Мемлекеттік органдардың Отбасының цифрлық картасын жүргізу, толтыру және оған енгізілетін деректердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 15 қазандағы № 407 бұйрығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 24-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың Отбасының цифрлық картасын жүргізу, толтыру және оған енгізілетін деректердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл жасау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электрондық нысанда қазақ және орыс тілдерінде жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшалары орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне олардың орындалуы туралы ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
А. Ертаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Жасанды интеллект және

      цифрлық даму министрлігі

  Қазақстан Республикасы
  Еңбек және халықты әлеуметтік
  қорғау министрінің
  2026 жылғы 15 қазандағы
№ 407 бұйрығымен бекітілген

Мемлекеттік органдардың Отбасының цифрлық картасын жүргізу, толтыру және оған енгізілетін деректердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл жасау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдардың Отбасының цифрлық картасын жүргізу, толтыру және оған енгізілетін деректердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл жасау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 24-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың Отбасының цифрлық картасын жүргізу, толтыру және оған енгізілетін деректердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) ведомствоаралық өзара іс-қимыл – мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік функцияларды орындау кезінде цифрлық жүйелер арқылы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы;

      2) дербес деректер – дербес деректердің бір немесе бірнеше сәйкестендіргішімен толықтырылған, дербес деректер субъектісі туралы мәліметтер немесе мәліметтер жиынтығы;

      3) дербес деректерді өңдеу – дербес деректерді жинақтауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға, таратуға, иесіздендіруге, анонимдеуге, бұғаттауға, жоюға және алып тастауға бағытталған іс-әрекеттер;

      4) дербес деректер субъектісі – дербес деректер тиесілі жеке тұлға;

      5) Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) – әлеуметтік-еңбек саласы платформасында іске асырылған, "цифрлық үкімет" платформасынан және мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен алынатын деректер негізінде адамдардың (отбасылардың), отбасы мүшелерінің, үй шаруашылығының тізімдерін қалыптастыруды және оларды әлеуметтік саламаттылық деңгейі бойынша бөлуді қамтамасыз ететін талдамалық шешім;

      6) цифрлық жүйе – цифрлық деректерді құруды, жинауды, өңдеуді, сақтауды және таратуды қамтамасыз ету мақсатында цифрлық инфрақұрылым объектілерін пайдаланатын, сондай-ақ цифрлық орта субъектілерінің өзара іс-қимылын автоматтандыратын және (немесе) цифрлық ортада қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін цифрлық ресурстардың функционалдық байланысты кешені;

      7) "цифрлық үкімет" шлюзі (бұдан әрі – ЦҮШ) – "цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін өзге де цифрлық объектілермен интеграциялауға арналған цифрлық объект;

      8) "Smart Data Ukimet" цифрлық-талдау жүйесі (бұдан әрі – SDU ЦТЖ) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметі бойынша аналитикалық ақпарат беру мақсаттары үшін мемлекеттік органдардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің құрылымдалмаған және құрылымдалған деректерінің бірыңғай қоймасын қалыптастыруға арналған цифрлық объект.

      3. ОЦК-да адамдардың (отбасылардың), отбасы мүшелерінің, үй шаруашылықтарының тізімдерін қалыптастыру және оларды әлеуметтік саламаттылық деңгейі бойынша бөлуді "цифрлық үкімет" платформасынан, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның автоматтандырылған цифрлық жүйелерінен, сондай-ақ SDU ЦТЖ арқылы мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен алынатын деректер негізінде жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелері және SDU ЦТЖ арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 1 шілдедегі № 368/НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 39199 болып тіркелген) бекітілген "Цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін интеграциялау қағидаларына және цифрландыру және киберқауіпсіздік саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ЦҮШ арқылы жүзеге асырылады.

      5. Мәліметтерді беру мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелеріне жаңа мәліметтер енгізілуіне немесе бұрын енгізілген мәліметтердің өзгеруіне қарай тұрақты негізде автоматтандырылған режимде жүзеге асырылады. Мемлекеттік органдар жаңартылған мәліметтерді тиісті цифрлық жүйесіне олар енгізілген немесе өзгертілген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей беруді қамтамасыз етеді.

2-тарау. Отбасының цифрлық картасын қалыптастыру және жүргізу тәртібі

      6. ОЦК деректері осы Қағидаларға және (немесе) Кодекстің 10-бабының 1-2-тармағына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіпке сәйкес мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен келіп түсетін мәліметтер негізінде қалыптастырылады және (немесе) пайдаланылады. ОЦК деректері мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелеріндегі тиісті мәліметтердің жаңартылуына қарай тұрақты негізде автоматтандырылған режимде өзектендіріледі.

1-параграф. "Кірістер, шығыстар және кредиттік міндеттемелер" көрсеткішін қалыптастыру тәртібі

      7. "Кірістер, шығыстар және кредиттік міндеттемелер" көрсеткіші мынадай:

      1) "Жан басына шаққандағы орташа табыс деңгейі";

      2) "Ағымдағы кредиттік міндеттемелердің болуы/болмауы";

      3) "Мүлік кепілімен қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыздар бойынша мерзімі өткен берешектің болуы/болмауы" өлшемшарттардың негізінде қалыптастырылады.

      8. ОЦК-да "Кірістер, шығыстар және кредиттік міндеттемелер" көрсеткішін қалыптастыру үшін мынадай:

      1) міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) әлеуметтік аударымдардың болуы туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық жүйелерінен;

      2) жеке тұлғалардың кредиттер бойынша борыштың сомасы, кредиттер бойынша мерзімді (ай сайынғы) төлем, шарт сомасы бойынша қарыздар бойынша жиынтық берешек, кредиттері бойынша берешектің мерзімі өткен және (немесе) қалдық сомасы туралы мәліметтер – "Қазақстан Республикасында кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттің қатысуымен кредиттік бюролардың цифрлық жүйелерінен;

      3) бағалы қағаздар туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Бағалы қағаздар орталық депозитарийінің (KCSD) цифрлық жүйелерінен;

      4) жеке тұлғалардың шығыс операциялары, аударымдары, депозиттері мен төлемдері туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың цифрлық жүйелерінен беріледі.

2-параграф. "Жылжымалы мүлік" көрсеткішін қалыптастыру тәртібі

      9. "Жылжымалы мүлік" көрсеткіші мынадай:

      1) "Жеңіл автомобильдің болуы/болмауы";

      2) "Автобустың, жүк автокөлігінің, шағын автобустың, мамандандырылған автомобильдің болуы/болмауы";

      3) "Ауыл шаруашылығы техникасының болуы/болмауы" өлшемшарттардың негізінде қалыптастырылады.

      10. ОЦК-да "Жылжымалы мүлік" көрсеткішін қалыптастыру үшін мынадай:

      1) автокөлік құралдары, оның ішінде коммерциялық көлік туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің "Сервистік орталық" автоматтандырылған цифрлық жүйесінен;

      2) ауыл шаруашылығы техникасының болуы туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Ауыл шаруашылығы техникасын мемлекеттік тіркеу" цифрлық жүйесінен мәліметтер беріледі.

3-параграф. "Адамдардың жұмыспен қамтылуы" көрсеткішін қалыптастыру тәртібі

      11. "Адамдардың жұмыспен қамтылуы" көрсеткіші мынадай:

      1) "Жұмыссыз адамдардың болуы/болмауы";

      2) "Жұмыс істейтін адамдардың болуы/болмауы";

      3) "Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаның тіркелуінің болуы/болмауы" өлшемшарттардың негізінде қалыптастырылады.

      12. ОЦК-да "Адамдардың жұмыспен қамтылуы" көрсеткішін қалыптастыру үшін мынадай:

      1) міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) әлеуметтік аударымдардың болуы туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық жүйелерінен;

      2) дара кәсіпкерлер туралы мәліметтер (жеке тұлғаның дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелуі, тіркелген күні, қызметінің мәртебесі, қызметін тоқтатқан күні, қолданылатын салық режимі және оны қолдану кезеңі туралы мәліметтер) – Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 45-бабы 6-тармағының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің цифрлық жүйесінен алынатын мәліметтер;

      3) заңды тұлғалар туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Заңды тұлғалар" мемлекеттік деректер қорынан мәліметтер беріледі.

4-параграф. "Әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету" көрсеткішін қалыптастыру тәртібі

      13. "Әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету" көрсеткіші мынадай:

      1) "18 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалардың және 23 жасқа дейінгі жастар қатарындағы білім алушылардың болуы/болмауы";

      2) "18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдардың болуы/болмауы";

      3) "Бала кезінен мүгедектігі бар адамның немесе мүгедектігі бар баланың болуы/болмауы" өлшемшарттардың негізінде қалыптастырылады.

      14. ОЦК-да "Әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету" көрсеткішін қалыптастыру үшін мынадай:

      1) жеке тұлғалар туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер қорынан;

      2) тіркелген азаматтық хал актілері (туу, неке қию және некені бұзу, қайтыс болу) туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Азаматтық хал актілерінің жазбалары" цифрлық жүйесінен;

      3) мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылар туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің "Ұлттық білім беру деректер базасы" цифрлық жүйесінен;

      4) жоғары білім беру ұйымдарында білім алушылар туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Жоғары білімнің бірыңғай платформасы" цифрлық жүйесінен;

      5) мүгедектігі бар адамдар туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Мүгедектігі бар тұлғалардың орталықтандырылған деректер банкі" автоматтандырылған цифрлық жүйесінен мәліметтер беріледі.

5-параграф. "Денсаулық сақтау саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету" көрсеткішін қалыптастыру тәртібі

      15. "Денсаулық сақтау саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету" көрсеткіші мынадай:

      1) "Медициналық ұйымға тіркелудің болуы/болмауы";

      2) "Отбасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылардың болуы/болмауы";

      3) "Динамикалық бақылауға жататын созылмалы ауруы бар адамның болуы/болмауы";

      4) "Диспансерлік есепте тұрған адамның болуы/болмауы" өлшемшарттардың негізінде қалыптастырылады.

      16. ОЦК-да "Денсаулық сақтау саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету" көрсеткішін қалыптастыру үшін мынадай:

      1) азаматтарды медициналық ұйымдарға тіркеуді ұйымдастыру туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Тіркелген халық тізілімі" цифрлық жүйесінен;

      2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының цифрлық жүйелерінен;

      3) диспансерлік есепте тұрған адамдар, сондай-ақ динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулардың болуы туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің цифрлық жүйелерінің электрондық тіркелімдерінен мәліметтер беріледі.

6-параграф. "Білім беру саласындағы қамтамасыз ету" көрсеткішін қалыптастыру тәртібі

      17. "Білім беру саласындағы қамтамасыз ету" көрсеткіші мынадай:

      1) "Балалардың болуы/болмауы және олардың мектепке дейінгі білім беру ұйымына тіркелуі";

      2) "Орта білім беру ұйымына тіркелген балалардың болуы/болмауы" өлшемшарттардың негізінде қалыптастырылады.

      18. ОЦК-да "Білім беру саласындағы қамтамасыз ету" көрсеткішін қалыптастыру үшін мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылар туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің "Ұлттық білім беру деректер базасы" цифрлық жүйесінен мәліметтер беріледі.

7-параграф. "Тұрғын үй жағдайлары және инфрақұрылым" көрсеткішін қалыптастыру тәртібі

      19. "Тұрғын үй жағдайлары және инфрақұрылым" көрсеткіші мынадай:

      1) "Отбасының (адамның, үй шаруашылығының) тұрғын үймен қамтамасыз етілуі";

      2) "Коммерциялық жылжымайтын мүліктің болуы/болмауы";

      3) "Елді мекеннің мәртебесі" өлшемшарттардың негізінде қалыптастырылады.

      20. ОЦК-да "Тұрғын үй жағдайлары және инфрақұрылым" көрсеткішін қалыптастыру үшін мынадай:

      1) тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" мемлекеттік деректер қорынан;

      2) тұрғылықты жері бойынша тіркелу туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер қорынан;

      3) елді мекендердің мекенжайлары мен мәртебелері туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің "Мекенжай тіркелімі" цифрлық жүйесінен мәліметтер беріледі.

8-параграф. "Ауыл шаруашылығы саласындағы қамтамасыз ету" көрсеткішін қалыптастыру тәртібі

      21. "Ауыл шаруашылығы саласындағы қамтамасыз ету" көрсеткіші мынадай:

      1) "Отбасында (адамда, үй шаруашылығында) жеке қосалқы шаруашылықтың болуы/болмауы";

      2) "Жеке меншіктегі жер учаскесінің болуы/болмауы";

      3) "Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер пайдаланудағы жер учаскесінің болуы/болмауы" өлшемшарттардың негізінде қалыптастырылады.

      22. ОЦК-да "Ауыл шаруашылығы саласындағы қамтамасыз ету" көрсеткішін қалыптастыру үшін мынадай:

      1) сәйкестендіру жүйесінде тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларының болуы туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру цифрлық жүйесінен;

      2) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері туралы мәліметтер – Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" мемлекеттік деректер қорынан мәліметтер беріледі.

3-тарау. Мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері

      23. ОЦК-ға мәліметтер беретін мемлекеттік органдар:

      1) берілетін мәліметтердің толықтығын, дұрыстығын және өзектілігін;

      2) өздерінің цифрлық жүйелерінде деректерді уақтылы енгізуді және жаңартуды, сондай-ақ оларды ОЦК-ға беруді;

      3) осы Қағидалардың 27-тармағында белгіленген мерзімдерде анықталған қателер мен сәйкессіздіктерді жоюды;

      4) деректерді беру және өңдеу кезінде Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын сақтауды;

      5) өздерінің цифрлық жүйелерге жататын бөлігінде интеграциялық сервистердің киберқауіпсіздігі және үздіксіз жұмысы жөніндегі талаптарын сақтауды;

      6) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы бойынша берілетін мәліметтердегі анықталған сәйкессіздіктер бойынша түсініктемелер беруді қамтамасыз етеді.

      24. Мемлекеттік органдардың басшылары осы Қағидалардың талаптарын орындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды, оның ішінде жауапты лауазымды адамдар мен құрылымдық бөлімшелерді тағайындауды қамтамасыз етеді.

      25. Мемлекеттік органдардың жауапты құрылымдық бөлімшелері:

      1) өңдеудің барлық кезеңдерінде берілетін мәліметтердің дұрыстығын;

      2) деректердің берілуінің үзілуіне немесе дұрыс берілмеуіне әкеп соққан техникалық іркілістер туралы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органды уақтылы хабардар етуді;

      3) анықталған алшақтықтарды жою мәселелері бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органмен және цифрландыру саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

      26. ОЦК қалыптастыру кезінде пайдаланылатын мәліметтерге қол жеткізе алатын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау, салық және банк құпиясы, кредиттік бюролар туралы заңнамасы талаптарының және қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қорғау жөніндегі өзге де талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді. Көрсетілген мәліметтерді пайдалануға және жария етуге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі.

      27. Берілетін деректерде анықталған толық емес, өзекті емес және (немесе) дұрыс емес мәліметтерді деректер көзі болып табылатын мемлекеттік орган оларды өз бетінше анықтаған күннен бастап не халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органнан тиісті сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жоюға тиіс.

      Көрсетілген мерзім өткеннен кейін халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган бұл туралы цифрландыру саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.

      28. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен келіп түсетін мәліметтерді дербес өзгертуді жүзеге асырмайды. Мұндай мәліметтерге өзгерістер енгізуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті мәліметтерді қамтитын цифрлық жүйенің иесі болып табылатын мемлекеттік орган жүзеге асырады. Өзгерістер енгізілгеннен кейін жаңартылған мәліметтер осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен ОЦК-ға беріледі.

      29. Мемлекеттік органның цифрлық жүйесіндегі мәліметтер өзектендірілгеннен кейін ОЦК-дағы деректерді жаңарту ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде автоматты түрде жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады