"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-16-тармағына сәйкес, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімге қосымшаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысының 2026-2030 жылдарға арналған тұрғынжайларды реновациялау бағдарламасы бекітілсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы | Д. Рыпаков |
| Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2026 жылғы 27 тамыздағы № 30/257-VІІІ шешіміне қосымша |
Шығыс Қазақстан облысында 2026-2030 жылдарға арналған тұрғынжайларды реновациялау бағдарламасы
1. Бағдарламаның паспорты.
2. Кіріспе.
3. Ағымдағы жағдайды талдау.
4. Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері және қағидалары.
5. Бағдарламаны іске асыру механизмдері мен критерийлері.
1-тарау. Бағдарламаның паспорты
Бағдарламаның атауы | Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғынжайларды реновациялау бағдарламасы |
Әзірлеуге негіздеме | Қазақстан Республикасының құрылыс кодексі, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы |
Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган | "ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" ММ |
Бағдарламаның мақсаты |
Тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңарту, ыңғайлы, қауіпсіз және тұрақты қала ортасын қалыптастыру. |
Бағдарламаның міндеттері |
Міндет 1. Апатты тұрғын үйді сүріп тастау мәселесін шешу, азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту. |
Бағдарламаны қаржыландыру көздері мен көлемі |
Тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджеттен және (немесе) Қазақстан Республикасы заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылуы мүмкін. |
2-Тарау. Кіріспе
1. Қаланың халық санының тұрақты өсуі, жедел урбандалу және тұрғын үй қорының едәуір бөлігінің физикалық тозуы жағдайында Шығыс Қазақстан облысы салынған аумақтарды кешенді жаңарту қажеттілігімен бетпе-бет келуде.
Кеңестік кезеңде салынған көппәтерлі тұрғын үйлердің елеулі бөлігі қауіпсіздік, энергия тиімділігі және тұру жайлылығы бойынша қазіргі заман талаптарына сәйкес келмейді, бұл өңірлік реновация бағдарламасын енгізудің өзектілігін айқындайды.
Бағдарламаның іске асырылуы салынған аумақтарды кешенді жаңартуға бағытталған, оның ішінде тозығы жеткен және апатты тұрғын үйлерді сүріп тастау, жаңа тұрғын үйлер салу, инженерлік желілерді жаңғырту және қала құрылысы, әлеуметтік және экологиялық талаптарды ескере отырып, жайлы қалалық ортаны қалыптастыру қарастырылады.
Бағдарлама заңдылық, әлеуметтік әділеттілік, тұрғын үй иелері мен пайдаланушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, рәсімдердің ашықтығы, көшірудің еріктілігі және тең құнды өтемақыны қамтамасыз ету қағидаттарын сақтай отырып іске асырылады.
Реновация үдерістерін мемлекеттік реттеу жергілікті атқарушы органдардың, жеке инвесторлардың және халықтың қатысуын көздейді. Бағдарламаны іске асырудың маңызды қағидаты әлеуметтік әділеттілікті, көшірудің еріктілігін, жылжымайтын мүлікті бағалау тетіктерінің ашықтығын және тең құнды тұрғын үй немесе өтемақы беруді қамтамасыз ету болып табылады.
Осылайша, Шығыс Қазақстан облысында өңірлік реновация бағдарламасын енгізу тұрғын үй саясатының стратегиялық маңызды бағыты болып табылады және қалалық құрылысты жаңартуға, аумақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және халық үшін ұзақ мерзімді перспективада жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға бағытталған.
Реновацияға жататын объектілердің тізбесі егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдармен айқындалады.
2. Бағдарламада мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) Реновациялау – аумақты әлеуметтік, инженерлік және көліктік инфрақұрылымдармен, абаттандырумен қамтамасыз ете отырып, құрылыс объектілерін елді мекендердің сапалы жайлы ортасын қалыптастыру мақсатында пайдалану жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ құрылыс объектілерін реконструкциялау (күрделі жөндеу), реставрациялау немесе ескірген және (немесе) авариялық құрылыс объектілерін сүре отырып, жаңа құрылыс объектілерін салу арқылы елді мекеннің сәулеттік келбетіне сәйкес келтіруге бағытталған құрылыс объектілерін, оның ішінде ескірген және (немесе) авариялық объектілерді жаңарту жөніндегі шаралар кешені;
2) реновация объектілері – Шығыс Қазақстан аумағында орналасқан және қала құрылысы жобаларына сәйкес реновациялау бағдарламасына енгізілген құрылыс объектілері реновациялау объектілері болып табылады ;
3) көппәтерлі тұрғын үй – ортақ үлестік меншік болып табылатын кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінен, екі және одан көп пәтерлерден, көппәтерлі тұрғын үйге іргелес жатқан жер учаскесіне не кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің өзге де бөліктеріне жеке шығу жолдары бар тұрғын емес үй-жайлардан тұратын, тиісті нысаналы мақсаты бар біртұтас бөлінбейтін жер учаскесінде бөлек тұрған, біртұтас іргетасы бар ғимарат;
4) авариялық көппәтерлі тұрғын үй – негізгі тіреуіш конструкциялары (іргетастары, бағаналары, тіреуіш қабырғалары, арқалықтары, жабындылары) тіреуіш қабілетін жоғалтқан және одан әрі пайдалану тұратын (болатын) адамдардың өміріне қауіп төндіретін, ғимараттар мен құрылысжайлардың беріктігін және орнықтылығын техникалық қадағалауды және техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыруға аккредиттелген заңды тұлғаның қорытындысымен қалпына келтіруге жатпайды деп танылған көппәтерлі тұрғын үй;
5) тұрғын үйдің табиғи тозуы – табиғи, климаттық және өзге де факторлар әсерінің нәтижесінде бастапқы техникалық-пайдаланушылық қасиеттерін (төзімділігін, орнықтылығын, беріктігін және басқаларды) жоғалту;
6) жеке тұрғын үй – жеке (отбасымен) тұруға арналған, мансарды мен ірге қабатын қоса алғанда биіктігі үш қабаттан аспайтын, шаруашылық және басқа да құрылыстармен және жасыл екпелермен бірге жеке тұлғаның меншігіндегі бөлек тұрған ғимарат;
7) санитариялық-қорғаныш аймағы – арнайы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ елді мекендегі өнеркәсіптік ұйымдар мен басқа да өндірістік, коммуналдық және қоймалық объектілерді жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардан оларға қолайсыз факторлардың әсерін бәсеңдету мақсатында бөліп тұратын аумақ;
8) тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы (бұдан әрі – Бірыңғай оператор) – жарғылық капиталына мемлекет тікелей немесе жанама қатысатын, мақсаты Қазақстан Республикасының халқына тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты ипотекалық кредиттеу және жалға берілетін тұрғын үйді беру, үлестік тұрғын үй құрылысын дамыту тетіктері арқылы іске асыруға қатысу, сондай-ақ құрылыс саласы үшін қаржы ресурстарының қолжетімді болуын қамтамасыз ету болып табылатын ипотекалық ұйым;
9) уәкілетті ұйым – дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей не жанама түрде мемлекетке тиесілі, мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламалары шеңберінде әкімшілік-аумақтық бірліктерде тұрғын үй құрылысының проблемалы объектілерін аяқтауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға
10) уәкілетті компания – дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы құрылыс салушыға тиесілі, көппәтерлі тұрғын үйдің немесе жеке тұрғын үйлер кешенінің үлестік құрылысын және көппәтерлі тұрғын үйдегі немесе жеке тұрғын үйлер кешеніндегі үлестерді өткізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақтардағы қызметті қоспағанда, қандай да бір өзге коммерциялық қызметпен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлға;
11) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) - облыстың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган
12) атқарушы орган – жергілікті мемлекеттік басқарудың және өзін-өзі басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыруға әкімдік уәкілеттік берген, тиісті жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме;
13) әкімші – тиісті жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын, жекелеген функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік мекеме;
14) ғимараттардың және құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау – нәтижесінде ғимараттар мен құрылысжайлардың және олардың элементтерінің нақты жай-күйі, сенімділігі және орнықтылығы, одан әрі пайдалану мүмкіндігі, құрылыс объектісін күрделі жөндеу, жаңғырту немесе реконструкциялау жұмыстарының құрамы мен көлемін, сондай-ақ нысаналы мақсатының өзгеруін анықтау үшін, уақыт аралығында болатын өзгерістер ескеріле отырып, конструкциялар сапасының нақты көрсеткіштерінің сандық бағалауын алу айқындалатын сараптама жұмыстарының түрі;
15) ғимараттар мен құрылыстарды сүріп тастау – ғимараттар мен құрылыстарды немесе олардың элементтерін демонтаждау немесе бұзу арқылы толық немесе ішінара жою;
16) қоныс аудару тұрғын үй қоры – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес реновацияға жататын тұрғын үй иелерін қоныстандыруға арналған, уәкілетті органға және (немесе) инвесторға (құрылыс салушыға) тиесілі тұрғын үй-жайлар жиынтығы.
3-тарау. Ағымдағы жағдайды талдау
3. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға Шығыс Қазақстан облысындағы қолданыстағы тұрғын үй қоры 18 257 көппәтерлі тұрғын үйді (бұдан әрі – КТҮ) құрайды.
Пайдалануға берілген жылдары бойынша КТҮ саны:
бірлік
Барлығы | 1970 жылға дейін | 1971-1980 жылы | 1981-1990 жылы | 1991-2000 жылы | 2001-2010 жылы | 2011-2020 жылы | 2021-2025 жылы |
18 257 | 7 884 | 3 250 | 4 159 | 1 451 | 1 024 | 326 | 163 |
Сыртқы қабырғалар материалы бойынша КТҮ саны:
бірлік
Барлығы | қыш, тас | үлкен панельді | құрылымдық-панельді | үлкен блокты | монолитті бетон (темір-бетон) | басқа материалдар |
18 257 | 8 658 | 416 | 106 | 230 | 1 027 | 7 820 |
Тұрғын үй қоры негізінен төмен нормативтік пайдалану мерзімі бар тұрғын үйлерден тұрады. Сонымен қатар, 1976 жылдан бұрын салынған көпқабатты тұрғын үйлердің 50%-дан астамы 50 жылдан астам пайдаланыста, яғни ескірген болып саналады.
Көпқабатты тұрғын үйлердің көп бөлігі тұрғын үйді приватизациялау кезеңінде капиталды жөндеу жүргізілмей немесе оның шығындары өтелмей жеке меншікке берілген. Кейінірек бұл үйлердің капиталды жөндеуі тұрғындардың қаржылық мүмкіндіктерінің болмауына байланысты жүргізілмеген, бұл олардың әрі қарай ескіріп кетуіне әкеп соққан.
Соның нәтижесінде, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 47 көппәтерлі тұрғын үй, жалпы ауданы 18,1 мың м², 910 адам тұратын, апатты жағдайда.
4. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында (бұдан әрі-Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың тұжырымдамасы) жергілікті атқарушы органдардың "Ескі кварталдар" тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламаларын қабылдау жөніндегі құзыреті, сондай-ақ жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктері, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлердегі тұрғын үй иелеріне өтемақы төлеу тәртібі мен шарттары айқындалған. Сонымен қатар, инвестициялық ахуалды ескере отырып, аталған шараларды іске асыру тетігі мен өлшемшарттары белгіленген.
2025 жылы қайта тексеруден кейін апатты көппәтерлі үйлердің тұрғындарын жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында сүріп тастау жол картасы (бұдан әрі – Жол картасы) бекітілген.
Жоспарға сәйкес 2029 жылдың соңына дейін 218 меншік иесін көшіру және 42 апатты көппәтерлі тұрғын үйді сүріп тастау жоспарланған, оның ішінде:
- Өскемен қаласы – 37;
- Риддер қаласы – 4;
- Глубокое ауданындағы Белоусовка ауылы – 1.
Жол картасын іске асыру барысында оның әлсіз жақтары анықталды - реновацияға жататын авариялық тұрғын үйлердің жоспарланған орны тиімді емес орналастырылған.
Мысалы, Өскемен қаласында 37 апатты үйдің 13-і өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитариялық-қорғау аймағында орналасқан (Гастелло, Краснознаменная, Жақсылық Үшкемпіров, Промышленная, Қуйбышева көшелері, Абай даңғылы, 106а), орналасқан жеріне байланысты Қазақстан Республикасының құрылыс кодексіне сәйкес тұрғын үйлер салуға рұқсат берілмейді. Өскемен қаласының қалған аудандары - Аблакетка, Сол жақ жағалау және Жаңа Гавань, сондай-ақ Риддер қаласы инвесторлар үшін тартымсыз болып саналады. Осыған байланысты 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен жоспарланған 61 меншік иесінен 26 авариялық үйдің иелері екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алу арқылы көшірілген.
4-тарау. Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері және іске асыру қағидалары
5. Бағдарламаның негізгі мақсаттары - тұрғын үй құрылысы саласында біртіндеп қала құрылыстық саясатты әзірлеу, аумақты ықшамды құрылыс арқылы дамыту, тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңарту және жайлы, қауіпсіз әрі тұрақты қалалық ортаны қалыптастыру.
Қойылған мақсатқа жету үшін қажет:
1) авариялық тұрғын үйді сүріп тастау мәселесін шешу, азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту;
2) қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жаңарту;
3) реновация аумағын дамыту үшін жеке құрылыс салушыларды тарту;
4) басымды құрылыс жүргізілетін аумақтарды, апатты тұрғын үйлерді сүріп тастау кезеңдерін және қала ортасын жаңарту іс-шараларын анықтау.
Халықтың өмір сүру сапасын арттыруда шешуші фактор – жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру болып табылады.
Толыққанды өмір сүру ортасын қалыптастыру және халыққа әлеуметтік стандарттарға сәйкес қызметтер кешенін ұсыну үшін тұрғын үй қорын ұлғайту және қажетті тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту қажет.
Халықтың өмір сүру жағдайларын оңтайлы жүйе бойынша қамтамасыз ету, аумақты рационалды ұйымдастыру және инфрақұрылымға ұзақ мерзімді қажеттілікті анықтау негізінде сапалы қала құрылыстық жобаларды (жалпы жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) әзірлеу және іске асыру жатыр.
6. Қалалық аумақты кешенді дамыту, қалалардың сәулеттік келбетін қалыптастыру және реновация аудандарын кешенді құрылыс принципі бойынша дамыту, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерге ("қадамдық қолжетімділік" принципі бойынша) – саябақтар, скверлер, жағалаулар, әлеуметтік-мәдени объектілер және басқа демалыс орындары, сондай-ақ көлік және жол инфрақұрылымы арқылы дамуды қамтамасыз ету қағидалары мен стандарттары енгізіледі.
Азаматтардың қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін апатты тұрғын үйлерді анықтау мақсатында тұрғын үйлердің техникалық жағдайы бағаланып (паспортталу) тексеріледі.
Бағдарламаға сәйкес реновация дегеніміз – МИО бекіткен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес тарихи қалыптасқан және тартымдылығын жоғалтқан қаланың белгілі бір бөлігін кешенді түрде салу, сондай-ақ авариялық тұрғын үйлерді нүктелік түрде сүріп тастау.
Қалалық аумақтарды реновациялау – тұрғын аудандарын кешенді реконструкциялау және жаңарту бағдарламасы болып табылады, оған авариялық үйлерді сүріп тастау және инженерлік желілерді жаңарту кіреді.
5 - Тарау. Бағдарламаны іске асыру тетіктері мен критерийлері
7. Бағдарламаны іске асыру қаланың реновация аумағына арналған жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – МИО) әзірлейтін қала құрылыстық жобаларға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жобаларда реновация аудандарының шекарасы егжей-тегжейлі көрсетіліп, әр аудан бойынша тұрғын және әлеуметтік-мәдени нысандарды, коммерциялық объектілерді орналастыру жөніндегі жобалық ұсыныстар әзірленеді, Бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес.
Осы қала құрылыстық жобалар МИО-ның сәулет және қала құрылысы ісі бойынша интернет-ресурсында орналастырылады.
8. Реновация аудандарын кешенді түрде салу жеке құрылыс компаниялары және (немесе) уәкілетті ұйым арқылы жүзеге асырылады.
Апатты тұрғын үйлерді сүріп тастау уәкілетті ұйым немесе уәкілетті компания арқылы әкімдік бөлген жер учаскелерінде тұрғын үйді жобалау және салуды ұйымдастыруды қарастырады.
Реновация объектілерін сүріп тастау тұрғын үй реновация бағдарламасы шеңберінде тек барлық меншік иелерінің келісімі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
9. Апатты тұрғын үйлерді сүріп тастау және қолжетімді тұрғын үй салуды ұйымдастыру келесі механизм бойынша жүзеге асырылады:
1) қалаларды реконструкциялау аудандарын және кезеңдерін анықтау;
2) реконструкциялау аудандарындағы меншік талдауын жүргізу;
3) заңнамамен белгіленген тәртіпте апатты деп танылған және сүріп тасталатын үйлердің меншік иелерімен келісімге келу;
4) жаңа үйлер мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау және салу;
5) пайдалануға берілген аудандар үлестерін беру;
6) сүріп тасталатын үйлерден тұрғындарды көшіру;
7) апатты тұрғын үйлерді сүріп тастау;
8) жаңа салынған үйлердегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың үлестерін еркін нарықта сату, алынған кірістерді жаңа объектілерді салуға қайта инвестициялау мақсатында пайдалану.
10. Авариялық тұрғын үйлерді сүріп тастау және азаматтарды көшіру механизмін іске асыру аясында әкімші келесі іс-шараларды жүзеге асырады:
1) апатты деп танылатын тұрғын үйлердің негіздерін анықтау және олардың тозу дәрежесін көрсету мақсатында техникалық тексерулер жүргізу үшін арнайы ұйымдарды тарту;
2) қажет болған жағдайда реновация аудандарында тұрғын үй кешендерін жобалау және салу үшін жер учаскелерін бөлу;
3) уәкілетті ұйым енгізілетін тұрғын үйлер аумағында инженерлік желілерді салуды және аумақты абаттандыруды қамтамасыз ету;
4) техникалық паспорттарға сәйкес, тұрғындардың санына қарамастан "бөлме үшін бөлме" принципін сақтай отырып, апатты үйлерден тұрғындарды жаңа пәтерлерге көшіруді қамтамасыз ету.
1 - Параграф. Жеке құрылыс компанияларының және (немесе) уәкілетті ұйымның қатысуымен апатты тұрғын үйлерді сүріп тастау
11. Бағдарламаны іске асыру әкімшісі – облыс қалалары мен аудандарының тұрғын үй қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері болып табылатын мемлекеттік мекемелер (бұдан әрі – Әкімші).
12. Жергілікті атқарушы орган уәкілетті ұйымды анықтайды (бұдан әрі - Уәкілетті ұйым).
Жергілікті атқарушы орган реновация бағдарламасын іске асыру үшін уәкілетті компанияны және/немесе ұйымды анықтап, қаржыландырады.
13. Көппәтерлі тұрғын үйлерді реновациялау жобаларын қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты, жеке инвестицияларды тарту, мемлекеттік-жеке серіктестік (бұдан әрі – МЖС) механизмдері, қаржы институттарының несиелері, жартылай мемлекеттік сектор субъектілерінің қаражатын тарту, мемлекеттік бағалы қағаздар (бұдан әрі – МБҚ), жобаны іске асыру барысында тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатудан түскен кірістер есебінен жүргізіледі.
ЖАО сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік жоспарлау және бюджетті орындау бойынша уәкілетті органдармен келісіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры (бұдан әрі –ҚР ҰҚ) басқару Кеңесінің хаттамалық шарттарына сәйкес тұрғын үй құрылысына арналған МБҚ шығарылымының көлемін болжайды және (немесе) нарықтық шарттарда, сондай-ақ Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың тұжырымдамасының талаптарын ескереді
ЖАО шығарған мемлекеттік бағалы қағаздарды "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Бірыңғай оператор) ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің шешімдеріне сәйкес нарықтық қаражаттарды тартумен араластыру құқығымен сатып алады.
14. Реновацияға жататын объектілер тізбесін Әкімші тұрғын үй қорының құрылыс конструкцияларының тозу дәрежесін, олардың пайдалану талаптарына сәйкестігін, сондай-ақ сараптама ұйымының қорытындысына негізделген тұрғын үй иелерінің пікірін ескере отырып анықтайды. Бағдарлама жобаларын іске асыруды үйлестіруді Әкімші жүзеге асырады.
15. Апатты (тозығы жеткен) жағдайда орналасқан жеке тұрғын үйлерді бағдарламасына қосу үшін меншік иелері сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес Әкімшіге жүгінеді.
16. Жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтер және тұрғын емес үй-жайлар иелері жалпы жиналыста реновация инвестициялық жобасын іске асыру жұмыстарына келісім береді.
Жиналыс Әкімші, жеке инвестор немесе Уәкілетті ұйым бастамасымен шақырылады.
Егер бұрын жарияланған жиналыс кворумның болмауынан өтпесе, жазбаша сауалнама жүргізіледі. Жазбаша сауалнама жүргізу туралы шешімді пәтер және тұрғын емес үй-жай иелері қабылдайды.
Меншік иелері жиналысты ұйымдастыру үшін жазбаша сауалнама арқылы бастамашыл топты анықтай алады.
Егер пәтер және тұрғын емес үй-жай иелерінің 100% келісімі болмаса және инвестормен өзара іс-қимылға келмесе, жобаны іске асыру тоқтатылады.
17. Объектіні (ғимарат, үй-жай, тұрғын үй) бағдарламасына қосу туралы шешім қабылданғанға дейін Әкімші Уәкілетті ұйыммен бірлесіп әр объекті бойынша экономикалық тиімділікті, нақты учаскенің ерекшеліктері мен тәуекелдерін ескере отырып ақпарат жинап, талдау жүргізеді.
18. Жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері және "Қазастан Республикасының азаматтарға арналған Үкіметі" мемлекеттік емес акционерлік қоғамының Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) Бағдарлама жобаларын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдайды және Әкімші немесе Уәкілетті ұйым сұрау салған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде қажетті ақпаратты береді, соның ішінде:
1) қалалар мен аудандардың сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдері – инвестормен келісілген жоспарланған тұрғын үйдің эскиздік жобасы;
2) жер ресурстарын басқаруға уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі - абаттандыруға қажетті көрші жер учаскелерін көрсететін жер кадастрының үзіндісі.
3) тиісті ұйымның өтініші бойынша - Бағдарлама шеңберінде кондоминиум объектілері үшін жер учаскелерін Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес бөлу;
4) мемлекеттік корпорация - көппәтерлі тұрғын үйдің техникалық сипаттамалары туралы ақпарат (үйдің жалпы ауданы, пәтерлер мен жер учаскесінің ауданы, меншік иелерінің саны, ауыртпалықтар туралы мәліметтер);
5) табиғи монополия субъектілері – коммуникацияларға қосылуға арналған техникалық шарттар, қолданыстағы инфрақұрылым туралы ақпарат және су, газ, жылу, электрмен жабдықтау және су кетіру жүйелеріне қосылу мүмкіндіктері мен қуаттарын арттыру нүктелері;
6) қалалар мен аудандар әкімдіктері - Генеральды жоспарға, қолданыстағы заңнамаға және қала құрылыстық нормаларға сәйкес инженерлік коммуникацияларды тарту және/немесе жаңғырту;
7) қалалар мен аудандар әкімдерінің барлық жауапты бөлімшелері мен аппараты - қолданыстағы заңнама шеңберінде рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуде басымдықпен көмек көрсету.
19. Қажетті ақпарат жиналғаннан кейін Әкімші және/немесе Уәкілетті ұйым реновация объектілері бойынша ақпараттық құжат (досье) дайындайды.
Досье қаланың немесе ауданның әкімдігінің ресми интернет-ресурсында ашық түрде орналастырылады.
Потенциалды инвесторларды тарту мақсатында орналастырылған ақпарат үнемі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырады.
20. Инвестор объекті бойынша қосымша ақпаратты жазбаша түрде сұрауға құқылы.
21. Жеке инвестицияларды тарту – Әкімші, Уәкілетті ұйым және басқа атқарушы органдардың басымды міндеті болып табылады.
22. Егер инвестор қызығушылық білдірсе, ол Әкімшіге немесе Уәкілетті ұйымға ынтымақтастық туралы меморандум (келісім) жасауға өтініш береді.
23. Ынтымақтастық меморандумы (келісімі) объектіні реновациялау бойынша қажетті іс-шараларды көрсететін егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспарын қамтиды және барлық жауапты атқарушы органдармен келісілген болуы тиіс.
24. Ынтымақтастық меморандумы (келісімі) жасалғаннан кейін 15 (он бес) күн ішінде Әкімші Уәкілетті ұйым және инвестор өкілдерімен бірлесіп апатты (тозығы жеткен) көппәтерлі үйдің пәтер және тұрғын емес үй-жай иелерінің жалпы жиналысын ұйымдастырады, мұнда инвестор ұсынған шарттармен танысу қамтамасыз етіледі. Жиналыс пәтер және тұрғын емес үй-жай иелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқанда шешім қабылдауға құқылы.
25. Ынтымақтастық меморандумында (келісімінде) көрсетілген барлық міндеттемелер орындалғаннан кейін және пәтер мен тұрғын емес үй-жай иелерінің 100% келісімі алынған жағдайда Уәкілетті ұйым инвестормен жобаны бірлесіп жүзеге асыруға арналған шарт (бұдан әрі - Шарт) жасайды.
Бағдарламаны іске асыру бойынша тараптардың міндеттері:
26. Уәкілетті ұйым:
1) реновация объектілері туралы ақпаратты ұсынады;
2) реновация объектілері меншік иелерімен өткізілетін түсіндірме жиналыстарға қатысады;
3) инвесторды ЖАО-мен өзара іс-қимыл барысында сүйемелдейді;
4) техникалық шарттарды алу және жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді қамтамасыз етеді;
5) инженерлік коммуникацияларды тарту, инфрақұрылымға қосылу және жобаны іске асыру үшін қажетті қуаттарды арттыру бойынша техникалық шарттарды алу іс-шараларына көмек көрсетеді;
6) қажет болған жағдайда жобада қаржылық қатысу арқылы және көшіруге арналған тұрғын үй қоры ретінде активтерді ұсына отырып қатысады.
27. Инвестор:
1) тұрғын үйлерді салу және апатты (тозығы жеткен) үйлерден жаңа үйлерге тұрғындарды көшіру бойынша жұмыстардың ұйымдастырылу және орындалу кестесін ұсынады;
2) Әкімші және Уәкілетті ұйыммен бірлесіп апатты (тозығы жеткен) үйлер тұрғындарымен жұмыс жүргізеді, соның ішінде: ақпараттандыру, жиналыстар өткізу, көшіруді ұйымдастыру, қабат санын және нақты пәтерлерді анықтау, қоныстану мерзімдерін келісу;
3) реновацияға жататын апатты (тозығы жеткен) үйлерді сүріп тастайды;
4) жоспар ланған тұрғын үйдің эскиздік жобасын әзірлеп, келіседі;
5) құрылыс мерзімі ішінде өз есебінен уақытша пәтер немесе уақытша тұрғын үйді жалға алу үшін ай сайынғы өтемақы береді;
6) Шартқа сәйкес бағдарлама іске асыру кестесі бойынша тұрғын үйлер мен олардың аумақтарын салып, пайдалануға береді;
7) тұрғын үйлер пайдалануға берілгеннен кейін, ұсынылған құжаттар негізінде әр меншік иесімен нотариалды куәландырылған ауысу келісім-шартын жасау және меншік құқығын рәсімдеуді қамтамасыз етеді;
8) пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайларды ауданы бойынша тең пәтерлерге ауыстыруды қамтамасыз етеді, бірақ кемінде бір бөлмелі пәтерге көшіруді ұйымдастырады;
9) жаңа салынатын тұрғын үйлерге кіретін автомобиль жолдарына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейді және құрылыс схемасына сәйкес салады;
10) жаңа салынатын тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейді және оны құрылыс кезеңдеріне сәйкес іске асырады.
28. Қолданылған Шарт негізінде Уәкілетті ұйым инвестормен бірлесіп әр пәтер және тұрғын емес үй-жай иесімен үшжақты келісім жасайды, онда инвестордың жаңа тұрғын үй және құрылыс мерзіміндегі уақытша тұрғын үйді ұсыну бойынша міндеттемелері мен кепілдіктері бекітіледі.
29. Апатты тұрғын үйлерді сүріп тастау және азаматтарды көшіру механизмін іске асыру шеңберінде атқарушы орган келесі іс-шараларды жүзеге асырады:
1) реновация аумағының егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлейді, реновация аумағында орналасқан үйлердің жер учаскелерін мәжбүрлеп алусыз;
2) қажет болған жағдайда реновация аудандарында тұрғын үй кешендерін жобалау және салу үшін жер учаскелерін бөледі;
3) Уәкілетті ұйым енгізілетін тұрғын үйлерге инженерлік желілерді салу және/немесе жаңғыртуды, сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстарын қамтамасыз етеді;
4) реновация объектілерін сүріп тасталған алаңдарда тұрғын үйлер салуды ұйымдастырады. Апатты тұрғын үйлерді сүріп тастау жергілікті бюджет қаражаты және/немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүргізіледі.
30. Әкімші пәтер және тұрғын емес үй-жай иелерімен ақпараттандыру, жиналыстар өткізу, көшіруді ұйымдастыру және қоныстану мерзімдерін келісу жұмыстарын жүргізеді.
31. Көппәтерлі үйлерді реновациялау жобаларын іске асыру шеңберінде Уәкілетті компания және/немесе ұйым нарыққа сату мақсатында шағын ауданды тұрғын үйлерді, І–IV комфорт класындағы тұрғын үйлерді, коммерциялық үй-жайлар мен паркингтерді салынуы қарастырылады, бұл жобаны қайта инвестициялау немесе тозығы жеткен тұрғын үйді жаңарту үшін қажет.
Жалпы тұрғын үй ауданының құрылыс құны тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамасы (бұдан әрі - ЖСҚ) бойынша кешенді ведомстволық сараптаманың оң қорытындысы негізінде анықталады.
1 шаршы метр тұрғын үйдің іске асыру құны құрылып жатқан тұрғын үйдің комфорт деңгейі мен нарықтағы жағдайға сәйкес анықталады, бірақ құрылыс өзіндік құнынан төмен болмауы керек.
32. Егер көппәтерлі тұрғын үйді жер учаскесінде салу мүмкін болмаса, мысалы, реновация объектісі санитарлық-қорғаныс аймағында орналасқан болса, тұрғындарды көшіру және апатты үйлерді сүріп тастау құқығы бар.
33. Реновация бағдарламасына енгізілген көппәтерлі үйлердегі тұрғындарға техникалық паспорттарға сәйкес, тұрғын санына қарамастан, "бөлме-бөлме" принципі бойынша жаңа пәтерлер меншікке беріледі. Жаңа тұрғын үйдегі бөлмелер саны бұрынғы үйлердегі бөлмелер санына кем болмауы тиіс.
34. Жеке тұрғын үйлер немесе тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне олардың келісімі бойынша құны өтеледі немесе тараптар келісімі бойынша теңдестіру үшін жаңа тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайлар беріледі.
35. Тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құрылыс нормаларына, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерде бекітілген талаптарға сәйкес болуы керек және аяқтаушы әрлеумен қамтамасыз етілуі тиіс.
36. Бағдарламаға енгізілген тұрғын үй иелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылыс мерзімі ішінде инвестор есебінен уақытша тұрғын үй беріледі немесе құрылыс аяқталғанға дейін уақытша тұрғын үйді жалға алу үшін ай сайынғы ақшалай өтемақы төленеді.
2 - Тарау. Реновация аясында тұрғын үй құрылысында үлескерлік қатысуды Бірыңғай оператордың кепілдігі арқылы ұйымдастыру
Бұл бағытты іске асыру Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
37. БАО бекіткен реновация аймақтарындағы құрылыс, соның ішінде апатты үйлерді сүріп тастау, Реновация шеңберінде Бірыңғай оператордан кепілдік алған құрылыс компаниялары арқылы жүзеге асырылады.
38. Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында БАО реновация объектілеріне инженерлік-коммуникациялық және әлеуметтік инфрақұрылымды тарту және/немесе жаңғыртуды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қамтамасыз етеді.
39. Реновация аясында тұрғын үй құрылысында үлескерлік қатысуды Бірыңғай оператор кепілдігі арқылы ұйымдастыру үшін құрылысшы тұрғын үй құрылысында үлескерлік қатысу жөніндегі заңнама талаптарына сәйкес болуы міндетті.
40. Осы іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында құрылыс салушы тек бір көппәтерлі тұрғын үй құрылысын іске асыру жобасы бойынша қызмет атқаруға уәкілетті компания құрады немесе басқа заңды тұлғаның жарғылық капиталының 100% дауысты акцияларын (қатысу үлестерін) сатып алады.
Құрылысшы бұрынғы көппәтерлі үй немесе жеке тұрғын үйлер кешенін салу, пайдалануға беру және қабылдау бойынша өз міндеттемелерін орындаған уәкілетті компанияны немесе тек оның ғана негізін қалаушы (қатысушысы) болып табылатын басқа заңды тұлғаны тарта алады.
41. Бірыңғай оператор кепілдігі арқылы реновация аясында тұрғын үй құрылысында үлескерлік қатысуды ұйымдастыру үшін уәкілетті компанияда болуы тиіс:
1) құрылысшы, уәкілетті компания және реновация объектісінің және/немесе оған кіретін жылжымайтын мүліктің барлық меншік иелері арасында реновация шеңберінде кепілдік беру туралы қол қойылған келісімшарт;
2) реновациялау объектісінің және (немесе) реновациялау объектісіне кіретін жылжымайтын мүліктің меншік иелеріне берілетін тұрғынжай құнына баламалы, бірақ мәлімделген жобалау құнының отыз пайызынан кем болмайтын сомада, сондай-ақ құрылыс мерзімін ұзарту ескеріле отырып, уәкілетті компанияның реновациялау объектісінің және (немесе) реновациялау объектісіне кіретін жылжымайтын мүліктің меншік иелеріне уақытша тұрғын үй және (немесе) өтемақы төлемдерін беру тәртібімен айқындалған мөлшерде реновациялау объектісінің және (немесе) реновациялау объектісіне кіретін жылжымайтын мүліктің меншік иелеріне уақытша тұрғын үй беруге жоспарланатын ақшасының;
3) құжаттарды қарау үшін комиссия төлеуге, сондай-ақ реновация шеңберінде кепілдік беру туралы шарт бойынша кепілдік жарнасын төлеуге арналған қаражат.
42. Көппәтерлі тұрғын үй құрылыс жобасы бір жер учаскесінде бірнеше құрылыс нысанын қарастыруы мүмкін.
Көппәтерлі тұрғын үй құрылысының жобасында көзделген жағдайда, құрылыс объектілерін бірнеше жер учаскесінде жүзеге асыруға жол беріледі.
Реновация аясында тұрғын үй құрылысында үлескерлік қатысуды Бірыңғай оператор кепілдігі арқылы ұйымдастыру үшін реновация объектісі көппәтерлі тұрғын үй және/немесе жер учаскесі бар жеке тұрғын үй болуы тиіс, олар реновация бағдарламасына енгізілуі керек.
Реновация объектісі үшінші тұлғалардың құқықтары мен талаптарынан бос болуы қажет.
43. Реновация шеңберінде кепілдік беру туралы жасалған келісімшарт тұрғын үй құрылысында үлескерлік қатысу заңнамасында белгіленген талаптарды ескере отырып үлескерлердің қаражатын тартудың негізі болып табылады және құрылысшы мен уәкілетті компанияға жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алуды қажет етпейді.
Бірыңғай оператор басқа құрылысшылар мен уәкілетті компаниялармен реновация туралы келісім жасай алмайды.
44. Құрылысшы мен уәкілетті компания Бірыңғай оператор кепілдігін алу мақсатында реновация шеңберінде тұрғын үй құрылысында үлескерлік қатысуды ұйымдастыруға өтінім береді.
Тұрғын үй құрылысында үлескерлік қатысу туралы келісім және реновация шеңберіндегі келісім электрондық цифрлық қолтаңба арқылы электрондық түрде жасалады.
Реновация шеңберіндегі тұрғын үй құрылысында үлескерлік қатысу келісімі келесі шарттарда жасалады:
1) бөлме саны бойынша теңдестірілген өтем (қабылданатын үлестің тұрғын алаңы реновация объектісіндегі жылжымайтын мүліктің иесі беретін тұрғын алаңынан кем болмауы тиіс);
2) теңдестірілген өтем.
Басқа шарттар тараптардың келісімімен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес белгіленеді.
45. Реновация шеңберінде тұрғын үй құрылысында үлескерлік қатысу келісімі бойынша берілетін үлес құрылыс, санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық, өрт қауіпсіздігі, техникалық және басқа да міндетті нормаларға сәйкес болуы керек.
46. Реновация шеңберінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес уәкілетті компания реновация объектісінің меншік иелеріне және (немесе) реновация объектісіне кіретін жылжымайтын мүлік иелеріне уақытша тұрғын үйді жалдау бойынша шығындарды және (немесе) өзге де шығындарды, уәкілетті компанияның уақытша тұрғын үй беру және (немесе) өтемақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібіне сәйкес өтеуге міндетті.
47. Реновация объектісінің немесе реновация объектісіне кіретін жылжымайтын мүліктің меншік иесі уәкілетті компаниядан үлесті беру туралы шартқа қол қою қажеттігі туралы хабарламаны алған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде үлесті қабылдауға міндетті.
48. Кепілдік жағдайы туындаған кезде уәкілетті компанияның реновация объектісінің және (немесе) реновация объектісіне кіретін жылжымайтын мүлік меншік иелері алдындағы уақытша тұрғын үй беру және (немесе) өтемақы төлеу жөніндегі міндеттемелері уәкілетті компанияның уақытша тұрғын үй беру және (немесе) өтемақы төлеу тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
49. Авариялық тұрғын үйлерді бұзу бойынша Бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілі арқылы іске асырылатын тетік шеңберінде атқарушы орган мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:
1) реновация аймағын айқындайды;
2) реновация объектілерінің тізімдерін жариялайды;
3) қажет болған жағдайда реновация аймақтарында тұрғын үй кешендерін жобалау және салу үшін жер учаскелерін бөледі;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реновация объектілеріне инженерлік-коммуникациялық және (немесе) әлеуметтік инфрақұрылымды жеткізуді және (немесе) жаңғыртуды қамтамасыз етеді.
Авариялық үйлердегі жеке тұрғын үйлердің немесе тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне, олардың келісімі болған жағдайда, алып қойылатын мүліктің орнына жаңадан салынған объектілерден тең дәрежелі тұрғын емес үй-жайлар беріледі.
Ұсынылған нұсқалардан тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері бас тартқан жағдайда, меншік иесіне реквизицияланатын мүліктің нарықтық құны өтеледі.
Азаматтардың үлестік құрылыс саласындағы құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жосықсыз құрылыс салушылардың қызметінің алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдар жосықсыз құрылыс салушылардың тізілімін жүргізеді.
Параграф 3. Реновация бағдарламасы аясында жергілікті бюджет есебінен тұрғын үйді сатып алу немесе салу
50. Қалалық және аудандық тұрғын үй қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық немесе құрылыс бөлімдерінің мемлекеттік мекемелері реновацияға жатқызылған авариялық тұрғын үйлердегі пәтерлердің меншік иелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында пәтерлер сатып алуды немесе тұрғын үйлер салуды жүзеге асырады.
51. Бағдарлама жобаларын іске асыру шеңберінде, егер реновация объектілерін бұзғаннан кейін босатылған жер учаскелері көппәтерлі тұрғын үй салу талаптарына сәйкес келмесе, атқарушы орган өз құзыреті шегінде:
1) жер учаскесін Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізуді бастамашылық етуге;
2) инвестициялық келісім негізінде құрылыс салушыны тарта отырып, жер учаскесін игеру жөніндегі инвестициялық жобаның тапсырыс берушісі (ұйымдастырушысы) болуға;
3) инвестициялық келісімде құрылыс салушының басқа салынып жатқан объектілерден белгілі бір мөлшерде пәтерлерді коммуналдық меншікке беру міндеттемесін көздеуге;
4) әкімші авариялық тұрғын үйді бұзып, жер учаскесін коммуналдық меншікке беруге құқылы.
Осы тармақты іске асыру шеңберінде коммуналдық меншікке алынған тұрғын үй-жайлар реновация объектілерінің меншік иелерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталады.
52. Бағдарлама жергілікті бюджет қаражаты есебінен іске асырылған жағдайда, пәтерлер жалғыз тұрғын үйі авариялық деп танылған азаматтарға беріледі.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық деп танылған жалғыз тұрғын үйде тұратын азаматқа (отбасына) тұрғын үй беру нормасын есептеу кезінде оның меншігіндегі тұрғын үйдің алаңы ескерілмейді.
Егер меншік иесінің тұрғын үйі оның жалғыз тұрғын үйі болып табылмаса, оған алып қойылатын мүліктің нарықтық құны өтеледі.
Әкімшінің балансында бөлме санына сәйкес келетін пәтерлер болмаған жағдайда, әкімші бөлме саны көбірек пәтер ұсынуға құқылы.
53. Әкімші пәтерлердің меншік иелерімен мынадай іс-шараларды жүргізеді: ақпараттандыру, жиналыстар өткізу, қоныс аударуды ұйымдастыру, қабаттылықты айқындау және пәтерлерді бөлу, қоныстану мерзімдерін келісу.
Пәтерлерді бөлу Бағдарлама әкімшісінің балансындағы пәтерлер тізбесі негізінде жүзеге асырылады.
54. Реновация бағдарламасына енгізілген авариялық тұрғын үйлердегі пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне пәтерлерді беру тәртібі тұрғын үйдің техникалық жай-күйі туралы техникалық қорытындыны ұсыну мерзімдеріне сәйкес жергілікті атқарушы орган жанынан құрылған комиссия арқылы жүзеге асырылады.
