"Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциялардың ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының міндетін атқарушының 2024 жылғы 23 шiлдедегi № 1-НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті Төрағасының 2026 жылғы 11 қыркүйектегі № 9-НҚ бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциялардың ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының міндетін атқарушының 2024 жылғы 23 шiлдедегi № 1-НҚ бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрыққа 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, және 8-қосымшаларда:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Инспекцияға кәсіпкерлік субъектілерімен Инспекцияның өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Инспекцияға заңдармен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Инспекцияның мақсаттары, функциялары, құқықтары мен міндеттері";

      14-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.";

      15-тармақта:

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының су қорын қорғау және пайдалану саласында өздеріне жүктелген функцияларды сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;";

      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "17 мыналарды:

      жер учаскесіне құқық беруді, жерге орналастыру жобасын және су қоры жерлерінің құрамынан және су қорғау аймақтары шегінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді;

      аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын, елді мекендердің бас жоспарларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын;

      су қорын қорғау, су ресурстарын пайдалану және су шаруашылығы жүйелерін дамыту жөніндегі іс-шаралар бөлігінде астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың даму жоспарларын;

      жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізбесін;

      су шаруашылығы құрылысжайлары және (немесе) гидротехникалық құрылысжайлар бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізбесін балық аулауды және аквашаруашылықты жүргізу үшін конкурсқа шығарғанға дейін келісуді жүзеге асырады;";

      22) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "22) реттелетін саладағы мәселелер бойынша астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Инспекция басшысының мәртебесі және өкілеттігі";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Инспекция басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Инспекция басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Инспекция басшысының өкілеттіктері:

      1) өз құзыреті шегінде бұйрықтарға қол қояды;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Инспекция басшысының орынбасарларын, мемлекеттік қызметшілерді және Инспекцияның басқа да қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) өз орынбасарларының, мемлекеттік қызметшілердің және Инспекцияның басқа да қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтары мен өкілеттіктерін бекітеді және айқындайды;

      4) заңнамада белгіленген тәртіппен өз орынбасарларына, мемлекеттік қызметшілерге және Инспекцияның басқа да қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;

      5) заңнамада белгіленген тәртіппен өз орынбасарларын, мемлекеттік қызметшілерді және Инспекцияның басқа да қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;

      6) өз құзыреті шегінде Инспекцияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдауға дербес жауапты болады;

      7) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда Инспекцияның мүдделерін білдіреді;

      8) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда Инспекцияның мүдделерін білдіру үшін сенімхаттар береді.

      Инспекция басшысы болмаған кезде оның өкілеттіктерін орындауды оны алмастыратын тұлға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.";

      4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Инспекция мүлкі";

      5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-тарау. Инспекцияны қайта ұйымдастыру және тарату".

      2. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу басқармасы заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және ирригация министрлігінің
Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану
комитетінің төрағасы
С. Нұрымбетов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады