"Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жел электр станцияларының жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне әсерін бағалау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі |
А. Куантыров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрлігі
| 2026 жылғы 18 қыркүйектегі № 208 бұйрығымен бекітілген |
Жел электр станцияларының жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне әсерін бағалау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жел электр станцияларының жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне әсерін бағалау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және жел электр станцияларын жобалау кезінде олардың жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне әсерін бағалау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жобалау аумағы – жел энергетикалық қондырғыларды, кірме жолдарды, инженерлік және өзге де инфрақұрылым объектілерін орналастыруға арналған жер учаскесін, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған іргелес аумақты қоса алғанда, жобаланатын жел электр станциясы орналастырылатын аумақ;
2) сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлері – Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарлар түрлері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес қорғауға жататын өзге де жануарлар түрлері;
3) далалық зерттеп-қарау – жануарлар дүниесі объектілерінің жай-күйі, олардың мекендеу, көбею, қоректену, тынығу, қыстау, шоғырлану орындары және көші-қон жолдары туралы мәліметтер алу мақсатында тікелей жобалау аумағында және ықтимал әсер ету аймағында жүргізілетін зерттеулер кешені;
4) жануарлар дүниесі үшін маңызы бар учаске – жануарлар дүниесі объектілерінің мекендеу, көбею, қоректену, тынығу, қыстау, шоғырлану орындары не көші-қон жолдары орналасқан, олар туралы мәліметтер жануарлар дүниесін мемлекеттік есепке алу және мониторинг деректерімен, жануарлар дүниесінің мемлекеттік кадастрымен, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құжаттарымен не ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен расталған аумақ;
5) ықтимал әсер ету аймағы – жел электр станциясын салу және пайдалану жануарлар дүниесі объектілеріне тікелей немесе жанама әсер етуі мүмкін аумақ, оның шекаралары объектінің сипаттамалары, жер бедерінің ерекшеліктері, жануарлардың мекендеу орындары, олардың көші-қон жолдары және мұндай әсердің таралуы тәуелді болатын факторлар ескеріле отырып айқындалады;
6) жел электр станцияларының әсеріне сезімтал жануарлар түрлері – ғылыми зерттеулердің немесе мемлекеттік мониторингтің нәтижелері негізінде жел электр станцияларын салу және пайдалану кезінде теріс әсер ету ықтималдығы жоғары екені анықталған жануарлар түрлері, оның ішінде қоныс аударатын, колониялық және жыртқыш құстардың түрлері, қолқанаттылар, сондай-ақ жобалау аумағының ерекшеліктері ескеріле отырып айқындалатын өзге де түрлер;
7) алдын ала зерттеп-қарау аймағы – далалық зерттеп-қарау басталғанға дейін айқындалатын, оның шегінде жобаланатын жел электр станциясының ықтимал әсерін айқындау және ықтимал әсер ету аймағының шекараларын нақтылау мақсатында жануарлар дүниесі объектілерінің жай-күйі, олардың мекендеу, көбею, қоректену, тынығу, қыстау, шоғырлану орындары және көші-қон жолдары туралы бастапқы деректер жиналатын аумақ;
8) әсерді бағалау нәтижелері – жобаланатын жел электр станциясының жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне ықтимал әсері туралы қорытындыларды, сондай-ақ мұндай әсердің алдын алу немесе оны азайту жөніндегі ұсыныстарды қамтитын жүргізілген әсерді бағалаудың құжатталған нәтижелері;
9) зерттеу шектеулері – маусымдылыққа, табиғи-климаттық жағдайларға, аумақтың қолжетімсіздігіне, бастапқы деректердің жеткіліксіздігіне немесе әсерді бағалау нәтижелерінің толықтығына ықпал етуі мүмкін басқа да объективті мән-жайларға байланысты жағдайлар;
10) әсерді бағалау нәтижелерінің белгісіздігі – объективті себептерге байланысты қолда бар деректердің толық болмау немесе жеткіліксіз болу дәрежесі, ол әсерді бағалау нәтижелерін түсіндіру және жануарлар дүниесі объектілеріне әсердің алдын алу және оны азайту жөніндегі шараларды әзірлеу кезінде ескеріледі;
11) бастапқы деректер – әсерді бағалауды жүргізу үшін пайдаланылатын жобалау аумағы, ықтимал әсер ету аймағы, жануарлар дүниесі объектілері және жобалық шешімдер туралы мәліметтер;
12) әсердің алдын алу немесе оны азайту жөніндегі іс-шаралар – жануарлар дүниесі объектілеріне анықталған әсердің алдын алуға не оны азайтуға бағытталған іс-қимылдар мен жобалық шешімдер.
3. Жел электр станцияларының жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне әсерін бағалау жануарлар дүниесі объектілеріне ықтимал әсерді анықтау және болжау, сондай-ақ орналастыру аумағының ерекшеліктері мен жобаланатын объектінің сипаттамаларын ескере отырып, бағалау нәтижелері бойынша айқындалатын әсердің алдын алу немесе оны азайту жөніндегі іс-шараларды белгілеу мақсатында жүргізіледі.
4. Жел электр станцияларын жобалау кезінде жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне әсерді бағалау жүргізіледі. Бағалау бастапқы деректерді жинау мен талдауды, далалық зерттеп-қарауды жүргізуді, жануарлар дүниесі объектілері мен жануарлар дүниесі үшін маңызы бар учаскелерді анықтауды, ықтимал әсерді айқындауды, оның сипаты мен дәрежесін болжауды, сондай-ақ оның алдын алу немесе оны азайту жөніндегі іс-шараларды әзірлеуді қамтиды.
5. Әсерді бағалаудың мақсаттары жел электр станцияларының жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне ықтимал әсерін анықтау және болжау, мұндай әсердің алдын алу немесе оны азайту жөніндегі іс-шараларды әзірлеу қажеттілігін айқындау, сондай-ақ оларды іске асыру жөніндегі ұсыныстарды дайындау болып табылады.
6. Әсерді бағалау нәтижелері бағалау қорытындылары бойынша айқындалған, мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, көші-қон жолдарын, жануарлардың шоғырлану орындарын сақтауды және олардың қырылуын болдырмауды қамтамасыз ететін әсердің алдын алу немесе оны азайту жөніндегі іс-шараларды айқындау және негіздеу үшін жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде пайдаланылады. Қосымша іс-шаралар бағалау нәтижелері бойынша анықталған әсердің сипаты мен дәрежесін ескере отырып, оларды қолдану қажеттілігі белгіленген жағдайда әзірленеді.
2-тарау. Жел электр станцияларының жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне әсерін бағалауды жүргізу тәртібі
7. Әсерді бағалауды жүргізуді жел электр станциясы жобасының тапсырыс берушісі (бастамашысы) қамтамасыз етеді.
8. Әсерді бағалау жобалау құжаттамасын әзірлеу сатысында, жел энергетикалық қондырғыларды, кірме жолдарды және жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне әсер етуі мүмкін жел электр станциясының өзге де инфрақұрылымын орналастыру жөніндегі негізгі жобалық шешімдер бекітілгенге дейін жүргізіледі.
9. Егер жобалау аумағы мен ықтимал әсер ету аймағын жануарлар дүниесі объектілері мекендеу ортасы, көбею, қоректену, тынығу, қыстау, шоғырлану орындары немесе көші-қон жолдары ретінде пайдаланса не пайдалануы мүмкін болса, әсерді бағалау сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлері туралы алдын ала мәліметтердің болуына қарамастан жүргізіледі.
10. Әсерді бағалау сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлеріне, қоныс аударатын, колониялық және жыртқыш құстардың түрлеріне, қолқанаттыларға, сондай-ақ жел электр станцияларының әсеріне сезімтал өзге де жануарлар түрлеріне және басқа да жануарлар дүниесі объектілеріне қатысты, егер жобалау аумағы немесе ықтимал әсер ету аймағы олар үшін мекендеу ортасы, көбею, қоректену, тынығу, қыстау, шоғырлану орындары не көші-қон жолдары болып табылса, жүргізіледі.
11. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлері, сондай-ақ жел электр станцияларының әсеріне сезімтал жануарлар түрлері туралы мәліметтер болмаған кезде әсерді бағалау материалдарында пайдаланылған ақпарат көздері, далалық зерттеп-қарау нәтижелері, сондай-ақ әсерді бағалау нәтижелерінің толықтығы мен анықтығына ықпал етуі мүмкін шектеулер мен белгісіздіктер көрсетіледі.
12. Әсерді бағалау материалдарын дайындау кезінде бұрын жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелердің, жануарлар дүниесінің мемлекеттік мониторингінің және өзге де мемлекеттік ақпараттық ресурстардың мәліметтерін олардың өзектілігі, анықтығы және жобалау аумағына қатыстылығы шартымен пайдалануға жол беріледі.
13. Алдын ала зерттеп-қарау аймағы жел электр станциясының шеткі жобаланатын объектілерінен кемінде 5 километр радиуста айқындалады. Егер далалық зерттеп-қарау басталғанға дейін сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің мекендеу, көбею, қоректену, тынығу, қыстау, шоғырлану орындары не көші-қон жолдары туралы құжаттамалық расталған мәліметтер, сондай-ақ зерттеп-қарау аймағын кеңейту қажеттілігін негіздейтін басқа да анық мәліметтер алынса, зерттеп-қарау аймағының шекаралары көрсетілген орындарды немесе көші-қон жолдарын қамтитын аумаққа дейін ұлғайтылады. Зерттеп-қарау аймағын кеңейту туралы шешімде пайдаланылған мәліметтер және оның шекараларын ұлғайту себептері көрсетіледі.
14. Далалық зерттеп-қарау жануарлар дүниесі объектілерінің болуын, олардың жобалау аумағында және ықтимал әсер ету аймағында таралуын, сондай-ақ олардың мекендеу, көбею, қоректену, тынығу, қыстау және шоғырлану орындары мен көші-қон жолдарын анықтауға мүмкіндік беретін көлемде жүргізіледі. Бұрын жүргізілген зерттеулердің нәтижелері мен мониторинг материалдарын олардың өзектілігі, анықтығы және жобалау аумағына қатыстылығы шартымен пайдалануға жол беріледі. Егер әсерді бағалау материалдарында қысқарту себептері көрсетілсе және қолда бар бастапқы деректердің ықтимал әсерді бағалау үшін жеткілікті болуының негіздемесі келтірілсе, зерттеп-қараудың маусымдық қамтылуын қысқартуға жол беріледі.
15. Әсерді бағалау кезінде жобалау аумағының ерекшеліктері мен осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген көздерден алынған бастапқы деректерді не далалық зерттеп-қарау нәтижелерін ескере отырып, жобаланатын жел электр станциясының әсер ету ықтималдығы бар жануарлар түрлері ескеріледі. Далалық зерттеп-қарау бірінші кезекте сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін, қоныс аударатын, колониялық және жыртқыш құстардың түрлерін, қолқанаттыларды, сондай-ақ жел электр станцияларының әсеріне сезімтал өзге де жануарлар түрлерін қамтиды.
16. Әсерді бағалау құрылыс, пайдалану және жою кезеңдерінде жобаланатын жел электр станциясының жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне ықтимал әсерін анықтауды және болжауды, оның ішінде жануарлардың соқтығысуы мен жарақаттану тәуекелдерін, көші-қон жолдарының бұзылуын, мекендеу орындарының жоғалуын немесе бөлшектенуін, жануарлардың мекендеу орындарынан ығыстырылуын, мазасыздануын, шу, жарық, діріл және жел электр станциясын салумен, пайдаланумен немесе жоюмен тікелей байланысты әрі жануарлар дүниесі объектілеріне әсер етуі мүмкін басқа да әсер түрлерін қамтиды.
17. Әсерді бағалау құрылыс, пайдалану және жою кезеңдерінде жобаланатын жел электр станциясының жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне соқтығысу, жарақаттану, жануарлардың мекендеу орындарынан ығыстырылу, көші-қон жолдарының бұзылу, мекендеу орындарының жоғалу немесе бөлшектену, мазасыздану, шу, жарық, діріл және өзге де әсер ету тәуекелдері бөлігінде ықтимал әсерін болжауды қамтиды.
18. Әсерді бағалау материалдарында бақылау нүктелері мен зерттеп-қарау маршруттары, бақылаулардың ұзақтығы, маусымдық қамту, алдын ала зерттеп-қарау аймағы мен ықтимал әсер ету аймағы, қолданылған зерттеу әдістері, пайдаланылған бастапқы деректер көздері туралы мәліметтер көрсетіледі, сондай-ақ жобалау аумағының ерекшеліктері мен әсерді бағалау мақсаттарын ескере отырып, қолданылған әдістер мен бастапқы деректердің әсердің сипаты мен дәрежесі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік беру себептері көрсетіледі.
19. Егер әсерді бағалау материалдарында бастапқы деректерді жинау немесе далалық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша көші-қон жолдары, жануарлардың шоғырлану орындары, көбею орындары, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің мекендеу учаскелері туралы мәліметтер анықталса, мұндай учаскелер жобаланатын объектілерге дейінгі қашықтық көрсетіле отырып, картографиялық материалдарда бейнеленеді.
20. Егер бастапқы деректердің көлемі әсердің сипатын немесе дәрежесін анық айқындау үшін жеткіліксіз болса, жобалау материалдарында жоқ немесе жеткіліксіз мәліметтер мен олардың болмау себептері көрсетіледі, сондай-ақ деректердің жеткіліксіздігінің әсерді бағалау нәтижелеріне ықпалы бағаланады. Жануарлар түрлері, олардың таралуы, аумақты маусымдық пайдалануы немесе бағалау нәтижелеріне ықпал ететін өзге де мән-жайлар туралы жетіспейтін мәліметтерді алу қажет болған кезде әсерді бағалау материалдарында қосымша далалық зерттеп-қарау, мониторинг жүргізу немесе өзге де бастапқы деректерді алу қажеттілігі көрсетіледі.
21. Әсерді бағалау нәтижелері бойынша жобаланатын жел электр станциясының жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне ықтимал әсері туралы қорытындылар қалыптастырылады және мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, көші-қон жолдарын, жануарлардың шоғырлану орындарын сақтауға және олардың қырылуын болдырмауға бағытталған әсердің алдын алу немесе оны азайту жөніндегі іс-шаралар әзірленеді. Әрбір іс-шара бойынша әсер түрі, ол қатысты болатын жануарлар дүниесі объектісі, жобаны іске асыру кезеңі және оны қолданудан күтілетін нәтиже көрсетіледі.
22. Әсерді бағалау қорытындылары жобалық шешімдерді таңдау және өзгерту кезінде, оның ішінде жел энергетикалық қондырғыларды, кірме жолдарды және жел электр станциясының өзге де инфрақұрылымын орналастыру, құрылыс жұмыстарын жүргізу мерзімдері және бағалау нәтижелері бойынша көзделген әсердің алдын алу немесе оны азайту жөніндегі іс-шаралар бөлігінде ескеріледі.
23. Егер жобалық шешімдер өзгертілсе және соның салдарынан ықтимал әсер ету аймағы не жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне әсердің сипаты мен дәрежесі өзгеруі мүмкін болса, әсерді бағалау нәтижелері нақтылануға жатады. Нақтылау енгізілген өзгерістердің салдарын бағалау және бұрын жасалған қорытындыларды тексеру үшін қажетті көлемде жүргізіледі.
24. Әсерді бағалау нәтижелері жел электр станциясын жобалау материалдарында көрсетіледі және Қазақстан Республикасының Экология кодексінде көзделген жағдайларда және тәртіппен экологиялық бағалау рәсімдерін жүргізу кезінде ескеріледі.
25. Әсерді бағалау көлемін, зерттеп-қарау аймағы мен ықтимал әсер ету аймағының шекараларын, далалық және қосымша зерттеп-қарау жүргізу, әсерді бағалау нәтижелерін нақтылау қажеттілігін, сондай-ақ әсердің алдын алу немесе оны азайту жөніндегі іс-шараларды таңдау кезінде тапсырыс беруші жобаланатын жел электр станциясының сипаттамаларын, орналастыру аумағының ерекшеліктерін, аумақтың экологиялық сезімталдығын, жануарлар дүниесі объектілеріне ықтимал әсердің ықтималдығын, ауқымын, ұзақтығы мен сипатын ескереді.
26. Әсерді бағалау нәтижелері жобалық шешімдерде, жобалау аумағының сипаттамаларында және әсерді бағалау нәтижелеріне ықпал етуі мүмкін өзге де мән-жайларда өзгерістер болмаған жағдайда жобалық шешімдерді іске асыру кезінде пайдаланылады. Егер мұндай өзгерістер орын алса, әсерді бағалау нәтижелері осы Қағидаларға сәйкес нақтылануға жатады.