"Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 8-бабының 15) тармақшасына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Елорданың көлік инфрақұрылымы объектілерін басқаруға беру қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Астана қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 4 мамырдағы "Астананың көліктік инфрақұрылымы объектілерін басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы" № 108-890 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1026 болып тіркелді) күші жойылды деп танылсын.
3. "Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Астана қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 14 қыркүйектегі № 503-3170 қаулысына қосымша |
Елорданың көлік инфрақұрылымы объектілерін басқаруға беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Елорданың көлік инфрақұрылымы объектілерін басқаруға беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Астана қаласының коммуналдық меншігіндегі көлік инфрақұрылымы объектілерін басқаруға беру тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:
1) елорданың көлік органы – елорда аумағында көлік саласында реттеуді жүзеге асыруға уәкілетті атқарушы орган;
2) көлік инфрақұрылымы объектілері – Астана қаласының коммуналдық меншігіндегі теміржол, трамвай, жеңіл рельс, монорельс және ішкі су жолдарын, автомобиль жолдарын, тоннельдерді, эстакадаларды, көпірлерді, вокзалдар мен станцияларды, жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін, метрополитен желілерін, порттарды, порттағы құралдарды, кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстарын, әуе айлақтарды, әуежайларды, көлік-логистика орталықтарын, байланыс, навигация және көлік құралдарының жүрісін басқару жүйелерінің объектілерін, магистральдық құбырларды, сондай-ақ көлік кешенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін өзге де ғимараттарды, құрылыстарды, құрылғылар мен жабдықтарды қамтитын технологиялық кешен (бұдан әрі – объект);
3) басқарушы компания – жергілікті атқарушы органның шешімімен айқындалған, көлік инфрақұрылымы объектілерін басқару функцияларын жүзеге асыратын және көлік органымен шарт жасасқан заңды тұлға;
4) көлік инфрақұрылымы объектілерін басқаруға беру жөніндегі комиссия – объектілерді басқаруға беру рәсімдерін жүргізу үшін көлік органы құрған комиссия (бұдан әрі – Комиссия);
2-тарау. Объектіні басқаруға беру тәртібі
3. Объектіні басқаруға беру туралы шешімді әкімшілік-аумақтық бірліктің мүддесінде жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
4. Объект басқарушы компанияның басқаруына 5 (бес) жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
5. Басқарушы компания жергілікті атқарушы органның шешімімен жарғылық капиталына жергілікті атқарушы органның 100 пайыз қатысу үлесі бар ведомстволық бағынысты ұйымдардың арасынан айқындалады.
6. Объектіні басқару шарт бойынша мәміле негізінде туындайды.
7. Көлік органы объектіні басқаруды және оны беруге дайындауды жүзеге асырады, басқарушы компаниямен өтеусіз пайдалану шартын жасасады және шарт талаптарының орындалуын бақылайды.
8. Объектіні басқаруға беру туралы басқарушы компанияның ерікті түрде берілетін өтінішіне мына құжаттар қоса беріледі: мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің, салыстыру үшін түпнұсқасын міндетті түрде көрсете отырып, құрылтай құжаттардың көшірмелері немесе көрсетілген құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері.
9. Объектіні басқаруға берген кезде Комиссия объектіні басқаруға беру туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей көлік органымен шарт жасалады.
10. Объектіні беруді ұйымдастыру үшін көлік органы құрамына келісім бойынша көлік органының және басқа жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері кіретін Комиссияны құрады. Комиссия мүшелерінің саны кемінде 5 (бес) адамды құрайды.
Комиссияның құрамы жергілікті атқарушы органның шешімімен бекітіледі.
3-тарау. Комиссияның міндеттері мен функциялары
11. Комиссия шешімдері отырысқа қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жай көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша дауыс беру нәтижелері мен қабылданған шешімдер көрсетілетін хаттама ресімделеді.
12. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) объектіні беру шарттарын және объектіні басқару мерзімін айқындайды;
2) объект туралы деректерді қалыптастырады;
3) объектінің басқаруға беруге дайындығы туралы шешім қабылдайды;
4) объектіні басқаруға байланысты шектеулерді айқындайды.
4-тарау. Объектіні басқаруға беруге дайындау
13. Объектіні басқаруға беру рәсімдері басталғанға дейін объект туралы мәліметтерді қамтитын құжаттар топтамасы қалыптастырылады.
14. Объектіні басқаруға беруге дайындауды көлік органы жүзеге асырады.
15. Көлік органы комиссияға акциялары (үлестері) не мүліктік кешені беру объектісі болып табылатын заңды тұлғаның құрылтай құжаттарын, соңғы 3 (үш) жылдағы қаржы-шаруашылық қызметі туралы толық ақпаратты және объектіні басқаруға беру шарттарын ұсынады.
Басқа объектілер бойынша көлік органы комиссияға объектінің сипаттамасын, оның теңгерімдік құны туралы мәліметтерді және объектіні басқаруға беру шарттарын ұсынады.
16. Көлік органының лауазымды адамдары өзі айқындайтын мерзімдерде объектіні басқаруға беруге дайындау үшін қажетті мәліметтерді ұсынады.
5-тарау. Шарт жасасу және оны орындау
17. Басқарушы компания объектіні өтеусіз пайдалану шарты (бұдан әрі – шарт) негізінде объектіні басқаруды жүзеге асырады.
18. Басқарушы компаниямен шартты жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, коммуналдық мүлікті иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге уәкілетті атқарушы орган комиссия объектіні басқаруға беру туралы шешім шығарғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей жасайды.
19. Объектіні басқару талаптары шартпен айқындалады.
20. Шарт:
1) шарттың мәні мен қолданылу мерзімін;
2) басқармаға берілетін объектінің құрамын;
3) басқарушы компанияның есеп беру мерзімі мен нысанын қарастырады.
21. Шартта Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де талаптар көзделуі мүмкін.
22. Шартты жасасу және бұзу, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
23. Басқарушы компания өз қызметі туралы есепті көлік органына Шартта көрсетілген мерзімдерде және нысан бойынша ұсынады.
_____________________________