Мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік функцияларды цифрлық трансформациялау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2026 жылғы 7 қазандағы № 164-ө өкімі

      Мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік функцияларды цифрлық трансформациялау, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен функцияларды оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау мақсатында:

      1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік функцияларды цифрлық трансформациялау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      3. "Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2023 жылғы 3 қарашадағы № 169-ө өкімінің күші жойылды деп танылсын.

      Премьер-Министр О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2026 жылғы 7 қазандағы
№ 164-ө өкіміне
қосымша

Мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік функцияларды цифрлық трансформациялау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі, төраға

      Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің төрағасы, хатшы

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының Жасанды интеллект және цифрлық трансформация бөлімінің меңгерушісі

      "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісу бойынша)

      "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің "Цифрлық үкіметті қолдау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының кеңесшісі (келісу бойынша)

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры (келісу бойынша)

      "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

      "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту департаментінің директоры (келісу бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2026 жылғы 7 қазандағы
№ 164-ө өкімімен
бекітілген

Мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік функцияларды цифрлық трансформациялау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік функцияларды цифрлық трансформациялау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссияның мақсаты мемлекеттік қызметтер көрсету саласын жетілдіру, мемлекеттік функцияларды цифрлық трансформациялау, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен функцияларды оңтайландыру және автоматтандыру болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      5. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

2-тарау. Комиссияның міндеті

      6. Комиссияның негізгі міндеті:

      1) мемлекеттік функцияларды іске асыру және мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін реинжинирингтеу, оңтайландыру және автоматтандыру;

      2) артық әкімшілік рәсімдерді жою және мемлекеттік органдардың келісуші бөлімшелерінің санын қысқарту;

      3) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің ведомствоаралық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

      4) мемлекеттік функцияларды іске асыру және мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде адами факторды болдырмау;

      5) жаңа мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді айқындау және қолданыстағыларын өзектілендіру, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды іске асыру процестерін жетілдіру;

      6) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді "бір өтініш" қағидатына ауыстыру;

      7) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді проактивті нысанға ауыстыру;

      8) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу үшін көрсетілетін қызметтерді алушылар ұсынатын қағаз құжаттардың санын қысқарту не оларды электрондық нысанға көшіру немесе оларды мәліметтер нысанымен ауыстыру;

      9) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына беру мәселелерін қоса алғанда, мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік функцияларды цифрлық трансформациялау мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұстанымдар тұжырымдау болып табылады.

3-тарау. Комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі

      7. Комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрылуы, қызметі және таратылуы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады