Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында қауіпсіздік режимі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы Сәденовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында қауіпсіздік режимі мен құқық тәртібін қамтамасыз ету туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы | |
| Үкіметінің 2026 жылғы 5 қыркүйектегі № 793 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында қауіпсіздік режимі мен құқық тәртібін қамтамасыз ету туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі, бұдан әрі Тараптар деп аталады.
2005 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін реттеу туралы келісімді (бұдан әрі – ШМЫХО қызметін реттеу туралы келісім),
2002 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді (бұдан әрі – Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім),
2005 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді (бұдан әрі – Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім) басшылыққа ала отырып,
"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының (бұдан әрі – Орталық) аумағында қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілікті білдіре отырып,
екіжақты өзара іс-қимылдың құқықтық негізін жетілдіру мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер қолданылады:
1. "Тараптар мемлекетінің құзыретті органдары" – Тараптар мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімде реттелетін, құзыретіне кіретін мәселелерде мемлекеттік органдар мен ведомстволары, сондай-ақ Жетісу облысы (Қазақстан Республикасы үшін) және Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы (Қытай Халық Республикасы үшін) аумағындағы уәкілетті аумақтық бөлімшелері;
2. "Тараптар мемлекетінің құзыретті органдарының қызметкерлері және/немесе әскери қызметшілері" – қызметтік міндеттерін атқару үстіндегі және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес функциялар мен өкілеттіктерді орындайтын Тараптар мемлекетінің құзыретті органдарының қызметкерлері және/немесе әскери қызметшілері.
1. Осы Келісімнің мақсаты – Орталық аумағында қауіпсіздік режимі мен құқық тәртібін қамтамасыз ету.
2. Тараптар мемлекетінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз өкілеттігі шегінде кез келген құқыққа қайшы әрекеттердің, оның ішінде Орталық аумағында кез келген Тарап мемлекеттерінің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттердің алдын алу, анықтау, жолын кесу және тергеп-тексеру, сондай-ақ Орталық аумағындағы олардың азаматтарына, үшінші мемлекеттердің азаматтарына, Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында тіркелген азаматтығы жоқ адамдарға, заңды тұлғаларға және заңды тұлға құрмаған ұйымдарға (қытайлық Тарап үшін) және олардың меншігіне қатысты өзара іс-қимыл жасайды, сонымен қатар іздестірудегі адамдардың орналасқан жерін анықтау немесе ұстау бойынша өзара әрекет етеді.
3. Тараптар мемлекетінің құзыретті органдары жазбаша сұрау салу арқылы қажет болған жағдайда Орталық аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысын басқару, инфрақұрылымдық құрылыстарға қызмет көрсету және бақылау мәселелері бойынша консультацияларға бастамашылық жасайды.
Ынтымақтастықтың негізгі нысандары
1. Қауіпсіздік режимін қамтамасыз ету және құқық тәртібін сақтау бойынша өзара жәрдемдесу кезінде Тараптар мемлекетінің құзыретті органдары өзара тікелей қарым-қатынас орнатады. Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуге, адамдарды ұстап беруге немесе сотталған адамдарды беруге байланысты мәселелер тиісті халықаралық шарттармен реттеледі.
2. Осы Келісім Тараптардың олардың мемлекеттері қатысушы болатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттеріне әсер етпейді.
1. Тараптар өз мемлекетінің ұлттық заңнамаларына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес сұрау салу арқылы өзара ынтымақтастықты жүзеге асырады. Егер ақпарат ұлттық қауіпсіздік мәселелерін қозғайды және екінші Тарап үшін қызығушылық тудырады деп пайымдауға негіз болса, бастамашылық тәртіппен сұрау салусыз ұсынылуы мүмкін.
2. Сұрау салу жазбаша нысанда жіберіледі. Шұғыл жағдайларда сұрау салу факспен, телеграммамен, электрондық поштамен жіберілуі немесе ауызша нысанда берілуі мүмкін, бірақ міндетті түрде 48 (қырық сегіз) сағат ішінде жазбаша расталуға тиіс.
3. Сұрау салуда мыналар көрсетіледі:
1) сұрау салушы және сұрау салынатын Тарап мемлекеті құзыретті органдарының атаулары;
2) сұрау салудың қысқаша мазмұны;
3) сұрау салудың мақсаты мен заңды негізі;
4) қажет болған жағдайда сұрау салуды орындау кезіндегі ерекше тәртіптің сипаттамасы және осы қажеттіліктің негіздемесі;
5) сұрау салудың орындалуы күтілетін мерзімдер;
6) сұрау салудың орындалуына ықпал ететін өзге де мәліметтер.
Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдары сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
4. Сұрау салуға жазбаша нысанда осындай құзыретті органның басшысы (немесе оның орынбасары) қол қояды және елтаңбалық мөрмен бекітеді.
5. Сұрау салу, ілеспе хаттар және растайтын құжаттар сұрау салынатын Тараптың мемлекеттік тіліне аудармасымен бірге жүреді.
6. Егер сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салуды орындау қажеттілігі жойылды деп есептесе, ол бұл туралы сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органына дереу жазбаша хабарлайды.
1. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салуды барынша тез және жан-жақты орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
2. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы мүмкіндігінше қысқа мерзімде сұрау салушы Тарапқа сұрау салудың орындалу нәтижелері туралы ақпарат береді.
3. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе оны айтарлықтай кідіртетін мән-жайлар туралы сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
4. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органының өтініші бойынша Орталық аумағы шегінде сұрау салуды орындау кезінде оның өкілдерінің қатысу мүмкіндігін бере алады. Сұрау салушы Тараптың өкілі сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасын сақтауға тиіс.
5. Егер сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салуды дереу орындау оның аумағында жүзеге асырылатын қылмыстық қудалауға, сот процесіне немесе кез келген өзге де іс жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін деп есептесе, онда ол сұрау салудың орындалуын кейінге қалдыра алады немесе оның орындалуын сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органының консультацияларынан кейін қажет ретінде айқындалған шарттардың сақталуымен байланыстыра алады. Егер сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы ұсынылған шарттармен өзіне жәрдем көрсетілуіне келіссе, онда ол осы шарттарды сақтайды.
6. Сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы қолданылады.
Сұрау салуды орындаудан бас тарту
1. Егер сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне және басқа да қоғамдық мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін не ұлттық заңнамасына және/немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп пайымдаса, жәрдемдесуден толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
2. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салуды алған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін көрсете отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органына жазбаша хабарлайды.
Мәліметтерді пайдалану және беру
1. Тараптар құжаттама мен техникалық жабдықты қоса алғанда осы Келісім шеңберінде алынған немесе берілген және Тараптардың бірі өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектеулі ақпарат ретінде таныған мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету және рұқсатсыз таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдайды.
2. Осы Келісімнің негізінде алынған мәліметтер оларды ұсынған мемлекеттің құзыретті органының алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тараптарға берілуге жатпайды.
3. Мәліметтерді үшінші тарапқа беру қажет болған жағдайда сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы мұндай берудің мақсаты мен тағайындалуын көрсете отырып, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органына тиісті сұрау салу жіберуге міндетті.
4. Сұрау салынатын Тарап, егер мұндай беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, мүдделеріне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін болса немесе оның мемлекетінің ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келсе, мәліметтерді үшінші тарапқа беруден бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салуды алған сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешікпейтін мерзімде сұрау салушы Тарапқа қабылданған шешім және бас тарту себептері туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
5. Сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органына алынған мәліметтердің жоғалу немесе жария болу фактілері немесе қатер туралы дереу хабарлайды, осындай жағдайлардың себептері мен мән-жайларын тергеп-тексереді және оның нәтижелері туралы, сондай-ақ олардың қайталануын болғызбау үшін қабылданған шаралар туралы ақпарат береді.
Құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген және айып тағылған адамдарды қудалау
1. Орталық аумағында құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген және айып тағылған Қазақстан Республикасының, Қытай Халық Республикасының, үшінші мемлекеттердің азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды қудалауды Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өздерінің аумақтық юрисдикциясына сәйкес жүзеге асырады.
Қылмыс жасады деп күдік келтірілген және айып тағылған адамдар бір Тарап мемлекеті Орталығының аумақтық бөлігіне ауысқан жағдайда, тиісті Тарап мемлекетінің құзыретті органдары қудалауды жүзеге асыратын Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына осы Келісімнің 4-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен және мерзімдерде бұл туралы хабарлайды және тергеу мен ұстауға жан-жақты көмек көрсетеді.
2. Орталық аумағындағы жаппай тәртіпсіздіктер, террористік актілер, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар кезінде Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары оларды бейтараптандыру үшін барлық заңды шараларды қабылдайды. Алайда, егер Тараптардың бірі сұрау салу жібермеген немесе рұқсат алмаған жағдайларда, оның ішінде форс-мажорлық мән-жайларға теңестірілетін зілзалалар жағдайында, екінші Тарап мемлекеттерінің құзыретті органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері Орталықтың аумақтық бөліктері арасындағы шекараны кесіп өтуге құқылы емес.
Құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген немесе айып тағылған адамдарды қамауда ұстау және оларды қамаудан босату олар Орталықтың қай аумақтық бөлігінде орналасса, сол Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мұндай адамдарға ШМЫХО қызметін реттеу туралы келісімнің 15-бабының 5 және 6-тармақтарының ережелері қолданылмайды.
Мемлекеттік шекараны кесіп өту және ұсталған немесе қамақтағы адамдардың, сондай-ақ тиісті әкімшілік немесе қылмыстық процестің өзге де қатысушыларының Орталықта болу шарттары
1. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары Орталықтың өз аумақтық бөлігінде Қазақстан немесе Қытай тарапынан Орталыққа кірген және Орталық немесе Тараптар мемлекеттерінің аумағында құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының, Қытай Халық Республикасының, үшінші мемлекеттердің азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды екінші Тараптың шекара ведомствосын бір мезгілде хабардар ете отырып, кіру және шығу рәсімін ресімдегеннен кейін ұстауға, қамаққа алуға және Орталықтан шығаруға құқылы.
2. Қазақстан немесе Қытай тарапынан Орталыққа кірген және әкімшілік немесе қылмыстық процестің (қазақстандық тарап үшін) / сот ісін жүргізудің (қытайлық тарап үшін) жәбірленушілері, куәгерлері немесе өзге де қатысушылары болатын Қазақстан Республикасының, Қытай Халық Республикасының, үшінші мемлекеттердің азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар екінші Тараптың шекара ведомствосын бір мезгілде хабардар ете отырып, кіру және шығу рәсімдерін ресімдейді және олардың әкімшілік немесе қылмыстық істер бойынша іс жүргізуге қатысуы қажет болған жағдайда Тараптар аумағына кіруге және уақытша болуға жіберіледі.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген адамдардың кіруі мен болуына Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органының әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізуді қозғау не жүргізу туралы ресми хаты (хабарламасы) және жарамды жол жүру құжаттары негіз болады.
4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген адамдардың Тараптар мемлекетінің аумақтарында болмаған жағдайларда Тараптар мемлекетінің құзыретті органдары олардың Орталық аумағына қайтарылуын қамтамасыз етеді.
1. Кез келген Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салу мен оның мазмұнын қоса алғанда, осы Келісімге сәйкес екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органынан алынған ақпараттың құпиялылығын қатаң сақтайды.
2. Тараптардың мемлекеттік құпияларды (және өзге де құпияны) құрайтын мәліметтер бар ақпаратты бір-біріне беруі Тараптар мемлекетінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Сұрау салуды орындау барысында құпиялылық қамтамасыз ету мүмкін емес жағдайда сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салатын Тарап мемлекетінің құзыретті органын хабардар етеді, ол сұрау салудың құпиялылықты бұза отырып одан әрі орындалуға жататынын-жатпайтынын айқындауға тиіс.
4. Мәліметтің құпиялылық дәрежесін жіберуші Тарап мемлекетінің құзыретті органы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес айқындайды.
Орталықта болу мерзімдерін есептеу
1. Тараптар Орталық аумағында болу мерзімдерін есептеуді өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізеді.
2. Орталық аумағында жүрген, құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілген немесе айып тағылған адамдар ұсталған немесе қамаққа алынған кезде олардың осы аумақта болу мерзімдерін есептеу тиісті органдар шешім шығарғанға дейін тоқтатыла тұрады.
3. Егер бұрын күдік келтірілген немесе айып тағылған адам босатылғаннан кейін Орталық аумағына қайтарылса, болу мерзімдерін есептеу қайта басталады.
4. Егер осы Келісімнің 10-бабының 2-тармағында көрсетілген адамдар Орталықтан кетсе, олардың Орталық аумағында болу мерзімі олар қайтарылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімді орындау үшін ақпаратты жедел алмасу мақсатында байланыс деректерін (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), лауазымы, қызметтік телефондарының, кезекші, мобильдік телефондарының, факстерінің нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары) алмасады.
Даулар мен келіспеушіліктерді шешу
Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты туындауы мүмкін даулар Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімді орындау барысында туындайтын өз шығыстарын дербес көтереді.
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
17-бап
Күшіне енуі және қолданысын тоқтату
1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданысы тоқтатылғанға дейін Тараптар жіберген сұрау салулардың орындалуына әсер етпейді.
3. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Тараптар мүмкіндігінше қысқа мерзімде дипломатиялық арналар арқылы өз мемлекеттерінің Келісім ережелерін іске асыруға жауапты құзыретті органдары туралы бір-бірін хабардар етеді.
20__ жылғы "____" _____ _________ әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей. Түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алады.
|
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі үшін |