"Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 қазандағы № 763 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 10 қыркүйектегі № 808 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 қазандағы № 763 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларында:

      2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат – кеңейтілген міндеттемелерді өндірушілердің (импорттаушылардың) орындағанын растайтын, ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған құжат;";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Кәдеге жарату төлемін оператормен шарт жасасқан өндірушілер (импорттаушылар) енгізеді, оларға:

      Кодекстің 388-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторымен шарт жасасқан және қарсы талаптары бар өндірушілер;

      кәдеге жарату төлемінің мөлшерін есептеу коэффициенті 0 деп айқындалған электр қозғалтқышы бар автокөлік құралдарын өндірушілер (импорттаушылар) кірмейді.";

      10-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) оператормен шарт жасасқан өндірушілер (импорттаушылар) үшін – кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат алған кезден бастап;";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Өнімнің және оның (олардың) қаптамасының тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы үлгілік шарттың нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      Шарт оған оператордың қол қоюы шартымен өндірушінің (импорттаушының) оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруы арқылы өнім әкелінген немесе шығарылған кезден бастап жасалды деп есептеледі.";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Шарт жасалғаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағына өнім әкелуді жүзеге асыратын өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыруы мынадай міндетті кезеңдерді қамтиды:

      1) кәдеге жарату төлемін енгізуге және кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат алуға өтінім (бұдан әрі – өтінім) оператордың интернет-ресурсы арқылы немесе қағаз жеткізгіште беріледі.

      Кодекстің 386-бабы 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда кәдеге жарату төлемін енгізуге арналған өтініммен бір мезгілде Қазақстан Республикасында экологиялық таза автомобиль көлік құралдарын (Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінде белгіленген экологиялық сыныпқа сәйкес келетін; электр қозғалтқыштары бар) және олардың құрамдастарын, сондай-ақ техникалық регламенттерде айқындалған экологиялық талаптарға сәйкес келетін өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді ынталандыру қағидаларына сәйкес қаржыландыру туралы өтініш беріледі, бұл Қағидалар Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 21 шілдедегі № 263 және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 29 шілдедегі № 400 бірлескен бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23867 болып тіркелген).

      Өндіруші (импорттаушы) осы Қағидаларға сәйкес өтінімге қоса берілетін құжаттардың түпнұсқалығына және оларда көрсетілетін мәліметтердің дұрыстығына кепілдік береді.

      Тізбеде көзделген, кәдеге жарату төлемінің мөлшерін есептеу үшін мөлшерлемелер және (немесе) коэффициенттер белгіленбеген не коэффициент 0 деп айқындалған өнімге қатысты өтінім берілмейді, бұл электр қозғалтқышы бар автокөлік құралдарына қолданылмайды;

      2) оператор өтінімді қоса берілген құжаттармен бірге қарайды және өтінім беруші ұсынған деректердің негізінде әдістемеге сәйкес кәдеге жарату төлемінің мөлшерін есептейді, өндіруші (импорттаушы) өтінім берген кезден бастап үш жұмыс күні ішінде кәдеге жарату төлемін енгізуге арналған шотты электрондық түрде және (немесе) қағаз жеткізгіште ұсынады.

      Кодекстің 386-бабы 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда өтінім кәдеге жарату төлемін енгізуге шот ұсынылмаса да қаралады.

      Өтінім мынадай жағдайларда кері қайтарылуға тиіс:

      осы Қағидаларда көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмағанда;

      өтінімде көрсетілген мәліметтер өтінімге қоса берілетін құжаттардағы мәліметтерге сәйкес келмегенде;

      оператордың интернет-ресурсының электрондық паспорттардың ұлттық жүйесімен ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы электрондық паспорттардың ұлттық жүйесінде ұлттық оператор берген "аяқталмаған" мәртебесі бар көлік құралының электрондық паспорты операторға ұсынылмағанда;

      3) өндірушілер (импорттаушылар) кәдеге жарату төлемін осы Қағидаларда белгіленген мерзімдерде енгізеді, оларға:

      Кодекстің 388-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторымен шарт жасасқан және кәдеге жарату төлемін енгізу жөніндегі міндеттемелері өзара есепке жатқызу арқылы толық көлемде тоқтатылатын қарсы талаптары бар өндірушілер;

      кәдеге жарату төлемінің мөлшерін есептеу коэффициенті 0 деп айқындалған электр қозғалтқышы бар автокөлік құралдарын өндірушілер (импорттаушылар) кірмейді;

      4) кәдеге жарату төлемі есептік шотқа толық көлемде енгізілген кезден бастап үш жұмыс күні ішінде оператор кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат береді.

      Электр қозғалтқыштарымен жабдықталған, 0 коэффициенті белгіленген автокөлік құралдарына қатысты кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификатты оператор осы Қағидалардың 14-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қалыптастырылған төлем шотымен бір мезгілде береді.

      Кодекстің 386-бабы 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда кәдеге жарату төлемін енгізу туралы сертификатты оператор өтінім және Қазақстан Республикасында экологиялық таза автомобиль көлік құралдарын (Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінде белгіленген экологиялық сыныпқа сәйкес келетін; электр қозғалтқыштары бар) және олардың құрамдастарын, сондай-ақ техникалық регламенттерде айқындалған экологиялық талаптарға сәйкес келетін өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді ынталандыру қағидаларына сәйкес қаржыландыру туралы өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынады, аталған Қағидалар Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 21 шілдедегі № 263 және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 29 шілдедегі № 400 бірлескен бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23867 болып тіркелген).

      Кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификатты оператор төлемақыны оператордың пайдасына өндіріп алу туралы сот шешімінің, нотариустың атқарушылық жазбасының немесе оператордың кәдеге жарату төлемін енгізу қажеттігі туралы хабарламасының негізінде өндіруші (импорттаушы) сот шешімінде, нотариустың атқарушылық жазбасында немесе оператордың хабарламасында көрсетілген мөлшерде кәдеге жарату төлемі түріндегі ақшаны оператордың банктік шотына енгізгеннен кейін беруі мүмкін.

      Кәдеге жарату төлемін енгізуді үшінші тұлға жүргізуі мүмкін.";

      мынадай мазмұндағы 14-1-тармақпен толықтырылсын:

      "14-1. Кәдеге жарату төлемін енгізу туралы сертификатқа өзгерістер енгізу өндірушінің (импорттаушының) оператордың ресми интернет-ресурсы арқылы осы Қағидалардың 15, 16, 17 және 28-тармақтарында көзделген құжаттармен және өзгерістер енгізу қажеттігін растайтын өзге де құжаттармен (бар болса) қоса түзетуге өтінім беруі негізінде жүзеге асырылады.

      Өндіруші (импорттаушы) осы Қағидаларға сәйкес кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификатты түзету үшін ұсынылатын құжаттардың түпнұсқалығына және оларда көрсетілетін мәліметтердің дұрыстығына кепілдік береді.

      Кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификатты түзетуге арналған өтінім түскен күнінен бастап 6 (алты) жұмыс күні ішінде оны оператор қарастырады.

      Түзетуге арналған өтінімді қарау нәтижелері бойынша оператор кәдеге жарату төлемін енгізу туралы сертификатқа түзету енгізеді не мынадай негіздер болған кезде өтінімді қабылдамайды:

      1) осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген растайтын құжаттардың болмауы;

      2) кәдеге жарату төлемін енгізу туралы сертификатта (бұған дейін – төлемнің толықтығы туралы құжат) сәйкестендіру нөмірі қате көрсетілген көлік құралының Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің дерекқорындағы мәліметтерге сәйкес тіркеу есебінде тұруы;

      3) өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының сәйкестендіру немесе зауыттық нөмірінің 2 (екі) таңбасынан астамын түзету;

      4) кәдеге жарату төлемінің сомасы ұлғайған жағдайда қосымша төлемнің болмауы.";

      23 және 24-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Автокөлік құралдарына қатысты кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат алу жөніндегі міндеттемені өндірушілер (импорттаушылар) Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасына сәйкес автокөлік құралы бастапқы тіркелгенге дейін орындайды, бұл талап Қазақстан Республикасының аумағына автокөлік құралдарын өз мұқтажы үшін әкелетін, жеке тұлға болып табылатын импорттаушыларға қолданылмайды.

      Қазақстан Республикасының аумағына автокөлік құралдарын өз мұқтажы үшін әкелетін, жеке тұлға болып табылатын импорттаушылар автокөлік құралдарына қатысты кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат алу жөніндегі міндеттемені Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес автокөлік құралы еркін айналысқа шығарылғанға дейін орындайды.

      Өндірушілер (импорттаушылар) өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасына қатысты кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат алу жөніндегі міндеттемені олар алғашқы мемлекеттік тіркелгенге дейін, бірақ Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы заңнамасына сәйкес шығарылған немесе әкелінген күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей орындайды.

      Өндірушілер (импорттаушылар) автокөлік құралдарын олар бастапқы тіркелгенге дейін өткізген жағдайда кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат алу жөніндегі міндеттеме мұндай автокөлік құралдары өткізілгенге дейін орындалады.

      Өндірушілер (импорттаушылар) өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын осы тармаққа сәйкес олар бастапқы тіркелгенге дейін өткізген жағдайда кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат алу жөніндегі міндеттеме осындай өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы өткізілгенге дейін, бірақ ол шығарылған немесе әкелінген күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмей орындалады.

      24. Оператор өндірушілерге (импорттаушыларға) беретін кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерді орындағанын растайтын құжат болып табылады, онда мынадай деректер көрсетіледі:

      автокөлік құралдары үшін сәйкестендіру нөмірі;

      өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы үшін сәйкестендіру нөмірі немесе зауыттық нөмір;

      өндірушінің (импорттаушының) бизнес-сәйкестендіру нөмірі немесе жеке сәйкестендіру нөмірі.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат алған күннен бастап автокөлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері орындалды деп есептеледі, ал көлік құралдарының тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер операторға ауысады.";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Автокөлік құралдарын және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер (импорттаушылар) кейіннен кәдеге жарату төлемін енгізу үшін өтінімге мыналарды қоса береді:

      1) Қазақстан Республикасында өндірілгендер үшін:

      өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы үшін:

      өздігінен жүретін машина паспортының көшірмесі;

      Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес ресімделген сәйкестікті бағалау туралы құжаттың көшірмесі;

      Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес бекітілген нысан бойынша қорларды басқа жаққа босатуға арналған жүкқұжаттың көшірмесі;

      Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 шешімімен бекітілген "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламенті (бұдан әрі – КО ТР 018/2011) қолданылатын автокөлік құралдары үшін:

      көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктің көшірмесі немесе көлік құралының типін мақұлдаудың көшірмесі;

      электрондық паспорттардың ұлттық жүйесінде ұлттық оператор берген "аяқталмаған" мәртебесі бар көлік құралының электрондық паспорты, ол оператордың интернет-ресурсы мен электрондық паспорттардың ұлттық жүйесінің ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы операторға беріледі;

      КО ТР 018/2011 қолданылмайтын автокөлік құралдары (өздігінен жүретін машиналар) үшін:

      көлік құралы (өздігінен жүретін машина) паспортының көшірмесі;

      Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес сәйкестікті бағалау туралы құжаттың көшірмесі;

      2) Қазақстан Республикасына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден әкелінгендер үшін:

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күнді растау үшін мемлекеттік бақылаудан өткені туралы талонның көшірмесі;

      автокөлік құралын өндірушінің өкілдері болып табылатын заңды тұлғалар:

      аталған тұлғалар өтініш беруші және (немесе) өкіл ретінде көрсетілген автокөлік құралдары үшін көлік құралдарының типін мақұлдау құжатының көшірмесі;

      электрондық паспорттардың ұлттық жүйесінде ұлттық оператор берген "аяқталмаған" мәртебесі бар көлік құралының электрондық паспорты, ол оператордың интернет-ресурсы мен электрондық паспорттардың ұлттық жүйесінің ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы операторға беріледі;

      заңды тұлғалар немесе дара кәсіпкерлер:

      дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама (дара кәсіпкерлер үшін);

      КО ТР 018/2011 қолданылатын автокөлік құралдары үшін:

      өнім соған сәйкес ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне орналастырылған кедендік декларацияның көшірмесі;

      электрондық паспорттардың ұлттық жүйесінде ұлттық оператор берген "аяқталмаған" мәртебесі бар көлік құралының электрондық паспорты, ол оператордың интернет-ресурсы мен электрондық паспорттардың ұлттық жүйесінің ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы операторға беріледі;

      көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктің көшірмесі;

      КО ТР 018/2011 қолданылмайтын автокөлік құралдары (өздігінен жүретін машиналар) үшін:

      өнім соған сәйкес ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне орналастырылған кедендік декларацияның көшірмесі;

      көлік құралы (өздігінен жүретін машина) паспортының көшірмесі;

      Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес берілген сәйкестікті бағалау туралы құжаттың көшірмесі;

      өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы үшін:

      өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы соған сәйкес ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға арналған кедендік декларацияның көшірмесі;

      өздігінен жүретін машина паспортының көшірмесі;

      өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасына арналған сәйкестік сертификатының көшірмесі;

      жеке тұлғалар:

      автокөлік құралдары үшін – көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктің көшірмесі (КО ТР 018/2011 қолданылатын автокөлік құралдары үшін);

      өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы үшін:

      өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы соған сәйкес ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға арналған кедендік декларацияның көшірмесі;

      өздігінен жүретін машина паспортының көшірмесі;

      өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасына арналған сәйкестік сертификатының көшірмесі.

      Кәдеге жарату төлемін есептеу үшін қажетті деректерді айқындау мүмкін болмаған жағдайда оператор мыналарды сұратады:

      көлік жүкқұжатының көшірмесі (әкелінетін автомобильдердің сәйкестендіру нөмірі не өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының сәйкестендіру немесе зауыттық нөмірін көрсетіп) немесе халықаралық тасымалды растайтын CMR халықаралық көлік жүкқұжатының көшірмесін (әкелінетін автокөлік құралдарының сәйкестендіру нөмірін не өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының сәйкестендіру немесе зауыттық нөмірін көрсетіп);

      шот-фактураның көшірмесі не инвойстың көшірмесі (бар болса);

      3) Қазақстан Республикасына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан әкелінгендер үшін – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күнді растау үшін мемлекеттік бақылаудан өткені туралы талонның көшірмесі. Мемлекеттік бақылаудан өткені туралы талон болмаған жағдайда өтінім берілген күн шекараны кесіп өткен күн болып есептеледі.

      Сондай-ақ Қазақстан Республикасына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан әкелінгендер үшін мынадай құжаттар қоса беріледі:

      өздігінен жүретін машина паспортының көшірмесі немесе электрондық паспорттардың ұлттық жүйесінде ұлттық оператор берген "аяқталмаған" мәртебесі бар көлік құралының электрондық паспорты, ол оператордың интернет-ресурсы мен электрондық паспорттардың ұлттық жүйесінің ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы операторға беріледі;

      автокөлік құралдары үшін көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктің көшірмесі немесе көлік құралының типін мақұлдаудың көшірмесі және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы үшін сәйкестік сертификатының көшірмесі;

      Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің экспорттаушысынан Қазақстан Республикасындағы импорттаушыға берілгенін растайтын, берілетін автокөлік құралдарының сәйкестендіру нөмірі не өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының сәйкестендіру немесе зауыттық нөмірі көрсетілген қабылдау-тапсыру актісінің көшірмесі (бар болса);

      көлік жүкқұжатының көшірмесі (әкелінетін автомобильдердің сәйкестендіру нөмірі не өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының сәйкестендіру немесе зауыттық нөмірін көрсетіп) немесе халықаралық тасымалды растайтын CMR халықаралық көлік жүкқұжатының көшірмесі (әкелінетін автокөлік құралдарының сәйкестендіру нөмірін не өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының сәйкестендіру немесе зауыттық нөмірін көрсетіп) (бар болса).";

      37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "37. Өндіруші (импорттаушы) енгізген кәдеге жарату төлемі болған және Кодекстің 386-бабы 6-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес кейіннен өнімді өндіруші (импорттаушы) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс өзі әкеткен жағдайда өндірушілердің (импорттаушылардың) артық және (немесе) қате төленген сомаларды оператор айқындайтын тәртіппен қайтаруға құқығы қалады.

      Кәдеге жарату төлемі енгізілген өнім үшін өндірушіге (импорттаушыға) артық және (немесе) қате төленген сомаларды қайтару осы өнімді өндіруші (импорттаушы) Қазақстан Республикасының шегінен тыс өткізген жағдайда жүргізіледі.";

      39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын;

      "39. Оператор өндірушілерден және импорттаушылардан өзінің банктік шотына Кодекстің талаптарына сәйкес кәдеге жарату төлемі түрінде түскен ақшаны Қазақстан Республикасында қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту және қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыру мақсатында Кодекстің 388-бабында көзделген бағыттарға сәйкес оператор айқындайтын тәртіппен жібереді.";

      43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындамаған не толық көлемде орындамаған өндірушілерге және (немесе) импорттаушыларға осы Қағидалардың 41, 41-1 және 41-2-тармақтарына сәйкес алынған, ұсынылған мәліметтерді талдау нәтижелері бойынша оператор кәдеге жарату төлемін енгізу қажеттігі туралы оның сомасы көрсетілген хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) жібереді.

      Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындамаған не толық көлемде орындамаған өндірушілер және (немесе) импорттаушылар операторға енгізуге тиіс кәдеге жарату төлемінің сомасын есептеу осы Қағидалардың 20 немесе 23-тармақтарында көзделген мерзімдер аяқталған кезде қолданыста болған мөлшерлемелер мен коэффициенттер бойынша жүргізіледі.

      Оператор хабарламаны өндірушіге (импорттаушыға) осы Қағидалардың 42, 42-1 және 42-2-тармақтарында көзделген мәліметтерде көрсетілген мекенжайлар бойынша жіберген кезден бастап хабарлама жеткізілді деп есептеледі.

      Осы Қағидалардың 42-тармағында көзделген мемлекеттік кірістер органдарының мәліметтерінде әдістемеге сәйкес кәдеге жарату төлемін есептеу үшін қажетті өнім және (немесе) өнім қаптамасының салмағы туралы ақпарат болмаған жағдайда оператор анықтамалықты пайдаланады.

      Өндіруші және (немесе) импорттаушы кәдеге жарату төлемін оператордың хабарламасы негізінде өтінім бермей енгізеді.

      Автокөлік құралы бастапқы тіркелгеннен кейін оператор кәдеге жарату төлемін енгізу кезінде импорттаушы ұсынған мәліметтердің дұрыстығын оларды мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректерімен, көлік құралының электрондық паспортымен (бар болса), көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікпен (бар болса) және өзге де құжаттармен салыстыру арқылы бақылауды жүзеге асырады.

      Кәдеге жарату төлемінің мөлшеріне әсер ететін техникалық сипаттамаларға мәліметтердің сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда оператор импорттаушыға анықталған сәйкессіздіктерді жою және (немесе) кәдеге жарату төлемінің кем төленген сомасын енгізу қажеттігі туралы хабарлама жібереді. Импорттаушы анықталған сәйкессіздіктерді оператор хабарлама жіберген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жоюға және кәдеге жарату төлемін енгізу жөніндегі міндеттемелерді орындауға міндетті.";

      44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. Өндірушіде немесе импорттаушыда кәдеге жарату төлемі сомасының оператордың хабарламасында көрсетілген кәдеге жарату төлемінің сомасынан өзгешеленетінін растайтын мәліметтер болған жағдайда өндіруші немесе импорттаушы мұндай мәліметтерді оператордың атына осы Қағидалардың 15, 16, 17 және 28-тармақтарында көрсетілген растайтын құжаттармен қоса ұсынады. Кәдеге жарату төлемінің сомасын растайтын мәліметтерді алған кезде оператор кәдеге жарату төлемінің сомасын қайта есептеуді жүзеге асырады. Өндіруші немесе импорттаушы ұсынған мәліметтер расталған жағдайда оператор өндірушінің (импорттаушының) атына хат жіберу арқылы кәдеге жарату төлемінің түзетілген сомасы туралы хабарлайды.

      Өндіруші (импорттаушы) өнімнің экспорты және (немесе) реимпорты туралы ақпарат берген жағдайда оператор Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарының атына, оның ішінде ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы, осындай ақпаратты растау туралы сұрату жібереді.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары өндіруші (импорттаушы) ұсынған өнімнің экспорты және (немесе) реимпорты туралы ақпаратты растау және (немесе) теріске шығару туралы мәліметтерді сұрату алынған кезден бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде, оның ішінде ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы, операторға жібереді.

      Өнімнің экспорты және (немесе) өнімнің реимпорты расталған жағдайда (бұрын кәдеге жарату төлемі енгізілген) оператор мұндай өнімге кәдеге жарату төлемін есептеуді жүзеге асырмайды.";

      47-тармақтың 7) тармақшасы алып тасталсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады