Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясын ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 6 қазандағы № 2-І ҚРЗ

      1959 жылғы 20 сәуірде Страсбургте жасалған Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясы (бұдан әрі – Конвенция) мынадай ескертпелермен және мәлімдемелермен ратификациялансын:

      1) Конвенцияның 5-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Конвенцияның көрсетілген бабының 1-тармағының а) және с) тармақшаларында көзделген шарттар сақталған кезде іздеуге немесе мүлікке тыйым салуға қатысты құқықтық көмек туралы сұрау салуларды орындау құқығын өзіне қалдырады;

      2) Конвенцияның 7-бабының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы адамның келуі туралы шақыру қағазын табыс ету туралы тапсырманы адамның келуі белгіленген күнге дейін кемінде елу күн бұрын беру қажеттігі жөнінде мәлімдейді;

      3) Конвенцияның 15-бабының 6-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы құқықтық көмек туралы сұрау салуларды жіберуге және алуға уәкілетті орталық органдар мыналар деп мәлімдейді:

      а) соттардың іс жүргізуіндегі қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы сұрау салуларға қатысты – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты;

      b) қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы барлық басқа сұрау салуға қатысты – Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;

      4) Қазақстан Республикасы Конвенцияның 16-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасына жіберілетін құқықтық көмек туралы сұрау салулар және оларға қоса берілетін материалдар қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен қоса берілуге тиіс деп мәлімдейді;

      5) Конвенцияның 23-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Конвенцияның 22-бабынан туындайтын міндеттемелерді 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының 36-бабында көзделген шекте орындау құқығын өзіне қалдырады;

      6) Конвенцияның 24-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Конвенцияның мақсаттары үшін заң органдары ретінде Қазақстан Республикасының соттарын, прокуратура және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарын айқындайды.

      Қазақстан Республикасының Президенті Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады