Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы № 234 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 26 желтоқсанда № 19769 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 13-3-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.07.2026 № 112 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. "Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 224 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17612 болып тіркелген, 2018 жылғы 7 қарашада Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 234 қаулысымен
бекітілді

Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 13-3-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, қаржы ұйымдарының және (немесе) қаржы саласында қызметті, қаржы ресурстарының шоғырлануымен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғалардың (бұдан әрі – қатысушылар) ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру тәртібін белгілейді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.07.2026 № 112 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Ерекше реттеу режимі Заңның 13-3-бабының 2-тармағында айқындалған мақсаттарға қол жеткізу үшін енгізіледі.

2-тарау. Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою тәртібі

      3. Ерекше реттеу режимі уәкілетті орган Басқармасының шешімімен енгізіледі және оның күші жойылады.

      Көрсетілетін төлем қызметтеріне байланысты ерекше реттеу режимін енгізу уәкілетті орган Басқармасының шешімімен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша жүзеге асырылады.

      Уәкілетті орган Басқармасының ерекше реттеу режимін енгізу немесе оның күшін жою туралы шешімі оны қабылдаған күнінен бастап күшіне енеді.

      Ерекше реттеу режимін енгізу немесе оның күшін жою туралы ақпарат уәкілетті органның ресми интернет-ресурсына орналастырылады.

      4. Ерекше реттеу режимі шеңберіндегі қызмет уәкілетті орган мен қатысушы арасында жасалатын ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт (бұдан әрі – шарт) негізінде жүзеге асырылады.

      5. Шарттың қолданылу мерзімі тараптардың келісімі бойынша айқындалады, бірақ Заңның 13-3-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімнен аспайды.

      6. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асырудың арнайы талаптарын, қаржы саласындағы қызметтің, қаржы ресурстарының шоғырлануымен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметтің түрлерін, шарттың қолданылу мерзімін, тұтынушылар санын, міндеттемелер көлемін, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексі, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы", "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы", "Микроқаржылық қызмет туралы", "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" және "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының заңдарының ерекше реттеу режиміне қатысушыларға қолданылу шектерін әрбір қатысушыға қатысты жеке-жеке айқындайды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.07.2026 № 112 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Ерекше реттеу режимінің:

      1) барлық қатысушылар ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыруды тоқтатқан кезде;

      2) уәкілетті орган ерекше реттеу режиміне барлық қатысушылармен шарттарды біржақты тәртіппен бұзған кезде күші жойылады. Заңның 13-4-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда уәкілетті орган шартты біржақты тәртіппен бұзады.

      Уәкілетті органның Заңның 13-4-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда төлем қызметтерімен байланысты қызметке қатысты шартты біржақты тәртіппен бұзуы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісім бойынша жүзеге асырылады.

      8. Ерекше реттеу режимі енгізілген мерзімнің аяқталуына байланысты ерекше реттеу режимінің күші жойылған не оның қолданылуы тоқтатылған жағдайда шарттың қолданылуы тоқтатылады және қатысушы ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асырылатын қызметті тез арада тоқтатады.

      Шарттың қолданылуы тоқтатылған кезде қатысушы 5 (бес) жұмыс күні ішінде өзінің тұтынушыларына ерекше реттеу режимі шеңберіндегі қызметін тоқтататындығы туралы жазбаша хабарлайды және ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы тұтынушылармен жасасқан шарттардың (бұдан әрі – тұтынушылармен жасасқан шарт) талаптарында және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарында айқындалған тәртіппен және мерзімде өздерінің тұтынушылары алдындағы міндеттемелерін орындайды.

      Шарттың қолданылуын тоқтатқан кезде қатысушының тұтынушылармен жаңа шарттарды жасасуына, сондай-ақ тұтынушылармен қолданыстағы шарттарды ұзартуына немесе оларды өзгертуіне жол берілмейді.

3-тарау. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру тәртібі

      9. Уәкілетті орган ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыратын қатысушының шартқа сәйкес қабылданған міндеттемелерді сақтауына ай сайын мониторинг жүргізеді.

      10. Қатысушы ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асырған кезде:

      1) қызметті жүзеге асырғанға дейін тұтынушыға:

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қатысушы жүзеге асыратын қызмет;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қатысушының қызметті жүзеге асыруына байланысты тәуекелдер;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру талаптары мен тәртібі, оның құны (мөлшерлемелері, тарифтері), қатысушының ішкі қағидаларында айқындалған тұтынушымен шарт жасасу үшін қажетті құжаттардың тізбесі;

      қатысушының орналасқан жері, пошта және электрондық мекенжайлары, интернет-ресурсы және байланыс телефондары туралы хабарлайды;

      2) уәкілетті органнан тиісті ақпаратты алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тұтынушыларға енгізілген ерекше реттеу режимінің мерзімдері мен талаптарының өзгергені туралы хабарлайды;

      3) ай сайын, айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын қызметтің аралық нәтижелері туралы ақпаратты ұсынады.

      11. Шарттың қолданылу мерзімі Заңның 13-3-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімнен аспайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады