегі уәкілетті орган немесе астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары не аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары (бұдан әрі – реттеуші мемлекеттік органдар) осы Үлгілік біліктілік талаптардың 2-тармағында көрсетілген мемлекеттік заңды тұлғалардың лауазымдарына Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген және осы Үлгілік біліктілік талаптарына қайшы келмейтін өзге де талаптарды белгілей алады.

2-тарау. Білім деңгейі мен жұмыс тәжірибесіне қойылатын талаптар

      4. Мемлекеттік заңды тұлғалардағы лауазымдарға келесі талаптар белгіленеді:

      1) мемлекеттік заңды тұлғаларда лауазымның функционалдық міндеттерін ескере отырып, функционалдық бағыттарға сәйкес келетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімінің болуы;

      2) кемінде бес жыл жалпы жұмыс өтілі, оның ішінде басшылық лауазымдарда кемінде бір жыл жұмыс өтілі.

      5. Реттеуші мемлекеттік органдар қажет болған жағдайда мемлекеттік заңды тұлғалардағы лауазымдарға біліктілік талаптарында өзге де жұмыс өтілінің, оның ішінде басшылық және өзге де лауазымдардағы жұмыс өтілінің болуына қойылатын талаптарды айқындайды.

3-тарау. Кәсіби білімге қойылатын талаптар

      6. Реттеуші мемлекеттік органдар мемлекеттік заңды тұлғалардағы лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарының "Кәсіби білімге қойылатын талаптар" бөлімінде:

      1) лауазымдық міндеттерді орындау кезінде қолданылатын арнайы кәсіби білімге, оның ішінде арнайы салалық заңнамаға (ақпараттық ресурстарда жалпыға қолжетімді нормативтік құқықтық актілер мен өзге де құжаттар) қойылатын негізгі талаптар;

      2) қажет болған жағдайда мемлекеттік заңды тұлғаның қызметінің негізгі бағыттарын ескере отырып, белгілі бір саладағы біліктілікті растайтын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сертификаттың және өзге де құжаттардың болуы туралы талаптар көрсетіледі.

  Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі Төрағасының
2026 жылғы 20 қазандағы
№ 163-НҚ бұйрығына
2-қосымша

Мемлекеттік білім беру ұйымдарында басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарының нысаны

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік білім беру ұйымдарында басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарының нысаны "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 89-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік білім беру ұйымдарында басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға үміткер Қазақстан Республикасы азаматтарына қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу және бекіту үшін қолданылады.

      2. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарының нысаны келесі бөлімдерді қамтиды:

      1) білім деңгейіне қойылатын талаптар;

      2) жұмыс тәжірибесіне қойылатын талаптар;

      3) кәсіби білімге қойылатын талаптар.

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік білім беру ұйымдарында басқарушылық функцияларды орындауға байланысты лауазымдарға қойылатын талаптарды қамтитын қосымша бағандарды белгілеуі мүмкін.

2-тарау. Білім деңгейі мен жұмыс тәжірибесіне қойылатын талаптар

      3. "Білім деңгейіне қойылатын талаптар" және "Жұмыс тәжірибесіне қойылатын талаптар" бөлімдерінде көзделген функционалдық міндеттерді орындау үшін қажетті білім деңгейіне және жұмыс өтіліне қойылатын талаптар айқындалады.

3-тарау. Кәсіби білімге қойылатын талаптар

      4. "Кәсіби білімге қойылатын талаптар" бөлімінде келесі көрсетіледі:

      1) лауазымдық міндеттерді орындау кезінде қолданылатын арнайы кәсіби білімге, оның ішінде арнайы салалық заңнаманы (ақпараттық ресурстарда жалпыға қолжетімді нормативтік құқықтық актілер мен өзге де құжаттар) білуге қойылатын негізгі талаптар;

      2) қажет болған жағдайда мемлекеттік білім беру ұйымы қызметінің негізгі бағыттарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілі бір саладағы біліктілікті растайтын сертификаттың және өзге де құжаттардың болуына қойылатын талаптар.

  Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі Төрағасының
2026 жылғы 20 қазандағы
№ 163-НҚ бұйрығына
3-қосымша

Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдарды жұмысқа қабылдау, олардың қызметін ұйымдастыру және жұмыстан шығару қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдарды жұмысқа қабылдау, олардың қызметін ұйымдастыру және жұмыстан шығару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 88-бабының 1-тармағына (бұдан әрі -Заң) сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдарды жұмысқа қабылдау, олардың қызметін ұйымдастыру және жұмыстан шығару тәртібін айқындайды.

2-тарау. Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдарды жұмысқа қабылдау, олардың қызметін ұйымдастыру және жұмыстан шығару тәртібі

      2. Лауазымға тағайындалу үшін кандидат мемлекеттік органға келесі құжаттарды ұсынады:

      1) жұмысқа қабылдау туралы өтініш;

      2) жеке басын куәландыратын құжат;

      3) білімі туралы құжат, кәсіби біліктілігінің танылғанын растайтын құжат (болған жағдайда), сондай-ақ тиісті білімді, икемдер мен дағдыларды талап ететін жұмысқа еңбек шартын жасасу кезінде арнайы білімінің немесе кәсіптік даярлығының бар екенін растайтын құжат (қажет болған жағдайда);

      4) еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек өтілі бар адамдар үшін);

      5) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген), бір жылдан аспайтын мерзімде берілген № 075/у нысаны бойынша медициналық анықтама.

      3. Еңбек шартын жасасу мақсатында, осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесі қоса берілген жұмысқа қабылдау туралы еркін нысанда өтініш мемлекеттік органға ұсынылады.

      4. Еңбек шарты жазбаша нысанда екі данада жасалады және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тараптармен қол қойылады.

      Еңбек шартын жасасу және тоқтату туралы ақпарат, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген өзге де мәліметтер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізіледі.

      5. Еңбек шартының бір данасы мемлекеттік органда сақталады, ал екінші данасы мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамға тапсырылады.

      6. Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдарды жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шартының негізінде мемлекеттік органның бірінші басшысының (оның міндетін атқарушы адамның) не мемлекеттік орган аппараты басшысының (оның міндетін атқарушы адамның) актісімен ресімделеді.

      7. Мемлекеттік орган үш жұмыс күні ішінде қызметкерді актімен таныстырады. Жұмыс берушінің актісімен танысқандығы қызметкердің қол қоюы арқылы куәландырылады.

      8. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік органға техникалық қызмет көрсетуді және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адам жұмысқа қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде оның Заңның 85-бабында көзделген шектеулерді қабылдауын жазбаша түрде тіркеуді қамтамасыз етеді.

      9. Мемлекеттік органға техникалық қызмет көрсетуді және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамның еңбек тәртіптемесі мемлекеттік органның еңбек тәртіптемесіне сәйкес айқындалады.

      Мемлекеттік органға техникалық қызмет көрсетуді және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдарға еңбекті қорғау талаптарына сәйкес келетін жұмыс орны, сондай-ақ өз міндеттерін орындау үшін қажетті тиісті ұйымдастырушылық-техникалық жағдайлар қамтамасыз етіледі.

      Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдардың қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледі.

      10. Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдарды жұмыстан шығару Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде және Заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен жүзеге асырылады.

      11. Еңбек шартын тоқтату еңбек шартын тоқтатуға негіз болған себеп көрсетіле отырып, жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.

      12. Қызметкер тоқтату туралы актімен таныстырылады, актінің көшірмесі шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қызметкерге табыс етіледі.

      13. Еңбек шарты тоқтатылған күні жұмыскерге Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабында көзделген еңбек қызметін растайтын құжат беріледі.

      14. Еңбек шарты бұзылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей қызметкерге жалақысы және жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады