БҰЙЫРАМЫЗ:
1. "Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер, толықтырулар енгізу және оны бұзу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларын, кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімнің үлгілік нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 27 мамырдағы № 291 және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 30 мамырдағы № 192 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28303 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бірлескен бұйрықпен бекітілген Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер, толықтырулар енгізу және оны бұзу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"Көмірсутектер, уран және пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органдар (бұдан әрі – уәкілетті орган) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті негізде жасасатын және жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған келісімдер кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) деп түсініледі.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"Келісім шарттарының орындалуын мониторингтеу Кодекстің 215-бабының 2-тармағына, 132-бабының 3) және 4) тармақшаларына және 180-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшалары мен 2-тармағының 6) және 10) тармақшаларына сәйкес, сондай-ақ Заңның 46-бабына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы ұсынған сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, кадрлар туралы есептерді талдау арқылы жүргізіледі.";
көрсетілген бірлескен бұйрықпен бекітілген Кәсіпкерлігін ынталандыру туралы келісімнің үлгілік нысанында:
кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:
"______________________________________________________________
(көмірсутектер, уран және пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган) (бұдан әрі – уәкілетті орган) (бұдан әрі – 1-тарап), "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – 2-тарап) және Жер қойнауын пайдалану туралы __________ жылғы "___" __________ №____ келісімшарт (лицензия) жасасқан ______________ (бұдан әрі – жер қойнауын пайдаланушы) (бұдан әрі – 3-тарап), бұдан әрі бірлесіп тараптар деп аталып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес төмендегілер туралы Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы осы келісімді (бұдан әрі – Келісім) жасасты.".
4-тармақтың 1) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
"1) "Көмірсутектерді барлауды және өндіруді жүргізу, мұнай және (немесе) шикі газ өндіру және олардың айналымы саласындағы операцияларды жүзеге асыруды жүргізу кезінде есептердің нысандарын және оларды ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 23 мамырдағы № 203 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17036 болып тіркелген) немесе "Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды барлау және өндіру, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде есептерді ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 24 мамырдағы № 374 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17063 болып тіркелген) көзделген нысандар және мерзімдер бойынша не "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 180-бабына сәйкес уран саласындағы құзыретті орган бекіткен тәртіпте және нысандар бойынша сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер және олардағы елішілік құндылықтың үлесі туралы есептілікті ұсынуға;".
2. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика вице-министрлеріне және Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы |
__________Е. Нагаспаев__________Е. Аккенженов__________А. Саткалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі