"Мемлекеттік мекемелердің ережелерін бекіту туралы" Маңғыстау облысы әкімдігінің 2005 жылғы 7 қаңтардағы № 1 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Маңғыстау облысы әкімдігінің 2026 жылғы 4 қыркүйектегі 2026 № 146 қаулысы

      Маңғыстау облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік мекемелердің ережелерін бекіту туралы" Маңғыстау облысы әкімдігінің 2005 жылғы 7 қаңтардағы № 1 қаулысына келесідей өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулының 12-қосымшасымен бекітілген "Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) Ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 24 шағын аудан, 15 ғимарат, пошталық индексі 130000.

      2. Басқарма заңнамада белгіленген тәртіпте Ережеге енгізілген өзгерістерді Маңғыстау облысының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін және осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Маңғыстау облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      Маңғыстау облысының әкімі Н. Қилыбай

  қосымша
  Маңғыстау облысы әкімдігінің
  2026 жылғы "___"________№ ____
  қаулысымен бекітілген
  12 қосымша
  Маңғыстау облысы әкімдігінің
  2013 жылғы "7" қаңтардағы
  № 1 қаулысымен бекітілген

"Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттiк мeкeмeci туралы ЕРЕЖЕ

Ұйымдық-құқықтық нысаны:

мемлекеттік мекеме (ММ)

Мемлекеттік меншік түрі:

коммуналдық

Құрылтайшысы:

Маңғыстау облысының әкімдігі

Орналасқан жері:

Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысы, 130000, Ақтау қаласы, 24 шағын аудан, 15 ғимарат

1. Жалпы ережелер

      1. "Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және өз құзыреті шегінде көші-қон саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлер және өз атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болып табылады.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарма, егер оған Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітіледі.

      9. Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 24 шығынаудан, 15 ғимарат, пошталық индексі 130000.

      10. Басқарманың құрылтайшысы Маңғыстау облысы әкімдігі болып табылады.

      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер заңнамалық актілерді басқаруға кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      14. Басқарманың негізгі мақсаттары гендерлік аспектіні есепке ала отырып, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және салааралық үйлестіруді жүзеге асыру болып табылады.

      15. Басқарманың өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан және азаматтардан өз функцияларын орындауға қажетті ақпараттарды белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      Басқарма құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға;

      Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша мәжілістер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер және отырыстар өткізуге.

      2) міндеттері:

      халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды өткізу;

      ішкі еңбек нарығын қорғау, кедейлікті төмендету, халықтың өмірлік дейгейін, табысын көтеру;

      өз құзіреті шегінде халықтың көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      әлеуметтік қорғау саласындағы нысаналы индикаторларды жоспарлау мен болжамдауды қамтамасыз ету;

      аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектігі бар адамдардың және азаматтардың басқа да санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі шараларды үйлестіру;

      арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      Басқарманың құзырындағы мәселелер бойынша аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, жұмыспен қамту орталықтарының қызметін үйлестіру, оларға ұйымдық-әдістемелік және іс-тәжірибелік көмек көрсету, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

      16. Басқарманың функциялары:

      1) облыстағы жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау және уәкілетті мемлекеттік органға хабарлау;

      2) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды өткізу;

      3) жұмыс орындарының босау және қысқару тәуекелдері бар ұйымдарды мониторингтеу;

      4) кәсіпкерлік бастаманы дамыту арқылы жұмыс орындарын құруды қолдау;

      5) жұмыссыздарға, жұмыс іздеуші адамдарға әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу;

      6) мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызына дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілеу;

      7) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) және өңірлік комиссиялар туралы ережелерді бекіту;

      8) Ұлттық жобалар, Маңғыстау облысының даму жоспарлары, өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде жұмыс орындарының құрылуын мониторингтеуді жүзеге асыру;

      9) жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуына арналған елді мекендердің тізбесін бекіту;

      10) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Еңбек мобильдігі орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату;

      11) өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекіту және іске асыру;

      12) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Еңбек мобильдігі орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы жұмыссыздарға, жұмыс іздеуші адамдарға әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу;

      13) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Еңбек мобильдігі орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі өткізетін іс-шараларды мониторингтеу;

      14) халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша Еңбек мобильдігі орталығына әдістемелік басшылықты үйлестіру және жүзеге асыру;

      15) жыл сайын қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамдар жалақысының мөлшерін белгілеу;

      16) өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру;

      17) өңірлік (облыстық) келісімнің жобасын дайындау, өңірлік (облыстық) келісімді әзірлеу және жасасу бойынша әлеуметтік әріптестік тараптарының келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру;

      18) әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік комиссияның дербес құрамын қалыптастыру;

      19) әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысын (хаттамаларды жүргізуді, шешімдер жобаларын дайындауды және олардың орындалуын бақылауды) ұйамдастыру;

      20) Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" және "Еңбек жолы" конкурстарының өңірлік кезеңін өткізуді ұйымдастыру;

      21) табысы аз отбасылары мен азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеуді үйлестіру және жергілікті бюджеттерден төленетін әлеуметтік көмектерді мониторингтеу;

      22) отбасын қолдау орталықтарының жұмысын үйлестіру;

      23) "Отбасының цифрлық картасы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің жұмысын жетілдіру бойынша орталық атқарушы органға ұсыныстар әзірлеу;

      24) Облыс көлемінде отбасын қолдау орталықтарының қызметтерінің ұйымдастырылу барысын, сапасын мониторингілеу;

      25) Отбасын қолдау орталықтарындағы қызмет сапасы туралы пікірлерін, ұсыныстарын зерттеу, талдау және қажеттілігіне қарай шаралар қолдану;

      26) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      27) өздерінің қарауындағы арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілерді құру және олардың қызметін үйлестіру;

      28) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілердің арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсыну;

      29) халықтың арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілігіне талдау жүргізу;

      30) халықтың арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілігіне статистикалық талдау, болжау жүргізуді қамтамасыз ету;

      31) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілерді кадрмен қамтамасыз етуді, әлеуметтік жұмыскерлерді кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;

      32) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну жүйесін дамыту жөнінде шаралар қабылдау;

      33) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілгеннен тыс көлемінің тізбесін және оларды ұсыну тәртібін әзірлеу және облыстардың жергілікті өкілді органдарына бекітуге ұсыну;

      34) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі көрсетілетін қызметтер бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру;

      35) мүгедектігі бар адамдарды оңалтуды жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар құру;

      36) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмектің қосымша шараларын ұсыну;

      37) мүгедектігі бар адамдарды оңалтуды жүзеге асыратын ұйымдарды құруға ықпал ету;

      38) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оқытуды (қайта оқытуды) ұйымдастыру;

      39) мүгедектігі бар адамдарды оңалту жөніндегі мамандарды, оның ішінде ымдау тілі мамандарын, Брайльдің бедерлі-нүктелік қарпімен оқу және жазу жөніндегі мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;

      40) осы Кодекске сәйкес тиісті аумақта медициналық, әлеуметтік, кәсіптік оңалтудың орындалуын ұйымдастыру;

      41) мүгедектігі бар адамдарды және мүгедектігі бар балаларды жеке бағдарламаға сәйкес санаторийлік-курорттық емдеуді қамтамасыз ету;

      42) мүгедектігі бар адамдарды жеке бағдарламаға сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету;

      43) мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы ұсынылатын тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді берушілер мәлімдеген олардың сипаттамаларының мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкестігін мониторингтеу;

      44) мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, мәдени, ағарту және өзге де іс-шараларын ұйымдастыру;

      45) мүгедектігі бар адамдарға қайырымдылық және әлеуметтік көмек көрсетуді үйлестіру;

      46) мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің қызметін қамтамасыз ету;

      47) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен үйлестіру;

      48) мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы сатып алатын тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің, мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманы айқындау әдістемесіне сәйкес жергілікті бюджет қаражатынан мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу;

      49) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру;

      50) өз құзыреті шегінде халықтың көші қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      51) этникалық қазақтардан қандас мәртебесін беруге өтінішін қажетті құжаттарымен қоса қабылдайды, қандас мәртебесін беру немесе ұзарту туралы шешім қабылдайды, қандас куәлігін береді;

      52) "Қандас мәртебесін беру" мемлекеттік қызметін көрсетеді: этникалық қазақтардан қандас мәртебесін беруге өтінішін қажетті құжаттарымен қоса қабылдайды, қандас мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды, қандас куәлігін береді;

      53) "Қандас" деректер қоры автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қалыптастырады;

      54) босқын мәртебесін беру, ұзарту, айыру және тоқтату рәсімін жүзеге асыру;

      55) пана іздеген адамның куәлігін береді;

      56) босқын куәлігін береді;

      57) пана іздеген адамдардың және босқындардың тізімдерін қалыптастырады және ай сайын уәкілетті органға, ұлттық қауіпсіздік органдарына және ішкі істер органдарына жібереді;

      58) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссияларды құрады;

      59) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкілетті орган бөлген квота шегiнде, өз аумағы және (немесе) басқа да әкiмшiлiк-аумақтық бірліктер шегінде не квотадан тыс корпоративішілік ауыстыру шеңберінде еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн жұмыс берушiлерге шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсаттарды бередi немесе ұзартады, сондай-ақ көрсетiлген рұқсаттарды тоқтата тұрады және кері қайтарып алу;

      60) шетелдік жұмыскерлерге өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтама беру;

      61) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзу;

      62) жеке басын куәландыратын құжаттарда, сондай-ақ үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда, қандас мәртебесін және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екені жөніндегі мәселелерді қарау үшін комиссия құрады;

      63) жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар және халықтың көші-қоны саласындағы құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;

      64) Қазақстан Республикасының заңнамасында астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етеді;

      65) Басқарманы цифрландыру бойынша тиісті шаралар қабылдайды;

      66) Қазақстан Республикасының заңнамасымен Басқармаға жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3. Басқарма басшысының мәртебесі және өкілеттіктері

      17. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      18. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      19. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      20. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;

      2) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшылары мен орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      4) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      5) барлық мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      6) келісімшарттар жасасады;

      7) сенімхаттар береді;

      8) банктік шоттар ашады;

      9) өз уәкілеттігі шегінде Басқарманың барлық қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің бірінші басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      10) Басқарманың қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мадақтау шараларын және тәртіптік жаза қолданады;

      11) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты болады;

      12) бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады;

      13) қаржылық-шаруашылық қызметіне және оған берілген мүліктің сақталуына дербес жауапты болады;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен және облыс әкімдігімен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады;

      15) Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      21. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Мемлекеттік мүлік туралы заңнамада көзделген жағдайларда басқарманың жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер бюджет заңнамасында және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Басқарма қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№ 1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      2) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№ 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      3) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№ 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      4) "№ 4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      5) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№ 5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      6) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Оңалту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      7) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Маңғыстау облысының еңбек мобилдігі орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады